ТҮРКИЯ РЕСЕЙДЕН ӘЛДЕҚАЙДА КҮШТІ

«Қазақстан-Түркия
қатынастарының келешегі» тақырыбына өткізілген халықаралық симпозиумда түбі бір
түркі елдерінің болашағы, екіжақты қарым-қатынасты дамыту, қосымша
мүмкіндіктерді іздеу секілді маңызды мәселелер талқыланды. Қазақ пен түрікті,
басқа да бауырлас ұлттарды, рухани тұрғыда туыс мемлекеттерді алаңдатқан мәселе
көп. Олар қалай шешілмек? Әлемдік саяси сахнаға ықпал етуге ұмтылған Түркияның
қарымы мен қабілеті қаншалықты? Кедендік одаққа мүшелікке өтуге түріктер қалай
қарайды? Осы және басқа да мәселелер туралы ҚазҰУ-дің доценті, «Еуразия»
ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жанат Момынқұловпен
сұхбаттасқан едік.


  «Ынтымақтастыққа билік емес, халық ұмтылуы тиіс»


– Жанат, алдымен бүгінгі
халықаралық симпозиумның мақсатына тоқталсақ?

– Ең басты ерекшелік, «Қазақстан мен Түркия қатынастарының келешегі»
тақырыбындағы осы халықаралық симпозуимды өткізуге ресми органдар емес, екі
елдің үкіметтік емес ұйымдары мұрындық болды. Шараға Түркиядан 35 делегат
шақырылды, сонымен қатар Қазақстан тарапынан да арнайы келген қонақтар көп. Көпшілігі
ғылыми орта өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, кәсіпкерлер және
түркиялық БАҚ-та жұмыс істейтін журналистер де бар.

– Симпозиумда екіжақты
ынтымақтастықтың қай саласына баса назар аударуға шешім қабылданды?

– Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық-саяси қатынас шарықтау
шегіне жетті, енді оны ары қарай жалғастыру – екі мемлекеттегі халықтың
еншісіндегі міндет. Мұндайда үкіметтік емес ұйымдар арқылы жұмыс істеу өте
тиімді. Азаматтық ұйымдар түрлі зерттеу жұмыстары, семинар, конференция,
симпозиум сияқты шаралар өткізіп, пікір алысып, бір бірімен ақпарат алмасқаны
абзал. Өйткені қазақтар мен түріктер бірін бірі жақсы танымайды. Шын мәнісінде
екі ұлттың тарихи, мәдени, этникалық ұқсастығына қарама-қайшы келетін
ерекшеліктері де бар. Мәселен, мәдениетіндегі, экономикалық даму үлгісіндегі, саяси
даму тарихындағы айырмашылықтар. Атап айтқанда, қоғамдық-саяси даму тұрғысынан
алсақ, Түрия NATO-ға мүше, капиталистік даму үлгілерінің ең озық моделін таңдап
алған. Қазақстан – посткеңестік мемлекет, жартылай демократиялық ел. Яғни,
Түркиядан алары мен үйренері көп. Өзге географиялық аймақта орналасқанына
қарамастан, Түркияның туризм мен кәсіпкерлікті дамыту, азаматтық қоғам құру, халыққа
құқықтық бостандық беру сияқты басқа да аса маңызды салаларда тәжірибе жинақтай
отырып, екі елдің тоқтап қалған байланысын білім беру мен мәдениет саласына
қарай ойыстыруымыз керек. Бүгінде екі ел арасындағы сауда айналымы 4 мың
миллиард доллар төңірегінде. Оны алдағы 5 жыл ішінде 10 млрд. долларға дейін
жеткізу жоспарланды. Мұны Елбасымыз жуырда Түркияға жасаған сапарында айтты.
Меніңше, симпозиумның қорытынды құжаттарының бірі екіжақты қарым-қатынасты
білім беру мен мәдениет саласына қарай ойыстыру болмақ.

– Сіз айтқан игі бастамалар
төменгі жақтан, яғни, халық тарапынан қолдау тапса да, екіжақты жобалар бәрібір
биліктің қолдауына зәру. Бүгінде тоқтап қалған қатынасты қарқынды дамытуға
біздің билік қаншалықты мүдделі?

– Меніңше, билік қолдау көрсетуге мүдделі. Жуырда ҚР Президенті Н.Назарбаев
Кедендік одақ құрамына Түркияны да алуға ұсыныс тастады. Мұның астарында
бірнеше себеп бар. Біріншіден, Ресейдің Кедендік одақ шеңберінде жасайтын
әділетсіздіктер мен теңсіздіктерге өз наразылығын білдіру. Екіншіден, «тізеңді
батыра берсең, біздің де арқасүйер күшіміз бар. Қысым жасауды доғармасаңдар,
алдымызда Ресейден басқа да таңдауымыз, балама жолымыз бар» деген доқ көрсету
жатыр. Әлбетте, бұл мәлімдеменің астарында екіжақты байланысты ушықтыруға себеп
болатындай саяси зіл жоқ екендігін айту керек. Өйткені Қазақстан алдағы 20-30
жылда посткеңестік кеңістікте қазір ұстанатын бағытпен, жолмен дамуға мүдделі.
Ал Түркия NATO-ға мүше әрі Еуропалық Одақ шеңберінде қабылдаған кедендік
міндеттемелері бар. Одан бас тартып, Кедендік одаққа мүшелікке өтуі қиын.

  «Түріктен қазаққа пайда көп»


– Өзіңіз білесіз, Түркия қырық
жылдан бері Еуропалық Одаққа мүшелікке қабылдана алмай келеді ғой. Мойнындағы
жүгі де аса ауыр емес…

– Рас, Еуропалық Одаққа мүше емес, алайда, кедендік мәселелерде орындауы
тиіс бірқатар шарты бар. Сонымен қатар саяси-экономикалық даму жағынан алғанда,
Түркия Еуропамен тағдырлас. Бұл Қазақстанға не береді? Түріктерден сабақ ала
отырып, Еуропамен ынтымақтастықты арттыруда, әлемдегі дамыған елдермен теңесуде
тәжірибе жинақтауға жақсы. Ресеймен тиімді қатынас орнатумен бірге біз серіктестік
орнататын балама мемлекеттер болуы тиіс. Өкінішке қарай, Ресейге төтеп беруге
қолымыздағы құралдар шектеулі. Біз білім, мәдениет, рухани және технологиялық
даму арқылы ғана бәсекелес боламыз. Меніңше, қазақтар түріктермен байланысты
нығайта отырып, өз күшіне деген сенімділікті арттыра алады. Кеңестік жүйе
кезеңінен адамдар бойына әбден қалыптасып қалған психологиялық кедергілерді жоюға
да бүгінгі симпозиум өте тиімді. Оның үстіне, геосаяси ахуалымыз күрделі.
Ресей, Қытай, Пәкстан, Үндістан, Иран мен Еуропаны алғанда, бізге ең жақыны –
Түркия. Біріншіден, түбіміз бір. Екіншіден, ұстанатын дініміз – бір. Ойлау жүйесі,
менталитеті мен салт-дәстүрі ұқсас. Демек, Түркиямен байланысты тереңдету өзге
мемлекеттермен арадағы қатынасқа қарағанда әлдеқайда пайдалы.

– Кедендік одаққа қайта
оралсақ, сіздіңше, аталған ұйымға мүше болуға Түркия мүдделі ме?

– ҚР Президенті Н.Назарбаевтың КО құрамына Түркияны шақыруының астарында шынайы
ұсыныс жатуы әбден мүмкін. Менің танысым, түрік депутаты Исмаил Сафи айтпақшы,
«Түркия өзінің техникалық, саяси, экономикалық және қоғамдық даму тәжірибесі
Ресейдің инфрақұрылымын қайта жасап шығуға, Ресейді азық-түлікпен қамтамасыз
етуге шамасы жетеді». Шынында да, өз күшіне сенімді Түркия – бүгінде әлемдік
саяси сахнада өзіндік орны бар, халықаралық деңгейдегі ықпалды ойыншы. Кедендік
одаққа мүшелікке өткен түріктер үшін ресейлік нарыққа жол ашылады. Мұнай, газ
сияқты көмірсутегілер, яғни, энергетикалық қорларға қолжетімділік, сонымен
қатар түріктердің жоғары технологиялық кәсіпорындарын Ресейде жұмыс істету т.б.
Алайда, соңғы кездері Түркияның кейбір мәселелерде, мәселен, Сирияға қатысты
дауларда күші мен мүмкіндігін асыра бағалауы – қисынсыз. Соңғы бес жылда Түркия
өзін стратегиялық тұрғыда терең ойлай алатын мемлекет ретінде дәлелдеді. Бірақ
дүниежүзілік саясатта осалдық танытуы, яғни, асығыс қадамдарға баруы кейде
«әттеген-ай» дейтін жайттарға әкеп соқты.

– Азаматтық ұйымдардың
симпозиумының қорытындысында қабылданған шешімдер жалғасын қалай таппақ?

– Симпозиум саяси ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың бастамасымен
өткізілілген жоқ. Шараның басты мақсаты адамдар санасына сіңіп қалған
«түрікшілік» деген жалған ұғымдарды жоққа шығарып, нақты іс-әрекетке көшу,
шынайы стратегиялық серіктестікке ден қою. Демек, осы бағыттағы жұмысымыз ары
қарай да жалғасын таба беретіні сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Нәзия
Жоямергенқызы

Back to top button