Жер емген жұртқа таптырмас көрме

Жер емген жұртқа таптырмас көрме

Жер емген жұртқа   таптырмас көрме
ашық дереккөзі

Көрменің мақсаты – оңтүстік өңірде агроөнеркәсіп кешенінің технологиялық даму деңгейін көтеру, кәсіпорындарға, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне, фермерлерге жаңа өзара тиімді ынтымақтастықтарға қол жеткізу, жаңа байланыстар табу үшін бірегей алаң құру.

Халықаралық көрмеде Финляндия, Нидерланды, Польша, Бельгия, Түркия, Италия, Испания, Ресей, Беларусь, Украина секілді елдерден заманауи ауылшаруашылық жабдықтар мен техникалар, жылыжай және жылыжай технологиялары, тамшылатып суару жүйелері, агроөнеркәсіп кешенінде қолданылатын жылуды реттеу және энергия үнемдеуші технологиялар көрсетілді. Халықаралық көрменің бірінші күніндегі жұмысына облыс әкімі А.Мырзахметов қатысты. Ол агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа инновацияық технологиялармен танысып, оның ішінде бельгиялық Schetelig Kazakhstan компаниясының гидропоникада көкөністер өсіру технологиясы, Agrotecnika Luccini және Ринда компанияларының жоғары өнімділікке қол жеткізетін тамшылатып суару жүйесімен, Nassan, J. Huette, Invertnaderos IMA компанияларының жылыжай кешендерін салудың жаңа технологиясымен таныстырылды.

Бұл көрме ауылшаруашылық кәсіпорындары мен фермерлерге агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологиялармен танысуға және іскерлік байланыстар орнатуға мүкіндік беретінін айта кету керек. Осындай іс-шаралар жыл сай­­ын өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындарға, ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне, фермерлерге қаладан шықпай технологияларды зерттеуге, келіссөздер жүргізуге, халықаралық алаңда келісімшарттарға қол қоюға үлкен мүмкіндіктер береді. Басшылықтың ауыл шаруашылығын дамытудағы дұрыс бағыты шетелдік компаниялардың назарын тартуда, мысалы голландиялық Риик Цван компаниясы оқу-техникалық орталығын ашуды және Оңтүстік Қазақстан облысында ауылшаруашылық техникасын жинақтау өндірісін жоспарлап отыр.
Халықаралық көрме шеңберінде «Агроөнеркәсіп кешеніндегі иннова­циялық технологиялар» атты семинар өткізілді. Мұнда Рийк Цваан, Ирригатор, БИО БЕСТ, METRO, Яра, КазНИИ секілді ұйымдар қатысып, инновациялық технологиялармен және ауылшаруашылық тауарларының халықаралық стандарттарымен таныстырды. Семинарда жылыжай комбинаттарының дамуы, Қазақстанда жаңа технологияларды қолдана отырып жылыжай кешендерін салу, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы мен келешегіне арналған жоспарлар, инновациялық жобалар, тамшылатып суару жүйесіне өту, өсімдік кеселдеріне қарсы күрестегі жаңа зерттеулер, биологиялық қорғау және т.б. мәселелер талқыланды.
Көрмеге қатысушылардың саны – 1000 адамды құрағанын айта кетейік. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан өкілдері, Қызылорда, Жамбыл облыстарының кәсіпкерлері, Оңтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылық тауар өндірушілері де бар.
Ауылшаруашылығы облыс экономикасындағы негізгі сала. Ауылшаруашылық тауар өндірісі соңғы 9 айда 221 млрд. теңгеге жетті. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығында жаппай инновациялық технологиялар мен жаңалықтар енгізіп жатыр, республикадағы жылыжайлардың 87 пайызы облыс үлесінде. Биылдың өзінде 130 мың тонна көкөніс тауарлары өндірілді. Тамшылатып суаруда шетелдік технологиялар кеңінен қолданылып, осы технология ендірілген егістіктің көлемі 12% артып, 25,7 мың гектарға жеткен. Бұл республикалық көрсеткіштің 72 пайызын құрайды.
Ауылшаруашылық тауар өндірісінің ұлғаюымен бірге көкөніс қоймалары 5 есеге көбейіп, 180 мың тоннаға жеткізілді. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижелілігі мен облыс әкімдігінің жергілікті өндірушілердің тауарларын өткізу нарығын іздеу үшін шетел мемлекеттерімен жемісті өзара әрекеттесуін білдіреді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ


Оңтүстік Қазақстан облысы