Мемлекеттік тілді менсінбейтін академия

Редакцияға шағымданып келген Расул Әбу-Асанұлы Төлеуовтің де көрген теперіші тілден кеп туындайды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара академиясында табандай бес жыл қызмет атқарған ол тәуелсіз Отанында ана тілінің «өгей баланың» күйін кешіп отырғанына налиды. Себебі, мемлекеттік тіл – қазақ тіліне мұрын шүйіре қарайтын оқу орны Расул сынды қазақтілді мамандарды да біртіндеп ығыстыра бастаған сияқты. Ол қыркүйек айының 21-інде «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 26-бабы 1-пунктінің 14-тармағы (өз қызметіне сай емес) негізінде қызметінен босатылған.
Әскери борышын өтеп келгеннен кейін біраз уақыт балалар шығармашылығын дамытатын газетте және Қызылордадағы Экономика және құқық колледжінде жұмыс істеген Расул Төлеуов біржола шекара қызметіне еңбек сіңіргісі келеді. Музыка мектебін бітіріп, тарих мұғалімі мамандығын игерген ол заңдық білімін де жетілдіріп алады. Ал 2006 жылы ҚР ҰҚК Қызылорда отрядына келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданып, 2008 жылдың ақпанында Алматыдағы ҚР ҰҚК қарасты Шекара академиясының 2466 әскери бөліміне ауысады. Оркестрдің құрамында солист бола жүріп, кіші сержант дәрежесіне көтерілген Расул ұландарды ұлттық қолөнерге баулу арқылы тәлім-тәрбие беруге тырысқанын айтады. Соған бейімі бар жастарды жинап, арнайы ашқан шеберханада қазақтың ұлттық аспаптарын жасауды үйретеді. Тіпті, оның қолынан шыққан нарқобыз бүгінде әскери мұражайда сақтаулы екен.
Еңбегі еленген азамат ҚР ҰҚК 15 жылдығына арналған «Үш бақытым» атты ІІ республикалық әскери ақындар айтысына белсене қатысып, ұлтымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, ана тіліміздің байлығы мен мәртебесін насихаттағаны үшін марапатталса, 2007 жылы «Қасиетті шекара күзетінде» ән-күй фестивалінің «Оңтүстік» Өңірлік басқармасының құрамалары мен бөлімдері өнерпаздары арасындағы байқауда 1-орынды жеңіп алған.
Елбасы Н.Назарбаевтың «ҚР ҰҚК Шекара қызметінің келісімшарт бойынша әскери қызметшілерін кезектен тыс аттес­таттау туралы» 2013 жылғы 22 наурыздағы №528 Жарлығына сәйкес, Р.Төлеуов те сынақ тапсыруға білек сыбана дайындалады. Әскери оқу орны курсанттарының тәрбие жұмысымен айналысқан маман аттестаттау шарасының мемлекеттік тілде өтетіндігіне сенімді болған. Алайда, шекара қызметкерлерінің білімін анықтайтын нормативтік-құқықтық актілерге байланысты тест сауалдарының орыс тілінде екендігін тек алдарына бланкі таратқан кезде ғана біліпті. Нәтижесі төмендегідей.
«Кезектен тыс аттестаттауға қазақ тілінде дайындалдым. Заңдардың мемлекеттік тілдегі нұсқасын оқыдым. Неге екені белгісіз, бізге тест сұрақтары орыс тілінде берілді. Жауынгерлік дайындықтар бойынша сынақ қабылдау барысындағы нұсқаулықтар да тек орыс тілінде жүргізілді. Осы арқылы ана тілінде ойлап, ана тілінде сөйлейтін әскери қызметшілердің конституциялық құқығы шектеліп, ҚР Конституциясының 19-бабының 2-тармағы өрескел бұзылды. Тіпті, алдын ала ескертілген де жоқ. Орыс тілін орта деңгейден төмен меңгергендіктен, тест сұрақтарын түсіну қиын болды. «Қазақшасы бар ма?» деп сұрағанымда, қазақша нұсқасын дайындау керектігі сол кезде естеріне түскендей абдырап қалды. Сасқандарынан ананы-мынаны сылтауратып кетті. Уақыт та зымырап барады. Содан не керек, шама-шарқымша білгенімді тапсыруыма тура келді. Осы заң бұзушылықтың орын алуы аттестаттаудан өту нәтижесінің төмен болуына тікелей әсер етті. Бәрінен де сынақты өз тілімде тапсыра алмағаным жаныма қатты батты. Неге біз тәуелсіз елімізде құжаттарды, сынақ сауалдарын мемлекеттік тілде дайындамаймыз?» – деп ашынады ол. Ең сорақысы, жұмыстан босатылған оған оркестр жетекшісі, капитан Руслан Валеев «Р.Төлеуов еңбек ұжымында абыройсыз» деген қызметтік мінездеме жазып береді. Неге? Мәселенің мәнісі тағы да сол ұлттық тәрбие беруге тырысқан азаматтың жолын байлауға тіреліп тұр. Әлгіндей мінездемені оқып, жағасын ұстаған Р.Төлеуов: «Ұжымда ешкімді балағаттап, намысына, ар-ожданына тиген жерім жоқ. Келісімшарт талабын бұзбай, өз ісіме жауапкершілікпен қарадым. Валеевтің өзіне артық пікір айтқан емеспін. Бәлкім, оған курсанттарға қазақ халқының қолөнерін, ұлттық аспаптарын жасауды үйретуім, жалпы алған бағытым ұнамаған шығар. Бірақ бүкіл ұжымның атынан осындай сипаттама жасағанын түсінбеймін. Ол ол ма, түрмеден жазасын өтеп шыққан адамға да дұрыс мінездеме береді ғой. Р.Валеевке: «Жарайды, аттестациядан сүрінген екенмін, ал неге мінездемені бұлай жаздыңыз?» десем, «Айтшы, ұжымда қандай беделің бар?» деп өзіме дүрсе қоя берді», – деп жалғады пікірін.
Шын мәнінде, Р.Төлеуов «еңбек ұжымында абыройсыз» болса, жоғарыда аталған марапаттаулармен мадақталмас еді ғой. Неге оның ұландарды ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауға және әскери патриоттық әндерді айтуға баулыған еңбегі еленбейді? Мұндай маманды қалайша «абыройсыз» деуге ауыз барады? Бұл сауал біз түгіл, Расул Төлеуовтің өзін таңғалдырып отыр. Өйткені жұмыстан босатуға негіз болған «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 26-бабы 1-пунктінің 14-тармағы (өз қызметіне сай емес) оның әскери еңбек жолына балта шапқан көрінеді.
«Елді қорғау үшін әскери салада қызмет етіп жүргендердің дені – қаракөздер. Оларға қазақы әндер, қазақы өнер керек. Бас қолбасшы, Елбасы Н.Назарбаевтың өзі мемлекеттік мекемелердегі құжаттың мемлекеттік тілде жүргізілуін тапсырды. Бірақ орындалып жатыр ма? Меніңше, шекара қызметіндегі жоғары лауазымға ана тілін білетін, қазақтың салтын жетік меңгерген, ұлты қазақ азамат тағайындалса құба-құп. Өйткені шекара – бабаларымыздың қаны, аналарымыздың көз жасы, ата-бабамыздың мұрасы. Сондықтан қазір шекарада еңсемізді тіктеп, өз тілімізде сөйлейтін уақыт жетті. Егер біз әскери тәрбиеде ұлттық құндылықтарды сіңіре берсек, шекара қызметіндегі әлімжеттік, бір-біріне қол жұмсау қылмыстары азаятын еді», – деп шыр-пыр болған азаматтың жанайқайын кім тыңдар екен?
Жалпы, шекара қызметінде жеті жылдық еңбек өтілі бар Расул Төлеуов бастаған топ мұнымен тоқтамайтындықтарын жеткізді. ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының келісімшарт бойынша аттестаттау шарасынан өтпеген 19 әскери қызметші ҚР Бас әскери прокуроры әділет генерал-лейтенанты Ерғали Мерзадиновке шағым түсіріп, онда: «Атқарып отырған лауазымына сай емес» деп әскери қызметттен шығарылғандардың 95 пайызға жуығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген әскери қызметшілер. Бұлар мемлекеттік тілді білетін мамандарға зәру болып отырған ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының оқу-тәрбие процесін мемлекеттік тілде жүргізу үшін әскери қызметке қабылданғандар. Бүгінде олардың көпшілігі өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, едәуір нәтижеге қол жеткізген. Біз жоғарыда аталған аттестаттау тәртібінің бұзылу деректеріне байланысты аттестаттау комиссиясының шешімімен келіспейміз және шешімнің қайта қаралуын, заң талаптарына сәйкес әділ шешім шығарылуын немесе аттестаттау сынағын мемлекеттік тілде қайта тапсыруымызға мүмкіндік берілуін сұраймыз. Ең бастысы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұлттық кадрларды дайындау ісінде ұлттық мүдде ескерілсе екен», – дегенді баса айтады. Ал, мінездеме беру барысында ар-намысына тиген тұлғаның заңды түрде жазалануын, сондай-ақ өз қызметіне қайта қабылдануын сұраған Р.Төлеуов Алматы гарнизоны әскери сотына арызданбақ. Ол Шекара қызметі академиясының ҚР «Тіл туралы» заңының 6-бабындағы «ҚР азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар…» және 7-баптағы «ҚР-да тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді…» деген, сондай-ақ 12-баптағы «ҚР Қарулы күштерінде, әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі» деп тайға таңба басқандай жазылған заңдық құжатты ескермей отырғандығын тілге тиек ете келе, талабын қанағаттандыруды сұрайды.

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының қызметкері
(атын атамауды өтінді):

– Жағдайдың солай болғаны рас. Бізге аттестаттау сұ­рақ­­тарын мемлекеттік тілде бермеді. Бұл жерде адамның конс­титуциялық құқы бұзылып отыр. Негізінен заң бойынша, екі тілде дайындалуы керек. Орыстілділер мен орыс ұлтының өкілдері көп болғандықтан, әскери қызметшілердің «сынақты мемлекеттік тілде тапсырамын» деген талабы орындалған жоқ. Шекара академиясында мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көңіл көншітпейді. Өзім де амалдың жоқтығынан, сынақты орысша тапсырдым. Ал арамызда орыс тілін жетік білмейтіндер қаншама. Соның салдарынан аттестаттау шарасында әділетсіздік орын алды. Әр пункт бойынша 50 сұраққа 50 минут берілді. Офицерлер бойынша нормативтік-құқықтық актілерден өту балы 70 болды. Небәрі бір, екі балы жетпегендер өтпей қалды. «Лауазымына сай емес» деген 30-дан астам офицер әскери қызметтен босатылды. Бірақ олардың бала-шағасы бар ма, жоқ па, ешкімді қызықтырмады. Мысалы, төрттен, үштен екілік бағасы бар азаматтар әлі жұмыс істеп жүр.
Ал Расул Төлеуов туралы жеке пікірімді айтсам, ол міндетіне жауапкершілікпен қарайтын, өзімен-өзі жүрген жігіт. ҰҚК төрағасының қолынан алған марапаттары бар. Бірақ оның басшылары орыс ұлтынан еді. Қазақ болған соң, небір сылтау тауып, жұмыстан шеттетті. Мұны жеке пайдасына тартқандар да көп болды. Қазір босаған әскери қызметшілердің орнына жаңа мамандар алып жатыр. Аттестаттаудан өтпей қалған жігіттер әскери сотқа, Бас әскери прокуратураға арызданды. Одан бері бір жарым ай өтсе де, арнайы келіп, тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Динара Мыңжасарқызы 

Back to top button