Қос батырға арналған ескерткіш

Қос батырға арналған ескерткіш

Қос батырға арналған ескерткіш
ашық дереккөзі
Биыл Сұраншы батырдың туғанына – 200 жыл, ал Саурық батырдың туғанына 215 жыл толып отыр. Осыған орай, Алматы облысы әкімдігі мен Жамбыл ауданының ұйытқы болуымен Ұзынағаш ауылында Сұраншы және Саурық батырларға арналған ес­керт­­кiштiң ашылу салтанаты болып өтті. Мұны сайын даламыз бен кең байтақ елімізге көзін тіккен жауларға айбап шегіп, қорғауға өз үлесін қосқан қос батырға деген құрметі деп білеміз. ХХ ғасырдағы аса күрделі тарихи кезеңде өмір сүрген, батырлық пен ақындық терең тамыр жайған Жетісудың төл перзентттері – Сұраншы Ақынбекұлы мен Саурық Ыстамбекұлының ерлігі осылайша ел жадында жаңғырмақ. Тоғыз жолдың торабындағы жолдың үстінен бой көтерген еңселі ескерткіш анадайдан «мен мұндалайды». Қос батыр атамекен жері мен ағайын-туған елінің мызғымас тәуелсіздігіне биіктен қарап, шүкіршілік айтып тұрғандай. Осылайша елі мен жерінің тыныштығы мен егемендігі үшін арпалысқан асыл ерлердің мәңгілік мұратына бүгінгі ұрпақтары жетіп отыр. Ескерткіштің ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов: «Мың өліп, мың тірілген қазақтың өткен тарихы біз үшін мол шежіре, үлкен сабақ. Сол тар жол тайғақ кешуде тарих сахнасына шыққан көсемдеріміз бен батыр бағландарымыз қаншама. Ұлы тұлғалардың есімі мен ерлігі ғасырлар қойнауында қалып қоймай, бүгінгі ұрпақ зердесінде жатталып келеді. Елбасы халыққа жолдауында ұлттық тарихты қайта түлету мәселесіне тоқталған болатын. Жетісу жерінде Алаш арыстарын ұлықтау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның бірі – Сұраншы мен Саурық батырға арналған ескерткіш. Қос батыр Қоқан бектері мен қырғыз манаптарынан елді азат етіп, өмірін ат үстінде өткізді. Сын сағатта қол бас­тап қана қоймай, алқалы топта сөз бастаған батырлардың арманы бүгін орындалды», – десе, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Серік Үмбетов: «Бүгін үлкен қуаныштың үстінде бас қосудамыз. Тарихты білу керек, тарихты зерделеу керек. Сонда ғана жүретін жолымыз, бағытымыз ашық болады. Соның айғағы Сұраншы мен Саурық бабамыздың ескерткішін өзінің жүрген жерінде орнаттық. Елдің қамын, келешекті ойлаған азаматтардың арқасында жеріміз жау­дан азат болып, бүгінгі егемендікке қол жеткіздік. Қалмағы бар, басқасы бар, Жетісу жеріне көз тігіп, осы жерде ұялағысы келді. Оларға осы қос батырымыз қарсы тұрды. Елбасы әрбір азамат өз істеген жеріне аз да болса еңбек етіп, ертеңгі ұрпаққа белгі қойып кету керектігін айтты. Олар ата-бабамыз арқылы қай жақтан шыққанын біле алады. Қазақ елі, Жетісу жері ескерткіш орнатудан кенде болып жатқан жоқ. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Қазақтың рухын көтереді. Қамшының сабындай ғана аз ғұмырда осындай жұмыстар жасап кетсек, келешек жастарға қалдырған өсиетіміз емес пе?!», – деген жүрекжарды пікірін жеткізді. Ал ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов мұрағаттағы тарих парақтарынан сыр шертті. «Сұраншыға Сүйінбай екі шығарма арнады. Сұраншы батырдың Сайранда қалай соғысып, қаза болғанын Тезек төренің алдында жырлайды. Алайда, соғыста Сұраншымен бірге болған Сарыбай бәрін Сүйінбайға айтып отырған. Ал Сүйінбайдың нұсқауымен Жамбыл да жырға қосты. Бұл ескерткіш – кеңес кезінде айтылмаған, жазылмаған деректерді қайта зерделеу, бағалау тұрғысынан келгенде үлкен еңбек. Екі батыр туралы көркем фильм де түсіруге болады», – деп тебірене айтқанда, жиналған жұрт біраз мәліметке қанығып қалды. «Сұраншы-Саурық» қоғамдық қорының төрағасы Әскербек Абаевтың айтуынша, ескерткішке Жамбыл ауданының бюджеттік қызметкерлері бір күндік жалақысын аударса, қаншама азамат өз еркімен қаржылай көмек көрсетіпті. Ал 140 млн. теңге қаржы жұмсалған ескерткіштің мүсіншісі Мирлан Әзмағамбетов жұмысты былтыр сәуір айында бастап, сәтті аяқтағанын айтады. «Жұмыс барысында қаншама тарихи еңбекті шолып шықтым. Бұл жинақталған образдан туындады. Ескерткіштің биіктігі – 11 метр. Үсті қоладан, төменгі жағы мәрмәрдан жасалды», – дейді ол. Салтанатты жиынның ажарын театрландырылған көрініс аша түсті. Бұдан соң батырлар рухына құран бағышталып, дүбірлі той «Көкбастау» ипподромында өткен ұлттық ат спорт бәйгесіне жалғасты. Айта кету керек, батырларды еске алу мақсатында айтыс және концерттік бағдарлама ұйымдастырылса, жақында Алматы облысының әкімдігінің қолдауымен «Айтұмар» баспасынан көлемі 300 беттік, айшықты безендірілген «Сұраншы-Саурық» атты жаңа кітап жарық көрді.

Динара Мыңжасарқызы