«ҚАЗАҚША ТЕЛЕХИКАЯЛАР ТҮСІРЕМІЗ»

«ҚАЗАҚША ТЕЛЕХИКАЯЛАР ТҮСІРЕМІЗ»

«ҚАЗАҚША  ТЕЛЕХИКАЯЛАР ТҮСІРЕМІЗ»
ашық дереккөзі

Қоңыр күз «Қазақстан» ұлттық телеарнасы үшін айрықша жемісті болғалы тұр. Ұлттық арна түбегейлі өзгерістерді қолға алды. Ең басты жаңалық – 11 қарашадан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы шетелдік телехикаялардың эфирдегі үлес салмағын біртіндеп азайтуды қолға алмақ. Қазіргі таңда олардың көлемі эфирдің 19 пайызын құраса, келесі жылы 9 пайыздан аспайды.

Мемлекеттік тілдегі тележо­ба­лардың сапасын арттыруға барын салған арна басшылығы енді төл өнімдер үлесін көбейтуге шешім қабылдапты. Бұдан былай «Қазақстан» теларнасында шетелдік телехикаяттар мен бағдарламалар саны күрт азаяды деген сөз. 

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Қазақстан» телеарнасы толығымен мемлекеттік тілде хабар таратуға көшкен еді. Сол уақыттан бері ұлттық арна «қазақша хабарлардың сапасы төмен» және «олардың жарнамалық түсімі нашар» деген түсінікті жоққа шығарып келеді. Шындығына келгенде, тек мемлекеттік тілде хабар таратуға көшкен кезде көрсетілім рейтингісі құбылғаны рас, дегенмен, бір жылға жетер-жетпес уақытта ұлттық арна аудитория қамту көрсеткішін бұрынғы қалпына келтірді. Ал биыл жыл басынан бері «Қазақстанның» телехабарлары үздік ондықтың бас жағында тұр. TNS Gallop Media Asia компаниясының зерттеулеріне сәйкес, республикадағы тұрғын халқының саны 100 мыңнан асатын елді мекендерді түгел қамтығанда, соңғы екі жылда «Қазақстан» ұлттық телеарнасының рейтингісі 55 пайызға өскен. 

Телерадиокорпорацияның бас­қарма төрайымы Нұржан Мұхамед­жанованың айтуынша, «Қазақстан» телеарнасы 2006 жылдан бастап қазақ көрермендеріне түрік, корей телехикаяттарын ұсынды. Обалы нешік, сол кезде батыстық телехикаяттардың шым-шытырық оқиға желісінен жалыға бастаған көрермен шығыстық мазмұндағы телеөнімге ризашылықпен ден қойды. Алайда уақыт өте келе, бұл телехикаяттардың да мағынасы сұйылып, сюжеттері жаттанды бола бастады. Отандық телехикая түсіруде көрші елдердің өзі алдымызға түсе бастағанда, «Қазақ телехикаялары қашан түсіріледі?» деген сауал ара-тұра қойылып, қоғамдық пікір туындай бастауы заңды еді.

Осыдан бес жыл бұрын «Қазақ­стан» телеарнасы алты сериядан тұратын «Ағайынды» деген отан­дық телехикаясының тұсауын кес­кені есімізде. Бұдан соң «Туған елдің түтіні», «Ұлжан», «Парыз», «Көк тарландары», «Өмір өткел­дері» сияқты көптеген жобалар дайын­далды. Нарық сұранысын жіті қадағалап отырған телеарна содан бері жалпы саны 637 серия болатын телеөнім түсіріп үлгірген екен. Келесі жылы 230 эпизодтық телехикая түсірілмек. Мұндай қор шетелдік телеөнімдерден босаған эфирді толтыруға мүмкіндік береді. Бұдан былай отандық тележобалар жасау ісі қарқын ала түседі.

«Біз өз телекөрермендеріміздің талап-тілектерімен санасамыз. Біз үшін ең маңыздысы – көрермен сұранысы. Бүгінде сапалы отандық өнімдерге деген сұраныс артып отыр. Бұл сұранысқа сай болу үшін осындай батыл шешім қабылдадық», – дейді телекорпорацияның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова. Отандық телеөнімдердің санын да, сапасын да арттыруға білек сыбана кіріскен ұжымның ойға алған жоспарларын жүзеге асыруға шығармашылық қабілеті де, техникалық мүмкіндіктері жетеді.

Сонымен, 11-ші айдың 11-ші жұл­дызы – «Қазақстан» телеарна тарихындағы жарқын күндердің бірі болып жазылмақ. Өйткені бұл – ұлттық телеарнаның мемлекетшілдік ұстанымының сөзбен ғана емес, іспен дәлел­денуінің көрінісі болмақ.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана