АНКАРА КЕДЕНДІК ОДАҚТЫ АҢСАЙ МА?

Минскіде өткен еуразиялық экономикалық жоғары кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияны Кедендік одаққа енгізу туралы ұсыныс тастады. «Шетелдерде болғанымда маған: «Сіздер Кедендік одақ аясында бұрынғы КСРО-ны қалпына келтіруді мақсат етіп жүрсіздер ме, немесе Ресейдің қол астына қайта тығылу көзделуде ме?» деген сауалдар жиі қойылады. Бәлкім, Түркия секілді ірі державаны қатарымызға алсақ, ондай әңгімелердің ініне су құйылар ма еді?», – деді ол. 

Дәл осы ұсыныс Қазақстанның Кедендік одақ бойынша әріптестеріне төбеден жай түскендей әсер еткені анық. Өз тарапынан Кедендік одақпен еркін сауда айналымын құруға Үндістанның ықылас танытып отырғанын айтқан РФ президенті Путин Түркияның Кедендік одаққа мүше болуына қатысты ойын ортаға жаймай, бүгіп қалды. Ал осы мәлімдеменің астарынан әр­түрлі қоламтаны қоздыртқан Ресей БАҚ-ды Түркияның негізгі мұ­раты Кедендік одаққа ену емес, Еуро­одақ­қа қол жеткізу екендігін жарыса жаза отырып, Назарбаевтың бұл мәлім­демесі түркі әлеміндегі ірі держа­ваның басшылары үшін «тосын сый» болғандығын айтып бағуда. «КоммерсантЪ» газеті Түркияның Сыртқы істер министрлігіндегі сенімді дереккөздің айтуы бойынша, «ресми Анкара үшін бұл мәлімдеме аяқ астынан болған» деп жазады. Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының төрағасы Виктор Христенко Түркияның Кедендік одаққа мүше болу жайында өтініш жасамағандығын айтты. 

Сарапшылар Назарбаевтың бұл­­ мәлімдемесінің астарында екі мә­се­­ле болуы мүмкін деп ой түй­еді. Біріншісі, «Сирия мәселесіне орай Ресейге қарама-қарсы саясат ұстанатын Түркияны Кедендік одаққа мүшелікке ұсынуы – жақында ғана Ресейдің Сирияны осы одаққа мүше болуы мүмкін деген идеясына қарсы жасап отырған қадамы», – дейді олар. Екіншісі, келесі жылы жасақталмақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көңілі тола бермейді. Назарбаев бұл жолы ке­дендік тарифтерге байланысты ресейлік әріптестеріне біраз сын айтты. Біріншіден, Қазақстан өнімдерінің Ресей нарығына шығуда көп кедергілердің кездесетіні, екіншіден, тарифтік емес кедергілердің бар екені, са­нитарлық және фитосанитарлық және сертификациялау мен лицен­зия­лау талаптарының күшейгені, өзара сауда-саттықтың күрделене түсуі жа-й­ын­да сөз еткен Қазақ президенті Ке­дендік одақтан пайданың орнына зиян шегіп отырғанын ашық айтқан. Ол Еуразиялық экономикалық комис­сия­ның ресейлік мүшелерін де сынға алған. Заң бойынша, аталған комиссия мүшелері ешқандай Үкімет мүшелерінің алдында есеп беруге міндетті емес. «Алайда Еуразиялық экономикалық комиссияның ресейлік мүшелері Ресей үкіметінің жиындарына қатысып, арнайы нұсқаулар алады», – деді ол. Демек, Назарбаев Ресейдің саяси ықпалына оңай берілмейтіндігін осылай танытып отыр. Түркияны Кедендік одаққа мүше болуға ұсыну арқылы ол жақында ғана Кедендік одаққа енуге ынталылық танытқан Арменияға қарсы саясат ұстанып отыруы мүмкін. Өйткені Еуроодақ жылдар бойы Түркияны қатарына енгізу үшін Арменияға геноцид жасағанын мойындауды талап етіп келеді. Алайда аумақтық тұтастық үшін еуропалық бағытын Ресеймен алмастырған Арменияның да жолы Еуроодақпен түйіспейтін секілді. Сол себептен болар, біраз жыл белгілі бір деңгейден аспай келе жатқан Түркия-Еуроодақ келіссөзі биыл қайта жанданбақ. 

Кедендік одақ бойынша қазақ әріптесінің бұл тосынсыйына Ресей президенті В.Путин ешқандай реак­ция танытпады. Алайда, ресейлік сарапшылардың қазіргі пікірлерінен аңдағанымыз Ресей түркі әлеміндегі ірі державаның өзінің саяси жобасына еніп кетуіне үзілді-кесілді қарсы. Ресей ақпарат құралдарының бірінде: «Кедендік одақ – Мәскеудің жобасы. Болашақта ол Еуразия одағын құрудың алғышарттарының бірі болмақ. Еуразия­лық одақ құру идеясының авторы – Ресейдің қазіргі көшбасшысы В.Путин. Көптеген сарапшылар Кремльдің бұл жобасы посткеңестік елдердің әуелі экономикалық, сосын саяси егемендігін жоюға бағытталған деп есептейді», – деп жаза келе, Өзбекстанның бұл одақтан бойын аулақ салуының бір сыры осында деп түйіндейді. 2011 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов Ташкенттің Кедендік одаққа қосылмауының басты себебі ретінде бұл одақтың астарында экономикалық мүддеден гөрі, саяси мақсат жатқан­ды­ғын айтты. Ал Белоруссия президенті Лукашенко Кедендік одаққа Армения мен Түркияның мүше болуы мүмкін емес деген пікірде. 

Егер Түркия Кедендік одақтың есігін қағар болса, бұл Путиннің импе­рия­ның бұрынғы ықпалын сақтап қалу, оны қайта қалпына келтіру секілді ұлы арманының жүзеге асуына кедергі келтіреді. Біріншіден, Түркияның экономикасы Ресей экономикасынан әлдеқайда ілгері. Жеңіл өнеркәсібі дамыған, оның үстіне Тайып Ердоғанның премьерлігі кезінде әлемдік дағдарысты оңай еңсере білді. Екіншіден, тілдік тепе-теңдік өзгереді. Бұған дейін славянтілді мемлекеттер, оның үстіне ғасырлар бойы үстемдік еткен метрополияның тілі өз ықпалын жүргізіп келген болса, Түркия бұл одақта өз Ережелерін енгізе бастайды. Және орыс тілінің ықпалы әлсіреп, үшінші бір халықаралық тілде құжат жүргізу мәжбүрлігі туындайды. Бұл ретте Қазақстанның Түркиямен бірге түркітілдес мемлекетттердің одағына енгендігін де ескеру керек. Оның былтырғы Ыстамбұлдағы Ресей отаршылдығы және Анкарадан Алтайға дейін мекендейтін 200 миллион түркінің басы қосылса, әлемде ірі күшке айналатындығын және Ресей отар­шылдығы салдарынан рухани діл мен тілден айрылып қала жаздағандығы жайындағы мәлімдемесі әлі ешкімнің есінен кете қоймаған болуы керек. Демек, Ресей үшін Түркияның Кедендік одақтан табылуы өте тиімсіз. Өйткені Кедендік одақтың көздегені – Ресейдің посткеңестік мемлекеттердегі ықпалын күшейту. Оны ресейлік сарапшылардың өздері де мойындап отыр. Ресейлік тағы бір басылымда «Ресейдің экономикасы шағын мемлекеттерде өз үстемдігін жүргізуді мақсат етеді, сондықтан да өзінен ірі нарыққа есік ашқысы келмейді» делінген. Өйткені бұл интеграцияда тең дәрежедегі әріптестік деген ұғым әзірше қалыптасқан жоқ. Дегенмен, Назарбаевтың бұл жолғы мәлімдемесі Қазақстанның «Ресейдің уысына түсе бермейтіндігін, тіпті, Ресейден өзге де арқа сүйер ірі державасы бар екендігін танытты. Жоспар бойынша, 2014 жылдың мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ жасақталуы тиіс. Бірнеше айдың ішінде мұндай қадамға Қазақстан да, Беларусь те дайын бола алмайтын секілді. 

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Back to top button