ТҮРІК СЕРИАЛДАРЫ КЕТКЕН СОҢ...

ТҮРІК СЕРИАЛДАРЫ КЕТКЕН СОҢ...

ТҮРІК СЕРИАЛДАРЫ  КЕТКЕН СОҢ...
ашық дереккөзі
Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза журналистермен өткізген басқосуында отандық арналардың шетелдік, оның ішінде түркиялық және корейлік сериалдарды көптеп көрсетуіне байланысты журналистердің сауалына: «Біздің арналар шет елдік сериалдардың соңына тым түсіп кетті. Олардың сериалдарын сатып алуға көп қаржы шығындалады. Біз жақсы білеміз: оларды трансляциялауға да мол шығын шығарылады. Нәтижесінде, мемлекеттік орасан зор қаржы түрік, корей сериялдар өндірісіне инвестицияланады. Сондықтан ендігі түрік, корей сериалдарын сатып алуды тоқтату туралы түпкілікті шешім қабылданды. Биылдан бастап, бірде бір сериал сатып алмаймыз» деген еді. Министрдің сөзіне қарағанда, алдағы уақытта «Қазақстан» мен «Хабар» арнасында 20-дан астам телехикая қолға алыныпты. Келесі жылдан бастап, отандық өнімнің саны артады дегенге жұртшылық қуа­нышты. «Қазақстан» мен «Хабар» арнасының игі бастама­сына шүкіршілік айтсақ та, өзге арна­ларда отандық өнімдердің таралуы қандай болмақ? Тәуелсіз телеарналарда таралатын шетелдік өнімдерге тоқтам бола ма? Мәселе, осында! Одан бөлек, біздің елімізде түркиялық және корейлік сериалдар ғана көрсетіліп жүрген жоқ қой. Үндінің, Еуропаның және Ресейдің өнімдері де отандық арналарда жиі таралып жүр. Бұл елдердің сериалдарының жағдайы не болмақ? Бұдан былай түрік пен корей сериалдарының орнын өзге елдердің сапасыз өнімдері баспай ма? Осыған байланысты тілші қауымның өзіне сауал тастадық. – Түрік және корей сериал­да­рын сатып алуды тоқтату туралы түп­кілікті шешім қабылданды. Биылдан бастап, бірде-бір сериал сатып алынбайтын сияқты. Бұл сериалдардың орнын не басады деп ойлайсыз?  – Телеарналарда қазақ сериал­да­рының көбейгені дұрыс. Сан көбейсе, сапа артады дегенге сенесіз бе?  Амангелді Құрметұлы, «Жебе» газетінің бас редакторы: – Түрік пен корей сериалдарын сатып алуды тоқтатқаны құптарлық іс. Алайда, мәселенің екінші жағы бар. Бір қаупім отандық теленарықты ресейлік сериалдар жаулап алуы мүмкін. Ашығын айту керек, түріктің де, корейдің де кейбір сериалдары жаман болған жоқ. Олардан үлгі алуға болар еді. Әсіресе, корейдің өз тарихтарын әдемі сериал қылғаны үлгі тұтарлық жай. Біз сол сериалдарды көрсете жүріп, өз өнімдеріміздің сапасын арттыруымыз керек еді. Олай болмады. Енді ресейлік өнімдер қаптауы мүмкін. Ол сөз жоқ отандық өнімдерді ығыстырады. Ресей сериал түсіруде қазір әжептәуір табыстарға жеткен ел. Екінші дүниежүзілік соғыс, криминал тақырыптарында мықты. Тіпті, олардың Колчакты бейкүнә қылып көрсеткеніне де куә болғанбыз. Демек, түрік пен корейден құтылдық деп қуану ерте шығар. Орнын бәрібір Ресей өнімдері басады. Ең қауіптісі, ресейлік өнімдерді біз өзімізге жақын қабылдаймыз. Бір «шекпеннен шықтық» қой. Корей мен түрік сериалдарында көрсетілетін кейбір жағымсыз дүниелерге аз да болса иммунитетіміз бар еді. Ресейлік өнімдерге қатысты олай болмайды. Телеарналарда көрсетілетін отандық өнімдердің саны артқаны жақсы. Бәлкім, артқан сан сапаны да көтерер. Дегенмен, біздің сериалдар әлі күнге өз тақырыбын таппаған сияқты. Бұл саланың маманы емеспін, бірақ ғаламторда біздің сериалдарды сынайтындардың қарасы көп. Кино өнерінен хабары бар жастар отандық өнімдерге күле қарайды. Сондықтан, сапалы дүние шығару үшін әлі де тер төгу керек. Жалпы, өз басым тарихи тақырыптарға сериал түсірілсе көрермені көп болатын шығар деген ойдамын. Сериалдардың санын көбейтсек, сапасы артады деп бір жақты қарауға болмас. Сапалы өнімдер шығаруға ұмтылу керек. Әйтпесе, сол тыйым салынған корей мен түрік сериалдарының «қазақстандық» нұсқасын ғана жасап шығарамыз. Нұртай Лахан, журналист: – Әрине, отандық телеарналарда шетелдік өнімдердің орнын отандық дүниелер алмастырып жатса, бек қуанар ек. Бірақ, біздің арналарда тек түрік пен корейдің ғана емес, Ресейдің де сериалдары өріп жүр ғой. Ал министрдің аузынан Ресей өнімдеріне қатысты бір ауыз сөз айтылған жоқ. Яғни, ендігі басымдық Ресей сериалдарына беріледі деген сөз. Телеарналарда қазақ сериалдарын көріп жүрмін. Бірақ сапасы айтуға тұрмайды. Сондықтан «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатына ұрынудың қажеті жоқ. Айнұр Сембаева,  «Заң» газеті бас редакторының орынбасары: – Мұндай шешімнің қабылданғаны дұрыс. Бірақ бұл телерналарда кәріс, түрік сериалдары мүлде көрсетілмейді деген сөз болмаса керек. Өйткені осы уақытқа дейін сатып алынған ше­телдік өнімдер әлі талай қайта­ланып көрсетілері анық. Қыруар қаржыға жұмсалған таспаларды мұрағатқа жиып қоймаймыз ғой енді. Оның үстіне, біздің отандық өнімдер телеарналардың сұранысын, қажеттілігін жақын күнде өтей алады деп те айта алмаймыз. – Отандық сериалдардың көбейгені көңіл қуантады. Алайда, ниет, ізденіс бар дегенімізбен, қазіргі сериалдардың асығыс, ойсыз жасалғаны анық білініп тұрады. Ең өкініштісі, бір мезетте үш сериалды көрсек, соның үшеуінде де белгілі бір актерлар ғана төбе көрсетіп жүреді. Баяғы Азамат Сатыбалды, сол Кәдірбек Демесінов дегендей… Мұның өзі көрерменді жалықтырып жібермей ме? Сонда режиссерлар жаңа кейіпкер іздеуден еріне ме, жоқ жүрексіне ме деп ойлайсың мұндайда. Осы күнге дейін Ақан Сатаевтан басқа белгісіз кейіпкерлерден белгілі тұлға жасаған бір де бір режиссерді көрмеппін. Бәрі аты шыққан, танымал актерлардың көмегімен есебін түгендегісі келеді. Бұл жағдай еліміздегі режиссерлардың әлсіздігін көрсетпей ме? Тағы бір байқағаным, сериалдардың тізгінін ұстағандардың арасында қазақтілділер сирек. Біздің киноиндустрия әлі орысша сөйлеуінен, орысша ойлауынан, орысша түсірілу ырғағынан жаңылмай келеді. Содан да сценарийдің көпшілігі орыс тілінде жазылып, кейіннен қазақша аударылады. Немене қазақша жазатын сценарист жоқ па бізде? Бар! Бірақ, орыс тілді продюсердің қалауы жаңағыдай болып тұр ғой. Осындай жағдайда сапа туралы әңгіме айтуға бола ма? Егер біз қазақша түсірілетін сериалдардың сценариіне ашық бәйге жариялап, сериалдың негізін қазақ тілін қанық білетін мамандарға қалата алмасақ әңгіме басқа. Ал, түсірілу жұмысына мән бермейтін болсақ онда ешқандай санның сапаға әсер етпейтінін түсінуіміз керек. Қанат Әбілқайыр, журналист: – Шешім неге түріктер мен кәріс­тер­ге ғана шектеу қоюдың айнала­сында болып отыр? Алдымен осыған жауап берген дұрыс. Бұл «алкогольді ішімдіктерді жарнамалауға тыйым салынады» деген күлкілі заңымыз сияқты дүние. Мысалы, қазір алкогольсіз сыра деген жарнамадан аяқ алып жүре алмайсыз. Сіз түрік пен кәрістің сериалдарын тежегеніңізбен, оның орнын Еуропа елдерінің, Ресейдің, үндінің өнімдері баспай ма? Тоқал ешкі секілді мүйіз сұрап, сақалдан айрылмаймыз ба? Бұл – бір. Екіншіден, үндінің, Ресейдің, Еуропа елдерінің сериалдары образдап айтқанда, «алкогольсіз» еді дей аласыз ба? Үшіншіден, Ресей сериалдарының дені орыс шовонизмін, орыс әсіреұлтшылдығын насихаттайтынын білеміз. Яғни, мұның астарында саясат, өнім сату саясаты, насихат саясаты жатыр. – Қазақтың сериалдарының санын көбейтіп, сапасын арттырамыз деген өтірік дүние. Біріншіден, соңғы 20 жылдың ішінде бірде-бір тұшымды сериал түсіре алмадық. Екіншіден, сол сериалға деген мұқтаждық тек қана эфир толтыру мақсатында түсіріліп жүр. Бұл дұрыс емес. Егер де пайда табу, ұлтты ояту, елге жақсылықты насихаттау деген секілді мүдделер негізінде сериал түсірмесек, басқа жағдайда бәрі бекер. Меніңше, сапасыз сериалдардың орнын ұлттық бағыт­тағы бағдарламалармен толық­тыру қажет. Cебебі, қазір ток-шоулар көбейіп барады. Ток-шоу мен мемлекеттің саясатын теңестіріп, таразы басын теңшемесек, біз де сериалдағы кейіпкерлердің кебін киіп, Жагдишия секілді екі қыздың артынан қуып кетеміз. Бану Дәулетбаева, тілші: – Кейінгі кезде отандық сериалдар түсіріліп жатыр, алайда олар әлі де болса аз. Осыны ескерсек, сұранысты толық қанағаттандыра алмауымыз мүмкін. Бұл әрине, ресейлік сериалдардың көбеюіне әкеліп соғады. Тіпті, бұрын іріктеп алатын болсақ, енді оңды-солды ала беруіміз де мүмкін. Демек, сапасыз нәрсені де тықпалаймыз деген сөз. Бұл мәселеде біз белгілі бір елдің сериалдарын сатып алмауды емес, сапасыз нәрсені сатып алмау туралы шешім қабылдағанымыз жөн болар еді. Қай елдікі болса да, сапалы нәрсе сатып алу керек болатын. – Сан көбейсе, сапа артады. Тіпті белгілі бір дәрежеде талғам қалыптастыруға да ықпал етеді. Кез келген мәселеде салыстыруға мүмкіндіктің болғаны да дұрыс. Алайда, сан көбейтеміз деп, сапаны төмендетіп алмаудың амалын қарастыру керек. Бұл жерде сериалдарды түсірер алдында жасалатын амалдарды айтып отырмыз. Арнайы көркемдік кеңес болып, осы сериалдарды түсіру немесе түсірмеу туралы шешімдер қабылдай ма, әлде сценарийлерге байқау жариялана ма, әйтеуір бір амал болуы шарт. Назым Перне, тәуелсіз журналист: – Менің ойымша, сериалда ұлт немесе мемлекет жоқ. Қай елдікін қарасаңыз да, бәрінде бірдей шұбаңқылық пен көрерменді «ынтықтырғыш» интрига мен адам сенгісі келсе де, сене алмайтын қисынсыз ұқсастықтар (өлді деген кейіпкердің өлмеуі, Полат Алемдар сияқты «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» қаһармандар) бар. Оқиға желісі де көбінесе ұқсас боп келеді. Осы тұрғыдан келгенде қазақстандық телеарналарды жаппай жаулаған бұндай өнімді тоқтатқанды өз басым қуана құптаймын. Менің бала күнімде көп сериялы фильм болушы еді. Егер, қателеспесем, көп дегенде олар 5 сериядан тұратын. қазіргі ресейлік, әлсін-әлсін болса да қазақстандық 12, 15 бөлімді сериалдар етек-жеңін жиып, осындай көп сериялы фильмге (көркем фильм болуына әлі де ұзақ уақыт керек болар) айналатын шығар. Телеарна өнімі туралы сөз қозғалғандықтан, осыған қатысты бір-екі ойымды қоса кеткенді жөн санап отырмын. Эфирді негізінен фильмдер (көркем, деректі, танымдық, мультфильмдер) толтырады. Қазір неге екені белгісіз деректі фильмдер көзден бұлбұл ұшты. Орнына түймедейді түйедей еткен шоу-бизнес өкілдерінің өсек-аяңына құралған немесе арна басшысы мен я «жоғарғы жақтың» суқаны сүймейтін адамдарға қарсы агрессивті бір реттік арнайы хабарлар басып кетті. Сондай-ақ кинолар да жай-жай жылыстап барады. Есесіне, ұшы-қиыры көрінбейтін маусымдық сериалдар қаптап жатыр. Маған сенбесеңіз, республикалық арналарды қосыңыз. Мәселен, «Қазақстан» ұлттық арнасы соңғы кездері көркем фильмдерді түнгі сағат 12-ден кейін қоятынды шығарды. Ал прайм-таймды «Келін» деген үндінің бір кірпік қаққанына бақандай бір бөлімін арнайтын «көбікті операсы» алады. Сондықтан мен өз басым эфирді «көбікті операға» айналдыруға қарсымын.

Дайындаған 

Гүлзина БЕКТАС