МҮДДЕЛЕР МүЙІЗДЕСКЕН ТҰСТА

МҮДДЕЛЕР МүЙІЗДЕСКЕН ТҰСТА

МҮДДЕЛЕР  МүЙІЗДЕСКЕН ТҰСТА
ашық дереккөзі

Соңғы жылдарда әлемді Араб мемлекеттеріндегі күрделі қайшылықтар алаңдатуда. Ирак, Ливия, Египет, Тунис мемлекеттері азаматтық тартыс пен қақтығыстар ықпалынан әлсіреді. Кезінде 20-30 жылдай тұрақты дамыған Таяу Шығыстағы Сирия Араб Республикасы да бауырлас мемлекеттердің жолын құшты. Билікке, байлық пен ықпалға таласқан ішкі топтар Сирияны азамат соғысы аймағына айналдырып жіберді. Діни алауыздықпен және сыртқы күштердің арандатуынан болған азаматтық соғыс 2 жылда 100 мыңдай сириялықтардың қырылуына әкелді. АҚШ бастаған Батыс мемлекеттерінің Сирияға қарсы әскери операциясы басталса, бұл шығынның еселеп артатыны даусыз. Мысалы, Батыс каолициясының 2003 жылғы Ирак Республикасына Саддам Хусейннің режиміне қарсы шабуылында 650 мыңға жуық адам қырылған болатын.


Сириядағы дағдарыс себептері


«Араб көктемі» құбылысы Сирияға жеткеніне де 2,5 жылдан асты. Бейбіт өмір сүріп, халқы бай өмір сүріп отырған мұсылман мемлекеті өзара қырқысу алаңына айналды. Сирияда аштан өліп, үйсіз қаңғып қалғандар болмаса да азаматтық соғыс басталды. Бұл елдегі қайшылықтардың себептері көпжақты және көптүрлі. Сириядағы дағдарыстың әлеуметтік себептерінен гөрі саяси, діни және геосаяси себептері басымырақ. Алғашқы ішкі наразылықтар 2006 жылғы аса ауыр қуаңшылықтан кейін басталды. Әсіресе, көш­пен­ді бедуин тайпалары, ірі мега­по­листерден тысқары өмір сүретін су­ниттер ел билігіне наразылық та­ныт­қан. 42 жылдай Сирияны билеген Асадтар династиясы ел халқын әбден ығыр етті. Хафез Асад 29 жыл Сирияны басқарса, оның ұлы Башар Асад 2000 жылдан бері қарай елді билеуде. Бұл екеуі ел халқының 12 пайызын құрайтын исламдық шииттік бағытында ала­виттік ағымды ұстанды. Сирия­лық­тардың 60 пайыздан астамын құ­райтын суниттердің өкілдері би­лікте аз болды. Басқарушы эли­таны алавиттер тобы құрады. Сирия­лықтардың 10 пайызын құрай­тын христиандар да жаман өмір сүрген жоқ. Олар Башар Асад­тың зайырлық қоғамға бет­бұ­рыс жасау саясатын және рефор­ма­ларды қолдады. Биліктен шет­те­тілген сириялық бедуиндер мен­ суниттерді Сауд Арабиясы мен Катар сияқты аса бай, батыс елде­рі­мен одақтас суниттік елдер қол­дады. Бірақ Сириядағы соғыс суниттер мен шииттер арасындағы діни соғыс болып өршіген жоқ. Бұл соғыс биліктегі топ пен оның жақтастарына қарсы азаматтық соғыс ретінде өрістеді. Алавиттер мен суниттер арасындағы қайшы­лықтар Сирия дағдарысының көп се­беп­терінің бірі ғана. 

Бостандықты, демократиялық рефор­маларды, өмір жағдайын жақ­сар­­туды талап еткен үкіметке қарсы шерулер Сирияда 2011 жылдың наурыз айында басталды. Иордания мен Израильдің шекарасында тұрған Дараа қаласында басталған шерулер айдың аяғына дейін Алеппо, Латакия, Хомс, Хама қалаларына қанат жайды. Президент Башар Асадтың жақ­тас­тары да осы қалаларда өзде­рі­нің митингтерін өткізіп жатты. Сириядағы қозғалыста «Ислам бауыр­лар» діни ұйымы мүшелері ерек­ше белсенділік көрсетті. Туркиямен шекарада орналасқан Джисир ат Шугур қаласында бол­ған қақтығыста 120-дай қауіп­сіздік қызметкерлері мен полиция өкіл­дері қаза тауып, Сирия бас­шылығы бұл қалаға әскери бө­лім­шелерді кіргізді. Оппозиция күш­тері таулы аудандарға шегінсе, 10 мыңдай тұрғын Түркияға босты. Түркия үкіметі бұл босқындарға ар­налған лагерлер тұрғызуға мәжбүр болды. Франция, Англия мен АҚШ Сирия үкіметінің қи­мылын «демократиялық реформа талап­тарын басып-жаныштау» деп­ бағалады. Франция БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесінде Сирияға эконо­микалық санкция жасауды ұсынды. Бірақ Ресей мен Қытайдың бұл резолюцияны қолдамауы санкцияны жү­зеге асырмай тастады.

Оппозициялық күштер Ба­тыс қауымдастығы және әлем­дік радикалистік исламдық қозғалыс­тар­дың көмегімен «Еркін Сирия армия­сын» жасақтады. Бұл армия­ға және түрлі топтардың әскери құра­маларына, «ислам жиһады» идеясын жақтайтын жүздеген жауынгерлер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Ресми деректерде осы діни әскери құрамаларда Қазақстан азаматтары да бар болып шықты. Көршілес Ресейдің 500-600 жалдамалары соғысқа қатысқандығын Ресей президенті В. Путин мәлім етсе, ресми Дамаск Сирияда әлемнің 29 елінен келген жалдамалылар соғысып жатқандығын мәлімдеген. Сириядағы соғыстың бастапқы қиян-кесті ұрыстар кезінде 10 күн ішінде үкіметтік әскерлер 12 тәжік азаматын тұтқындады. Солардың 7-уі Біріккен тәжік оппозициясының дала командирлері болып шыққан. Діни университеттерде оқитын 3 тәжік студентінің Сириядағы «ислам жиһадына» қатысып, шейіт болғаны анықталды. Ислам үшін өзін құрбандыққа шалуға дайын жанкештілердің арасында тәжіктермен қоса өзбектердің, қазақ­тардың көптігі туралы мәліметтер бар. Сирияда «Әл Каида», «Сирияның ислам армиясы», «әл – Нусра майданы», «Екрін Сирияның армиясы», «Ислам жиһады одағы», «Талибан», «Халифат сарбаздары», «Өзбекстан ислам қозғалысы» т.б. радикалды ислам ұйымдарының мүшелері соғысқа қатысуда. Әрбір «тірі бомбаның» құны 50 мыңнан 120 мың АҚШ долларымен бағаланған. «Еркін Сирия армиясының» жауынгерлерін Түркия, Сауд Арабиясы, Катар қолдап, көмектесіп отыр. Әлемдік радикалистік ислам қозғалыстарының негізгі жауы болып саналатын АҚШ пен оның одақтастары Сирияда ислам жауынгерлерін қаруландырып, Башар Асад режиміне қарсы салуда. Ресей террористік күштердің Сирияда топтасуынан, дайындықтан өтуінен алдағы уақытта Батыстың өзі бірінші кезекте таяқ жейді дегенді айтуда. Катар мемлекеті де террористік топтарды қаржыландыруда деген деректер бар. Сирия билігі мен оппозиция арасында «ақпараттық соғыс» белсенді жүруде. Сирияда діни, әлеуметтік, топтық, этникалық және геосаяси мүдделер қайшылықтары күрмеуі қиын құбылысқа айналды. Мәселе 2013 жылдың 21 тамызы күні химиялық қарудың қолданылуына байланысты тіптен ушыға түсті. Сарапшылар қарсыластардың қайсысының жаппай қыру қаруын қолданғанын анықтай алған жоқ. Бірақ, бұл оқиғаны АҚШ өз мүддесіне пайдалануды көздегені ақиқат. 

АҚШ басшылығы Сирияда Башар Асадтың диктатурасын және оның адамзатқа қауіп төндіретін химиялық қаруларын жоямыз деп жариялады. Өкінішке қарай, 2013 жылдың тамыз айының аяқ шенінде Сириядағы үкімет әскерлері мен оппозициялық күштердің соғысы барысында бейбіт халыққа қарсы химиялық қару қолданылғаны анық болды. Бұл қару адамдарды жаппай қыруға арналған зарин газы. Сирия үкіметі зарин газын АҚШ-пен Сауд Арабиясының барлау қызметі жасырын әкеліп, жағдайды ушықтыру үшін қасақана қолданды дейді. Ал, АҚШ басшылығы химиялық қаруды Башар Асад үкіметінің әскерлері оппозициялық қарулы күштерді жою мақсатымен қолданды деген деректер келтірген. 2013 жылы 21 тамызда ел астанасы Дамаск қаласының түбінде болған әскери операция барысында зарин газы қолданылып, 1429 адам бірден қырылып, бірнеше мың адамның уланудан жапа шеккендігі шындық еді. АҚШ, Ұлыбритания, Франция басшылары химиялық қаруды үкіметтік қарулы күштер қолданды деген бұлтартпас деректеріміз бар деуде.

АҚШ президенті Барак Обама Сирияға қарсы әскери операция жасау қажеттілігін бірнеше мәрте жарияласа, 70 күннен асып кетуі ықтимал бұл әскери шараға АҚШ конгресінің рұқсат беруін өтінді. Араб елдері лигасы (АЕЛ) Башар Асадты террористік топтарға қолдау көрсетеді деп айыптап, оған қарсы саясат жүргізуде, АҚШ-қа қолдау көрсетуде. АЕЛ-ға кіретін 22 мемлекет өкілдерінің басым көпшілігі Сирияны АЕЛ ұйымынан шығарып тастауға дауыс берді. Бұл шешімге 3 қана мемлекет – Сирия, Ливан, Йемен қарсы болса, Ирак қалыс қалды. Башар Асадтың саясатына әсіресе Сауд Арабиясы мен Катар сияқты бай және ықпалды араб мемлекеттері қарсы. Іс жүзінде Араб елдерінің лигасы Сирия оппозициясын жақтауда. Араб елдері Сирия басшылығынан оппозициямен келіссөз келуді, ел халқының басым көпшілігі болып табылатын суниттерді қудаламауды, саяси тұтқындарды азат етуді, көтеріліске шыққан қалалардан үкімет әскерлерін әкетуді, арнаулы қызмет органдарының түрлі зорлық әрекеттерін тыюды талап етті.

Түркия Башар Асадтың әрекеттерін үнемі айыптаумен болды. Анкараны 2 миллионнан астам сириялықтардың босқын болуы қатты алаңдатуда. Соңғы 2 жылда халқы 4 миллионнан сәл асатын Ливан 750 мың босқынды қабылдаса, Иордания мен Түркия әрқайсысы 500 мыңнан босқындар қабылдаған. Сондықтан түріктер Сириямен шекаралас аймақтарда жаңадан босқындар лагерлерінің пайда болуына наразы. 

2011 жылы басталған азаматтық соғысқа дейін Сирия мемлекеті өз халқын азық-түлік, тұтыныс заттарымен толықтай қамтамасыз етіп келген, халқының әлеуметтік жағдайы көңіл көншітерлік елдер қатарында болды. 2000 жылды 29 жыл Сирияны басқарған Хафез Асадты ауыстырған оның ұлы Башар Асад елге тиімді көптеген реформаларды бастады. Алайда, концервативтік элита мен әскерлер Башар Асадтың жаңа бастамаларын ұнатпады. Башар Асад либералдық реформаларды баяулатуға еріксіз мәжбүр болды. Елді басқарудағы қатаң тәртіп, әсіресе 1963 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан төтенше жағдай режимі тек 2011 жылы ғана алынып тасталды. Сирияда «Араб көктемі» үрдісінің әсерімен, ішкі дүние ахуалдағы наразылыққа қатысты Башар Асад үкіметіне қарсы наразылықтар күшейе түсті. Елдегі ахуалға әлемдік державалар: АҚШ, Ресей, Иран, Еуроодақ, Қытай мемлекеттерінің геосаяси мүдделері, Араб мемлекеттерінің ішкі, өзара қайшылықтары, ислам дінінің сунниттік және шииттік бағытындағы қайшылықтар, халықаралық террористік топтардың әрекеттері, мұнай өндіруші трансұлттық корпорациялардың мүдделері және Сирияның өз ішіндегі көшпенді тайпалардың наразылықтары ықпал етуде. Сондықтан Сириядағы дағдарыстың себептері көп. Оларды шешудің қиындығы да осында. Күрмеуі қиын дағдарыстан шығудың ең сенімді жолы біреу-ақ. Ол өзара қырқыс пен азаматтық соғысты тоқтату, бейбіт келісімге келу. 


Дағдарыстың салдары


АҚШ пен оның одақтастары Сирия үкіметі әскерлері оппозицияға қарсы химиялық қару қоланғаны үшін оппозицияны Асад билігіне қарсы әскери жорыққа дайындау үстінде. Барак Обама Сирияға қарсы жорық орасан зор шығын әкелетінін жақсы біліп отыр. Себебі Сирия армиясы әлемдік рейтингте 16-орын алады. Бұл елдің әуе қорғанысы тәп-тәуір. Батыс каолициясының ракеталық соққыларына жауап беретін жүздеген радиоұстағыш аппарат қондырмалары да бүгінгі талаптарға сай. Осындағы ресейлік «Панцырь» әуе шабуылынан қорғаныс жүйесінің АҚШ-тың қанатты «Томагавк» ракеталарын бағыттарынан жаңылыстыруға мүмкіндіктері жетеді. Ал Сирия армиясына қарсы АҚШ, Израиль, Ұлыбритания, Франция, Түркия әскери күштері соғысқа дайын тұр. Башар Асад армиясының ішкі азаматтық соғыстан әлсірегендігін де есепке алған жөн. Соғыс бастала қалған күнде Башар Асадтың Хусейн мен Кадафидің жолын құшары сөзсіз. Бірақ, Сирия мемлекетіндегі шиеленіскен жағдайдың түзелмесі де анық. Бұл елде де Ирак, Ливия, Ауғанстан сияқты үздіксіз тартыс, ішкі талас пен терроризм жайлаған елге айналып кетпек. Қазір Сирияны Ресей, Қытай және Иран мемлекеттері ғана жақтауда. Ресейдің бірнеше әскери кемелері Жерорта теңізінде Сирия үкіметі әскеріне көмекке дайын. Жалпы Ресейдің Таяу Шығыстағы қалған жалғыз одақтасы Сирия. Бұл елден айрылу Ресейдің Жерорта теңізі аймағындағы геосаяси ықпалын әлсіретіп жібермек. Сондықтан Ресей Башар Асадтың билігін аман алып қалу жолында барлық әрекеттерді жасап бағуда. 

Азаматтық соғыс барысында Сирияның ірі қалалары Хама, Хомс, Алеппо зор күйреуге ұшырады. Көптеген кіші қалалар мен елді мекендер тас-талқан болды. Әсіресе, Асад режиміне қарсы оппозициялық әскерлер тұрған елді мекендер аяусыз бомбаланды. Әзірше ел көлемінде қираған үйлерді, ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді есептеп жатқан ешкім жоқ. 50 мыңдай халқы бар Джисир ат Шугур қаласының 10 мыңдай тұрғыны Түркияға босып кетті. 120-дай полиция мен қауіпсіздік қызметкерлерінің өлімі үшін бұл қала үкіметтік армияның аяусыз соққысына ұшыраған. Оппозиция Асад пен ол басқаратын Араб социалистік жаңарту партиясының жақтастарын аяусыз өлтіруде. Ал үкімет әскерлері «Мұсылман бауырлар» партиясының өкілдерін қудалауда. Өзі қирап жатқан Ирактан ешбір қайыр жоқ. Түркия Сириядағы оппозицияны қолдап отыр. XVI-XX ғасыр басына дейін 400 жылдай Осман империясының құрамында болған Сирия Түркия өзіне әлі де бағынышты болғанын қалайды. Сонымен бірге суниттік Түркия Сириядағы шииттік алавиттер тобының биліктен кетіп, Таяу Шығыстағы Иран позициясының әлсірей түсуіне де мүдделі. Сирия халқының үштен екісі суниттер, 10 пайызы христиандар, ал 12 пайызы алавиттік шииттер екендігі белгілі. Алавиттер тобы талай жылдан бері Сирияны басқарып келеді. Көпшілік болып табылатын суниттерге бұл азшылық билігі ұнамайды. Ал, Иран болса шииттік Асардың билігінің сақталуына мүдделі және Таяу Шығыста АҚШ пен Түркия билігінің күшеюіне қарсы. 1967 жылғы соғыста Израиль Сирияның Голан шоқыларын жаулап алған болатын. Сондықтан Израиль Сирияның әлсіреуіне және бөлшектенуіне аса мүдделі. Сирияның біршама бөлшегі Түркияның қарамағына өтіп, қалған жерінде Курд, Друз мемлекеттері құрылуы керек деген жасырын жобалар туралы көп айтылуда. Дамаскінің қазір көршілес Иорданиямен де қатынасы жақсы емес. Иордания астанасы Аммандағы ірі құрамды АҚШ елшілігі бүткіл Таяу Шығыстағы жағдайды сараптап, мониторинг жасап отыратындығы мәлім. Шынтуайтқа келгенде қазір Сирияның көршілері Башар Асад билігінің кетуіне мүдделі, Сирияны бөлшектеп жіберуге дайын отыр. Ирактан басқалары. 

Христиандардың елден кетуі Сирия билігін одан әрмен тықсыра берудің себебіне айналмақ. Үкімет әскерімен соғысушылар қатарында «Ислам бауырлар» ұжымдарының шетелдік өкілдері өте көп. Башар Асад әскеріне қарсы Ливиядан, Египеттен, Судан, Сомали, Ауғанстан, Пәкстан, Йемен, Кувейт, Ирак елдерінен, Қап таулары халықтарынан, тіптен түркімендерден шыққан жиһадшылар соғысуда. Оларды бүгінгі терроризмнің армиясы деп бағалауға болады. Жиһадшылардың қатарындағы жауынгерлер айына 5 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алады. Ал, қазір Сирияда орташа айлық жалақы 150-200 доллар көлемінде ғана. Кейбір деректер Асадқа қарсы көрші елдерден 3000-нан астам арнаулы дайындықтан өткен жауынгерлерді жібергендігін де айтады. Осы жылдың көктемінде Сауд Арабиясы өкіметі өлім жазасына кесілген 1,3 мыңнан астам тұтқынға егер олар сириялық үкімет әскерлеріне қарсы соғысқа баратын болса, рақымшылық жасап, ай сайын жалақы төлеп тұруға уағда бергені белгілі болды. 

2013 жылдың қыркүйегінде Сирия­да «Ислам бауырлар» радикалистік ұйымымен қатар, Әл-Каида, Ислам жиһады одағы, Хезболлах, Талибан қозғалысы, Өзбекстан ислам қозғалысы сияқты діни ұйымдардың өкілдері әлемнің 83 мемлекеттерінен жиналып соғысқа қатысуда. Олардың арасында болған қазақстандық Сергей Лескевич деген азамат Қырғызстанда лаңкестік әрекеттер ұйымдастыруға тапсырма алып келген бетінде тұтқындалды.

Таяу Шығыстағы мұсылман мем­лекеттерінен маза кетті. Осы елдерді көп жылдар басқарып келген Саддам Хусейн, Муамар Каддафи өлтірілсе, Хосни Мубарак пен Салих тақтан тайдырылып тұтқындалды. 2,5 жылдай уақыт бойы Сирия президенті Башар Асадөз билігін сақтап қалу үшін жанталасуда. Аталған мемлекеттердің барлығында кейінгі 10-15 жылдар көлемінде қайыршылық пен ашаршылық болған емес. Барлығы орташа дамыған, өз халықтарын өздері асырап отырған мемлекеттер. Бұлардың арасында Ирак пен Ливия ғана өздерінің антиимпериалистік саясатымен ерекшелінетін. Ирак көршілес елдермен бірнеше мәрте соғысуға дейін барған ел болатын. Басқа Араб елдері көршілес мемлекеттерге агрессия жасап, әлемдік геосаяси ахуалға қауіп төндірген жоқ. Сирия да бейбіт мемлекет ретінде дамып келе жатқан.

Бірақ Батыс державаларына ислам мемлекеттеріндегі саяси жүйелер ұнамайды. Ондаған жыл билікте жеке кланның отыруы халықтың басым бөлігінің ашу-ызасын тудырды. Қоғамды басқарудағы заңдылық пен демократия принциптерінің бұзылуы халықтың басым бөлігінің құқықтарының аяққа тапталуы ішкі саяси наразылықтарды тереңдетіп жіберді. АҚШ пен оның одақтастары араб халықтарының демократиялық құндылықтар үшін күресін авторитарлық режимдерді талқандау арнасына бағыттап үлгерді. Бұл істе аса бай Сауд Арабиясы мен Катар сияқты мемлекеттер Батыстың сойылын соғып, ішкі араздықтарды қоздыруға жан сала көмектеседі. Сириядағы осындай ішкі текетірес азамат соғысына ұласып кетті. 

Сонымен Сирия азаматтық соғыс алаңына айналды. Алавиттік шииттер тобы билейтін елде, басым көпшілік болып табылатын суниттер Б.Асад билігіне қарсы күресте шешуші әлеуметтік күшке айналды. Суниттерді Сауд Арабиясы мен Катар қолдап, діни экстремистік бағыттағы әлемдік топтар жиһад идеясымен көмекке келді. Үкімет әскерлерімен соғысудың барысында әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен жиһадшылар түрлі әскери топтарды жасақтады. Ондаған мың жауынгерлерді бай араб елдерімен қоса АҚШ пен оның одақтастары қаржыландырды. Билік пен оппозиция соғысының барысында әйтеуір бір жақтың химиялық қаруды қолданғанын БҰҰ жіберген сарапшылар дәлелдеді. 2013 жылғы 21 тамызда «Жер-жер» ракетасы зарин оқтұмсығы бар химиялық зарядты қолданғаны рас болып шықты. БҰҰ 1925 жылы қабылданған Женева протоколы өрескел бұзылып, адамзатқа қарсы әскери қылмыс жасалынды деп жарияланды.

Ресей билігі Дамаскіге өзінің химиялық арсеналын халықаралық бақылаушыларға өткізіп, біртіндеп оларды жоя бастауды ұсынды. АҚШ пен оның одақтасы Ресей ұсынысына келісті. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жіберген сарапшылар бұл істі бастап жіберді.

Сирия билігінің өз қарауындағы химиялық қаруларды жоюға келісуі АҚШ коалициясының әскери ша­буы­лын кейінге қалдырады.

Бірақ елдегі өзара қырқыс тоқтаған жоқ. Ел халқының 10 пайыздан астамын құрайтын христиандардың көптеген шіркеулері тас-талқаны шықты. Дәулетті христиан отбасылары Сириядан қашуға мәжбүр болуда. Сириядағы жағдай Иракта болған жаппай күйреу мен өзара қырқысу ахуалына ұқсап барады. Яғни, Башар Асадты құлату бейбіт елдің талқан етілуі болмақ.


Сирия дағдарысының сабақтары


Таяу Шығыстағы хаостың нәтижесінде Ирак, Ливия, Сирия сияқты мұсылман елдерінің талқан болуының әлемдік геосаяси үрдістерге терең әсері бар. Батыс елдерінің араласуымен жүріп жатқан бұл әлемдегі радикалды ислам топтарының террористік әрекеттерін өршіте түсуде. Бұл топтар ислам дінін өздерінің саяси мақсаттарына пайдалануын күшейтуде. Араб елдеріне қарсы, олардың саяси тұрақтылығын әлсірету мақсатында «жаңа типтегі американдық гегемония» концепциясы ойдағыдай қолданылуда. Бұл концепция бойынша АҚШ-тың басымдығына бөгет болатын қандай да мемлекет дағдарысқа ұшырап, әлсіз елдердің қатарында қалуы керек. Бүткіл Еуразия кеңістігінде АҚШ-тың билігіне қарсы келе алмайтын орташа дамыған мемлекеттер ғана өмір сүруі керек деп есептелді. Шындығында Ирак, Ливия, Сирия АҚШ диктатын, гегемониясын мойындамайтын мемлекеттер. Келесі кезекте Иран, одан кейін Ресей АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне зиянды мемлекеттер ретінде саяси тұрақтылықтан айрылуы ықтимал. АҚШ-қа қарсы елдердің барлығы оның жауы деп бағалануы «жаңа типтегі американдық гегемония» концепциясын тіптен қауіпті ете түседі. Әлемдік қайшылықтардың, геосаяси қозғалыстар мен өзгерістердің барлығының төбесінде АҚШ тұруы керек, ол ғана төрелік айтуы керек. АҚШ-тың әлемдік басымдылық саясатының түпкілікті мақсаты – оның экономикалық және қаржылық мүдделері. Шикізатқа бай, оны АҚШ-пен бөліскісі келмейтін Ирак, Ливия, Сирия мемлекеттерінің азаматтық соғыс өртіне орануының түпкілікті себептері де осыған байланысты. Бай Америка бұрынғыдан да қуатты және ықпалды бола түскісі келеді. Өзінің трансұлттық корпорациялары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі шикізат қорларын сора беру, әлемдегі озық ойды жинақтау, сапалық жағынан озу арқылы АҚШ өзінің әлемдегі ең зор экономикасының басымдығын сақтап қалуды көздейді. «Араб көктемінде» болған революциялар, ислам­дық терроризмнің асқы­нуы, «жауыз елдер», мен «жауыз дик­таторлар» тізімінің жасалынуы, араб елдеріндегі хаосты тудырған азаматтық соғыстардың арғы жағында АҚШ-тың «жаңа тип­те­гі американдық гегемония» саяса­тының ықпалы бар деген қор­тын­дыға келуге болады.

Екіншіден, Сириядағы аза­маттық соғыстың әсері аймақтағы басқа елдерге таралу қаупі күш­ті. Әсіресе осы елге Башар Асад режиміне қарсы соғысқа кел­ген түрлі топтардың әлемдік терро­риз­мнің тағы да бір «қайнар көзіне» айналғандығы даусыз. Сондықтан Араб мемлекеттері лигасы Сирияның осы ұйымға мүшелігін тоқтатты. Араб елдерінің өкілдері Башар Асад билігі мен оппозицияны ымыраға келтіре алған жоқ. Европа елдері Асад режимінің биліктен кетуін қаласа, Ресей мен Иран ғана оны қолдауда. Қытай да Сирияның күйреуі арқылы Таяу Шығыстағы АҚШ ықпалының арта түсуін қаламайды. Әлемдегі екі ірі экономикалық державалардың араб мұнайына қатысты текетіресі күшея түсуде. 

Сирия үкіметі Батыс пен Араб елдерінің талабы бойынша саяси тұтқындарға азаттық берді. Дамаскінің бұл қадамы оппозицияның қатарын күшейте түсті. Екі жақты қысымға қарамастан Сирия билігі оппозиция басып алған аймақтарды шабуылға алуда. Соғыс өрті тоқтамай тұр. Сириядағы саяси дағдарыс әлемдегі саяси дағдарысты тереңдете түсуде. Әзірге бұл шиеленіс әлемдік соғыстың себебі бола қоймас. Бірақ, Сирия дағдарысы ықпалымен әлемдік күштердің бөлінуі, текетірестердің тереңдей түсуі анық байқалуда. АҚШ бастаған Батыс коалициясына Ресей, Иран, Қытай сияқты қуатты мемлекеттер қарсы болып отыр. Ауғанстан, Ирак, Ливияны АҚШ пен оның одақтастарының билеп-төстеуіне беріп қойғаннан кейін Ресей мен Қытай Сирияны Батыстың толық ықпалына бергісі жоқ. Сириядан айрылу Ресейдің Таяу Шығыстағы ықпалының мүлдем жоғалуы болмақ. Демек, аймақтық дағдарыстың әлемдік дағдарыстың қалыптасуына әсері бар деген пікірге келуге болады.

Үшіншіден, Сириядағы азаматтық соғыстың Қазақстанға тікелей қаупі жоқ. Алайда, Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуі, осы аймаққа түрлі мүдделі топтардың тоқайласуы әлем елдеріне, соның ішінде Қазақстанға да қауіпті. Сириядағы заңды билікке қарсы шыққан оппозицияның да әділеттілік үшін күресіп жатқаны ақиқат. Оның осы күресін АҚШ пен Батыс елдері өз мүддесіне пайдалануда. Ал, радикалды ислам ұйымдары үшін Сириядағы соғыс жиһад соғысын өрістетудің тағы бір алаңына айналуда. Бұл жиһадқа ондаған ұлт, соның ішінде қазақтар да бар, өкілдері қатысуда. Қазақстанға қауіп осы тұста. Сирияда дайындықтан өткен Ресей, Қазақстан, Тәжікстан т.б. елдер азаматтары ТМД елдерінде лаңкестік әрекеттерді жаппай өрістетуінің қаупі күшті. Демек, Қазақстандағы лаңкестік әрекеттердің белсенділігіне қарсы қауіпсіздік шараларын күшейтудің маңызы арта түспек.

Төртіншіден, Сириядағы дағдарыстың негізгі себептерінің бірі – билік пен халық арасындағы алшақтықтың шектен шығуы. Билікті халықтың 10 пайыздан сәл астамын құрайтын алавиттер тобы уысында ұстауда. Ел халқының басым көпшілігі болып табылатын суниттер мен көшпенді бедуин тайпалары билікке наразы. Өздерінің жерлерінен және дәстүрлі шаруашылықтарынан айрылып қалған бедуиндер люмпенденген қала халқын көбейтті. Қала маңына шоғырланған, жұмысы жоқ, күн көрісі төмен әлеуметтік топ билікке қарсы негізгі күшке айналды. Асадтар әулеті билігінің тым ұзаққа созылуы да халықты мезі етіп, наразылықты қарулы көтерілістерге ұластырды. 

Бесіншіден, әлемдік мүдделі топтар Таяу Шығыстағы өз позицияларын нығайту мақсатында Сириядағы азаматтық соғыстың тұтануына және ушыға түсуіне мүдделі болып отыр. АҚШ, Ресей, Батыс Еуропа, Қытай, Араб мемлекеттері барлығы дерлік Сирияда өз мүдделері мен мақсаттарын орындап шығу үшін жанталасуда. Нәтижесінде, дамып келе жатқан мемлекет тас-талқан болды. Ирак пен Ливия сияқты Сирия да ұзаққа созылатын әлеуметтік-экономикалық дағдарыс құшағына түсті. Сирияның қашан ес жиятыны белгісіз. Батыстың мұсылман уммасын бөлшектеу саясаты араб елдерінің арасына от жағудан басталды. Әзірше Батыстың «бөлшекте де билей бер» саясатының дәурені жүріп тұр.

Сайын Борбасов,

саяси ғылымдарының докторы, профессор