Жанар Байсемізова, тележурналист: Шетелге кеткен баланың киесі бізді ұрмай ма?

Жанар Байсемізова, тележурналист: Шетелге кеткен баланың киесі бізді ұрмай ма?

Жанар Байсемізова, тележурналист:  Шетелге кеткен баланың   киесі бізді ұрмай ма?
ашық дереккөзі
«Бала – бауыр етің». Жүрегіңнің бір бөлшегі. Бауыр етіңді жұлып алып, жатқа бере аласың ба? Жатқа телміртпейміз деп ойлаушы едік, өкінішке қарай, бауыр етімізді жұлып бере алады екенбіз. Қаншама қазақтың қарадомалақтары шет ел асып кетті. Қаншама бала жаттың қолында тәрбие алып жүр. Қаншама қаракөз өзінің тілі мен ділінен алыстап кетті. Қаншама қарадомалақ жатбауыр тартып барады. Мұның бәріне кінәлі кім? Қоғам ба, қоғамды қолымен жасап отырған адамдар ма? Шырылдаған сәбиін балалар үйінде қалдырған көкек аналар мен жетесіз әкелердің жауапкершілігі жоқтығы осыған әкеліп тіреп отыр. Заман азды ма, адам азды ма, әйтеуір, соңғы кездері жанарлары жәутеңдеген көптеген сәбилеріміз бөгденің бауырында тәрбиеленуде. Мұхит асты, Еуропаның түкпір-түкпірінде жүр. Күні ертең олардың ұлтын да, тілін де білмей, жат болып өсетініне шек келтіре аламыз ба? Мұхит асқан балалардың шырылына бір сәт құлақ түріп көрдік пе? Еуропада өсіп жатқан қазақтың қаракөздері қалай күн көруде? Білген біреу бар ма? Жоқ. Міне, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы көкейіміздегі осындай сан сауалдың жауабын іздейді… «Қазақстан» ұлттық арнасының арнайы жобасы жуырда ғана алғашқы көрсетілімдерін бастады. Жобаны жүргізген де, идея авторы да – журналист Жанар Байсемізова. Жанар екі айға жуық Еуропада жүріп, қазақстандық балалардың тағдырымен танысып қайтты.   – Жанар, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасымен бүкіл қазақ елі танысты десек те болады. Әуелгі сапарыңызды Испаниядан бастаған сияқтысыз. Испания­да қанша баланың тағдырына ортақтасып қайттыңыз? – Сұрағыңызға жауап берместен бұрын айта кетейін, «Шетелдегі қазақ балалары» бағдарламасының «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан шығуының да өзіндік мәні бар. Ешбір арнада баламасы жоқ және еліміз бойынша тұңғыш рет қолға алынған, қазақ халқы үшін маңызды жоба «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрайымы Мұхамеджанова Нұржан Жалауқызының тікелей қолдауымен, басшылығымен жүзеге асқанын айта кеткім келеді. Қазақтың балалары шашырап кеткен елдерге барып, бірнеше мемлекеттен сериялық репортаж әзірлеу үшін қыруар жұмыс атқарылды. Бұл кезекте «Шетелдегі қазақ балалары» жобасына жан-жақты қолдау көрсеткен ҚР Сыртқы істер министрлігінің еңбегі ұшан-теңіз. «Шетелдегі қазақ балалары» шетелге бала беруге жарнама емес! Біз осы бастама арқылы халқымызға ой салуға талпынамыз. Мүмкін, перзентін тастап кетуге ыңғайланып жүрген бір бойжеткен хабарды көріп қалып, өмір бойы өксіп өтер қателіктен аяғын тартар. Жігіттеріміздің жауапкершілігі артар. Ата-аналар ұл-қызына жаста­йынан «баланың кез келген жерге тастап кететін ойыншық еместігін» айтып, еліміздің болашағы екенін түсіндіріп өсірер. Қанша нәубетті басынан өткерсе де, қазақ елі баласын жатқа телміртпеген. Сол құндылығымызбен қайта қауышсақ дейміз. Қазақ елінде жетім бала деген түсінік жоғалып, балалар тек өзінің туған ата-анасының мейіріміне бөленіп өссе… Журналист ретінде бұйырған миссияны орындауда, басты назарға осыны аламын. Екіншіден, шетелге әкетілген тағдыр иелері әлі де Қазақстан азаматтары, олардың бойында қазақтың қаны бар. Сондықтан да шетелдіктер асырап алған бүлдіршіндермен Қазақстан арасындағы байланыстың үзілмеуіне күш салғымыз келеді. Әзірге олар бала, Қазақстанды жақсы көреді, бір келуді армандайды. Отанымыз деп қабылдайды. Есейген кезде оларда «өз еліме неге керексіз боп қалдым?» деген ой тумауы үшін, біз шетелдегі қазақстандық жетім балалардан бас тартпауымыз керек. Испания Қазақстаннан бала асырап алу жөнінде Америкадан кейінгі орында тұр. Жалпы, кәрі құрлықта екі айға жалғасқан іс-сапар барысында шетелдіктердің асырауына берілген елу шақты қазақстандық жетім баламен кездесіп, он шақты елді араладым. – Испаниядағы қазақ ел­ші­лігі мен Білім және ғы­лым министрлігінің берген мәліметтерінде қазақстандық балалардың саны әртүрлі көрсе­тілгені туралы мәлімет келтірдіңіз. Неге әрқилы? – Жауапты мекемелер бұған әртүрлі түсініктеме береді. Балалардың құқығын қорғау комитетінің жауабы – сол кезде қадағалау әлсіз, заң осал болды дегенге саяды. Бірақ қазірдің өзінде толыққанды бақылау жоқ, балалардың қалай тұрып жатқанын ҚР Білім және ғылым министрлігі емес, біз көзімізбен көріп қайттық. Қазақстанның шетелдегі консулдары: «Барлық баланы бірдей бақылай алмаймыз, оларды түгел аралап шығатын болсақ, негізгі жұмысымыз жайына қалады, уақытымыз да жетпейді», – дейді. Бұған мен келісемін, өйткені бір ғана Испанияның өзінде қазақстандық балғындардың барлығы бір жерге шоғырланбаған, елдің әр түкпіріне шашырап кеткен. Олай болса, Қазақстанда шетелдіктер асырап алған балалардың тағдырын бақылайтын арнайы орын құрылуы тиіс. Ал, агенттіктерге сену абырой әпермейтін сияқты, өйткені бұл – халықаралық бала асыраумен айналысатын мекемелердің бизнесі, олар «қазақстандық баланың құқығы тапталды» деген ақпаратты өз имиджі үшін бәрібір бермейді. Мәселен, АҚШ-та орыс балаларына қатысты оспадар тірліктер көбейіп кеткен соң, Ресей Америкаға осы елдегі балаларды көзден таса қылмайтын өзінің арнайы мекемесін ашуға талап қойды, бірақ АҚШ адам құқығын алға тартып, бұған келіспеді, нәтижесінде Ресей американдықтарға бала беруді тоқтатты. Бұның астарында басқа да мәселелер болуы мүмкін, дегенмен, бұл құрметтеуге лайық іс-әрекет. Осы тұста айта кетейін, АҚШ азаматтары тарапынан «ресейлік балалар азап шегіп жатыр» деген ақпаратты жиі тарататын көршіміз Еуропа елдері азаматтарының асырауына берілген ұрпағын іздемейді де екен. Кәрі құрлықта біз осыған қанықтық. Тағы бір мәселе, 1999 жылдан бері сыртқа ағылған қазақстандық балалардың барлығы бірдей консулдық есепке тұрмаған. 1999 жылдан бастап, 2001-2002 жж. шетелдіктер балаларды біздің ішкі заңнамаға сәйкес, тек соттың шешімімен ғана асырап алған, онсыз бірде бір бала сыртқа шыққан емес. Сондықтан соттың шешімімен шетелдіктер ҚР ІІМ барып, баланың құжатын алып, баланы елімізге келген соң тіркеуге қоямыз деп уәделерін берген, алайда олардың барлығы бірдей сөзінде тұрмаған. Бұл ҚР Консулдық қызмет департаментінің мәліметі. Осыдан кейін ғана ҚР Сыртқы істер министрлігі 2003 жылы бұйрық шығарып, шетелдік отбасыларға бала сыртқа шықпай тұрып, өздеріне қатысты барлық мәліметтерді Консулдық қызмет департаментінде қалдыру туралы талап қойған. Ал, бұл кезге дейін қанша бала сұраусыз кетті, ол бір Жаратқанға ғана аян. – «Еуропалықтар қазақ баласын асырап алуға әуес», – дейсіз. Шын мәнінде, неге құмар? Осы сауалдың жауабын таба алдыңыз ба? – Еуропалықтарды қазақтың бұзылмаған таза табиғи ортасы қызықтырады, қан тазалығына мән береді, гендік тұрғыдан қазақ балаларының мықты екенін, ақылды, алғыр, зерек, дарынды болатынын, әр нәрсеге бейім келетінін, балалар үйіндегі қазақ ұлты өкілдерінің бойында алкоголь жоқ екенін, денсаулықтары мықты, шымыр болып туылатынын, көшпенділер ұрпағы екенін жақсы біледі. Өйткені олар баланы асырап алмас бұрын, сол ел туралы көп мәлімет жинап, зерттеу түзеді әрі халықаралық бала асырау агенттіктері де оларға осындай басымдықтарды айтады. Қай елден бала алған жақсы әрі жеңіл деген сұрақтар бойынша кеңестер береді. Тағы бір мәселе, шетелдіктер асырап алған баланың артынан іздеушісі өмірі іздеп келмейтінін жақсы біледі. Сондай-ақ қазақтардың бойында барлық ізгі қасиеттер топтасқанын, қазақ баласы өзін бағып-қаққан адамды ешуақытта жерге қаратып, жалғыз тастап кетпейтінін, олардың мейірімді, қайырымды болатынын да жақсы біледі. Жалпы, кезінде Америкаға қоныс тепкен еуропалық миссионерлердің өз сенімінің жақтастарын көбейту үшін бала асырап алуға ден қойғаны тарихтан мәлім. Және біз дін өкілдерінің «бала асыраудың қайтарымы бар, ол арқылы Христосты танытуға болады» деген ұранын да ұмытпағанымыз жөн. Тағы да басқа сізге айта алмайтын ойларым бар. Енді тек уақыт қана төреші бәріне… – Сіз жүргізген бағдарламада қазақ балаларының жүзіндегі мейірімді, көздеріндегі нұрды сезінгендей болдық. Қазақстандық тастанды балалар өз өмірлеріне риза деп есептейсіз бе? – Кішкентайынан өбектеп, айналып-толғанып жүрген адамдарды қалай жақсы көрмесін, тілі, діні, болмысы, менталитеті бөлек болса да. Оларды ақыл-ес тоқтатпай тұрып, көбісін тілі шықпай тұрып асырап алған. Кішкентайынан сол елдің ауасын жұтып, суын ішкен бала сол елге сіңіп кетеді. Бұл біздің өзегімізді өртесе де, ақиқаты осы. Шетелдіктер балалық шақтарына селкеу түсірмей өсіріп жатыр, әрбір адамның түп-тамырын іздеуі заңдылық, кейін шетелдіктер асырап алған қазақтар бәрібір қазақ жеріне келеді. Алғашқылары келіп, көріп кетіп жатыр. – Америкалық отбасындағы екі қазақ баласының тағдыры бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Бұл оқиғаға ұқсас жайттарды Еуропадан байқай алдыңыз ба? – Еуропада қазақстандық жетім балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері тіркелген жоқ. Мүмкін АҚШ-тағы оқиға сияқты, бізге тек бірнеше жылдан кейін ғана жетпесе, бірақ оның бетін әрі қылсын деп тілейік. Америкада Қазақстанға қатысты шу шыққанда, біз Еуропа елдерінде жүрген едік. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы басталғанда, американдық отбасының сорақы тірлігі Қазақстанға жетпеген де еді. Америкалықтарды суқаны сүймейтін еуропалықтар Америкаға қатты шүйлікті. Ақылға сыймайтын сұмдық әрекет деп бағалады, ондай адамдарға Қазақстанның бала асырап алуына жол беруі қателік деді. Азғындық әрекетке барған америкалықтардан 2005 жылдан кейін қазақстандық балалардың жағдайы туралы бірде-бір есеп келмепті. Егер сол кезде сұрау салғанда, мүмкін, балаларды құтқаруға үлгеретін бе едік?! Алайда, оларды ешкім іздемеген. Егер америкалық БАҚ бұл мәселені көтермесе, біз сол күйі білмес те едік. Шетелдіктер асырап алған балалардың өміріне жауапты білдей комитет: «ол уақытта республикада айқын жүйе, балаларды бақылайтын заңдылықтар болған жоқ», – дейді. Айқын жүйе, тегеурінді заң болмаса, 1999 жылдан бері қазақстандық жетім балалар қалай қыр асып кеткен деген сауал туындайды еріксіз… – Еуропадағы қазақ қаракөз­дерінің тағдырын ғана емес, ертеректе мұхит асқан балалардың тағдырын да зерттеу объектісіне айналдырғаныңызды білеміз. Қаншама қазақ баласының тағды­рына куә болып келдіңіз. Қазақ балаларының шет елдіктерге асы­рауға берілгенін құптайсыз ба? – Олардың бақытты жүздерін көргенде, бақытсыз болып өскенше, бұл жақсы ма деп те ойлайсың. Бірақ қазаққа жат болып жайқалып келе жатқандарын байқағанда, бірде-бір қазақ баласының шетел аспағанын қалайсың. Бұл – менің азаматтық позициям. Ұланғайыр жерімізді қорғайтын ұрпақ өзімізге де керек. Шетелге кеткен сегіз мыңнан астам баладан қаншама ауыл өрбитін еді. Халқымыздың саны аз, жеріміз кең екенін біз ғана емес, «барлығы» біледі. Демографиялық ахуал, мемлекеттік қауіпсіздігі тұрғысынан да бұл маңызды. Дамыған мемлекеттердің бірде-біреуі сыртқа бала бермейтіні тегін емес. Бала асырау процесін елдің ішінде жетілдіріп, халыққа жақсы пиар жасау қажет. Мәселен, Ресей орыстардың бала асырап алуы үшін телеарналарда арнайы түсірілген бейнероликтерді жиі көрсетеді. Біздің қолымыздан бәрі келеді, балалар үйіндегі барлық жетімекті жатқа кетірмей, мәселені шешуге болады. Бірақ «ешкім» бұған мүдделі емес пе деген күдігім бар. Шетелдіктерге бала беру біреулер үшін тиімді болуы мүмін. – Біздің көргеніміз әзірге Марлен, Ерлан, Ада сияқты бүлдіршіндердің тағдыры. Одан бөлек, бағдарламадан тағы қандай қаракөздерімізді көре аламыз? Әсіресе, Ерланның сізді құшақтап, бетіңізден сүйгені көзімізге жас ұялатты. Өзіңіз қандай сезімде болдыңыз? – «Қазақстан» Ұлттық арна­сындағы «Шетелдегі қазақ балалары» жобасын үзбей көрсеңіздер, әлі талай қазақ баласының өміріне куә боласыздар. Ерлан сегіз жаста, айықпас дертке шалдыққан, ақыл-есі жетілмеген, бірақ оның өз аяғымен жүріп кетуі – таңқаларлық жағдай. Ол көргеннен менің жанымнан шықпай қойды, қолымнан жібермей, әр нәрсені бір айтып жүрді. Мен оны репортаждың әсерлі шығуы үшін емес, риясыз көңілмен құшақтадым, сүйдім. Бауырымды бауырыма алғандай күйде болдым. – Көзбен көріп, көңілге түйгеніңіз не? Шекара асқан балалардың тағдыры туралы не ой айтар едіңіз? – Ең алғаш, осыдан бес-алты жыл бұрын Америкаға іс-сапарымда, американдықтар асырап алған қазақ балаларын түсіруге бара жатып, адуынды елде қаракөз бүлдіршіндерді жолықтырам дегенге сенбедім. Білмеймін, көз алдыма елестете алмадым. Бірақ, Вашингтонда ұшақтан түсе сала жұмысқа кірісіп, американдық отбасының үйіне келгенде, есікті ашқан шетелдіктермен бірге шыққан, тілі енді шыға бастаған қазақ қызын көргенде есеңгіреп қалғанымды жасыра алмаймын. Ол бүлдіршіннің есімі Арайлым болатын. Мен АҚШ-та көрген ең алғашқы қазақ қызы. Одан кейін қазақ балалары көбейе берді, көбейе берді. Еуропалықтар асырап алған қазақ балалары мен америкалықтарға берілген бүлдіршіндер бір-біріне ұқсамайды. Америкалықтар суық келеді. Есімде, бір кішкентай баланың бетінен сүюге ұмтылғанымда, оның менен басын ала қашқаны. Ал Еуропадағы қазақ балалары әлі де бізге жақын. Басында жатырқап, жоламай тұрып, біраз бой үйреткен соң қалмайтын балалар да, көре сала құшақтап, бетіңнен шөпілдетіп сүйетін ұл-қыздар да көп. Итальяндықтар, испандықтар асырап алған балалар эмоцияға бейім келеді, ақкөңіл, мейірімді. Германиядағы бір қазақ баласының неміс әкесінен: «Кейін өскенде Қазақстан футбол командасында ойнасам бола ма?» – деп сұрағаны, әкесінің: «Ол үшін қазақ тілін білуің керек», – деп жауап бергені есімнен кетпейді. Итальяндық бір отбасының қазақ баласының есімін өзгертпей, сақтап қалғаны, әлі күнге солай атайтынын көрдім. Ол баланы жиі ойлаймын. Ол баланың есімі – Есімжан. Жалпы, мен кездескен отбасылар қазақ балаларына тағылымды тәрбие беретіндерін, болашақтары үшін ешнәрседен аянбайтындарын айтты. Олардың барлығы ерекше қабілетті, дарынды балалар. Шетелдегі қазақ балаларынан мықты тұлғалар шығады. Тек, өз елінің тілінен мақұрым, түсінігінен жұрдай болатынын, туған еліне қызмет етпейтінін ойлағанда, ақырын ғана деміңді ішіңе тартып қаласың…. P.S. Жанар айтады: «Гаага конвенциясына қосылып, елдің ішіндегі заңнамаларды халықаралық талапқа сай келтірген соң, араға біраз уақыт салып, Қазақстанда шетке бала беру қайтадан басталды. Бұған дейін мораторий жарияланған соң, шекарадан бала аспап еді. Жақында ғана шетелдіктер тағы 10 баланы жетектеп алып кетті…».

Әңгімелескен  Гүлзина БЕКТАС