ПОЙЫЗДЫ ОЙРАНДАҒАН ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ

ПОЙЫЗДЫ ОЙРАНДАҒАН ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ

ПОЙЫЗДЫ ОЙРАНДАҒАН  ОРЫС ҰЛТШЫЛДАРЫ
ашық дереккөзі

Өткен сенбіде «Мәскеу-Душанбе» бағытымен Ресей аумағынан өтіп бара жатқан жолаушылар пойызына қарақшылық шабуыл жасалған. Бұл жайында Тәжік телеграф агенттігі мәлімдеп отыр. 

Тәжікстанның Ресейдегі елшісінің ресми мәлімдемесі бойынша шабуыл №320 рейске Оңтүстік-шығыс темір жолының техникалық аялдамасы «Терновкада» жасалған. 

– Түрі славяндық ұлтқа ұқсайтын жиырмаға жуық адам №320 рейспен «Мәскеу-Душанбе» бағытымен кетіп бара жатқан пойызға шабуылдады. Соның салдарынан көптеген жолау­шылар жеңіл жарақат алған, 1-7 вагон­дардың 20 терезесі сынған. Пойыз жолаушыларын неше түрлі была­пыт сөздермен балағаттап, ұлттық бел­гілеріне байланысты қорқытып-үркітті, – дейді Тәжікстанның Ресей­дегі елшілігінің өкілі Мұхаммед Эгамзод. 

Елшілік өкілінің сөзіне сенсек, жер­гілікті полиция қызметкерлері мен­ темір жол станциясының жұмыс­шылары қарақшыларды тоқтатуға ешқандай әрекет етпеген. 

– Болған оқиға жөнінде поезд бригадирі келесі аялдама «Волгоград» теміржол станциясына жеделхат жолдамақ болғанымен, ондағылар оны қабылдамаған. Бұл поезды Мәскеуден Ресей шекарасына дейін («Аксарайск» станциясы) шығарып салушы Астрахань облысы бо­йынша Ресей темір жолдарының Қау­іпсіздік жөніндегі бақылау қыз­ме­тінің қызметкерлері де болған оқиға жөнінде құзырлы орындарға хабар­ла­маған, – дейді ол.

Тәжікстан Республикасының Ресей­дегі елшілігі Ресей тарапына бұл оқиғаға орай жан-жақты зерттеу жүр­гізіп, «Тәжікстан темір жолдары» мем­лекеттік кәсіпорнына келтірілген шығындарды өтеп беруін өтінген. 

Жалпы, Ресейде соңғы жылдары азиялықтарға деген өшпенділік күшейіп тұр. Осыған дейін құқық қорғау органдары Егор Щербаковты өлтірді деген күдікпен Әзірбайжан азаматы Орхан Зейналовты қолға түсірген еді. Бұл ретте РФ Адам құқығы жөніндегі өкілетті елшісі Владимир Лукин күштік құрылымдар өкілінің оны ұстау барысында аса қатты қатыгездік танытқанын мә­лімдеп, осы факт бойынша поли­ция­ың зерттеу жүргізуін талап етуде. Сол секілді скинхедтер де азиялық нәсілділерді ашық түрде көптеп өл­ті­руде. Бұған дейін де Ресейде білім алып жатқан бірнеше Қазақстан азаматының да скинхедтер қолынан қаза тапқаны мәлім. Алайда Ресей полициясы кінәлілерді жазалауға асықпайды. Неге? Немесе олардың ісі құқық қорғау органдары тарапынан қол­­­дау­ға ие болып отыр ма? 

Е. Құмар