ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЕҢБЕК

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ ҰЛЫҚТАҒАН ЕҢБЕК

ҰЛТТЫҚ ИДЕЯНЫ   ҰЛЫҚТАҒАН ЕҢБЕК
ашық дереккөзі

Біздің халықтың ұлттық сана-сезімі тегінде ешкімнен кенже қалмаған, әлем халықтарымен қарайлас қалыптасқан, сондықтан да әлем елдерімен шамалас уақытта ұлттық мемлекет – Қазақ хандығын құрған (ХV ғ.) болатын. Бірақ Шығыс елдері сияқты біздің ел де Батыс державаларының – Ресей империясының отарына айналды. Отарлық үстемдік пен кеңестік тоталитарлық режим біздің ұлттық санамызды жаншып, рулық санамызды өсіріп, деңгейімізді төмендетуге барынша күш салды. Осы мәселеге тоқталғанда Мемлекеттік хатшы: «Қазақстанның жиырмасыншы жылдардағы тарихы көп жағдайларда ұлттық пен тоталитарлық қақтығыстың тарихы. Бұл ұлттық сана-сезімді аяусыз саяси машинаның езіп-жаншу тарихы», – деген еді.
Кешегі кеңестік режим ұлттық сана-сезімді қанша езіп-жаншыса да, оны түбегейлі өшіре алмады, ұлттық идеяны да жоя алмады. Керісінше, сол ұлттық идея ақыры халқымызды тәуелсіздікке жеткізді. Ұлттық идеяның соңғы мақсаты ұлт азаттығы ғана емес, ол ұлттың асқақ мұраты ретінде халқымызды жарқын болашаққа бастайтын бағдаршам әрі құдыретті қозғаушы күш болып табылады. Мәселе керемет ғылыми ұлттық идеяны қорытып қабылдау және оны жалпы халықтың іс-қимылына айналдыруда болса керек.
Міне, осындай ұлттық идея мәселесін сөз еткенде, еліміздің белгілі ойшыл ғалымдары А.Сейдімбеков, Х.Әбжанов және Қ.Салғараұлы бірлесіп жазған «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» (Астана, «Фолиант» баспасы. -2012 ж., 248-б.) атты еңбекті қайталап оқып, түйілген ойларды ортаға салуды жөн санадым.
Аталмыш еңбектің аты айтып тұрғандай, бұл еңбекте халқымыздың ұлттық идеясының тарихи тағдыры мен болашағы біртұтас қарастырылып, біршама терең талдаулар жасалып, ұтымды тұжырымдар қорытылып, тәжірибелік маңызы бар ұсыныстар айтылған екен.
Мемлекеттік хатшы тарихшыларға бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағамдау талабын қойып отырған жағдайда, Ұлттық тарихы­мыздың өзегі болып саналатын Ұлттық идеяны барлық зерттеудің арқауына айналдыру қажет десек, онда аталмыш еңбектің маңызын терең түсінеміз.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Ұлттық идея немесе Ұлттық идеология жөнінде біршама ізденістер жасалып, тамаша ой-пікірлер айтылып, жазылып келеді. Дегенмен Ұлттық идеяның қарапайым ұғымдарынан тартып, теориялық негіздерін анықтап, өркениеттік өлшемдер бойынша қазақ Ұлттық идеясының қалыптасуын анықтап, оның тарихи кезеңдердегі бейнелері мен трансформацияларын ашып көрсеткен, сондай-ақ Ұлттық идеяның болашағын болжап, ой қорытқан алғашқы монографиялық еңбек, сірә, осы «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» болса керек деп ойлаймын. Әрине, мен мұны көзіме түскен еңбектер негізінде айтып отырмын.
Бұл еңбек кіріспеден, екі бөлімнен, он екі тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттер тізімінен құралған. Оның «Елдік және ұлттық идея негіздері: методологиялық па-йым» деп аталатын бірінші бөлімінде, авторлар мәселені төрт тақырыпқа бөліп қарастырған. Онда Ұлттық идея­ны тарихи реттік үдерісі бойынша емес, «Қазіргі ахуал» – деп, 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бас­тал­ған қоғамдық ой ағымдары мен идео­логиялық күрестердің, тіпті қоғамдық мүд­делі топтар арасындағы күрделі қатынастардың көріністеріне тарихи салыстырмалы талдау әдісі бо-йынша анализ жасау арқылы олардың заңдылық сипаттарын ашып көрсетіп, ғылыми тұжырым жасайды. Тәуелсіз ел құру барысында жіберіп алған әтеген-айларды да ашып көрсетеді. Мысалы, ғалымдар: «Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бірінші шаруа – халықтың сан ғасырлар бойы бодандықта болып, құлдыққа бейімделген санасын уланған дертінен айықтырып, олардың елдің де, жердің де иесі өздері екендігіне көз жеткізе отырып, оның болашағына да өздерінің жауапты екенін сезінуіне мүмкіндік туғызудан басталуы тиіс еді. Бұл – тарихи шындық. Бірақ солай бола тұрғанымен, өкінішке орай, біз бұлай істей алмадық. Қазақстанда отарсыздану үрдісін тәуелсіздік алғаннан кейін бірден бастап кете алмадық. Мұның да түп себебі – біздегі отарланған сананың оянған Рухты мезгілінде демеп әкете алмаған дәрменсіздігінде жатқандығы шындық» (19-б.) – деп, атап көрсетеді.
Авторлар өз еңбегінде Қазақы болмыс, қазақшылдық және ұлт, ұлттық сана, мүдде және мінез деген мәселелерге жан-жақтылы талдау жасаған. Мұнда зерттеушілер қазақтың әсілгі қазақы болмысына анықтама беріп, қазіргі қазақтардың болмысын сегіз типке бөліп талдау жасау арқылы, қазақтар бөлшектенді деген қорытындыға келеді. «Олай болса, бөлшектенген қазақты бірлікке келтіріп, біртұтас халыққа айналдыру – ұлттық идеяның мазмұнын құрауға тиіс» (28 б.), – деген ой айтады. Сондай-ақ олар қазақшылдықты дәріптеп, «қазақшылдық – қазаққа алаңсыз қызмет көрсету» (30 б.) – деп түсіндіреді. Алайда олар ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюды дәріптеп: «ұлттық мүдде өмірдің бар саласында бірінші кезекте тұруға тиіс» (37 б.) – деп санайды, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық құрылымына сипаттама беру арқылы «Қазіргі Қазақстан – бір ұлтты, көп диаспоралы мемлекет. Сондықтан Қазақстанда қазіргі уақыт талабына сай атқарылатын жұмыс, жасалатын реформалардың шет елдер тәжірибесінен алынып, негізделетін жаңалықтардың бәрі-бәрі осы жалғыз ұлттың мүддесі тұрғысынан жүзеге асуы – міндет. Бұл білім беру саласына да тікелей қатысты», – деп атап көрсетеді. Бұл құптауға тұратын көзқарас. Өйткені ол – әсілі тәуелсіз елде талқылауға болмайтын қағида еді. Бірақ біздің елдің жағдайында бұл көзқарасты көбірек дәріптеуге тура келеді. Сондықтан да мен кезінде тілшіге берген бір сұхбатымда: «Мемлекеттік мүдде жеке топтың мүддесінен биік тұруы қажет («Түркістан» газеті. 2009 жыл 26 ақпан)» дегенім бар.
Монография авторлары заманның өзгеруін, қоғамның дамуын, әсіресе мемлекеттік биліктің өз қолымызға қайта келген қазіргі жағдайды ескере отырып: «ежелгі тектілікке оралып, ұлттық мінезді қалыптастыру мемлекеттік тұрғыдан қолға алынар бүгінгі күннің басты шаруасының бірі болмағы жөн», – деп өте дұрыс ұсыныс айтады. Өйткені біздің халықтың мінез-құлқы саяси қысымдардың салдарынан кері өзгеріске ұшыраған. Оның көріністері – әділетсіздік, екі жүзділік, жағымпаздық, приницпсіздік, заңсыздық, өтірікшілдік, өзімшілдік, тіпті, сатқындық сияқты іс-әрекеттерден байқалады.
Ғалымдар өз еңбегінде дәстүр, ұлттық мәдениет пен өркениет тақырыбына көлемді орын берген. Мұнда авторлар әлемдік өркениет тұрғысынан қазақ өркениетіне және ол бастан кешкен орыс өркениетіне талдау жасауы өте қызықты. Еңбекте Шығыс пен Батыс өркениеттер арасындағы айырмашылықтар мен өзара байланыстарға да талдау жасалып, Батыс державаларының жартылай отары немесе классикалық отары болған Қытай мен Үндістанның қазіргі дамуын мысалға келтіре отырып, қазақ елінің дамуына көз жібереді де: «таяу жылдарда ұлттық дәстүрімізге сай халықтық қалпымызға оралып, төл мәдениетімізге табан тірей отырып, әлемдік білімді игеруге қол жеткізу арқылы біздің де осы елдер қатарына қосылуымызға, яғни адамзат өркениеті биігіне көтерілуімізге толық мүмкіндігіміз бар» (61 б.) – деген қорытынды шығарады. Бұл көзқарасқа ешкім қарсы бола қоймас, өйткені қазақ халқында және Қазақстанда өркендеудің барлық алғышарттары бар, мәселе соның тетігін табуда ғана деп санаймын.
Еңбектің екінші бөлімінде ұлттық идеяны зерттеу ұстанымдары сараланады. Оны мұрағат деректерінен ұлттық идеяның дәйектерін сұрыптап алу, ұлттық идеяның тарихи эволюциясы, елдік идеология мен ұлттық идеяның өзара байланыстары сияқты мәселелерге теориялық пайымдар жасайды. Сонымен бірге ХХ ғасыр басындағы ұлттық идеяның көтерілуі және жанышталуын, ғасыр соңында Астананың қазіргі ұлттық идеяның ұйтқысына айналып отырғаны сынды тарих дамуының заңдылығын ашып көрсетеді. Осыдан оқырманға – қазақ Ұлттық идеясының тағдыры күрделі болғанымен, болашағы жарқын болады деген сенім ұялайды. Меніңше, бұл еңбектің ең құндылығы осында. Яғни Ұлттық идеяны ұлықтауында деп санаймын.
Дегенмен аталмыш монографияда «әттеген-ай» дейтін тұстары да бар сияқты. Мысалы, Ұлттық идея ұлттық ілім негізінде уағыздалуы және дамытылуы керек. Сондықтан еңбекте қамтылуға тиісті мазмұн деп санаймын. Оны «Қазақ халқының ру-тайпалық құрылымы» деген тараудың орнына қойып жазғанда, еңбектің ғылыми құндылығы тіпті де арта түсер еді. Өйткені соңғы жылдары бұл мәселе ауық-ауық айтылған еді. Мысалы, белгілі абайтанушы ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметұлы «Толық адам» теория­сын ұлттық идеология ретінде ортаға қойған. Мен кезінде оған «”Толық адам” теориясын ұлттық идеологияның теориялық жүйесі деп қабылдау қажет. Өйткені ол – өз халқымыздың дәстүрлі мәдениетінде қалыптасып кемелденген өскелең адамгершілікті уағыздайтын ілім. Сондықтан ол біздің адамдардың жүрегіне қонады, іс-қимылының бағытына айнала алады» («Түркістан» газеті. 2009 жыл 26 ақпан)» – деп, үн қосқан едім. Алайда бұл тақырып БАҚ-та кең талқыланбады. Бірақ Ұлттық идеяны зерттегенде, біздің халықтың ХХ ғасырда шеттен енген ілімдермен суарылғанын ескеруге тиіспіз. Мүмкін өзге ілімдерден көп білім алатын шығармыз, бірақ одан патриотизм қалыптаспайтыны анық.


Нәбижан Мұқаметханұлы,
тарих ғылымдарының докторы, профессор