ЕЛБАСЫ СЫН АЙТТЫ, ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАР КҮН АЛДА

ЕЛБАСЫ СЫН АЙТТЫ, ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАР КҮН АЛДА

ЕЛБАСЫ  СЫН  АЙТТЫ,  ҚОРЫТЫНДЫ  ШЫҒАР  КҮН  АЛДА
ашық дереккөзі

«Менің тарапымнан айтылған сын БАҚ-та толығымен берілген жоқ». Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбі күні Президент Әкімшілігінің қызметін жетілдіру мәселелеріне арналған кеңесте мәлім етті. 11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы бірқатар салаларға қатысты өз сынын айтқан еді. Одан бері де бір айға жуық уақыт өтіпті. Сыннан қорытынды шығара алдық па? Мәселе осында.

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің идеологиялық, аумақтық ұйымдастыру және экономикалық бағыттар аясындағы тиімді жұмысын жолға қоюдың маңыздылығына тоқтала кетті. Сонымен бірге, Елбасы 11 қазанда берілген тапсырмалар бойынша тиісті жұмыстардың жүргізіліп, сол бойынша атқарылған шаралардың бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялануы керектігін тағы да еске салды. 

Өз сөзінде Елбасы: «Аппарат мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын бақылап, кемшіліктерді айқындауға және оларды тиімді іске асыру жөнінде нақты шараларды белгілеуге тиіс. Үкіметтің кеңейтілген отырысында менің тарапымнан айтылған сындардан тиісті қорытынды шығаруы керек. Бұл бағыттарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кімдер жауапқа тартылғаны және жазаланғаны туралы әрбір факт бойынша халық алдында есеп беріп, БАҚ-та жариялау жөнінде тапсырма берілген болатын. Мен айтқан сын бойынша тек «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген. Сондықтан әркімнен тек өз бағыты бойынша бағ­дар­ла­малардың орындалу бойынша ғана емес, сондай-ақ Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі барлық нұсқауымның орындалу тұрғысында қатаң түрде жұмыс жүргізуін талап етемін», – деді.

Жиында Президент еліміздегі патриоттық тәрбие мен діни аху­ал­ саласындағы жұмыстардың тиім­ділігі кемшін түсіп жатқанына да тоқталды. Жастарымызды отаншыл, патриот қылып тәрбиелеу – ең маңызды нәрсе. Кез келген бала ең әуелі отаншыл болып өсуі керек. Отанын сүйсе, отбасын қадірлейді. Патриотизмнің ұрығы бойына сіңген бала ержеткенде де өз ұлтының қамын ойлайтын болады. 

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердің әлеуметтік экономикалық дамуына мониторинг және талдау жүргізу бөлігінде Президент Әкімшілігінің қызметін жақсарту қажеттігін айтып өтті. «Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторлары облыстардағы ахуалды толық білмейді. Олар өз өңірлеріндегі барлық әкімдерді, ауылдық әкімдерді жүзбе-жүз танып, әрқайсысының жұмыс ерекшелігін ажырата білуге тиіс. Мемлекеттік инспектордың жұмысы барлық істен хабардар болу үшін де істеледі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысына сапар барысында мемлекеттік инспектор қажетті ақпараттың бәрін білмейтін болып шықты. Ол жаңадан келген адам болуы мүмкін, әрі бәрінің қыр-сырын терең игеріп үлгермеген шығар. Бірақ соның өзінде оларда өңір жөнінде жергілікті атқарушы билік қызметіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді, сондай-ақ проблемалар мен іске асырылып жатқан жобаларды қамтитын толық ақпарат болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда олардың атқарып отырған лауазымына сәйкестігі жөнінде белгілі бір қорытынды жасау қажет болады», – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес соңында Елбасы қа­ралған мәселелерге және биылғы жыл­дың аяғына дейін жоспарланған қоғамдық маңызы бар іс-шараларға тиімді ұйымдастырушылық-ақпараттық қолдау көрсетуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Гүлзина БЕКТАС