АҒАШ ТА БИЗНЕС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ

АҒАШ ТА БИЗНЕС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ

АҒАШ ТА БИЗНЕС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ
ашық дереккөзі

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматы лас қалалардың қатарына кіреді. Алып шаһардың ауасы көбіне көліктің көк түтініне булығып жатыр. Ал қоршаған ортаны улы заттан қорғап тұрған – жайқалған желек пен әсем ағаштар екені сөзсіз. Жанған көмір, газ қалдығы, басқа да зиянды заттар ағаштың арқасында оттегіге айналады. Алайда, мұны қаперге алып жатқан кім бар? 

«Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов бастаған топ арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, қаланың «жалаңаштанып» бара жатқандығына жұрттың назарын аударды. Ол соңғы жылдары 30 мың ағаштың оталып кеткенін тілге тиек ете келе, бұл бәзбір адамдар үшін үлкен бизнестің көзіне айналғанын ашына айтты. Оның пікірінше, ағаш кесу отын дайындап, сататын компаниялардың мүддесін ғана көздеп отыр. «Ат төбеліндей азғантай топ ағаш кесуді бизнес­ке айналдырды. Бізге айтқандай, ағаш отын дайындайтын кәсіпорын құрылған  және сол кәсіпорын жұмыс істеуі үшін сау ағаштар да кесілуде», – дейді табиғат жанашырлары. «Табиғат» экологиялық одағы аталған  деректерді тексеруін өтініп, еліміздің Бас прокуратурасына шағым түсірмек. Сондай-ақ «Табиғат» экологиялық одағы кесілетін барлық ағаштарды зерттеуге кірісіп, еріктілерді Алматының жасыл желегін қорғауға үндейді. Тіпті «Табиғат» экоодағының жетекшісі Мэлс Елеусізов: «Біз Алматыда шұғыл әрекет тобын құрып, 

тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырмақшымыз. Парламентте отырған алматылықтарға да жүгінемін. Қаржы полициясы қазір тексеру жұмыстарын бастады. Одан басқа, біз есептеу палатасын тартамыз, Алматының бюджетін тексерсін. Менің қолымдағы құжатта масқара фактілер бар. Қаланың бір ғана Алмалы ауданы бойынша 2521 ағашты кесу жоспарланған және ол ағаштарды кім тексеріпті, кім оны анықтапты, оны ешкім де білмейді. Қала бойынша барлық аудандарда осындай жағдай қалыптасқан», – деді. 

Шынында да, тап қазір көше бойы мен ауладағы ағаштарды кесіп жатқандарды жиі көретін болдық. Ол ағаш өзінің қызметін атқарып болды ма? Не үшін тамырынан қиылды? Бұл сұрақтың басы ашық күйде. Бір белгілісі, үлкен жүк көліктеріне тиеліп жатқан кешегі жайқалған ағаш ертең біреудің тамызығына айналатындығына дау жоқ. 

Бұл мәселе қала тұрғындарын да мазалап жүргені рас. Алматыда жиі өтетін  ауылшаруашылық жәрмеңкесінің біріне келген қала әкімі Ахметжан Есімовті жұрт қаумалай кетті. Бірі жарықтың жиі өшетіндігі туралы, екіншісі жүгенсіз кеткен қоғамдық көлік жайында сұрап жатты. Бір ер азамат қалада ағаштың жөн-жосықсыз кесіліп жатқандығын айтып, әкімдіктің бұл мәселеге көзқарасын сұрады. «Қала жалаңаштанып барады. Ағашты бас салып кесіп жатыр. Оларды суаратын арықтар да дұрыс істемейді. Тіпті кейбір арықтан су да ақпайды» деген қала тұрғынының сауалына А.Есімов: «Ағашты кесіп жатса, қажеттіліктен туындап отыр. Біз ескі ағаштың орнына жаңасын егеміз. Қурап қалған бұтақты кеспесек болмайды. Қалада 40 мың ағашты құрту бағдарламасы бар. Жыл сайын 25 мың ағаш отырғызамыз. Ал, білсеңіз Алматыда  1  миллион 340 мың ағаш бар», – деп жауап берген еді. 

1 млн. 340 мың ағаш… Осы санды айтқанда Есімовті қаладағы ағаштарға жанашыр адам ретінде танығандай болып едік. Ал Елеусізов меңзегендей, әкімдік ағашты сатып, одан пайда көруге жол ашса, ойлануға мәжбүрміз. Қалай болғанда да, бұл құзырлы мекемелер анықтайтын шаруа. Бірақ Алматыдай шаһардың ауасын тазартып, ерекше сұлулық пен әсемдік сыйлап тұрған ағаштарды қорғау қажет. Бұл ешкім дау келтірмейтін аксиома. 

Динара Мыңжасарқызы