САЯСАТКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ САНЫ АРТУДА

САЯСАТКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ САНЫ АРТУДА

САЯСАТКЕР ӘЙЕЛДЕРДІҢ  САНЫ АРТУДА
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия БҰҰ ДБ-мен және Маңғыстау облысының әкімшілігімен бірлесіп, Ақтау қаласында Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары селолық округтерінің әйел әкімдері үшін «Ауылдық аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту: гендерлік аспект» атты өңірлік семинар-кеңес өткізді. Селолық округтердің жуырда ғана сайланған әйел әкімдеріне қолдау көрсету және олардың әлеуетін арттыру мақсатындағы семинар ауқымды көлемде ұйымдастырылды. Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев: «Маңғыстау экономикасында əйелдердің үлесі 47 пайызды құрайды. Әйелдер өндірістің барлық салаларында еңбек етуде, бірақ денсаулық сақтау, білім, əлеуметтік салаларда олардың саны басым. Мысалы, статистикаға жүгінсек, бүгінгі таңда педагогтардың 70 пайызы, ал медицина қызметкерлерінің 80 пайызы əйелдер. Барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің 60 пайызы да əйелдердің үлесінде. Бүгінгі таңда 303 əйел облыстың түрлі мемлекеттік мекемелерін басқаруда. Ал, бизнеске келетін болсақ, 7 мың шағын жəне орта кəсіпорынның 2 мыңға жуығын əйелдер басқарып отыр. Өңірдің əлеуметтік маңызды мəселелерін шешуге отбасы, əйелдер мен балалар мүдделерін қорғау салаларында еңбек ететін 15 үкіметтік емес ұйымдар белсенді қатысуда. Елбасы тапсырмасына орай Маңғыстау облысында да гендерлік саясатқа қолдау көрсету тұрақты назарда», – деп, республикамызда гендерлік саясатты дамытуда Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия үлкен жұмыстар атқарғандығын атап өтті. Ұлттық комиссия төрайымы  Гүлшара Əбдіхалықова биыл елімізде алғаш рет өткен ауыл əкімдері сайлауында өткен 2454 əкімнің 280-і əйелдер екендігін, бұл көрсеткіш онша көп болмаса да өткен сайлауларға қарағанда ілгерілеушілік барлығын, мысалы, бұрынғы сайлауларда əкімдікке сайланған əйелдердің саны 10 пайызды құраса, биыл ол 11 пайызға жеткенін айтты. «Атырау облысында бұрын ауылдық округтерде 6 əйел əкім болса, биыл олардың саны 7-ге, Батыс Қазақстанда 12 болса,  биыл 15-ке өсті,  ал Маңғыстау облысында бұрынғы көрсеткіш сақталып қалды, яғни бір əйел əкім сайланды. Оның есесіне мұнда облыс əкімінің екі бірдей орынбасары, жеті облыстық басқармалардың басшылары – əйелдер. Бұл əйелдердің отбасының ұйытқысы болуымен қатар, еліміздің əлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатынын аңғартады. Ендігі мақсат – жаңадан сайланған әйел ауыл әкімдеріне қолдау көрсетіп, олар басқарған ауылдың барлық жағынан өзгелерден алда болуына ықпал ету»,– деді Гүлшара Наушақызы. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Х.Нұрғалиева аймақ әйелдерінің белсенділігі мен гендерлік саясаттың өңірде жүзеге асырылуы, ҚР Орталық сайлау ко­миссиясының мүшесі Л.Сүлейменова биыл өткен ауыл әкімдерін сайлаудың қорытындысы, «Іскер әйелдер ассоциациясының» президенті, ұлттық комиссия мүшесі Р.Сәрсембаева саясаткер әйелдер клубының әйелдердің бәсекелестік қабілетін арттырудағы рөлі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Соловьева Парламентте әйелдер мүддесін қорғау бағытында қабылданып жатқан заңдар, БҰҰ-ның біріккен бағдарламасының кеңесшісі Ж.Жибраева Шығыс Қазақстан облысының жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесі туралы баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды. Семинарда әкімдерді жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізудің жаңа құралдарымен және тетіктерімен таныс­тыру үшін   «Бизнестің жол картасы – 2020»  және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» арнайы бағдарламаларын іске асыру бойынша қажетті түсініктемелер беріліп, энергияның жаңартылатын көздерін пайдаланудың,  шағын бизнестің жаңа бағыттарын дамытудың, ауылдағы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін азаматтық қоғамды тартудың маңыздылығы және оларды жүзеге асыру тәжірибелері ортаға салынды. «ЭКСПО – 2017» көрмесіне да­йындалу мақсатында «Қазақтың ұлттық тағамдары: құндылығы мен құпиялары» атты ұмыт болған тағамдарды із­дес­тіру және жаңғырту бойынша жаңа республикалық жоба басталып, Маң­ғыстау облысы бойынша саясаткер әйелдер клубы құрылып, оның алғашқы отырысы өтті. Кәсіпкерлік саласында көш­басшы, мемлекеттік қызметте бе­дел­ді маңғыстаулық бірқатар қыз-келіншектер «гендерлік саясат аясында өздеріне жасалған қамқорлықты сезінетіндіктерін» жеткізді.

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы