Ақын Есенқұл Жақыпбеков өмірден өтті

Дүние-жалған!

Дүние-ай! Ақын Есенқұл Жақыпбеков
өмірден өтіпті. Күні кеше ғана Жазушылар Одағының әдебиетшілер үйінде өткен
Сейдахмет Бердіқұловтың сексен жылдық мерейтойында кездескен едік. Арада
үш-төрт күн өткенде Есенқұл Жақыпбеков өмірден өтіпті деген хабарды естіп, сең
соққандай күй кешіп отырмыз.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
 Есенқұл Жақыпбеков 1954 жылы 19 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы,
Бірлік ауылында дүниеге келген. 1990 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін
тәмамдаған. Суырып салма дарынымен танылған айтыскер еді. Есенқұл Жақыпбековтің
алғашқы жыр жинағы «Қарлығаш» деген атпен 1984 жылы жарық көрді. 1990 жылы
«Біз екеуміз», 1994 жылы «Жеріңе табын», 1996
жылы «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», 1999 жылы «Біздің елдің жігіттері»
және 2001 жылы «Бұл жаз да өтер» атты өлеңдер жинақтары жарық көрген.
Сондай-ақ, «Тау басында кәрі қар» кітабының авторы.1984 жылы республика
телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанды. Көпшілікке танымал
«Біздің елдің жігіттері», «Алдай-ау», «Өнер адамы», «Бақ пен Қызыр қонса да»,
«Өзіңді аңсап…», «Көк шыққанға бір қуанып» атты әндердің сөздерін жазған.

Жаны жайсаң, жақсы ағаның жаны жәннатта болсын! Бақұл
бол, аға!

Түркістандықтар

Back to top button