ШЕНЕУНІКТЕР НЕДЕН ЖАСҚАНАДЫ?

ШЕНЕУНІКТЕР НЕДЕН ЖАСҚАНАДЫ?

ШЕНЕУНІКТЕР НЕДЕН ЖАСҚАНАДЫ?
ашық дереккөзі

Жалпы кез-келген демократиялық мемлекеттің
халықтан жасырар ештеңесі болмайды. Бүкіл ақпарат ашық және қолжетімді болуы
тиіс. Әрине кейбір арнайы тізімге енген мемлекеттік, коммерциялық, т.б. да
құпияларды қоспағанда. Дегенмен біздің шенеуніктер құпия ақпараттарды былай
қойғанда, жұртқа жариялауға тиісті қарапайым ақпараттардың өзін ашық айтудан  жасқанады екен? Неге?

Жақында Астанада Орталық
коммуникациялар қызметінде баспасөз-мәслихатын өткізген Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ел
арасында «барахолка» атанып кеткен Алматы қара базарының бүгінгі қала келбетіне
сай келмей, өркениеттің ошағынан аулақ қалғанына қарамастан, оны құлатуға қарсы
болып отырған ықпалдылардың бар екенін айтты. Алайда олардың атын жарыққа
шығаруға мегаполис әкімінің жүрегі дауаламайды. Ол бұл кездесуде сол
ықпалдыларға сес көрсетуден арыға бара алмады.

–  Барахолканың құрылтайшылары
бар, соның ішінде Астанада отырғандары да жетерлік. БАҚ арқылы да, былай да барахолканы
жабуға кедергі келтірулерін тоқтатпаса, мен бұлардың аты-жөнін атайтын боламын.
Айтпақшы, олар өте белгілі адамдар, – деген ол барахолкада Қытайдан Кеден және
салық органдарын айналып өтетін тауарларды әкелу жүйесінің жолға қойылғандығын
айтқан. Қазіргі мегаполистегі ірі жабайы сауда орнында сауда жасауға ешқандай
жағдайлар жасалмаған. Ал әкім осында сауда жасап, күнін көріп жүрген қарапайым
жандарды жақсы түсінетінін және оларға жағдай жасауды жөн көріп отырғанын
жеткізген.

Ал, қарашаның 4-інде
Парламентте Үкімет сағатын өткізген Ауыл шаруашылығы министрлігі Асылжан
Мамытбековке депутаттар Ахметжан Есімовтен үлгі алып, батылданып, құнарлы
жерлердің иелерінің  тізімін жариялауды
ұсынды. Әрине, Асылжан Мамытбеков оған бірден уәде берген жоқ. Кезінде жердің
жеке меншікке өтуін мақұлдаған «Жер кодексі» қабылданған кезде, құнарлы
жерлердің бәрі латифундистердің қолына әлдеқашан өтіп кеткендігі мәлім болған
еді. Содан бері ірі жер иелерінің кім екенінен халық әлі де бейхабар. Бір кездері
«Тасжарған» газетінің Ромин Мадиновті «латифундист» деп айтамын деп, пәлеге
қалғаны бар. Осы сөзі арқылы олар Ромин Мадиновке ар-намыс, іскерлік беделіне
нұқсан келтіргені үшін 30 миллион теңге айып төлеуге мәжбүр болып, жабылып
тынған еді. Өйткені, оның жер иесі екендігін дәлелдейтін нақты құжат болмаған.

Егер, қазіргі
электронды үкіметте осындай мәліметтер ашық түрде жарияланып, кімнің қандай
мүлікке ие екендігі және оның оған қандай жолмен ие болғандығы мәлім болса,
халықтың да көп нәрсеге көзі жетер ме еді, кім білсін?!

Кезінде Алматы
әуежайының кімнің қолында екендігі жайында мақала жазбақ болып, біраз
еңбектенгенім бар. Сол кезде де осы бір ірі нысанның кімнің қолында екендігін
білу мүмкін болмаған. Қоғам әлі күнге дейін ұлттық қордағы қаржының қайда
жұмсалатынын, қазба байлықтардан түскен қаржының қанша екендігін, Қазақстандағы
инвесторлардың қандай табыс табатындығын білмейді. Одан бейхабар! 

Бір кездері
Елбасының бастамасымен заңсыз жолмен жекешелендіріп алған мүлкін шенеуніктердің
жариялауға бел буғаны да болған. Алайда олай ағынан жарылу да ұзаққа созылмады.
Біраз науқандық шаралардан кейін, ізі суып үлгерді. Содан кейін заңсыз иеленген
мүліктерді заңдастыру науқаны басталды. Ол науқан да бай мен олигархтардың
пайдасына шешілді де, қара күркеге зар боп жүрген қара қазақтың құжыраларын
заңдастырып беруге шенеуніктер пейілділік таныта қоймай, ол да аяқталды. Әлі
күнге дейін кімнің қандай байлығы барын және оған олардың қалай қол
жеткізгендігін әшкерелейтін ресми құжат жоқ. Сонда шенеуніктер неден сескенеді?
Өзінен ықпалдыдан ба, жоқ өзінің былығы ашылып қалатындығынан ба? 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ