СЕМЕЙДЕ БОЛҒАН ДЖОРДЖ КЕННАН

СЕМЕЙДЕ БОЛҒАН ДЖОРДЖ КЕННАН

СЕМЕЙДЕ БОЛҒАН   ДЖОРДЖ КЕННАН
ашық дереккөзі

Джордж Кеннан 1845 жылы Американың Огайо штатына қарасты Норуоке қаласында адвокат жанұясында дүниеге келген. Ал шешесі телеграфты ойлап табушы әйгілі С.Морзенің немере қарындасы екен. Мүмкін, осының ықпалы тиді ме, кім білсін, Джордждың әкесі кейіннен өзінің адвокаттық қызметін сол қалада жаңадан құрылған телеграф кеңсесінің меңгерушілігіне алмастырған.
Джордж жеті жасынан бастап телеграф ісіне назар аударған. Оның бұл мамандыққа төселгені соншалық, Джордж он жеті жасында телеграф арқылы алынған жаңалық хабарларды мерзімді баспасөз беттерінде пайдалануға тұңғыш рет талпыныс жасайды.
Өткен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Америка мен Ресейді тиянақты телеграф байланысымен қамтамасыз ету жөнінде жиі әңгіме қозғала бастайды. Мұның алғышарты есебінде екі елді шектестіретін Аляска-Камчатка аймағында телеграф байланыс жүйесін орнату қолға алынғанда, осы бір қиын жұмысты жүзеге асыруды он тоғыз жасар Джордж Кеннан өзі тіленіп, міндетіне алған екен. Сөйтіп, ол екі жыл бойы қар жастана, мұз төсене жүріп Ресей мен Америка елдері арасында телеграфтық байланыс жүйесінің алғашқы негізін қалауға кірісті.
Джордж Кеннанның еліне қайтар жолы да ерекше оқиғаларға толы болды. Себебі, ол еліне тура оралған жоқ. Ресей мемлекетінің рұқсаты бойынша Кеннан бүкіл Батыс Сібірді еркін аралап, Якутия, Иркутск, Томск арқылы Москва мен Петербургке үш айдан кейін жетеді. Орыс елінің астанасында сый-сияпаттың алуан түріне бөленіп, Отанына үлкен ризашылық сезіммен оралады.
Джордж Кеннан еліне келген соң біраз жылдар сауда саласында қызмет істейді. Қолының бос, көңілінің шарқ ұрған шақтарында орыс жерін аралаудан алған әсерін әзіл әңгіме ретінде қағаз бетіне түсіре береді. Әдемі әзілдің шынайы шындықпен шендесуіне толы жазбалар жиынтығы ақырында «Сібірдің көшпелі тұрмысы» деген атпен жеке кітап болып басылып шығады. Сөйтіп, Джордж Кеннан 28 жасында өз елі таныған жазушы атанған.
Бәлкім, шығармасындағы барлық оқиға желісі Жюль Вернге тән елікпе әуенмен, ал болмыс бояулары Марк Твеннің әзіл-оспақ стилі сыңайында берілуінен болар, «Сібірдің көшпелі тұрмысы» әр кез американ жастарының сүйіп оқитын кітабына айналған. Мұны бұл кітаптың кейінгі 100 жыл ішінде Американың өзінде ғана 21 рет басылып шыққаны (соңғы басылғаны 1981 жыл) дәлелдесе керек.
Джордж Кеннан 1870 жылы Ресейге екінші рет ат басын тіреді. Бұл жолы ол кемемен Еділ өзенін бойлап саяхат жасады. Кавказ тауларын төрт ай бойы жаяу аралады. Бұл сапар Кеннанның орыс еліне, оны мекендеген халықтарға деген шынайы сүйіспеншілігін қалыптастыруға әсер етті. Осы кезден бастап ол Ресей туралы өз елінің газет-журналдарында танымдық мәнге толы мақалалар жаза бастады, жұртшылық алдында лекциялар оқыды. Былайғы жерде ол енді өз тағдырын журналистикаға бағыттап, оны кәсіби мамандығына айналдырды.
Кеннанның Ресейге үшінші сапар шегуінің де тарихы қызықты.
1881 жылы наурызда орыс революционерлері ІІ Александр патшаны өлтіргені тарихтан аян. Міне, осы тарихи төтенше оқиғаға байланысты әлемдік баспасөз бетінде, оның ішінде Американың мерзімді баспасөзінде сол кездегі Ресейдің қоғамдық-саяси құрылысын мансұқ еткен мақалалардың басылуы барынша белең алды.
Мазмұндары қым-қиғаш мақа­лалардың басым көпшілігінде орыс елінің билеушілері тек тағылық (варвары) кейпінде баяндалса, ал азаттықты аңсаушы революционерлер тіршіліктегі бар жақсылықты жоққа шығарушылар (нигилистер) деп түсіндіріледі. Ал революционерлер айдалатын әйгілі Сібір жері – өлім қоймасы деп баяндалады.
Міне, осы кезде өз елінде «Ресейдің білгірі» деп атанған Джордж Кеннан бейбастақ мақала иелерімен баспасөз бетінде ашық пікірталасқа түседі.
Ресейде екі рет болып, онда көр­­­­гендерін, ойға түйгендерін алға тар­та­ды. Ресейдің билік тұтқасында да білікті, есті адамдардың барлығын, революционерлердің басым көпшілігі адамгершілік, ізгілік ниеттердің жанашырлары екендігін ашып айтады.
Баспасөз беттеріндегі мұндай ала-құла пікірталастардың тоқталуы былай тұрсын, ол тіпті асқынып, екі ел арасындағы дипломатиялық келісім шегіне барып тіреледі. Келісім шегі мерзімді баспасөз бетінде бейбастақ байбаламдарды барынша азайту мақсатында Ресейдің саяси тұтқындары шоғырланған Сібір аймағына Американың белді бір журналисін жіберу мәселесін алға тартты. Төрт жылға созылған үздік-создық келісім негізінде Ресейдің Вашингтондағы елшілігінің мақұлдауымен күдігі мен қиыншылығы мол Ресей еліне бір жылдық сапарға бару орыс тілін аудармашысыз-ақ ұғып сөйлей білетін Нью-Йорктегі «Сенчури» журналының қызметкері Джордж Кеннан мен суретші Джордж Фростқа жүктелді.
Қос Джордж бірі журналист, екін­шісі суретші – 1885 жылдың екінші маусымында Нью-Йорктен шығып, Европа арқылы үш аптадан кейін Петербургке келеді. Орыс елінің астанасында бір апта болып, болашақ сапардың жай-жапсарын рес­ми мекемелермен түбегейлі келіскен соң, олар Ресей жерін аралауға шық­ты. Сапар табаны күректей он бес айға созылды. Бұл уақытта қос Джордж Батыс Сібір өлкесін, Қиыр Шығыс аймағын түгел аралап, барыс-қайтыс жолдарын есептегенде 16 мың шақырым жер жүрген. Осы сапар кезінде олар кішігірім мекендерді айтпағанның өзінде, сол кездегі 27 қалада болған. Солардың бірі–Семей қаласы еді. Дала генерал- губер­натор­лығына қарасты екі облыстың бірі – Семей облысының орталығы Семей қаласына Д.Кеннан мен Д.Фрост 1885 жылдың желтоқсан айында келді.
Мұрағаттық деректерге қарағанда, бұл кезде Семей қаласында 24 мың тұрғын болған. Кәсіпорындары дегенде 6 тері илейтін, 4 сабын қайнататын, 36 кірпіш құятын, 1 сыра қайнататын, өндіріс орындары жұмыс істеген екен. («Обзор Семипалатинской области на 1884 год», стр. 36-38). Толық емес деректерге қарағанда бұл жылдары Семей қаласына 30-дан астам басқа ұлттардың нәсілдері жер аударылып келген.
Облыс орталығының тіршілігімен, оған саяси сенімсіздігінен жер аударылып келгендермен танысу Д.Кеннанның алға қойған негізгі мақсаты болатын. Петербургтен Семей қаласына жеткенше орындалмаған бұл тілек тек Семей қаласынан бастап қана жүзеге аса бастаған-ды. Мұны Кеннан өзінің осы сапар негізінде жазған «Сібір және сүргін» кітабының «Менің саяси жер аударылғандармен тұңғыш кездесуім» атты тарауында егжей-тегжейлі баяндайды.
Семейде Кеннанның тұңғыш танысқан адамы саяси сенімсіздігі үшін және «Народная воля» ұйымының үндеулерін таратқаны үшін ешқандай сот үкімінсіз Дондағы Ростовтан Дала генерал-губернаторының бақылауына үш жыл мерзімге жер аударылып жіберілген Павел Дмитриевич Лобановский еді. Кеннан Семейге келгенде Лобановский қалалық театрда суретші-декоратор болып істеп жүрсе керек. Кеннан Лобановскиймен екі дүркін әңгімелескен. Бұл әңгімелердің барысында Лобановский өз көзқарасының мәнін ешбір жасырмай Кеннанға ашық баяндаған.
Лобановский негізінде халқымыз­дың ұлы ақыны Абай Құнанбаевпен де жиі кездескен. Бұл туралы мұрағаттық деректер баршылық.
Кезінде Абайдың өзіне қарап отырып қарындашпен салған бірден-бір жалғыз суреттің авторы саяси жер аударылушы Павел Лобановский екені де белгілі.
Әңгімемізге тиек болып отырған Кеннанның «Сібір және сүргін» кітабында Абай жөнінде де мәнді мағлұматтар кездеседі. Семей қаласына жер аударылғандармен танысқысы келген Кеннан құрметіне кешкілік бір ас қонақасы ұйымдастырылады. Ол Александр Леонтьев деген жер аударылушының үйінде өтеді. Қызу пікір алысу үстінде және Кеннанның сұрағына жауап бере отырып, үй иесі Леонтьев Семей кітапханасы (қазіргі Абай атындағы кітапхана 1883 жылы ашылған), оның жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор екенін айтып береді. Міне, осы жайлы Кеннан өз кітабында былайша баяндайды:
«Тіпті қырғыздардың өзі – деді ол, – кітапхананы қатты пайдаланады. Мен осында Бокль мен Дреперді оқыған бір оқымысты қырғызды білемін.
– Семейде Бокль мен Дреперді оқыған қарт қырғыздың бары рас, –деді тағы бір жас студент.
– Ие, ие, – деп жауап берді Леон­тьев,– мен оны бірінші рет көрдім. Ол менен индукция мен дедукция арасындағы айырмашылықты түсіндіріп беруді өтініп, керемет таң қалдырды. Мен оны ағылшын философиясын зерттеп, орысша аудармасы арқылы мен атаған барлық авторларын оқып шыққанын кейіннен білдім.
– Әйтсе де сол оқығандарынан бір нәрсені түсінеді деп сенесіз бе, – деп сұрады әлгі студент.
– Мен одан Дрепердің «Европа ақыл-ойының дамуы» деген кітабы бойынша екі кеш бойы сынақ алдым, – деп қарсы дау айтты Леонтьев. – Ол өте жақсы түсінеді, мен бұған сізді сендіре аламын». (Д.Кеннан «Сибирь и ссылка», Санкт-Петербург, изд.Врублевского, 1906, стр. 84-85).
Жоғарыда келтірілген үзіндідегі «оқымысты қырғыз», «қарт қырғыз» делінген сөз тіркестері ұлы ақынымыз Абайға арналып айтылғаны даусыз.
Бұл күнде тарихи деректер дәлелдеп отырғандай өмірінің дер шағында Абай Семей қаласына жер аударылғандардың көпшілігімен таныс болған. Тіпті, кейбіреулерімен шынайы достық байланыс жасаған. Міне, солардың ішінде Никифонт Иванович Долгополов туралы деректер мол. Ол туралы Д.Кеннан өзінің кітабының екі-үш бетін арнаған. Оқырмандарға оның өмірбаянын, дүние танымын толық таныстырып өтеді.
Дәл осындай мазмұн-мағы­нада кезінде Семейге жер ауда­рылып келген, Абаймен пі­кір­лес болған поляк, право­ ғылымдарының кандидаты­ Северин Гроссты, сондай-ақ, Петербург университетінің бұрынғы студенті Александр Блекті Д.Кеннан өз кітабында жақсы жағынан суреттейді.
Д.Кеннан Гросс пен Блек сияқты Семейге жер аударылған басқа да адамдар туралы айта келіп, былай дейді:
«…Барлық жер аударыл­ған­дар­дың жағдайлары нашар болса да, мен олардан жазу столын, кітаптар мен газеттер таптым. Олардың ішінде көптеген Заң және саяси экономия жөніндегі французша және немісше жазылған шығармалар бар. Осыншама кітаптарды өзімен бірге Сібірге алып келіп жүрген адамдар ешқашан жабайы фанатик емес, олай ойлаудың өзі артық, қайта маған бір орыс офицерінің суреттегеніндей – олар өте ұстамды, білімді, ойшыл адамдар. Егер ондай адамдар моңғол шекарасындағы қапас Сібір деревнясына жіберілсе, онда олар мемлекеттік жұмысын атқара жүріп, өз Отанына пайда келтіреді, бұл, әрине мемлекет үшін жаман». (Бұл да сонда, 100-бет).
Кеннан Ресейден болашақ кітап жазуда дерек ретінде 650 кітапты, 500 суретті Америкаға аман-есен жеткізсе керек. Қазірде бұл мұрағаттық материалдар Нью-Иорктегі орталық мемлекеттік кітапхана қорында мәңгілік сақтауда тұр. (Журнал «История СССР», 1959, №2, 223-228 беттер).
Джордж Кеннан қолда бар деректерін реттеумен еліне барған соң бір жыл шұғылданған. Содан кейін ғана ол өзі еңбек етіп жүрген «Сенчури» журналында 1888-1889 жылдар арасында Ресейді аралау сапары туралы мақалалар топтамасын жариялата бастаған. Бұл мақалалар жинақтала келіп, 1891 жылы «Сібір және сүргін» атты көлемді кітап болып шығарылған. Кеннанның бұл кітабын кезінде Ф.Энгельс, Г.В.Плеханов, М.Твен жоғары бағалаған. Бұлардың ішінде Ф.Энгельстің пікірі барынша байсалды. Ол былай дейді:
«Он разоблачил перед всем миром все те гнусные методы, при помощи которых царизм в собственной империи подавляет всякую попытку к сопротивлению», (К.Маркс, Ф.Энгельс. Сочинения, Москва, 1962, том 22, стр.46).
Осындай тарихи танымы мол кітап иесі ұзақ өмір сүр­ді. Ол орыстың ұлы жазу­шы­сы Л.Н. Толстоймен, В.Г. ­Ко­ро­лен­комен достық байланыста болып, олармен бірнеше дүркін кездесіп, хат жазысып тұрды. Ол 1925 жылы 80 жасында дүниеден өтті.

Ғабит Зұлхаров,
бұрынғы мұрағат қызметкері

Аягөз қаласы