ТАРАЗДА ТӨЛЕ БИДІҢ ТОЙЫ ӨТТІ

ТАРАЗДА ТӨЛЕ БИДІҢ ТОЙЫ ӨТТІ

ТАРАЗДА ТӨЛЕ БИДІҢ ТОЙЫ ӨТТІ
ашық дереккөзі
Қазақ тарихында қол бастаған батырлар, елге тұтқа болған хандар аз емес. Ал халықты бірлікке, ынтымаққа шақырып, дау-дамайда қара қылды қақ жарғандай әділ шешім шығараған билердің орны да, жөні де бөлек. Төле би, Әйтеке би, Қаз дауысты Қазыбек би! Олар ел ішіндегі дау-дамайды шешіп қана қойған жоқ, елдің ұлт болып ұйысуына, салт-дәстүрінің қалыптасуына, халықаралық саяси мәселелерді шешуде де үлкен роль атқарды. Төбе би атанған кемеңгерден «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты сөз қалды. Әділдіктің туы болған бұл сөз күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ. Төле би Тәшкенде он екі жыл хәкім болды. Қалмақтар қаланы шапқанда да қарлығаштың ұясын бұзбай, елінде, жерінде отырды. Бұл жауына сес көрсетіп, елге рух берген тапқырлықтың, батылдықтың үлгісі еді. Оның халықты мал бағып қана қоймай, егін егіп, қол өнерін де кәсіп етіп, отырықшылыққа шақырғаны тарихтан белгілі. Міне, қазақ халқының үлкен ойшыл-дана биі – Төле би бабамыздың туғанына 350 жыл толып отыр. Осыған дейін Қарағанды мен Шымкент қалаларында биге арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар өтті. Сол конференциялардың жалғасы, өткен аптаның жұма, сенбі күндері би бабамыздың туған өлкесі Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында өтіп, соңы бүкілхалықтық ұлан-асыр тойға ұласты. Салтанатты жиын таңертеңгі сағат онда қаланың Төле би даңғылы бойындағы ашық алаңда тұрған ескерткіштің ашылу рәсімімен бас­талды. Ескерткішті Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Абыралыұлы Құл-Мұхаммед ашып, құттықтау сөз сөйледі. Биік тұғырдағы Төле би бабамыздың тас мүсіні ерекше талғаммен сомдалғаны сол қолымен жалпақ кісе белдікті, оң қолымен аса таяғын ұстап, кеудесін жапқан етекті сақалымен жоғарыдан ойлана қарап тұрғанынан байқалады. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев: «…Қазақ халқының тарихында Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би секілді дана перзенттерінің есімдері киелі әрі ардақты екенін жақсы білесіздер. Биыл өз заманының кемеңгері Төле би Әлібекұлының туғанына 350 жыл толуына орай елдік мереке өтуде. Күллі қазақ кеңістігінде ерекше құрметке ие болған Төле би бабамызға Тараз қаласының төрінен ескерткіш орнату елдіктің нақты көрінісі деп білемін», – дей келіп, халықты осы бір қуанышымен құттықтады. Сөз кезегін алған Төле би баба­ның тікелей ұрпағының бірі, «Төле би» қоғамдық қорының президенті Мүсілім Дайырбеков Жамбыл облысының халқына, Жамбыл облысының әкімшілігіне, сондай-ескерткішке еңбек сіңірген азаматтарға алғысын айтты. Ол баршаны Төле бидің артында қалдырған аманаттарына адал болуға шақырды. «Төле би және оның ұлағатты мұралары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны Қазақстан Парламентінің депутаты Нұрлан Оразалин жүргізді. Алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед алды. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конференцияға қатысушыларға құттықтауын жеткізді. «Қадірлі қауым, бүгінгі күн қазақ мәдениеті мен тарихында есте қалар елеулі күн. Ұлтымыздың ұлы перзенті халқымыздың қасиетті сөзін ел бірлігі мен ел тұтастығына арнаған тарихи тұлға Төле би Әлібекұлының еңселі ескерткіші ежелгі Тараз жерінде бой көтерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ордабасыда өткен алқалы жиында ұлтымыздың билері Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің рухтары ендігі жерде халқымыздың бірлігі мен ынтымағына айналып, бүгінгі ұрпақтың ұлы тұлғаларына деген құрметі арта түсті. Төле би қазақ жеріне тігілген жат көздің сұғыла, жау елінің басқыншы әрекетіне қарсы күресте сұңғылы сөзімен, тектілік айтысымен, сардарлық стратегиясымен ерекше көрінген тұлға. Елдің намысы мен ерлігін оятқан, елдің еңсесін тіктеген қайраткер. Рухани көсемдікпен, әдеби шешендікті тең ұстаған абыз. Қазақ жерінің тұтастығын, ел бірлігін қашанда бетке ұстаған бабамыз кейінгі ұрпағына ұлы өсиетін аманат етіп кетті. Төле би өсиеттері бүгінгі таңда да тәуелсіз еліміздің рухани өсіп, өркендеуіне, жастардың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруге өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан осындай ұлы тұлғаға ескерткіш қою арқылы біз өткен тарихымызды қастерлеп, бүгінімізді бекемдеп, ертеңімізді баянды етуге жол ашамыз. Ұлттық тарихымыздың жаңа беттерін жазу үстінде өткеніміздің өнегесін зерделеуде, біз бабалар аманатына адалдық пен ерліктің үлгісін көрсетеміз. Түгел сөздің биігі болған Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері әлемдік өркениетте өзіндік орнын тапқан қазақ жұртының бірегейі мен білегі болып мәңгілік қала береді. Барлығыңызды баба рухы қолдай жүрсін! Нұрсұлтан Назарбаев» Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев кіріспе сөз сөйлеп, конфе­ренцияға табыс тіледі. Конференцияның «Төле би Әлібекұлының қоғамдық-саяси қызметі жөнінде» атты негізгі баяндамасын Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев жасады. «…Төленің би ретінде қалып­та­суы, белгілі дәрежеде билерге қо­лайлы әлеуметтік-саяси жағдайда өтеді. Бұл кезең, яғни ХVIII ғасырдың басы қазақ қоғамында билердің әлеуметтік-құқықтық салмағы арта түскен кезең еді. Оған негіз болған биліктің, хандық институтының дағдарысқа ұшырауы еді. 1723 жылғы жоңғар шабуылы бұл үрдісті біржола күшейтіп жіберді. Жалпы билердің қоғамдық-әлеуметтік рөлінің бұрын болмаған дәрежеге көтерілуі Тәуке хан заманына тұс келеді. Билер феодалдық қоғамның құқықтық қатынасын бір жүйеге келтіруге тікелей ат салысып, ірі сұлтандар мен бай-шонжарлардың саяси бытыраңқылық әрекеттеріне аз уақыт болса да шек қоя білді. Соған байланысты қазақ қоғамында Тәуке хан билік құрған жылдар (1680-1718) халық жадына үш би (Төле, Қазыбек және Әйтеке) және бір хан басқарған тарихи кезең болып еді. …1718 жылы жоңғар шапқын­шы­лығына қарсы күрес барысында қазақ, қырғыз және қарақалпақ елдерін өз билігіне біріктіре алмаған Тәуке хан өлген соң сұлтандар арасындағы тақ үшін жүрген күрестің барысында қазақ қоғамында саяси бытыраңқылық қайтадан үстемдік ала бастайды. Қазақ хандығының саяси жағдайын бағып отырған қалмақ ханы Галдан Церен Цин империясымен уақытша болса да бітімге келіп, қазақтарға қарсы жорыққа даярлана бастайды. 1723 жылдың қысы қазақ еліне бұрын болмаған жұт ала келді. Жұттың ізімен қазақ жеріне қалмақтар ат қойды. Сөйтіп қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды» атанған тарихи кезең басталады. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» тарихының әлі ашылмаған беттері көп. …Мысалы, «Ақтабан шұбырындының» алғашқы жылдары ел билеуші сұлтандардың өз жерінен басқа жұртқа ауа көшкен елдің тұрмыс-тіршілігін, басқыншыларға қарсы күресін ұйымдастыруда дәрменсіздік танытуына байланысты, бұл жұмыстар түгелімен халықтың қалың ортасынан шыққан, түскен ауыртпалықты терең түсініп, елді басқару және оны сақтау жауапкершілігін өз мойнына алған ел ақсақалдары мен билердің, батырлардың үлесіне тиеді. Міне, осы «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде қазақ халқының дағдарысқа ұшыраған шаруашылығын, тұрмыс-тіршілігін, жоңғар басқыншылығына қарсы күресін ұйымдастыруда, жаңа көршілермен қарым-қатынасын қалыптастыруда Төле би өзінің қайраткерлік қабілетімен ерекше көзге түседі. …Төле би жоңғар басқын­шы­ларымен күресте Ресей сияқты қуатты мем­лекетпен одақ құру қажеттігін тура түсінген қайраткерлердің қатарында болды. 1733 жылы Төле би Ұлы жүздің көрнекті адамдары Қодар би, Сатай, Қангелді және Бөлек батырлармен бірігіп жазған хатын Аралбай мен Оразгелді елшілер Ресей патшасына тапсырады. Ол хатта Ұлы жүз қазақтарының ұлы орыс мемлекетімен достық қатынаста болуды көздеп отырғандығы айтылады. Белгілі тарихшы А.Левшиннің көрсетуі бойынша, ол бұл өтінішін 1749 жылы тағы да қайталаған. Шығыстан төнген қауіп жағдайында өз халқының болашағы үшін Ресеймен достық қатынастың маңызын өте жақсы түсінген Төле би өмірінің соңына дейін Орынбордағы жергілікті орыс әкімшілігімен байланысын үзбеген. Ол туралы Сенат мұрағатынан мынандай фактіні оқуға болады. 1740 жылы 29 шілде күні Орынбор комиссиясының сол кездегі бастығы генерал-лейтенант князь В.А.Урусов Сенат отырысында жасаған баяндамасында былай деп хабарлайды. «…из Ташкента от Толебия прислан некоторый ташкенец, называемый Катай, с письмами к Барак Салтану, а оный де Барак Салтан послал его к Джаныбек батырю с письмом, акибь под Ташкент прикочевали от Галдан Чирина два Зайсанга калмыцкие и слышно де, что оные Зайсанги имеют намерение на них Барак Салтана и на Джаныбека-батыря, и на других со своими людьми нападете чинить, и ежели то правда, то какие ему в том мере принять, требуете указа». Одан ары Сенат хатшысы А.Красовскийге осы мағынадағы хабардың үкіметтік кабинетке түскен немесе түспегендігін анықтауды және ондай хабар түскен күнде оны князь Урусовтың мәліметімен бірге министрлік кабинетінің қарауына жеткізуді тапсырады. Бұл деректен Төле бидің орыс әкімшілігімен тұрақты байланыста болып, оған өлкедегі саяси жағдайды баяндап және ойрат басқыншыларына қарсы әскери көмек сұрап отырғандығын байқауға болады. 1741 жылы сұлтан Абылай Галдан Цереннің арнайы жіберген адамдарының қолына түседі де, екі жылға жуық мерзім ойрат ханының қолында тұтқында болады. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ басқарушы топтары арасында үлкен абыржу туғызады. Міне, осы тұста Төле би мен Әбілқайыр ханның өтініші бойынша Орынбор әкімшілігі Абылайды босатып алу мақсатында Жоңғар хандығына орыс-қазақ елшілігін ұйымдастырады. Бұл келтірілген фактілер Төле бидің сол кездері үлкен өріс ала бастаған орыс-қазақ қатынасының басында тұрған саяси тұлғалардың бірі екендігін көрсетсе керек. …1740 жылы Ұлы жүз ханы Жолбарыс өлгеннен кейін Тәшкенттегі билік 1749 жылға дейін толығымен Төле бидің қолына көшеді. Қазақ халқы Жетісу мен Сыр бойын өзінен қуатты жауынан біржола азат етуге әлі де даяр емес екендігін түсінген Төле би күш жинап алғанға дейін ойраттықтармен бейбіт қатынаста болуға тырысып, олардың талап еткен салығын өтеп отырады, сондай-ақ ойрат билеушісіне өз ұлы Жоланды аманатқа жібереді. Халық арасына жазба түрде тараған Әбдірайым шежіресі бойынша Жолан қалмақ ханы қолында екі мәрте, барлығы 14 жылға жуық уақыт болған. Ал Төленің тағы бір ұлы Қожабек қалмақтарға тұтқынға түсіп оралмаған. Шамамен 1744-1745 жылдары Қойгелді батыр, ру басшылары Тоқсанбай, Мәлік, Кетеннің басшылығымен наразы халық Галдан Цереннің Шымкент жанында үй тігіп отырған өкілі Баршаханды, оның көмекшісі Саңғалды өлтіреді. Бұл жағдай қалмақ ханының Ұлы жүз қазақтарын жазалау мақсатында шабуыл жасау қаупін туғызады. Бірақ ханның көп ұзамай (1745) қайтыс болуы, оның артын ала қалмақ хандығында басталған бұлғақ кезең бұл жоспарды іске асырмай тастайды. …Сонымен, Тәуке ханның төбе биі болған Төленің ойы бойынша саяси биліктің ең жетілген түрі сұлтандардың емес, билердің кеңесіне сүйенген хандық билік. Төле: «Елге бай құт емес, би құт. Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе, батырлар мен биге күш», – дейді. Шын мәнінде сырттан қауіп төнгенде, елді жауға қарсы шақыра алатын билер институты еді. Төле бидің қоғамдық қызметінің келесі маңызды бағыты – Ел бірлігі. Төле үшін бірлік өз жауларымен, бақталастарымен күрес немесе халықтың назарын өзіне аудару құралы емес, әр қайсысы жеке билікке ұмтылған хан, сұлтандар мен ел еркіндігіне қол салған сыртқы жаумен күрес құралы, өмір мұраты». «Данагөй» тақырыбымен қосымша баяндаманы ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан жасады. «…Тарихи құжаттар мен мұрағат документтерінің бәрінде Төле би 1756 жылы қайтыс болды десе, қытай тарихшысы Хы-Чутау былайша түсінік береді: «Ұлы жүздің қолбасшысы Әбілпейіс екен. Оның үш батыры бар: біреуі – Төле би, екіншісі – Қойгелді, үшіншісі – Сасықбай. Әбілпейіс Тәшкент қаласында тұрады. Саясатты Төле би жүргізеді екен. Бұл оқиға 1759 жылы Чин империясының әскерлері қаулап, жоңғар көтерілісшілерін қуалап, Ұлы жүз жеріне барғандағы жағдайы». Бұл Қытайдағы жазба деректен алынған мәлімет, бұған қарағанда бидің туған, өлген жылын әлі де анықтай түсуді қажет ететінін байқаймыз. Төле Әлібекұлы он бес жасында-ақ билік етіп, кесім айтқан. Төле бидің қадір-қасиетін жоғары бағалаған Қазыбек бек Тауасарұлы: «Билік жүргізуді, адаммен сөйлесуді, адамға адамша қарауды Төле биден үйрендім. Төленің даналығына таңданбауға болмайтын еді. Ол ең тұйық жерден, тұғылдан да шұғыл шығып кете алатын асқан ғақылдың кені болатын. Төледей ұлдың тууы жүз жылда біреу ғана болар. Өйткені оның көп даналығын көрдім. Төле Жантудың Жайылмыс деген атасынан. Одан Қожаберді, одан Құдайберді. Ол заманда би болған, ел арасында ғана емес, сырт елшілікте болған кісі. Оның баласы Әлібектен Төле би. Жайылмыс тегі қатты өскен тұқым. Үйсін Төле бидің сүйегі Тәшкентке қойылған. …Біз білетін тарихи еңбектің ішінде Мұхамеджан Тынышпаевтың 1925 жылы Тәшкентте шыққан «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» атты шежіресінде «Қыбырай батыр – Төле биді билік тағына отырғызған адам» деп жазған. Алайда Қыбырайдың батыр емес, Үйсіннің ықпалды биі болғаны, Әлібекұлы Төлеге дейін үлкен биліктің тізгінін ұстағаны, осы тарихи тұлғаның бейіті Тәшкенттен 23 шақырым жердегі Қыбырай ауылында жатқаны ақиқат. Жеткен деректерге қарағанда, Төле би асқан тапқырлығымен, сергек сезімталдығымен, биік парасатымен үш жүзге аты тұтас жеткен, көзінің тірісінде Бұқар сияқты жыраудың мадақтауы, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке сынды алты алашқа қадірлі, жалпақ жұртты аузына қаратқан билердің аға тұтынуы тегін емес». Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметқанұлы Қытай құжаттары негізінде құрылған «Төле бидің қазақ қоғамындағы саяси ролі жөнінде» атты баяндама жасады. «…Қазақ тарихында ондай сындарлы кездер аз болған жоқ. Әсіресе XVIII ғасыр қазақ элитасы үшін ең ауыр сындарлы ғасыр болды. Алайда қазақ билеушілерінің аса маңызды кезеңдерде қабылдаған шешімдерінің дұрыстығын тарих дәлелдеді. Мысалы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін, 1726 жылы Ордабасыда қазақ билеушілері қабылдаған үш жүздің жасағын біріктіріп, жауға аттану шешімінің тарихи дұрыстығы дәлелденген болатын. Содан отыз жыл өткеннен кейін, яғни 1757-1758 жылдары сол Жоңғар хандығын қырып-жойған Цин империясы, жоңғарлардың ең соңғы тұяқ серпіген Әмірсананы өкшелей қуған қалың қолы қазақ даласына қаптап келіп, халқымыздың өміріне қауіп төндірген еді. Осы бір тарихи шешуші шақта, Абылай хан Цин империясына қарумен қарсылық көрсету және мәселені мәмілегерлік жолмен шешу саясатын қолданып, ел басына төніп келген қатерді сейілтті. Сондай-ақ ол Қазақ хандығын Цин империясына мойындатып, олармен ресми мәмілегерлік қатынас та орнатты. Осы бір тарихи шешуші кезеңде жалпы қазақ элитасы саяси көрегендік танытты. Әсіресе Төле бидің атқарған рөлі айрықша болды. …Ал Цин империясының әскери кеңесіне келіп түскен мәліметте «Уәзір Фу Де әскерлерін бастап сұмырай Қазақшираны (Әмірсананың жақтасы) ұстап әкелу үшін Ұлы жүз жеріне барды. Олардың әскерлері Маңғыт қаласының шетіне жеткенде, Төле би қатарлылардың Тәшкенттегі Тұрғанжанмен соғысып, бірін-бірі ала алмай жатқанын біледі. Олар соғысты тоқтатып, елді тыныштандырады. Оған Төле би қатарлылар қатты әсерленді әрі үрейленді. Сонымен олар әскерлерімізге тарту-таралғы әкеліп, ат сыйлады. Цияньлун патшаның 23 жылы (1758) Төле би баласы Жоланды, Қойгелдінің інісі Мұсырманды патшамен кездесуге астанаға жіберді», – деп жазылған. Бұл мәліметтен қытайлық сарынды анық байқаймыз. Тарихтағы Қытай патшалықтары қашан да өздерін басқаларды жарылқаушы етіп көрсетіп, сол жалған «мейіріміне» басқалар еміреніп, әсерленіп, өздеріне қараған немесе бағынған ел етіп көрсетеді. Ал іс жүзінде ол оқиға Абылай ханның қабылдаған саяси шешімімен тікелей байланысты еді. Сондықтан Ұлы жүздің билеушілері де үлкен саяси көрегендік танытып, Цин империясымен бейбіт мәмілегерлік тәсілмен өзара қарым-қатынас орнату саясатын ұстанғанын атап айтуымыз керек. Бұл шешімді Ұлы жүздегі Төле би Әбілпейізбен бірлесе отырып қабылдағаны да байқалады. Бұлай дейтініміз, дәл осы оқиғаға байланысты Цин патшалығы ордасына келіп түскен және бір мәліметте: «Ұлы жүз қазақтарының Әбілпейізі сол күні елші жіберіп, тарту-таралғы ұсынып, хат жолдады. Оның хатында: «Ұлы жүздегі менімен Орта жүздегі Абылай ағайынды адамдар боламыз. Қазір олармен бірге сіздермен елдемелік (қарым-қатынаста боламыз) дейді. Оның жіберген елшілерінің барлығы ерекше сый-құрметпен қайтарылды» – делінген. Бұл жерде Цин империясына елшіні Әбілпейіз жіберді делінгенімен, іс жүзінде жіберілген елшілер басқа емес, сол Төле бидің баласы Жолан мен Қойгелдінің інісі Мұсырман екені белгілі. Цин империясының хатты Әбілпейізге жазуы оның заңды хан екендігінде. Бірақ елші ханның баласы сұлтандардан емес, Төле бидің баласы болуы Төле бидің Ұлы жүздегі саяси орны мен ықпалының жоғары болғанын көрсетеді. …Цин империясының 1758 жылы қараша айында хатталған орда күнделігінде Цин патшалығының Ұлы жүз қазақтарындағы Әбілпейізге жіберген хатнамасы (грамотасы) кездеседі. Онда: «Патша Ұлы жүз қазақтарының ханы Әбілпейіз, Ханбаба қатарлыларға, сендер жіберген Жолан, Мұсырман қатарлылар Цингун сарайында патшамен кездесті. Патша оларға мейірімділікпен қонақасы берді. Одан соң олар астанаға барды. Сол жерде оларға және қонақасы берді. Әбілпейіз, сендер шалғайда тұратын жат елсіңдер. Сондықтан сендер ескі әдеп-ғұрыптарыңда (қоғамдық жүйеде) бола беріңдер. Әрбір рулар өз жерінде тұрып малдарын бағып, тыныш өмір сүретін болсын. Сендер елші жіберіп, патшаға сәлем беретін болсаңдар, патша сендерге еселеп сыйлық береді. Барлық істі елші Жоланға айттық. Ол қайтып барған соң одан Әбілпейізге жіберген бірнеше киімді тапсырып аларсыңдар. Жалпы сендерге бір мың лянь күміс сыйлық жіберілді. Бұның бәрінен хабардар болыңдар. Бұдан кейін де ізгі ниетте болып, мәңгілік бақытқа бөленіңдер. Бұл ерекше жарлық», – деп жазылған. Бұл құжаттан Цин империясының қазақтардан күтетіні шекара маңының тыныштығы екендігін және оларға «еселеп сыйлық» беру арқылы өзіне баурау саясатын қолданып отырғанын көруге болады. Сонымен қатар, бұл деректерден Төле бидің қазақ қоғамында, нақтылап айтқанда Ұлы жүз ортасында аса беделді, билік жүргізуші ірі саяси тұлға болғанын дәлелдейді. Сондықтан Цин империясының әскери шонжарлары Төле биді қазақ саяси элитасының ықпалды тұлғасы ретінде оның іс-әрекеттерін патша ордасына мәлімдеп отырған». Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Абай инсти­ту­тының директоры, филология ғы­лымдарының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев «Төле би Әлібекұлының ғылыми өмірбаяны туралы» атты баяндамасында қадау-қадау мәселелерге тоқталды: «…Бидің өмірі мен өнегесін, ғылыми өмірбаянын пайымдаудың басты дерек көздерінің бірі оның шешендік сөздері мен билік шешімдері екенінде сөз жоқ. Оларды зерттеу барысында бидің өмірінің бірқатар маңызды, мағыналы кезеңдері мен сәттері анықталды. Бидің өмірі мен қызметін пайымдау ісіндегі ендігі бір дерек көзі XVIII-XIX ғасырларда түрлі басылымдарда жарық көрген мәліметтер мен мұрағат құжаттары. …Қазақ халқының бір орталыққа бағынған мемлекеттік қуаты Тәуке ханның тұсында едәуір көзге түседі. Хан маңына өзінің қазақтары ғана емес, қырғыздар мен қарақалпақтар да үйірілсе керек. С.Сейфуллин: «Билер дәуірінің әдебиеті» атты еңбегінде бұл жөнінде былай деп жазады: «Бірігіп өмір сүрген қазақ, қырғыз, қарақалпақтың ірі руларында билік жүргізген алты ірі бидің аты аталады. Ұлы жүзде – Төле би, Орта жүзде – Қаз дауысты Қазыбек би, Кіші жүзде – Әлім руынан Әйтеке би. Қырғызда – Көкім би, Қарақалпақта – Сасық би. Қатаған, жайма басқа ұсақ руда тағы да бір би». Осы деректердің кейбір мән-мағынасы Н.Гродековтың еңбегінде кеңірек баяндалады. Н.Гродеков Тәуке ханның тұсында онымен бірге тізе қосып қызмет атқарған, Төле би бастаған атақты жеті би болғанын жазады. Қазақ, қырғыз, қарақалпақ – үш елді айналасына үйіріп, күшпен емес, ақылмен ұстап, елінің күш қуатын арттырғанда, Тәуке хан батырларға емес, билерге сүйенген. …Төле би Әлібекұлының туған, өлген жылдары (1663-1756), ата-тегі туралы әдебиеттерде едәуір мағлұматтар бар. Солардың көпші­лігінде Төле би қарашоғыр қара шаруа әулетінен шыққан делінген. Бұл құбылысты таптық, партиялық тұрғыдан бағалау қажеттігі белең алып тұрған дәуірдің талабына сай айтылған болса керек. Профессор Сәрсенбі Дәуітов өз еңбегінде Төле бидің әкесі Әлібектің де өз дәуірінің белгілі биі болғаны туралы дұрыс жазады. Біздіңше, Әлібектің би болғаны туралы пікір, болжам, жорамал емес, ақиқат шындыққа мейлінше жанасымды» М.Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің доценті, тарих ғылым­да­рының кандидаты Ғаппар Маймақов «Қазақ қоғамын құқықтық реттеудегі билердің рөлі және Төле би» атты баяндамасында былай деді. «…Қазақ билерінің мынандай ерекшеліктерін атап өтуге болады. 1. Билердің халық мойындаған тұлғалардан шығуы. Олардың сайланбауы және тағайындалмауы. 2. Билердің ішінен мемлекет басшылығына дейін көтерілген тұлғалардың шығуы. Мысалы: Төле би Әлібекұлы Ұлы жүзді басқарушы дәрежесіне дейін көтерілді. 3. Билердің әкімшілік басшылықтар атқаруы. Көптеген билер ру, тайпалардың басшыларына дейін көтерілді. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұл функцияларды Шыңғыс хан ұрпақтары, сұлтандар атқарған. 4. Билер соттардың функциясын жүзеге асырып отырған, сот билігінің иесі болған. 5. Билер заң жасаушы ретінде қалыптасқан. Аса білімді шариғат пен адатты ұштастырушы, билік айтқанда шариғаттың да, адаттың да нормаларын басшылыққа алушы сот билігін жүргізушілер. 6. Билер билік айтқанда халықтың бай тарихына, әдебиетіне, дәстүрін терең білуші және оларды сот билігінде асқан шешендікпен айтып жеткізуші тұлғалар. Бұл тұрғыдан билердің барлығы да шешендігімен ерекшеленген. 7. Билердің көпшілігі соғыс кезінде қолбасшылық қызметтер атқарған. Елшілік жоралғыларды да жүзеге асырған. Осы тұрғыдан Төле би мен Қазыбек бидің қызметтері ерекше көзге түскен». Конференциядан соң ипподромда ат спорты ойындары болып, кешкісін облыстық драма театрында драматург-жазушы Елен Әлімжановтың «Төле би» қойылымы көрермендер назарына ұсынылды. Тараздағы Төле бидің 350 жыл­ды­ғына арналған ғылыми-тә­жі­рибелік конференция мен мерекелік игі шараларды ұйымдастырудағы Қанат Бозымбаев басқарған облыс әкімшілігіне және Ішкі саясат басқармасының бастығы Рахия Тұрмаханбетованың еңбегіне жұрт ризашылығын білдірді.

Дидахмет ӘШІМХАНҰЛЫ,

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Алматы – Тараз – Алматы