Жаңалықтар

ЖЫЛЫЖАЙЫ ЖАЙҚАЛҒАН МЕКТЕП

ашық дереккөзі

ЖЫЛЫЖАЙЫ ЖАЙҚАЛҒАН МЕКТЕП

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі басты назарда тұр. Әртараптандырудың бір бағыты – халықты қысы-жазы балғын көкөністермен қамтамасыз ету үшін жылыжай өндірісін дамыту. Дегенмен Оңтүстік Қазақстан облысында жылыжай ісі бойынша әлі де маман тапшылығы сезілуде. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімі А.Мырзахметов осыдан бірер жыл бұрын білім беру ордаларының ауласынан жылыжай ашу бастамасын көтерген болатын. Оның мақсаты – мектеп оқушыларының биология пәнін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу және келешекте жылыжай ісінің мамандарын дайындау болып табылады. Осы бастамадан соң Бәйдібек ауданындағы 30-дан астам білім ордаларының аумағынан жылыжай салу ісі бас­талды. Бірақ маман тапшы болды ма, әлде құрылыс материалдары дер кезінде жетпеді ме, әйтеуір жылыжай жұмысы алға баспай тұралап қалған еді. Әйткенмен, Ақмешіт ауылындағы Қ.Сыпатаев жалпы орта мектебі жылыжай ісін жандандырып, қазір өзгеге үлгі боларлықтай дәрежеде. Жуырда аудандық білім бөлімінің биология-химия пәнінің әдіскері Абзал Айтбековтің ұйымдастыруымен аталған мектепте «Жылыжай мен көгалдандыру – оқу-тәжірибе жұмыстарының негізі» атты семинар болып өтті. Семинарда оқушыларды жылыжайда егілген көкөністерді күтіп-баптау мен өсу кезеңдерін қадағалауға үйрету, өсімдіктердің табиғаттағы және адам өміріндегі маңызын түсіндіру басты мақсат болатын. Бұл жиынға Бәйдібек аудандық білім бөлімінің басшысы М.Нақыпбеков және мектеп директорлары мен биология, еңбек пәнінің мұғалімдері, шаруашылық меңгерушілері қатысты. Мектептің ық жағына орналасқан 300 шаршы метр жылыжайдың ішінде қызанақ, қияр, пияз, қырыққабат, болгар бұрышы, баклажан, сәбіз, аскөк және сарымсақ та бар. Көкөністің шығымы жақсы. Осы нәтижелі іске жетекшілік ететін биология пәнінің мұғалімі Ләззат Байсалованың айтуынша, жылыжайдың жұмысы былтырдан бері қолға алыныпты. – Алғашында жылыжайдың орны тастақ жер болатын. Біз тастар мен қатты топырақты қазып алып тастап, жүк көлігімен бірнеше тонна құнарлы топырақ және көң төседік. Одан соң 8 арық жасап, 320 метр пластикалық құбыр тартып, 3 тонналық су жинайтын бөшке қойдық. Былтыр сынақ ретінде төбесін жаппай, тек жаз мезгілінде ғана егіп көрдік. Нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Көкөністің өнімділігі жоғары болды. Енді алдағы уақытта жаңадан көшеттер егіп, қыста да балғын көкөністер алатын боламыз. Оқушылар бос уақыттарында үйірме ретінде осында тәлім алуда, – дейді биолог апай. Биыл мектеп әкімшілігі жылыжайдың төбесін кленкамен жауып, қысқа дайындық жүргізілуде екен. Биолог Ләззатқа бірқатар мектеп қызметкерлері де көмектесуде. Олар Боралдай ауылында орналасқан кәсіпкер Жайнақовтардың жылыжайында тәжірибеден өтіп, диқаншылық істің қыр-сырын сонда үйреніпті. Енді көрген-білгендерін оқушыларға үйретуде. Жұртшылық жылыжайдан соң «Орынбасар Бейсенов» атындағы бақшаны қызықтады. Мұндағы кішігірім бақшада алма, алмұрт, жаңғақ жеміс ағаштары және асқабақ дақылы егіліпті. Шеті қоршалып, ұдайы күтім жасалғаны көрініп тұр. Асқабақтар теңкиіп-теңкиіп әр жерден көзге шалынады. Бұл істің басы-қасында жүрген шаруашылық меңгерушісі К.Алдабергенұлының айтуынша, бақшадан шыққан өнімдер мектеп оқушыларының игілігіне жұмсалуда. Семинарға қатысушылар бау-бақша, жылыжай, саябақтарды ғана тамашалаумен шектеліп қалмай, одан бөлек әр сынып бөлмесіне бас сұғып, мұғалімдердің шәкірттерге білім беру шеберліктерін көріп, еңбек пәні бөлмесіндегі арнайы құрал-жабдықтар мен оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын тамашалап, мектептің ішкі-сыртқы тазалығына риза болысты. «Бұл жұмыстардың барлығы бір-екі жылдың тірлігі емес. Талай уақыттан бергі ерінбей еткен еңбектің нәтижесі. Әрбір директор осы істен үлгі алып, мектеп айналасын көріктендіруге бар күшін салуы керек», – деді М.Нақыпбеков. Мұнан кейін мектеп директоры Т.Төлешова қорытынды сөз сөйлеп, жылыжайға қажетті құрал-жабдықты қайдан, қалай алуға болатыны жөнінде директорларға ақыл-кеңестерін айтып, ауыл-аймақты көркейту-көгалдандыру ісіне атсалысуға шақырды. Осылайша «Жылыжай мен көгалдандыру – оқу-тәжірибе жұмыстарының негізі» атты семинар ұстаздар мен шәкірттерге де берері мол жиын болды.

Бағлан НҰРАЛЫҰЛЫ

Бәйдібек ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы