«АЛТЫН ЖҮРЕКТІҢ» АЛТЫН ЖҮРЕКТІ ИЕЛЕРІ

«АЛТЫН ЖҮРЕКТІҢ» АЛТЫН ЖҮРЕКТІ ИЕЛЕРІ

«АЛТЫН ЖҮРЕКТІҢ»  АЛТЫН ЖҮРЕКТІ ИЕЛЕРІ
ашық дереккөзі

Елімізде алтын жүректі атымтай жомарт жандар жоқ емес. Тіпті, ондай адамдардың жылдан жылға көбейіп келе жатқаны көңілге жылылық ұялатады. Атымтай жомарттар өз қалталарынан мыңдаған, миллиондаған қаржы шығарып, жетімдерді жебейді. Қамқорлықсыз қалған балалардың маңдайынан сипайды. Жоқ-жітіктің мұқтажын өтейді. Ол қайырымды іс-шаралардың қайтарымы болмауы да мүмкін. Есесіне, бұл қайырымдылық еліміздің алға басуына ықпалын тигізеді, адами құндылықтардың бүгінгі қоғамда бар екендігін көрсетеді. 

 «Бауыржан» қоғамдық қоры биыл жетінші рет осындай қайырымды жандардың есімін атап, «Алтын жүрек» сыйлығын табыс етті. Абай атындағы академиялық опера және балет театрында 11 аталым бойынша жыл сайынғы «Алтын жүрек» ұлттық қоғамдық сыйлығы табыс етілді. «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» номинациясы бойынша бірінші болып «Алтын жүрек» мүсіншесін қолына алған Талғар қаласындағы «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина апамыздың сөзі көңілімізді толқытып жіберді. «Елімізде жетім балалар болмасын! Балаларымыз жат елге барып, жәутеңдемесін! Тастанды балалар болмасын!» – дейді Тұяқ ана тебіреніп. 16 жылдан бері 340 баланың анасы болып келе жатқан абзал жан алтын жүректің иесі емес деп, кім айта алады?! 

Білімді дамытуға өлшеусіз үлес қосып жүрген қайырымды ұжымның бірі – Қызылорда қаласынан «Нұрай» ЖШС-і болса, мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін жеке кәсіпкер Ғалымбек Құнапияұлы, спортты қолдағаны үшін Ақмола облысы Зеренді ауданындағы «Алтынтау – Көкшетау» ЖШС, ардагерлерге көрсеткен көмегі үшін «Алматыгазсервис Холдинг» АҚ басқарма төрағасы және «ISKER Company» ЖШС активтерінің басқарушысы Болат Өмірәлиев, денсаулық сақтау саласына қолдау көрсеткені үшін «Амазонка» қоғамдық қорының директоры Анжелика Сарьян, Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі үшін халықаралық фармацевтикалық Polpharma компаниялар тобындағы «Гербаполь Люблин» компаниясының президенті Ежи Старак «алтын жүректі» иемденді. Сонымен бірге, «АШК» ЖШС бас директоры Есімхан Жаңабаев жыл меценаты атанса, «Астана» телеарнасының «Біз біргеміз» бағдарламасы ақпараттық қолдаушы ретінде танылды. Жыл қайырымгері аталымына «ZHERSU» корпорациясы қадағалаушы кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов, жыл ұйымына Алматы қаласындағы «Efes Kazakhstan» компаниясы ие болды.

«Алтын жүректің» алтын жүректі ие­леріне арнап, ән мен жырдан шашу ша­шылды. Аталмыш шараны ұйымдастырған Жұлдыз Омарбекова бастаған топқа алтын жүректің иелері де өз ризашылықтарын білдірді. Мерекелік шарада ақ тілектер ақтарылып, әсем әндер шырқалды. Бұл кеште Саррей ағылшын графтығынан келген әлемге танымал жалғызқолды пианист Николас Маккарти өнер көрсетті. Сондай-ақ, еліміздің танымал өнер жұлдыздары Майра Мұхамедқызы, Мәдина Сәдуақасова, Ақжол Мейірбеков әннен шашу шашты. Бұл алтын жүректі абзал жандарға деген өнер қайраткерлерінің ыстық ықыласы болса керек. 

Едіге БЕКТАС