ҚЫЗЫЛОРДАҒА ҚАНДАЙ МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ?

ҚЫЗЫЛОРДАҒА ҚАНДАЙ МІНДЕТ ЖҮКТЕЛДІ?

ҚЫЗЫЛОРДАҒА  ҚАНДАЙ  МІНДЕТ  ЖҮКТЕЛДІ?
ашық дереккөзі

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда «Еуразиялық банк» басқармасының төрағасы Майкл Эгглтонмен кездесу барысында өзі басшылық ететін аймақтағы әлеуметтік-экономикалық даму міндеттері мен өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларды инвестициялаудың мүмкіндіктері туралы айтқан болатын: «Бұған қазір облыстың даму әлеуеті жетеді. Инвесторлар үшін мұнда барлық жағдайлар жасалған». Әкіммен кездесуден көңілді шыққан Эгглтон 2013 жылдың 13-14 қарашасында өтетін «Байқоңыр» инвестициялық форумына міндетті түрде қатысатынын жеткізді.

Негізі Қызылорда облысы – геоэкономикалық орналасуы мен пайдалы қазбаларымен инвесторлар үшін Қазақстандағы тартымды өңірлердің бірі. Облыс аумағынан халықаралық Батыс Еуропа – Батыс Қытай транспорттық дәлізі, Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан темір жол магистралі өтеді. Облыста жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі жылма – жыл өсіп, өткен жылы 8,8 пайызға ұлғайыпты.

Сонымен қатар, елдің әлеу­меттік ахуалы да жақсарып келеді. Мәселен, орташа айлық 1000 АҚШ долларынан астам. Бұл туралы жуырда өткізілген инвестициялық форумда Қырымбек Көшербаев мәлімдеме жасаған еді: «Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жан басына шаққанда 2500 АҚШ долларын құрайды. Қазіргі уақытта облыста негізінен мұнай-газ саласы басым. Облыста елде өндірілетін мұнай шикізатының 15 пайызы өндіріледі. Алдағы 10 жылда Арал қайраңында мұнай өндіру екі еседей өсуі мүмкін. Бірақ облыс тек қана шикізат өндірумен алға баса алмайды. Облыс экономикасы 94,6 пайыз мұнай-газ, уран өндірумен байланысты. Дүниежүзілік нарықта  көмірсутегі шикізатының бағасы төмендеп кеткен жағдайда облыс экономикасына үлкен соққы болады.  Сондықтан біз экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторға ин­вестиция тарту мақсатын алға қойып отырмыз. Бұл облыстағы инвестициялық ахуалдың тартымдылығына байланысты. 2012 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің жан басына шаққандағы көрсеткіші облыста 7600 АҚШ доллары болса, Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 10 есе жоғары. Шикізаттық бағытта дамуға салған инвестициялардың тек осы салаға бағытталуынан еңбекақы көлемі, әлеуметтік қамсыздандыру салалары бойынша теңгерімсіздік орын алады. Сондықтан біз өңір экономикасын әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша облысқа  ерекше инвестициялық стратегия қажеттілігіне сенімдеміз. 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі-индустриялық инновациялық  даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс өткен жылы 1,1 трлн. теңгеден аса өнім өндіріп, өңдеу өнеркәсібі 7 пайызға өсті.  Жалпы алғанда өсім бар секілді көрінгенмен жағдай түбегейлі өзгерер емес. Сондықтан Қызылорда облысының өндірістік субсидия алатын өңірлер тізбесіне енгізілуін сұраймыз. Осы орайда айта кетерлігі,  дағдарысты өңірлер тізбесіне енгізілген облыстар субсидия алғанда инвестордың жартылай шығынын мемлекет төлейтін бола­ды. Мұндай мүмкіндіктер әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде жоқ. Іскерлік өкілдері бұл мүмкіндікке бейтарап қалмайды деп сенеміз. Бізге Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын әзірлеу керек. Белгілі ғалым академик Аганбегян бастаған жұмыс тобы бұған кірісіп те кетті. Жоспардың алғашқы нұсқасы сәуірдің басында дайын болмақ».

 Баяндама барысында «Кен орындары картасы» мен «Туризм картасын» жасауға қатысты ұсынысты қолдайтынын айтқан облыс басшысы: «Сондай-ақ индустриялық аймақ құруға маңыз береміз. Біз сондай-ақ «Байқоңыр» ӘКК-де инвесторларға қызмет көрсету орталығын ұйым­дастырамыз. «Байқоңыр» ӘКК-де сондай-ақ мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын жүзеге асыру бойынша қызмет көрсету орталығы болады. Біз сондай-ақ Үкімет басшысы орынбасарының өндірістік дамыған мемлекеттер Германия, Түркия, Оңтүстік Кореялық серіктестермен байланыс орнату жөніндегі ұсынысын құп көреміз. Біздің мүмкіндіктеріміз бен жоспарларымыз қандай? Алдағы 10 жылда облыстың даму бағыттары төмендегідей салаларды қамтиды: табиғи жағдайды, шикізат қорын ескере отырып, тау-кен өндірісін одан әрі дамыту; жергілікті шикі­затты өңдеу арқылы құрылыс материалдары өндірісін дамыту; азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің өңір үшін дәстүрлі агроөнеркәсіп кешенін, сонымен бірге балық кластерін дамыту; Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралінің ең көлемді бөлігі біздің өңірден өтетіні, мінәжат ету орындары, Байқоңыр кешенінің біздің өңірде орналасқанын ескеріп, туристік кластерді дамыту. Біздің ойымызша, экономиканы әртараптандырудың тиімді жолы – арнайы экономикалық аймақ құру. Қызылорда облысында мұның тәжірибесі мен алғы­шарт­тары бар. Мысалы, ванадий өндірісі маңайында 9 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың жүзеге асырылуымен облыста өңдеу өнеркәсібін 2 есе ұлғайту мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, облыс халықаралық маңыздылықтағы транзиттік зор әлеуетке ие. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол магистралінің салынуымен облыс елдің барлық аймағына тікелей шығуға мүмкіндік алатын болады. Бұл мүмкіндікті біз теміржол машина жасау өнеркәсібін, сервистік қызмет көрсетудің алғышарты ретінде «Арал вагон» зауытының базасында да қарастырамыз. Зауытта вагон цистерналарын шығару жөнінде ҚТЖ-мен жұмыс жүргізілуде, наурыз айының аяғына дейін нақты шешімге келеміз деп ойлаймыз».

Қызылорда өңірін дамытуда тиімді стратегиялық міндеттер бойынша барлық жүйелермен, орталық билік органдарымен, қаржылық қызмет көрсету институттарымен байланыста, қажет жағдайда инвесторларды тарту бағытында маңызды қадамдар жасай алатын іскерлік, жергілікті басқару органдарындағы кадрлардың маңызы зор екендігін айтқан Қ.Көшербаев: «Бұл жұмыстың бастамасы бүгінгі форумда жасалады деп ойлаймын. Біз өзара тиімді ынтымақтастыққа мүдделілік танытып, барлық ұсыныстарды қарауға әзірміз. Біздің біріккен іс-қимылымызбен өңір экономикасы таяу жылдары түбегейлі өзгеретін болады. Облыстың жаңа әкімі ретінде маған Елбасы жүктеген басты міндет – өндірісті дамыту. Сондықтан, біз әр жобаның жүзеге асырылуы бойынша, инвесторларға кедергі болатындай ешбір жәйттің орын алмауына барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз», – деді.

Облыс басшысының жетек­шілігімен атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берген ҚР Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Ә.Исе­кешев әкімнің іскерлігін мақтады: «Өңір экономикасын шикізаттық бағыттан шығарып, өндірістік бағытта дамыту түбегейлі жоспарды қажет етеді. Қырымбек Елеуұлы бұл жұмысты қызметінің алғашқы күндерінен бастап кетті. Өңірде мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағытында көптеген мүмкіндіктер бар. Инвесторларды тарту жұмысы белсенді жүргізіліп жатқаны қуантады, индустриялық аймақ құрылып, инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылып жатқанын құптаймыз».

Нұрахмет ҚУАТ