УАҚЫТ СЫЛБЫРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

УАҚЫТ СЫЛБЫРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

УАҚЫТ СЫЛБЫРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ
ашық дереккөзі

Естеріңізде болса, «Түркістан» газеті қыркүйек айының басында «Саяси маусым сылбыр басталды» деген мақала жариялаған болатын. 1 қыркүйекте үшінші сессияға жиналған Парламент те, сол айда қызметке кіріскеніне бір жыл толған қазіргі Министрлер Кабинеті де таптаурын жолға түсіп алған кейіп танытқан еді. Әлеуметтің тынышын алған заң жобаларының салдары да, кешегі және келесі әлемдік экономикалық дағдарыстардың салқыны да Астанадағы билік үйлеріндегі мамыражай тірлікке әсер ете алмағандай көрініп еді.

Ақыры, билік дәліздеріндегі тыныштықты Ақордадан келген пәрмен бұзды. Осыдан айға жуық уақыт бұрын Президент Үкіметті толық құрамымен Ақордаға шақырып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалмайтынын, мемлекеттік бюджет қаржысының дұрыс игерілмейтінін айтып, қатаң сынға алды. Тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуды қорытындылаған кеңейтілген отырыстан соң, келесі күні-ақ Серік Ахметов өз Кабинетін түгел жинап алып, Президент сынынан сабақ алу керектігін айтты. Үкімет басшысы Елбасы сынының әділ екенін мойындады. Бірақ, шамасы, сыннан алынған қорытындының салмағы шамалы болса керек.

Әйтсе де, қазіргі Үкіметтің Ақорда сынын қабылдауы сөз жүзінде қалатын сыңайлы. Әлде «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағиданы есте ұстайтын Кабинет ретінде тарихта қалғысы келе ме екен? Не де болса, Ақорда тарапынан айтылған сын Ахметов Кабинетінің бір жылдық жұмысын жоққа шығара жаздады.

Кешегі аптаның аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада тағы бір жиналыс өткізіп, Президент Әкімшілігін Үкімет жұмысын дұрыс қадағаламай отыр деп сынады. 

Ал сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында Серік Ахметов Президент сынының әділ екенін тағы мойындады. Осылайша, Үкіметтің өзінің тікелей міндетін атқарудағы сылбырлығын премьер-министр ашық мойындап отыр.

«Премьер-министр ретінде ең әуелі бар жауапкершілік менің мойнымда. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау әрқайсымыздан тиімді әрі нәтижелі жұмыс істеуімізді талап етеді. Ең әуелі, жұмыс қарқынының төмен екеніне және министрлердің, әкімдердің, жалпы Үкімет тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға дұрыс көңіл бөлінбей отырғанына назар аударғым келеді», – деді Серік Ахметов.

Ахметовтің жауапкершілік туралы айтқан сөзі орынды-ақ. Алайда бізде әрбір лауазым иесінің мемлекет дамуы үшін жеке басының азаматтық жауапкершілігін сезіну мәдениеті қалыптаспағанын несіне жасырамыз? Бұған дейін премьер-министрден ауыл әкіміне дейін «Президент тапсырмасы бойынша…» деп сөйлеуді әдетке айналдырғаны талай рет жазылды, талай рет айтылды. Осылайша, елдегі игі өзгерістердің абыройы да, мемлекет тірлігіндегі кем-кетіктердің жауапкершілігі де Елбасының атына тиесілі болып қалыптасты. Қазіргі атқарушы биліктің қауқарсыздығы – осындай үрдістің салдары ғана.

Жиналыста Президент тапсыр­ма­ларының орындалу барысы жайлы баяндама жасаған экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев Үкіметтің осы мақсатта 70 іс-шаралық жоспар қабылдағанын хабарлады. Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін 46, ал келесі жылы 22 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Бірақ Үкіметтің жұмысы сандық көрсеткіштерді тізбелеумен немесе құрғақ есеп беруден тұра ма?

Ақордада өткен кезекті жиналыстан соң Серік Ахметов өз қарамағындағы шенеуніктерге кәрін төгуі де заңды. Бұдан соң мемлекеттік-жекеменшік нысандағы барша ақпарат құралдарының жапа-тармағай Үкіметті жерден алып, жерге салуы да жарасымды шығар. Бірақ төпелеген сынның астында қалған шенеуніктер «отряды» бұдан былай мемлекеттің игілігі үшін ұдайы жанын салып жұмыс істей ме? Әлде Президент сынының уыты қайтқан соң, баяғы мимырт жүріске қайта түсе ме? 

Премьер-министр жыл соңына дейін Президент тапсырмалары орындалмаса, жұмысты ақсатқан министрлер мен әкімдерді қызметтен босататынын айтты. «Егер жыл соңына дейін жағдай өзгермесе, мен бірінші басшылар – министрлер мен әкімдерді жазалауға қатысты мемлекет басшысының ұсынысын жүзеге асыруға ниеттімін», – деді ашынған С.Ахметов. 

Шындығында, премьер-министрдің өз қарамағындағы шенеуніктерді жазалау туралы сөздері команда жұмысының салақтығына ашуланудан гөрі өз Кабинетін басқарудағы дәрменсіздікке көбірек ұқсайды. Қазіргі Кабинеттегі мүшелерінің басым көпшілігі Үкімет құрамында көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Кейбірі ұзақ жылдардан бері бір саланы екінші салаға айырбастаумен, ал кейбірі бір облыстан екінші облысқа қоныс аударумен ғана көзге түсіп жүр. Ендеше, «Ахметовтің командасы» деп аталғанымен, бүгінгі Үкіметтің «жаңалығы» аз. Дәл осы құрамдағы дәл осы орынтақ бөлісі ортақ жұмыстың өнімділігіне кері әсерін тигізіп отырғандай. 

Оның үстіне, Үкімет басшысының қаһары әр саланың бірінші басшыларына емес, негізінен олардың орынбасарларына бағытталуы да көптің көңіліне олқы тиді. Серік Ахметов бюджет қаржысының тиімді жұмсалмауына қатысты Президент сынының дұрыс екенін айтып, вице-министрлерге сөгіс жариялады. Бұл жағдайдың өзі Ахметовтің өз қарамағындағы Үкімет құрамын қалауынша ауыстыруға ерікті емес екенін осы жолы айқын көрсетіп берді.

Бір өкініштісі, бұдан кейін Үкімет атқарушы биліктің басты функциясын Президенттің сын-ескертпелері мен Президент Әкімшілігінен түскен нұсқауларды жүзеге асыру деп қабылдау саяси дәстүрімізге айналуы мүмкін. Бүгінгі таңда Үкіметтің өзі мұрындық болып жүзеге асырған игілікті істі атап беру қиын. Ел ішінде қолға алынған қай жобаны алсаңыз да, «Президеттің тапсырмасы…» екені анық болады. «Президенттің тапсырмасын орындаудан» аса алмайтын Үкімет енді бұл функциясының өзін ақсатып алғандай.

Үкімет сын садағына ілінген соң-ақ, «жақында бұл Кабинет отставкаға кетуі мүмкін» деп жорамал айтқандар болды. Бірақ Ақорда сынының түпкі мәні – Үкіметті ауыстыру емес, оның жұмысының тиімділігін арттыру, қозғау салуға көбірек ұқсайды. Оның үстіне, құрамындағы лауазым иелерінің жартысынан көбі бұрынғы Кабинеттерден «ауысып» келе жатқан Үкіметті «жаңартудан» қаншалықты нәтиже шығары да күмәнді. 

Үкімет ішінара кадрлық өзгерістерден құтыла алмасы анық. Президент сынынан кейін алғашқы «отставкалардың» басталғаны белгілі болды. Мемлекет басшысының жарлығымен бұған дейін екі қызметті қатар атқарып жүрген Бақытжан Сағынтаев Өңірлік даму министрі қызметінен босатылып, премьер-министрдің бірінші орынбасары ла-уазымын ғана сақтап қалды. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы қаржы министрі болған Болат Жәмішев енді Өңірлік даму министрлігін басқаратын болды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бақыт Сұлтанов енді премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі болып тағайындалды. 

Үкімет бұған дейін де сынға ұшырап, қоғамның наразылығына бөленген. Ол атышулы зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы заң жобасына байланысты. Маусым айында Президент түрлі қоғамдық дауға арқау болған осы заң жобасын жұртшылыққа дұрыс түсіндіре алмаған Үкімет мүшелерін сынға алған болатын. 

Бұдан соң Ресейдің «Протон» зымыраны құлағаннан кейін гептилден улану зардаптарын жою, Қырғызстан мен Өзбекстан елдерімен трансшекаралық өзен суларын пайдалану жөніндегі теке-тірестер – бүгінгі атқарушы биліктің маңдайын тасқа тигізген оқиғалар болды. 

Оның үстіне, 2050 жылға қарай отыз көшбасшы елдер қатарына ену міндеті мен 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізуге дайындық сияқты маңызды жобаларды бастау да осы Кабинеттің еншісіне бұйырыпты.

Ендеше, «жазған құлда жазық жоқ», ел тағдыры үшін әрбір шенеуніктің жауапкершілігі бар екенін еске түсіретін кез келді. Оны сезіну екпіні қанша уақытқа созыларын уақыт көрсетеді.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана