Ахат Андижан: КЕДЕНДІК ОДАҚТЫ ТҮРКИЯ ҚОЛДАЙДЫ

Елбасы Түркияны Кедендік одақ құрамына өтуге шақырды. Ресми Анкара бұл ұсынысқа қалай қарайды? Батыстық құндылықтарды қолдайтын түріктер Еуропалық Одаққа көбірек іштарта ма, әлде түбі бір түркіні өзімсіне ме? Қазір екі ел арасында қандай шаралар атқарылуда? Түріктермен жақындасуға Кремльдің көзқарасы қандай? деген сауалдар төңірегінде Алматыдағы «Қазақстан-Түркия қатынастарының келешегі» атты халықаралық симпозиумға Түркиядан арнайы келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Ахат Андижан мырза ой бөліскен еді.
Ахат мырза, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ерекше құлшыныспен басталған екіжақты қарым-қатынас уақыт өте келе саябырсыды. Мұның себебі неде?
– Ол жылдары бұрын-соңды болмаған қарым-қатынас басталған еді. Өте тез, ерекше қарқынмен дамығаны сондықтан. Бірақ уақыт өте келе, байланыс шарықтау шегіне жетті. Қазір де қолдан келген бар мүмкіндікті сарқа пайдалануға тырысудамыз. Әлбетте, жер шалғайлығы, елдеріміздің бір бірінен өте ұзақ орналасуы, саяси ұйымдарға мүшелікке өтудегі ұстанатын қағидалардың алуандығы т.б. кедергі болғаны рас. Алайда бүгінде қол жеткізген жаңа мүмкіндіктеріміз қосымша күшке айналды. Мәселен, Карс-Тбилиси темір жолының арқасында келешекте қазақтар Түркия арқылы Еуропаға сапар шеге алады. Бұл ұшаққа кететін шығынды едәуір қысқартады. Сонымен қатар Каспий теңізінің үстінен немесе астынан мұнай құбырының тартылуы да қазақтардың мұнайын түріктер елі арқылы еуропалық нарыққа жеткізуге сеп. Яғни, экономикалық дамуды арттырады. Үшіншіден, Қазақстан, Ресей мен Беларусь мүшелікке өткен Кедендік одақ құрамына Түркияның кіруі екіжақты экономикалық қарым-қатынасты өте жылдам дамытуға мүмкіндік береді.
– Назарбаев түріктерді КО-ға шақырды. Бірақ бұл ұсыныс Ресейге ұнамауы мүмкін ғой?
– Кез келген жайттың қолдаушысы бар, оған қарсы шығатын топ та табылады. Базбіреулердің көңіліне жақпайды деген желеумен кейбір жобаны жүзеге асырудан бас тартуға болмайды. Алға қойған мақсатқа жету жолында әрекет етесіз, күресесіз, тер төгесіз. Егер жүзеге асырсаңыз, діттеген мақсатқа қол жеткізгеніңіз. Егер қолдан келмесе, бұйырмағаны.
– Кедендік одақ шеңберінде Түр­кия қандай мәселелерге мұрын­дық бола алады?
– Қазақстан ұсынысын қабыл алған Түркия Ресей және Беларусьпен кездесіп, Кедендік одақ шеңберінде бірігіп атқаруға болатын шаруаларды талқыға салады. Егер орыстар мен беларусьтар қазақтар сияқты түріктерді өзімсініп, жақын тартса, көптеген пайдалы іске жол ашылады. Назар аударатын жайт, кез келген әрекет алдымен ұсыныстардан басталады.
– Бұл Түркияның Еуропалық Одақ­қа мүшелікке өтуіне кедергі жасамай ма?
– Түріктердің Еуроодақпен байла­нысы – өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ Кедендік одаққа қатысты ынтымақтастыққа ешқандай кедергісі жоқ. Еуропалық Одаққа мүшелікке өтуге қатысты келіссөздер қазір бұрынғыдай емес, кедергісіз әрі жемісті жүруде. Ескеретін жайт, Еуроодақтың өз ішінде шешімін таппаған бірнеше түйткіл бар. Тіпті, батыстық шенеуніктер он немесе жиырма жылдан кейін «еуроаймақ» деген ұғым бола ма, жоқ па? деген сауалмен бас қатыруда. Осы мәселеге орай туындаған дау әлі күнге шешілмеді. ЕО құрамындағы кейбір мемлекет Еуроодаққа мүшелікке өткеніне наразы. Демек, Еуропалық Одақты Түркияның баламасыз мүмкіндігі ретінде қарастырмаған жөн. Өйткені ЕО уақыты келгенде кішіреюі мүмкін немесе алға қойған мақсаты мен міндетін қысқартуға мәжбүр болады. Әрі бүгінде Түркиядағы саясатпен айналысатындардың ешқайсысы Еуроодақты біздің жалғыз мүмкіндігіміз деп есептемейді. Демек, Кедендік одақ – Қазақстан сияқты түбі бір түркі елдерімен байланысты, ортақ қарым-қатынасты дамытуда үлкен мүмкіндік.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  Нәзия Жоямергенқызы

Back to top button