ЖЕМҚОРЛЫҚ НЕГЕ ЖЕҢІЛМЕЙДІ?

ЖЕМҚОРЛЫҚ НЕГЕ ЖЕҢІЛМЕЙДІ?

ЖЕМҚОРЛЫҚ   НЕГЕ ЖЕҢІЛМЕЙДІ?
ашық дереккөзі

Күрес күшейген сайын жемқорлардың саны артып барады. Мұның себебі белгісіз. Сірә, ашкөздік пен ынсаптың жоқтығынан болар. Бірақ оларды құрықтаудан құзырлы органдар шаршамақ емес. Мұны қаржы полициясындағылар айтып отыр.

Қазақтың «ит – қорыған жерге өш» деген нақылын соңғы кездері жемқорларға қатысты айтқандай көрінеді де тұрады. Оған себеп, үкімет те, тіпті, Президент те елдегі сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге ден қойған сайын ашкөздікке ұрынған жемқорлар саны азаюдың орнына көбейіп барады. Бүгінде мемлекеттік деңгейдегі «сұғанақ қолдар» қатары жиіледі. Олай дейтініміз, қоғамды дамытуға бағытталған қаржыны қымқырып, жеке басына пай­да­лануға тырысатындар арасында мем­лекеттік қызметкерлер көп. Мәселен, жуырда Қаржы поли­циясы отандық мемлекеттік бағ­дарла­маларды жүзеге асыру бары­сын­да жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтың 4 есеге дейін артқанын жария етті. Сорақысы сол, заңсыз әрекеттердің басым бөлігі Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған игі бастамалар – «Жұмыспен қамту-2020», «Ақбұлақ», «Қолжетімді баспана-2020» және «Агро-бизнес-2020» бағдар­ла­ма­ларына қатысты екен.
Ресми деректерге сүйенсек, елі­міз­дегі екі қолға бір күрек таппай сенделген мыңдаған жұмыссыздың, «өз үйім – өлең төсегім» деп мақтана алмай, көрінгеннің есігін­де жүргендердің, бала-шағасы су­ орнына у ішіп отырған талай көген­көздің, нәпақасын Жерден тап­қы­сы келетін шаруа ағайынның несі­бесіне қол салғандардың үстінен Қаржы полициясы 45 қылмыстық іс қозғапты. Сонымен қатар заң бұзушылықтар Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мен мемлекеттік сатып алуда да қылаң берген: 433 қылмыстық іс. Мұндайда мемлекеттік сатып алуға қатысты ел ішінде туындаған наразылықты айту артық. Сонымен қатар отандық шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың орнына кері кетіретін кедергілер де көбейген. Бұл салада заң бұзғандарға қатысты 165 сыбайлас және қызметтік қылмыстық іс қозғалды.
Әлбетте, жемқорлыққа қа­тыс­ты деректер былтыр да көңіл көн­шітпеген. Атап айтқанда, алма­тылық қаржы полициясының өкілдері 2012 жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша сыбайлас жемқорлық бойынша 13 іс қозғаған болатын. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Алматы экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Әмірхан Аманбаев еліміздегі «Жол картасы», «Жұмыспен қамту – 2020», Ақ бұлақ», «Балапан», «Тұрғын үй құрылысы» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда сыбайлас жемқорлыққа жол берілгенін мәлімдеген: «Біз жүргізген жұмыстар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша 13 қылмыстық іс қозғалды. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су құбырын қалпына келтіру кезінде олар қалыпты жұмысқа арналған құбырдың орнына ескі құбырларды орнатқан. Сондықтан, біздің есебіміз бойынша 56 млн. теңге шығын келтірілген. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша біз «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» КММ директоры Г.Байсбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғадық. Ол мемлекетке 5 млн. теңге шығын келтірген. Қылмыстық іс сотқа жолданды». Ал «Тұрғын үй құрылысы» бағдарламасы бойынша жымқырылған қаражат көлемі 16 млн. теңгеден астам.
Қаржы полициясының өкілдерінің айтуынша, жемқорлықтан салық қызметкерлері де ада емес. Мәселен, салықшылардың пара ретінде алатын ақшасы бірнеше мыңнан бірнеше миллионға дейін жететін көрінеді. Экономикалық қылмыс пен жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілі Талғат Татубаевтың айтуынша, салық органдарында жемқорлыққа қатысты 90-нан астам қылмыс жасалыпты. «Олардың басым бөлігі отандық кәсіпкерлерден пара алуға қатысты. Ең алдымен бұл салықшылардың бақылау міндетіне тікелей қатысты. Қазіргі заңға сәйкес, салықшылар тексеру жүргізуге, шектеулер қоюға және әкімшілік талаптарға құқылы», – деп мәлімдеген ол былтыр Астана қаласы Сарыарқа аудандық салық басқармасының бөлім бастығы Қыздарбеков пен сол мекемедегі бас маман Қарымсақовтың қолға түскенін айтты. Осы жолмен 25 мың доллар көлемінде пайда тапқысы келген оңтүстікқазақстандық Сағындықов деген салық қызметкері де құрыққа түскен. Өкінішке қарай, жемқорлар саны мұнымен шектелмейді.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ