«ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ БОЛУ» ҚИЫН БА?

«ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЗАҚ БОЛУ» ҚИЫН БА?

«ҚАЗАҚСТАНДА  ҚАЗАҚ БОЛУ»  ҚИЫН БА?
ашық дереккөзі

Көзі қарақты оқырман өзі білер, «Түркістан» газеті жеті айдан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылының тағдырына қатысты материалдар жариялап жүр. (Қараңыз: «Баян ауыл басына бұлт оралды», 20 мамыр, 2013 жыл), «Басы даулы, халқы мұңлы Баян ауылы», 8 тамыз, 2013 жыл). Бұл материалдардың жазылуына көктемде ауыл тұрғындарының атынан газетіміздің редакциясына келіп түскен арыз-шағымы себепкер болған еді.

Әуелі аудан, одан соң облыс әкіміне хат жазып, өтініш білдірген ауылдың белсенді азаматтары атқарушы билік өкілдерінің селқостығынан түңіліп, газеттің ауыл тағдырына араша түсуін өтінген.

Бұған дейін жазғанымыздай, бізге хат жазған газет оқырмандары Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы Баян ауылын ауылдық округ мәртебесінен айырып, орталықты көрші Архангелка селосына көшіруге наразы еді. Онсыз да қазақылығы шамалы облыста қазақ ауылдарының саны кемшін екені жасырын емес. 1305 тұрғыны бар Баянды округтік мәртебеден айыру астарында елді мекенге апаратын тас жолдың жиырма жылдан беру жөндеу көрмеуі, бюджет қаржысының ауылдың әлеуметтік мұқтаждықтарын өтеуге жетпеуі, 140 бала оқитын қазақ мектебінің болашақта жабылып қалу қаупі тұр еді. Ал сол маңдағы Троицк елді мекеніне қажетті қаржы дер кезінде бөлінетіні жоғарыда көрсетілген «Баян ауыл басына бұлт оралды» атты мақалада ашық жазылды.

Алайда сәуір айында Баян ауылдық округын тарату, оған қараған қазақ ауылдарын Архангелка округыне қосу жөнінде жергілікті биліктің шешімі шығып үлгерген еді.

Осы мәселені егжей-тегжейлі кө­тер­ген газет тілшілері Парламент депутаттарынан пікір жинады, одан соң газетке шыққан мақала Үкіметке дейін жетті. Бірақ Өңірлік даму министрлігінің жазған жауабының кезекті ақпар-есептен еш айырмашылығы жоқ еді. Мұны екінші, «Басы даулы, халқы мұңлы Баян ауылы» атты мақаламызда егжей-тегжейлі жазғанбыз.

Ауылдарды ірілендіру дүрмегімен осы аудандағы жеті бірдей ауыл таратылып кеткен. Жабылған ауылдарда тұрып жатқан адамдар елсіз жерде тіршілік етіп жатқандай халде қалған. Жалпы, алғанда осы облыстың Жамбыл ауданында сегіз айдың ішінде төрт әкім ауысқаны көп жайттан хабар берсе керек. 

Ақыры, жергілікті атқарушы және өкілетті биліктің барлық органдарынан дұрыс жауап ала алмаған ауыл тұрғындары өткен айда осы мәселелердің бәрін айтып, ҚР Прези­ден­тінің атына хат жазуға мәжбүр болды. 

Елбасының атына хат жазған ауыл тұрғындары барлық жағдайды түсіндіріп, ашына баяндады: «Баяна­уыл округын жауып, округ орталығын орыс селосы Архангелкаға көшіру барып тұрған әділетсіздік. Осы екі елдің рухани-әлеуметтік деңгейлерін салыстырып көріңізші: Баян ауыл округінде осы жылдың басында 1305 адам, ал Архангелка округінде 1070 адам тұратын. Баянауыл мектебінде оқушылар саны әлдеқайда көп. Халықтың қоғамдық істерге, ел абыройын көтеруге белсенділік көрсетуі де ерекше. Жергілікті билік неше түрлі қысым жасаса да, қиындықтарға қарамай, Баян ауылы рухани әлсіреуге ұшыраған жоқ. Ел өз күнін көріп жатыр. Баянауыл округының сыртта жүрген кәсіпкер жігіттері елдегі қандастарына туыстық қолдарын созуда. 2009 жылы біздің округтің түлегі 45 миллион өз қаражатын жұмсап, аудан орталығы Преснов селосына көркіне көз тоймайтын мешіт үйін салып берді. Екінші бір жігіт Баян ауылының өзінде аумағы ат шаптырымдай көрікті мешіт салып берді. Ал Архангелка селосында селолық әкімдік жекеменшіктің үйін жалдап отыр. Екі ауылдың сырт бейнелерін салыстыруға да тіл бармайды» делінген. Ауыл азаматтары Баянауыл ауылдық округ мәртебесін қалпына келтіру және осы ауылдан Архангелкаға дейін 8 шақырым жолды жөндету туралы өтініш айтқан. Елбасыға хазған хатқа жиыны 132 адам (әр отбасыдан бір адам) қол қойған.

Сонымен, жарты жылға созылған мәселе оң шешілді. Баян ауылының ауылдық округ мәртебесі қалпына кел­тірілді. Бұл орайда, ауыл тұр­ғын­­дарының атынан ҚР Журна­лис­тер одағының мүшесі, газет оқыр­маны Тілеген Жетеев ақсақалдың редак­циямызға хабарласып, рахмет жаудырғанын өткен нөмірде жазғанбыз.

Бірақ… осы жерде тағы бір кілти­пан­ның құлағы қылтияды. Баян ауыл­дық округ болып саналғанымен, бұдан кейін округтың аты Архангелка болып өзгертіледі деген шешім қоса шығыпты. Шамасы, бұған дейін есеп-қисап қағаздарында «Архангелка ауылдық округы» деп бекітілгендіктен де, жергілікті шенеуніктер округ орталығының мекенін өзгертсе де, қағаз жүзінде оның атауын қалдырғанды оңай санаған.

Ауыл тұрғындары бұған наразы. Бұл мәселеге «Түркістан» газеті де бейжай қарай алмайды. Ономастикалық мәселенің астарында ұлттық мүдде тұрғанын несіне жасырамыз. Онсыз да республикада солтүстік аймақтардағы елді мекендердің атын қазақшалау мәселесі күн тәртібінен түспей тұрғанда, қазақы округті орысша атаудың жөні бар ма?

Талай дауға өзек болған Петропавл, Павлодар атауларын былай қойғанда, еліміздің солтүстігіндегі бірнеше аймақтарды аралаған кезде, Қазақстанда емес, өзге елде жүргендей күй кешесің. Қазақтың байырғы жер-су атауларын тәрк еткен, ойдан шығарылған атаулар кешегі кеңестік заманның бұлдыр бейнесіндей елестейді. Әлі күнге отарлаудың құрсауынан шыға алмай келе жатқандаймыз. Ендеше, сексен жылдық тарихы бар ауылды округ орталығы етіп бекітіп, бірақ тәуелсіздіктің жиырма екінші жылында оны өзінің төл атауынан айырып, орыс атауын беру көңілге қонымды ма?

Ұлттық мүдде тұрғысынан қарағанда ұсақ-түйек мәселе жоқ. Мейлі ол облыс орталығының, мейлі ол алыс түкпірдегі ауылдық округ орталығының аты болсын, географиялық мекендердің жай-жапсары мемлекеттің тарихынан, халықтың мәдени тұрмысынан хабар беріп тұруы қажет. Сондықтан да «Баянды» «Архангелкіге» айырбастаудың жөні жоқ.

Осы ауылдың белсенді азаматы, газетіміздің оқырманы, ардагер журналист Тілеген Жетеев ақсақалдың бізге жолдаған тағы бір мақаласын ықшамдап ұсынып отырмыз. 


«БАҒЫМЫЗ БАЯНДЫ БОЛСА ЕКЕН», –

дейді баяндықтар

Ел басына түскен әділетсіздікке, дұрысын айтқанда, қиянатқа қарсылық білдіріп, дүрбелеңге түскен Баян ауылының тұрғындары жергілікті биліктің жанға батар шешімдерін өзгерту үшін қолдарынан келер тұяқ серпер қимылдарын жасап бағуда. 

Үстіміздегі жылдың басында облысқа әкім болып келген Самат Ескендіров өзінің алғашқы қызметтік қадамдарын урбанизация процесіне ілігіп, сұрқы кеткен ауылдарды таратудан, жекелеген ауылдық округтерді жабудан бастады. Сол «қара тізімге» Жамбыл ауданындағы небары екі қазақ округінің бірі Баянауыл ауылдық округі де енгізіліпті. Облыс билігінің ауыл тұрғындарымен ақылдаспай, күрделі іске Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, арнайы бағдарлама жасап алмай, жабылатын ауылдардың көші-қон мәселесін шешіп алмай, «қайда барсаңдар, онда барыңдар» деген пиғылда шешім қабылдауы дұрыстыққа жатпайтын әділетсіз қимыл, қарапайым ауыл тұрғындарына жасалған әлімжеттік еді. Осы оспадар үстемдік Баян ауылы халқының шамына тиіп, жоғарғы билік органдарына арыз-шағымдар жазуға мәжбүрлегені жөнінде «Түркістан» газетінің осы жылғы №20 санында «Баян ауыл басына бұлт оралды», №31-32 санындағы «Басы даулы, халқы мұңлы Баян ауылы» атты көлемді мақалаларда егжей-тегжейлі жазылған болатын. 

Әділдікке шақырып, облыс әкіміне, заң орындарына, Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына, БАҚ-тарға шағым-хаттар жаздық. Таң қаларлығы, елге қамқорлық жасап, қорған боларлық құзырлы орындардың бәрі ел басына күн туған күрделі іске жүрдім-бардым қарады. Көпшіліктің жанайқайына мән беріп, келіп көруді ойламады. Бар бітіретіндері «Мынаны тексеріп, жауап беріңіздер» деп арыз-шағымдарды аудан әкімдігіне жібереді. Аудан әкімі облыс әкімінің шешімін өзгерте ала ма? Амалсыздан «Қазақстанымыздың экономикасы дамып, ауылдары көркейіп келеді» деп, нақты қойылған сұрақты айналып өтіп, мән-мағынасын ешкім түсінбейтін сырғытпа жауап береді.

Әбден амалы таусылған, шарасыз­дыққа тірелген ел азаматтары ақылдаса келіп, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына шағым-хат жолдады. Небары жарты ай өтпей жатып, «Сіздердің шағым-хаттарыңызды тексеруге Астанадан комиссия келеді екен» деген хабар ел құлағына жетті. Қазан айының 30-ы күні сағат 11-де баянауылдықтардың жалпы жиналысы өтетіні хабарланды.

Жиналысқа жол таңдамайтын «Нива», «Джип» автокөліктерімен келген билік өкілдері Архангелка мен Баян ауылының арасындағы 22 жыл бойы жөндеу көрмеген 8 шақырым «қиямет» жолын өз көздерімен көрді. Жол таңдамайтын автокөліктердің өзі тұсаулы аттай кібіртіктеумен болды. 

…Жиналғандардың көптігінен шағын клубтың ішінде ине шаншарға орын қалмады. Залға кіре алмай, есіктен сығалап сыртта жүргендері қаншама. Жиналысты ауданның жақында тағайындалған жас әкімі Орал Қаппасов ашып, келген қонақтармен таныстырды. Шен иелерін бастап келген облыстық мәслихаттың хатшысы Қайырлы Едірісов пен облыс әкімінің аппарат жетекшісі Владимир Дудов екен. 

Жиналыста соғыс және еңбек ардагері, 90 жастағы қадірлі қарт Азихан Бегалиев «Баян ауылы көптің аузына іліккен, салтанаты жарасқан ақар-шақар таза қазақ ауылы еді. Неге мұндай күйге жетті? Оған біреу жауап беруі керек қой. Самат Ескендіров осы ауылдың өсіп-өркендеуі үшін бір қазық қақты ма? Жанайқайымызды білдіріп, «елімізді келіп көріңіз, оның дамуы үшін ақыл-кеңесіңізді беріңіз» деп әлденеше рет шақырғанда келмейтін ол кім?» деп ашына сөйледі.

Бұдан соң елдің бас көтерер азаматтары З.Мырзалиев, Қ.Жұмабеков, А.Ташенов, З.Ғарібханова, Р.Анафина, Б.Бошанова және басқа да тұрғындар сөз сөйлеп, Баянауыл округын бұрынғы қалпында қалдыруды сұрады. «Қазіргі жағдайда ауылды өшіру емес, өсіру керек!» десті ауыл азаматтары. 

Осы орайда, ауылшаруашылығында 55 жыл басшылық қызметтер атқарған қарт журналист, осы мақаланың авторы жерлестерінің сөзін қолдай келе:

– Сонау мұхиттың арғы жағындағы тіршілігі, әдет-ғұрпы, даму қарқыны мүлде басқа ел Американы ауылдық жерлерде тұратын 5-ақ пайыз адамдар асырап жатыр, біз де сондай боламыз дедік те, ауылдарды құрттық. Біздің ауданымызда 90-жылдардың басына дейін 62 елді мекен, 53 мың адам бар еді. Үстіміздегі жылдың басында 57 ауыл, 23 мың адам қалды. Енді келіп, «оңтайландыру» дегенді желеу етіп, облыс билігінің шешімімен 7 ауыл таратылып отыр. Шындығында, бұл ауылдардағы тұрғындардың көпшілігі қарттар мен мүгедектер, көшіп кетуге жағдайы жоқ әлсіз отбасылар. Қағаз жүзінде таратылған ауылдар сол бұрынғы орындарында. Санда бар, сапада жоқ бұл бейбақтар билік тарапынан мүлде қамқорлықсыз қалуда. Адамдарды шағын ауылдардан зорлап көшірудің бұл амалдарын облыстың заң органдары да көріп-біліп отыр. Бірақ күйзеліске ұшыраған жандардың сөзін сөйлеп, қорған боларлық құзырлы мекемелер үнсіз. 

Біздің облыста қазір небары 578 мыңдай адам бар. Бұл 17 миллион қазақстандықтардың 3,35 пайызы. Жамбыл ауданының 24 мың халқы рес­публика тұрғындарының 0,14 пайызы емес пе? Сонда ауыл халқын азайту жөнінен біздің облыс алпауыт Американы шаң қаптырып кетіп отыр. Бұл жақсылық па, әлде жамандық па? Ауылдағы қай саланы алып қарасақ та, кадр тапшылығы бар. Жұмыс қолы да жетіспейді. Осындай су аяғы құрдымға кеткен заманда ауылдарды жабу, анығын айтқанда қудалау ақылға сыймайды. Қазір ауылдарды өшіру емес, өсіру керек. Ол үшін елді мекендерде тұрғын үйлер салып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жасап, көшіп кеткен ауыл адамдарын кері қайтаруды ойластырған жөн, – деген еді.

Үш сағатқа созылған жиналысты қорытындылаймын деп сөз кезегін алған облыс мәслихатының хатшысы Қ.Едірісов ойланбай сөйлеп, басына пәле тілеп алғандай болды. Оның:

– Оңтайландыру шешімін облыс басшысы С.Ескендіров өзі ойлап тапқан жоқ. Ол ел президенті Н.Ә. Назарбаевтың нұсқауы. Сіздер қазақпыз деп орыстарды шеттете бермеңдер. Орыстың тілі арқылы қазақты бүкіл әлем танып отыр. Орыс­тар біздің қорғанымыз. Олар болмаса, Қазақстанды қара қытай әлдеқашан басып алар еді, – деген сөздері енді-енді сабасына түсе бастаған халықты қайтадан ашындырды. Бұдан кейін шен иесінің сөзін елдің шуы басып кетті. 

…Қуанышты хабар ауылға ертеңіне жетті. Облыс әкімі өзінің алғашқы шешімін өзгертіп, Баян ауылын ауылдық округтың орталығы етіп қалдыратын болыпты. 

Жабылып қалған ауыл әкімдігінің құлыптаулы есігі қайта ашылып, ғимараттың төбесіндегі алынып тасталған көгілдір ту тұғырына қайта қонды. Әп-сәтте әкімдіктің алдына жиналған ауыл тұрғындары: 

– Тәуелсіз Қазақстан жасасын!

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жасасын! – десіп, бір-бірін қуана құттықтап жатты…

Алайда арада бес күн өткенде округ әкімі Серік Шәріповке жаңадан құрылған әкімдіктің атауы «Архангелка селолық округы, орталығы Баян ауылы» деп аталсын деген мазмұндағы нұсқау келіпті.

Ауылдың айтқыштарының бірі мұны естіген кезде:

– Жоғарғы биліктің мұнысы қазақтың алтын басына орыстың жыртық малақайын кигізу ғой. Мен бұған қарсымын, – депті.

– Қазақстанда тұрып қазақ болу қандай қиын, – дедім мен де толғана сөйлеп.

Тілеген ЖЕТЕЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Солтүстік Қазақстан облысы, 

Жамбыл ауданы

Гүлбиғаш ОМАР