БИТУМ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТУГЕ ТАЯУ

БИТУМ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТУГЕ ТАЯУ

БИТУМ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТУГЕ ТАЯУ
ашық дереккөзі

Маңғыстау өңірінде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың бірі – битум зауытының құрылысы. Биыл жыл соңында тұсауы кесіліп, түндігі түріледі деп отырған зауыт аймақтың алға басуына, елдің еңселене түсуіне өзіндік үлесін қосатын кәсіпорын болары күмәнсіз. 

Республикалық индустрияландыру картасы аясында осыдан үш жыл бұрын қазығы қағылып, іргетасы қалана бастаған зауыт құрылысы ірі – жобаның құны 43,5 млрд. теңге болса, зауыттың құрылысы 38,3 млрд. теңгені құрайды. Жобаны «Caspiy Bitum» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырыс беруімен «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ мен «CITIC Kazakhstan» компаниясы өздері 20 пайызға қатысып, қалған 80 пайызға қытайлық банк қаржыландыру арқылы қатысуда. Негізгі бастаманың иесі – Қазақстан. Еліміздің «Мұнай және газ» институты жобалаған жобаның құрылыс жұмыстарын «КазСтройСервис» Ұлттық мемлекеттік құрылыс компаниясы» АҚ мен «CITIC Kazakhstan» компаниясы қылдай бөліп алған. Алғашқысы құрылыс-монтаж жұмыстарын және жалпы зауыттық құрал-жабдықтарды жеткізумен айналысса, екіншісі ЭЛОУ-АВТ технологиялық құрал-жабдықтарын жеткізу, битумдарды түрлендіру, оларды өлшеп, бөлшектеу қызметтерін міндетіне алған. Шикізат ретінде жылына Қаражанбас кен орнының 1 млн. тонна мұнайын пайдаланатын зауыттың жыл бойы өндіремін деп отырған өнім көлемі де осал емес – 406 мың тонна жол битумы, оның ішінде 161 мың тонна түрлендірілген битум болмақ, ал бензин-дизель фракциясы 255 мың тонна деп межеленсе, вакуумдық газойль көлемін 330 мың тоннадан кем көрсетпей отыр. Жұмыссыздық дендеп тұрған заманда 300-ге жуық адамға тұрақты жұмыс орнын ұсынып, қымбатшылық меңдеп, сапа жағынан әңгімесі мен әуре-сарсаңы арылмай-ақ қойған жол сапасының артуына өз өнімімен атсалысады деп талай қазақ үміт артқан кәсіпорынның құрылыс жұмыстарының бүгінгі тынысы қандай? Бұл жайында Маңғыстау облысы әкімі А.Айдарбаевтың төрағалық етуімен өткен кеңесте айтылды. Өңір басшылары, аймақтағы салалық басқармалар мен департаменттердің басшылары, кәсіпорынның құрылтайшылары боп табылатын қос мекеме – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытайдың CNPK компаниясының өкілдері, сондай-ақ өзге де зауыт басшылары, мердігер компаниялар мен мамандар қатысқан жиында: 

«Ақтау жол битумдары зауыты» құры­лысының ішкі нарықты жоғары сапалы жол битумдарымен қамтамасыз етуде және жаңа жұмыс орындарын ашуда маңызы зор. Бүгінгі таңда зауыттың технологиялық блоктары бойынша технологиялық құрал-жабдықтарды монтаждап, сынақтардан өткізу аяқталды, оларды іске қосу алдындағы шаралар жүргізілді, сондай-ақ «салқындай» сыннан өткізу іске асырылып, ауамен тексеру жұмыстары жасалды, қайта жинау жұмыстары жүргізілді. Жылу алмастырғыштар мен ыдыстық құрал-жабдықтарды жылумен оқшаулау жұмыстары жүзеге асырылды, колонналарды жылумен оқшаулау жұмыстары да аяқталуда. Қазіргі таңда технологиялық құбырларын жылумен оқшаулау жұмыстары жалғастырылуда. Сондай-ақ кабельдерді төсеу мен оларды бақылау-өлшеу және автоматика құралдарына сұрыптау желісінің электр жылытқыштарын монтаждау жөніндегі жұмыстар орындалып жатыр. Қазір «ыстықтай» сыннан өткізу технологиясына әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде резервуарға 980 тонна көлемінде пеш отыны қабылданды,– деп зауыт құрылысы басында атқарылған жұмыстармен егжей-тегжейлі таныстырды «Kazakhstan Petrochemical Industries» АҚ басқарма төрағасы Д.Ерғалиев.

Жуық арада үлкен өмірге қадам басқалы жал-құйрығын түйініп дайын тұрған кәсіпорында соңғы пысықтау, сынау жұмыстары жүріп жатыр. Кеше ғана технологиялық құрал-жабдықтарды мұнай өнімімен сынақтан өткізу басталып, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу жұмыстары жолға қойылды. 

Кәсіпорын іске қосылған соң, штатқа сай онда 286 адам жұмысқа орналаспақ. 

Аты да, заты да жаңа кәсіпорында сапалы өнім дайындап шығару үшін бесаспап мамандар қажет болады. Сондықтан алдын ала отандық мұнай өңдеу зауыттарында 36, Қытайда 33 маман тәжірибеден өтті. Жергілікті жердің жастарын жұмыспен қамту мақсатында Х.Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі келісім-шарт бо-йынша өз студенттерін өндірістік тәжірибеден аталмыш зауыт қабырғасында өткізбек. Осы колледж бен Маңғыстаудағы негізгі жоғары оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 20-ға тарта түлегі, сонымен қатар Ақтау қалалық әкімдігінің қолдауымен балалар үйінің тәрбиеленушісі де зауытқа жұмысқа орналасып үлгерді. Қазіргі таңда кәсіпорында 20-ға жуық маман қызмет етуде. 

Жыл соңына таман «құрылыс» деген құрықты сыпырып, «жоба» деген атауды алыстатып жұтына іске қосылатын нысан – ел экономикасына пайда әкеп, үлес қосатын зауытқа айналмақ. Ісі өнімді, өнімі сапалы болса, үміттің ақталғаны. 

Асыл МҰРАТТАС

Маңғыстау облысы