«РЕСЕЙДІҢ КӨКСЕГЕНІ – ОТАРШЫЛДЫҚ», –

Қысқа мерзім ішінде қараңғылықта қалған елін жарыққа алып шығып, мемлекеттік басқару жүйесін жемқорлар мен қылмыскерлерден тазартқан Саакашвили осыдан біршама уақыт бұрын БҰҰ-ның басқосуында біраз келеңсіздікті ашық айтып, саяси тұрғыда арандатушы Кремльдің бетпердесін сыпырды. Империялық амбиция жетегіндегі Путиннің түпкі мақсатын, нені көксейтінін түсіндірді. Жасындай жарқылдаған демократияшыл басшының ұстанған қағидасы посткеңестік елдердің билігіне сабақ болса, игі.

«Путин – басты  арандатушы!» 

2013 жылдың 26 қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының 68-сессиясында Грузия президенті Михаил Саакашвили соңғы онжылдықта азаттыққа ұмтылған грузин халқының датына құлақ түріп, көмектесуді өтінді: «Бостандықты саяси, әлеуметтік және діни ерекшеліктерден жоғары қойған грузин халқының кеудесіндегі үміт оты басынан кешкен қаншама қиындық пен ауыртпалыққа қарамастан, әлі өшкен жоқ. 1990 жылдардағы ертеңгі күнге деген сенім сол кезеңдегі барлық күмән мен күдікті ағын судай шайып кеткен болатын. Ол кезде либералдық және демократиялық құндылықтардың ешқандай кедергісіз дамуы табиғи құбылыс сияқты көрінген. Талай адам БҰҰ бейбітшіліктің алтын бесігіне айналады деп сенді. Алайда, бүкіл әлемде бейбітшілік орнаған жоқ. БҰҰ біріккен әлемдердің жүрегі мен жанына айнала алмады. Бір кездері жеңіс байрағын желбіреткен батыстық өркениет бүгінде экономикалық, әлеуметтік және ділдік дағдарыспен күресіп әлек. Шығыс Еуропадағы төңкерістерге бірнеше жыл бұрын сол төңкерістердің арқасында жеңіске жеткендер шабуылдауда. Таяу Шығыста, Каир мен Тунисте адамдардың жүзіндегі қуаныштың табын Дамаскідегі химиялық қарудың салдарынан ажал құшқан сәбилердің мүрделері жойды. Көңіл қалдыратын көп жайт бар. Бірақ келеңсіздіктердің кесірі көңілдердегі үміт отын сөндіре ала ма? Алға қойған мақсаттар мен міндеттерден бас тартқызуға күші жете ме? Мен мұнда күдікке бой алғандарға сөз арнау үшін келдім. Егер Батыс шынында да «қартайып қалса», миллиондаған поляк, эстон, румын мен басқа ұлттар NATO құрамына мүшелікке өтуді неге басты құндылық деп біледі? Миллиондаған грузин, украин, молдаван мен басқалар Еуропалық Одаққа өтуге неге құлшынады? Егер азаттық, тәуелсіздік бұрынғыдай жоғары бағаланбаса, Тунистегі бір адамның өлімі әлем картасын қалай өзгертті?».
БҰҰ мінберінен сөз алған Саакашвили тарихтың 1989 немесе 1991 жылмен бітіп қалмағанын, адамзаттың арманы болған азаттық кез келген ұлтты алға ұмтылдыратынын айтты: «Адамдар азат өмір сүргісі келетін жердің барлығында басқыншылардың қуатты күші қарсы шығады. Бар мәселе біздің не істегелі жүргенімізде. Тәуелсіз болғысы келетін наразы топтың қатарындамыз ба, әлде жай көрермен болумен шектелеміз бе?».
Міндетін аяқтауға санаулы күн қалған грузиндердің басшысы кеңестік үкіметтен «мұраға» қалған империялық амбицияны бүгінде тәуелсіздік алған посткеңестік елдерге көрсетуге құштар Кремльді бүкіл әлем алдында ащы сынға алды: «Мен сіздердің алдарыңызда сөз сөйлеп тұрған сәтте Шығыс Еуропадағы еуропалықтарға қосылуға ұмтылған, егемен әрі демократиялық мемлекеттердің ұйымына мүше болуға талпынған елдерге үздіксіз қысым жасалып, қауіп-қатер төндіруде. Ешқандай ұлттық мүддесі тоғыспаса да, аймақтық жобаларға кірмесе де, Арменияны тығырыққа тіреп, Кедендік Одаққа мүшелікке өтуге мәжбүрледі. Молдоваға шектеу қойып, Украинаны үздіксіз шабуылдауда. Қысымдардан көз ашпай отырған Әзірбайжанның арқа сүйер ешкімі жоқ, жалғыз қалды. Грузияның жерін күшпен басып алды… Неліктен? Өйткені ескі империя кезінде уысынан шығарып алған шекараны тұтастай кері қайтарып алғысы келеді. «Шекара» ұғымы Ресей империясы, Кеңестік Одақ, РФ немесе Еуропалық Одақ үшін қисынға келмейді – олардың тек шеткі аймақ пен шектеулері ғана болған. Мен әрдайым бұл ұғымды әдейі «шеткі аймақ» деймін. Басқа мемлекеттерге қарағанда, Ресей Федерациясы өзінің маңында қуатты мемлекеттердің болғанына мүдделі емес. Ресейге көрші орналасқан кейбір елдердегі бітпейтін былықтар мен тәртіпсіздіктер – Кремльдің іштей көксейтін арманы. Ресей Грузия, Украина, Молдова мен т.б. мықты үкіметтерінің бастамасына түбегейлі қарсы».
Билікке келген алғашқы күннен бастап грузиндердің ресейліктерге деген саяси тәуелділігін жоюға күш салған Саакашвили ортаға от салып, арандатуға құмар Кремльдің арам ойын ашық айтты: «Владимир Путин Армения Әзірбайжанды жеңіп, алып елге айналсын деп тілей ме? Әрине, жоқ! Себебі Армения шектен тыс күшті және тәуелсіз болмақ. Сондай-ақ, Бакудің беделі Ереваннан үстем болсын деп тер төге ме Путин? Әлбетте, жоқ! Жаңаша леппен қуатты елге айналған Әзірбайжан Ресей көсемдерінің түсіне құбыжық боп кіреді. Елдер арасындағы қырғи-қабақтық оларды тәуелді етіп, еуропалықтармен ынтымақтастығына кері әсер етеді. Кремльдің көздегені осы. Қалай ойлайсыздар, украиналық биліктің гүлдер төңкерісінің күштері жеңіліске ұшырағанынан Кремльдің Украинаға деген көзқарасы өзгерді ме? Керісінше, Януковичтің үкіметін Ресей тынымсыз қыспаққа алып, үздіксіз шабуылдау үстінде. Вильнюстағы саммиттің алдында Ресей Украинаға қарсы сауда соғысын ашты. Ал ресейлік жоғары лауазым иелері Украинаның көп ұзамай құрдымға кететіні туралы мәлімдемелерін еш қымсынбастан, ашық жариялаумен болды».

«Ресей басып алған жерлерді Грузияға қайтармайды»

2008 жылдың тамызында Ресей мен Грузия арасында болған қарулы қақтығыстың салдарынан грузиндер Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айрылды. Әлем мемлекеттерінің көпшілігі аталған екі елді тәуелсіз мемлекет ретінде ресми түрде мойындамаса да, олардың қолтығына су бүріккен Ресей өз қамқорлығына алды. Былтырғы парламенттік сайлаудан кейін Саакашвилидің жақтастары үкімет басынан кетіп, олардың орнына грузин миллиардері Бидзина Иванишвилидің командасы келгеннен кейін де Саакашвилиге өшпенділік көзқарастағы Кремль Грузияға жіби қойған жоқ. Яғни, жер дауына себеп болған аймақтар Грузияға қайтарылады деп мәлімдеме жасамады. БҰҰ мінберінен бүкіл әлемге дат айтқан Михаил Саакашвили осы мәселені назардан тыс қалдырмады: «Тбилисидегі билік өзгерді. Сіздер енді Кремль Оңтүстік Осетия мен Абхазия мәселесін қайта қарайды деп ойлайсыздар ма? Әлбетте, жоқ! Грузиндердің жерін ресейлік әскерилер әлі күнге босатқан жоқ. Күні кеше ғана олар ешқандай жазығы жоқ қарапайым грузин азаматтарын бабасынан мирас болған туған ошағынан түре қуды. Грузин үкіметінің соңғы апталарда немесе соңғы айларда жасаған достық пиғылдағы мәлімдемелеріне қарамастан, ресейлік басқыншы күш халқымыздың арасына сым темірден іріткі салып, бір-бірінен алшақтатып, экономикамызға қауіп төндіріп, Грузия тұрақтылығының басты кепілдерінің бірі – Баку-Супса мұнай құбырын, Грузияның ең үлкен автомагистралін бетке алды.
Грузия Ресей тарапынан жасалған шабуылға төтеп бере білген аз ғана мемлекеттердің қатарында. Мен мұны мақтан тұтам. Сонымен қатар Грузия – ресейліктердің аса қуатты армиясына, үздіксіз әскери шабуылына қарсы тұра білген, тәуелсіздігі мен азаттығын сақтап қалған жалғыз мемлекет. Олар бізді 200 әскери ұшақпен бомбалады, Қаратеңіз арқылы әскери соққы жасады, ондаған мың жалдамалы әскерлер бізге қарсы соғысты. Осының бәріне біздің тәуелсіздігіміз бен бостандығымыз төтеп берді. Бейбітшілікке қауіп төндірмейікші. Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілік танытудың және әлем қолдауының арқасында аман қалдық. Бізге дәл осылай тағы да қысым жасалса, әлем қолдаудан танбайды деген үміттемін. Мен бүгін сіздердің алдарыңызға грузин халқының атынан келдім. Ресейдің бізге жасап отырған қысымдарына қарсы шығып, грузиндердің жаулап алынған жерлерін кері қайтаруға көмектессеңіздер».
Саакашвилидің бұл өтінішіне немқұрайды қарағандар кемде кем. Тек өзгеге келгенде ұрда жық саясатты ұстанатын Ресей ешкімнің сөзін құлағына қыстырар емес. Грузин президентінің «мен он жылға жуық басқарған үкіметке және маған деген Путиннің өшпенділігі жеке басыма қатысты кемшіліктерге немесе тарихи деректерге қатысты емес, ол жай көзбояушылық» деуі бекер емес. Сырттай қарағанда, демократиялық құндылықтарға құштар сияқты көрінгісі келетін Ресей ешқашан ешкімді қолдаған емес: «Шеварднадзе кеңестік үкіметтің тәрбиесін көрген адам. Ол билік басына тоқсаныншы жылдардың басында Ресейдің көмегімен жасалған төңкеріс арқылы келді. Менен ерекшелігі, оның кеңестік дипломатиялық тәжірибесі мол еді. Бірақ Ресей сонда да оның билігін қолдан жұлып алып, билеп-төстеуге тырысты. Тіпті, оған қарсы қастандық та ұйымдастырылды. Бұның Гамсахурдия, Шеварднадзе, Саакашвили немесе Иванишвилиге қатысы жоқ. Шын мәнісінде, адамдардың аты-жөні ешқандай маңызға ие емес. Ол грузиндік келешектің тағдырына қатысты. Неге? Өйткені Ресейдің қазіргі басшылары Украина, Грузия, Молдова немесе тағы басқа елдерде іргетасы мықты демократиялық құрылымдар қалыптасса, халықтың тәуелсіздікке және еуропалық ынтымақтастыққа деген құлшынысын арттыра түсетінін біледі».
Саакашвили сол жиында бір кездері саяси және экономикалық тұрақтылығы шатқаяқтаған, қыл­мыстық жүйе үстемдік еткен өз елінде коррупцияны құрықтағанын мақтанышпен айтты: «Қылмыс пен жемқорлыққа белшеден батқан елді коррупциядан тазартып, Еуропадағы жемқорлығы ең аз елдер қатарына кірдік. Дүниежүзілік банктің зерттеулері бүкіл әлем бойынша ең алғашқы реформатор деп танып, Грузияны кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы мекен деп тапты. Дәл осы себепті Ресей 2006 жылдан кейін грузин халқына қарсы эмбарго жариялап, соғыс ашып, жерін басып алды. Грузин халқының қасқайып қарсы шығуы және грузин демократиясын сақтап қалу бүкіл аймақ үшін аса маңызды. Біздің аймақта халқымыздың қалауымен, Еуроодақ пен NATO көмегі арқылы қол жеткізген жетістіктерге қарсы ұйымдастырылған шабуылдар жиілеп, күшейе түсті. Оның жағыз себебі бар: Еуропалық Одаққа қарай ұмтылуымыз. Кезінде КГБ-ның офицері болған Владимир Путин дүниежүзіне бейбітшілік, құндылықтар мен демократия туралы лекция оқығанда жүрегім ауырады. Империяның соңғы диктаторы ретінде мұндай шарамен айналысуға Путиннің қақысы жоқ. Еуразиялық одақ Еуропалық Одаққа балама ретінде құрылған. Оны Путин өзінің президенттік мерзімінің басты жобасы деп бағалайды. Мен Ресейге «ЖОҚ» деуіміздің себебін түсіндіргім келеді. Қазір Грузия болашаққа деген таңдаудың алдында тұр. Бұл жерде сыртқы саясат пен альянстардың қатысы аз. Біздің халқымыз әлемде қорқыныш пен үрейдің арқасында бейбітшілікке қол жеткізуге бола ма, жоқ па деген сауалға жауап іздеуі тиіс. Рас, еуропалық қоғамдар кіршіксіз дей алмаймыз. Оларда да үрей, күдік, жауыздық пен тіпті, өшпенділік те бар. Бірақ төзімділік үстемдік құрған. Бүгінгі қарсыластар – кешегі министрлер. Оларды ешкім түрмеге тығып, соққыға жықпаған».


«Еуразиялық одақ – отарлаудың тәсілі»

Михаил Саакашвили Шығыс Еуропадағы саяси науқандарды ойыншыққа айналдырғысы келген Кремльдің Грузия, Украина, Молдовадағы, тағы басқа да елдердегі ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарды жоққа шығаруға әрекет етіп жатқанын сынға алды: «Таңғаларлық жайт, соңғы кездері Киев, Тбилиси мен Кишиневте Мәскеудің «ұртоқпағымен» қисынға келмейтін жайттар болуда. Құдды дәстүрлеріміз Батыстың қысымымен, күл-паршасы шыға қирағандай, шіркеулерімізді «дисней лэндке» айналдырғандай, христиандық мерекелерді қызтекелердің шеруіне айырбастағандай, православтық ерекшеліктерімізге қауіп төнгендей… Ал Кремльдің айтқанымен жүрсек, бейне «тәртібіміз» түзелетіндей. Сонда осы өтірікке сенетіндей, біз ақымақпыз ба? Біздегі аға ұрпақ сенген еді, енді біз де Мәскеуге құлай сеніп, тәуелсіздігімізді қолына ұстата салуымыз керек пе?! Азаттықты аңсаған ата-бабамыздың алдындағы парызымызды өтей алмасақ, елдегі бір мешітке шабуыл жасауды аталарымыздың әруағын сыйлау деп білсек, не болғанымыз? Төл тарихымызды жақсы білеміз, қантөгісті қайта жалғастырғымыз келе ме сонда? Ресейлік империалистердің православтық бауырластық туралы айтқан жалған сөздерін естігенде, солар өлтірген патриарх Кирионды немесе қан-жоса боп қиналған Грузияның Католикос-патриархы Амвросияны неге еске алмаймыз? Женевадағы конференцияда Католикос-патриарх Амвросия елін басқыншылардың күшпен басып алғанына қарсылық танытқаны үшін аяусыз қинады. Тергеу барысында ол: «Менің жаным – Құдайдың еншісінде, жүрегім – Отаныма тәуелді, ал мүрдемді сендерге тастаймын, баскесерлер!», – деді. Біз сонда ресейлік баскесерлер өлтірген епископтар мен священниктердің дауысын ести алмайтындай, керең боп қалдық па?! Күшпен басып алған жерлердегі шіркеулерімізді жо­йып жатқанын көре тұра, көрсоқырға айналдық па?!».
Қытайлардың «бөліп ал да, билей бер» қағидасын ұстанған Кремльдің Қап тауының етегінде арандатушылықпен айналыса отырып, өз мүддесін көздегенін еске салған Саакашвили 1905 жылғы армян-әзірбайжан арасындағы қантөгісті патша үкіметі ұйымдастырғанын айтты. 80-жылдардағы Карабах дауы да ресейлік әскерлердің араласуымен өрбігенін, сырт көзге көмектескен сияқты көрінгенмен, араға от салып, жағдайды ушықтыра түскенін ескертті. 1990 жылдардың басында Абхазияда болған соғыста грузиндік жартылай әскери топтар қару-жарақты Ресейден алғанын, ал ресейліктер абхаздық сарбаздар мен шешендік жалдамаларды басқара отырып, Оңтүстік және Солтүстік Кавказдағы бірлікке іріткі салу мақсатында соғыс ашқанын айтты: «Жүз жыл бұрынғы жағдай қайталанды. Грузин әскерлері ресейлік армия қатарында шешен, ингуш немесе дағыстандық халықтарға қарсы шықты. Сонымен қатар Польша мен Украинаны алсақ, екі ел арасына от жаққан – тағы да Ресей». Саакашвилидің пікірінше, өкінішке қарай, мұндай арандатушы әрекеттерді ақтайтындар бар. Әлі күнге Ресейдің судан ақ, сүттен таза болуы – соның айғағы. Еуропалық Одаққа кіруге ұмтылған талпыныстың астарында радикалдық ұлтшылдыққа қарсы тұру; коммунизмді жоққа шығару; империализм мен отаршылдықты жоққа шығару жатқанын жасырмаған ол соңғы келеңсіздікті жою үшін Франция мен Британия империялары ұзақ уақыт бойы күрескенін жеткізді: «Ал Еуразиялық одақ керісінше, ескі империяны қайта тірілтуге ұмтылады. Еуразиялық одақ құрамына өту өте оңай болуы сондықтан. Саяси, әлеуметтік немесе экономикалық қағидалар жоқ. Біреудің отар еліне айналу – аса қиын шаруа емес. Енжарлық пен бәріне көнбістік таныту – ең басты қағида».

«Ресей көп ұзамай ыдырайды»

Ресейдегі зиялы қауымның бір бөлігі Путиннің империалистік қоғамды қайта құруына күмәнмен қарайтынын, оны жоққа шығаратынын көлденең тартқан Саакашвили «ресейлік оппозицияның күшейіп келе жатқаны кездейсоқтық емес. Еуразиялық одақ көп ұзамай күйреуі әбден мүмкін. Ұлттық мемлекет ретінде қалыптасатын Ресейдің аймақтары емес, нақты шекарасы болады. Тек содан кейін ғана көрші мемлекеттермен серіктестік қатынасты бас­тайды. Бұдан ұтатын – қарапайым орыс халқы. Бұл қадамға белсенді түрде үлес қосатын – интернетті қолданатын азаматтар. Олар Путиннің империалистік жобасын қисынсыз деп білгендіктен, қолдамайды. Ең бастысы, Ресейдегі этникалық дискриминациялар ушыға келе, Ресейдің өз ішіне іріткі салады», – дейді.
В.Путиннің билік басында әлі бірнеше жыл қалғысы келетініне қарамастан, Кремльден көп ұзамай шеттетілетінін айтқан Саакашвили Ресей азаматтары оны коммунистік империяның көлеңкесі, ескі заманның, коррупция мен қысым жасаудың қалдығы ретінде есте сақтайтынына сенімді. Ал Қап тауының етегіндегі елдер бір-бірімен қырқысудың орнына бірігуі тиіс.
Нью-Йоркте сөз сөйлеген Саакашвили жуырда Вильнюсте өтетін саммитке Грузия президенті ретінде барғысы келген. Бірақ сайлауда жеңіске жеткен грузиндердің жаңа президенті Маргвелашвили алғашқы ресми сапарын Вильнюстегі саммиттен бастайтынын айтты. Саяси науқаннан кейін бірден ЕО астанасы – Брюссельге жол тартқан Михаил Саакашвили саммитте Оңтүстік Осетия мен Абхазия мәселесін көтеруді қалаған. Оның сәті түспейтін сияқты. Есесіне, БҰҰ отырысында 2008 жылдың 8 тамызындағы қантөгіс туралы айтты: «Ресейдің 2008 жылғы Грузияға жасаған шабуылына жа­уап ретінде Шығыстық серіктестік құра отырып, Еуропалық Одақ бізге ынтымақтастыққа ықпал етуге жағдай жасады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мемлекеттілік пен тәуелсіздік жолындағы реформаларды бірігіп атқару қажет. Кезінде мұны ІІ Екатерина жақсы түсінген. Польша Франция мен Британиядан кейін реформа жүргізе бастағанда ол пруссиялық король Ұлы Фридрихке құпия түрде өте ұзақ хат жазып, кедергі жасауды ұсынған. Польшадағы реформаның Ресей мен Пруссияға қатер төндіретінін, Польшаны нағыз мемлекет ретінде қалыптастыратынын, сондықтан Польшаға шабуыл жасап, реформаға дейін оны бірнеше бөлікке бөліп тастау керектігі айтылған хат әлі күнге империалистік пиғылдағылардың ортақ ойының куәсі іспетті. Соңғы онжылдықтарда Путиннің грузин халқына жасаған қастандығы – соның жарқын үлгісі. Орыстардың көпшілігін бір сұрақ мазалаған: «Кезінде жемқорлыққа белшеден батқан, қылмыскерлер мен мафия үстемдік құрған, бірлігі кетіп, бірнеше бөлікке бөлінген Грузия қысқа уақыт ішінде жетістікке қол жеткізді. Сонда осындай жетістікке Ресей жете алмай ма?».
Абхазиядағы соғысты қайта еске түсірген Саакашвили еуропалықтар алдында Ресей империясына қарсы шыққан Шәмілдің соғыс барысында тұтқынға өз еркімен түскенін, шешен командирі Байсангурдің де тұтқындалғанын айта келе, оны дарға асардың алдында ауылдастарын жинап алған ресейліктердің араға от салуға тырысқанын айтты: «Байсангур тұрған орындықты теуіп жіберуді бұйырған ресейлік әскер ауылдастар арасына іріткі салуды көздеген. Бірақ Байсангур орындықты өзі теуіп жіберіп, дарға өз еркімен асылды. Осылайша арандатудан ауылдастарын аман алып қалды. Мұндай арандатушылықтар бірнеше рет қайталанды. Ендігі тоқтататын кез жетті. Президенттік міндетті атқара отырып, Солтүстік және Оңтүстік Кавказ халықтарының арасындағы қатынасты жақсартатын бірнеше жобаны қолға алған едім. Осы себепті грузиндік парламент черкесс халқының геноцидін мо­йындады. Жеріне орыстар көз сүзгендіктен, бүкіл черкесс халқы жер бетінен жойылып кетті. Мұны кез келген біле бермейді. Біз осындай шағын жұмыстарды жалғастыра беруіміз керек».
Ресей империясы ыдыраған сәтте өшпенділікке жол берілмес үшін дайындық шараларын жүргізуді ұсынған Саакашвили орыс әскерлері басып алған Цхинвали мен Сухумиден армия аластатылғанда абхаздық және осетиндік бауырларды құшақ жая қарсы алу керектігін айтты.
БҰҰ мінберінен қандастарына сәлем жолдаған Саакашвили: «Грузияны қараңғылық құрсауынан алып шықтық. Мемлекеттік қызметке ашықтық пен жариялылықты қалыптастырдық. Балаларды мектепке қайтарып, ол жақтағы қылмыскерлерді қуып шықтық. Елімізді еуропалық арманға жақындатып, халықты төзімділік рухымен тәрбиеледік. Жасаған жақсылығымыз көп. Бірақ кейбір нәрседе қателіктерге ұрындық. Жылдам қарқынмен жүруге мәжбүр болуымыздың салдарынан кейде асырасілтеушілікке ұрындық. Кейде біз өте ұзаққа құлаш ұрсақ, кейде алысқа ұзай алмадық. Мен жіберілген барлық кемшілік пен қателіктердің жауапкершілігін өз мойныма аламын. Біз билік басында отырған кезде пайда болмады немесе біздің радикалдық тәсілдеріміздің құрбанына айналдым дегендердің наразылығын да жан-тәніммен қабылдаймын», – деп ағынан жарылды. Өзін қолдағандарға және президент ретінде ұстанған сая­сатын құптамағандарға алғыс айтқан Михаил Саакашвили тарихта азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күрестен бас тартпайтын ұлт ретінде қалуды, еуропалық ынтымақтастыққа ұмтылуды тіледі. Санаулы уақыт ішінде коммунистік империяның темір құрсауынан арашалап, қандастарының санасын құлдық бұғаудан босатуға жанталасқан ұлдың ұлты үшін жасаған еңбегі еш кетпейтіні анық. Өйткені оның айтқан әр сөзі, жасаған әр тірлігі – тарихта тасқа басылды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ  

Back to top button