ЖАҢА ЖАТАҚХАНА

ЖАҢА ЖАТАҚХАНА

ЖАҢА ЖАТАҚХАНА
ашық дереккөзі

Қызылордадағы қабырғалы оқу ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №5 студенттер жатақханасы ашылды.

 «Студенттік баспана» бағдарламасы аясында бой көтерген келісті ғимарат 400 адамға арналған. Құрылысын тоғыз айда тәмәмдаған «Асар» ЖШС. Бес қабатты жатақхана ауласында спортпен де шұғылдануға мүмкіндік бар. Ал нысанның бірінші қабатында асхана, медпункт, оқу және акт залы, екінші қабатта кітапхана, интернет желісіне қосылған компьютерлік бөлме орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, жаңа жатақхана студенттер үшін қай жағынан да оңтайлы қызмет көрсетеді.

Нысанның ашылу салтанатына келген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова студент жастардың сол сәттегі қуанышын бөлісті. 

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы елдің болашағы – өскелең ұрпаққа қамқорлық жасап, оларға барынша қолдау көрсетуді әркез қуаттап отыр. Осының нәтижесінде көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеріп, игі жобалар жүзеге асырылуда. Бүгін міне,  жаңа талаптармен салынған ғимараттың өзі талай білімді, дарынды, алғыр да озық мамандардың шыңдалуына лайықты қызмет жасайды деп сенеміз, – деді өз сөзінде Ақмарал Шәріпбайқызы. 

Осы арада айту керек, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев білім саласының дамуына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, биыл студенттерге 123 грант бөлінді. Оның жетпістен астамы осы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне тиесілі. Ал келер жылы грант саны 300-ге жеткізілмек. Оның елу пайызы аталмыш білім ордасына тиесілі болмақ. Демек, еліміздегі бірегей оқу орны – Қорқыт ата университетінің маман дайындаудағы жауапкершілігі арта түсетін болады. 

Университет ректоры Қылышбай Бисеновтың айтуынша, мемлекет қаржысы есебінен еліміз бойынша жиырма жоғары оқу орнына жатақхана салу жоспарланған. Соның бірі – осы нысан. 

Салтанатты шарада мердігер компания директоры Рахым Шырданов символикалық кілтті университеттің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Абылайхан Сабанбаевқа тапсырды. Осылайша Сыр елінде студент-жастар үшін тағы бір жарқын жаңалық болды.