«ЖЕТІНШІ ҚАБАТҚА ЖЕТКЕН» ЖЕМҚОРЛЫҚ

«ЖЕТІНШІ ҚАБАТҚА ЖЕТКЕН» ЖЕМҚОРЛЫҚ

«ЖЕТІНШІ ҚАБАТҚА ЖЕТКЕН» ЖЕМҚОРЛЫҚ
ашық дереккөзі

Мемлекетті жегі құрттай іштен жеп құртатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қырғызстанда қызу өріс алды. 2005 жылы наурыз төңкерісінің ықпалымен мемлекет басына келген Құрманбек Бакиев «жемқорлық жетінші қабатқа шығып кетті» деп жар салып, оған қарсы күресті бастағандай болған (жетінші қабат – сол жылдары президенттік әкімшілік пен үкімет аппараты жайғасқан, ақ мәрмәрмен өрілген жеті қабатты «Ақ үй»). Бірақ бұл көз бояушылық  екендігін кейінгі оқиғалар растады. Президенттің ұлы Максим Бакиев «Даму және инвестиция» деген орталық агенттікті құрып, мемлекеттің ақырынан жем жеудің «үлгісін» көрсетті. Сол кездегі үкімет басшысы бюджеттік мекемелердің керегіне ақша бөлдіру үшін агенттіктің жетекшісінің алдында құрақ ұшып тұратын. Швециялық оқымысты Йохан Энгваллдың пікіріне қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында сыбайлас жемқорлық  Қырғызстанда “мемлекетті басқарудың негізгі тетігіне” айналған.

2010 жылғы сәуір төңкерісінен соң қысқа уақыт өлке тізгінін ұстаған Роза Отынбаеваның мезгілі өтпелі билік болды. Алмазбек Атамбаев 2011 жылдың қараша айында президенттік сайлауда жеңіске жетіп, қызметіне кіріскен уақытынан бас­тап жемқорларға қарсы күрес аяусыз жүргізілетінін айтып келген. 4 қарашада өткен Қырғыз Республикасының президенті төрағасы болып табылатын Қауіпсіздік кеңесінің кезектегі отырысы, міне, осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің екі жылдығын қорытындылап, алдағы міндеттерді анықтады. «Жемқорлыққа қарсы күрес толыққанды жүрмей отыр. Бүгінгі күнде біз жемқорлықтың шығу себептерімен емес, оның келтірген кесапаттарымен күресіп жатырмыз. Өткен жылдарда жемқорлықтың себептерін тереңдеп зерттей алдық. Енді біз жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңіне кірісуге әзірміз. Бұл кезеңнің басты мақсаты – мемлекеттік билік түзілістеріндегі саяси және жүйелі жемқорлықтың себептерін жою», – деді А. Атамбаев кеңестің жиынында. «Бай болам деген адам мемлекеттік қызметке емес, бизнеске барсын. Біз оның іскерлігіне қолдау көрсетейік», – деп қосымшалады мемлекет басшысы.

Жиында жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі бағыттары ұсынылды. Біріншіден, Қырғызстанда саяси сыбайластық бар екендігі мойындалып, мемлекеттік қызметті саясаттан ажырату мәселесі көтерілді. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда саяси топтардың мүдделеріне жол берілмеуі керек. Мемлекеттік қызметтерге саяси партиялар көрсеткен талапкерлер сайлау арқылы тағайындалуы тиіс және қызметкерлерді кадрлар резервіндегі білікті мамандардан жасақтауға басымдық беріледі. Екінші қалыптасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Парақорлар ұсталады, бірақ сыбайластықтың схемалары сақталып қалуда. Күрес схемаларды жою бағытында жүргізілуі қажет. Үшінші, азамат пен мемлекеттің арасындағы мәмілелердің ашық-айқындылығы. Мемлекеттік бақылауда, тексеруде, айыппұл салуда, мемлекеттік қызмет көрсетуде заңдылық қатал сақталуға тиіс.

Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қырғызстанда соңғы екі жылда бірқатар игі істер атқарылды. Мысалы, жемқорлықтың бір ошағы болып келген кеден қызметінде 2008 жылы 18,7 млрд. сом кеден төлемдері жиналған, 2009 жылы ол азайып, 14,2 млрд. сом болып қалған. 2010 жылдың сәуірінен бас­тап мекемеде жағдай күрт өзгерген. Биылғы төлемдердің көлемі 36 млрд. сомға жетері болжануда. Әлбетте, бұл кеден бекеттерінен тауарлардың көп өтіп жатқандығын емес, ондағы жемқорлықтың азайғандығын айғақтап тұр.

Өткен аптада «Құмтөр» кені бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндағы жемқорлық мемлекеттік бюджетті 2 млрд. 475 млн. сом көлемінде шығынға ұшыратқаны белгілі болды. Оның 102 млн. 300 мың сомы  ғана қайтарылған.

Қауіпсіздік кеңесі мәжілісінің алдында республиканың бас прокуроры Аида Салянова бүгінгі күнде сыбайлас жемқорлық делініп, жұртшылықтың наразылығын туғызған 2003 жылдың 31желтоқсанында  «Құмтөр» кені бойынша келісімге қол қойған 12 үкімет мүшесінің (министрлердің) аттарын жариялады. Олардың екеуі қайтыс болып кеткен. Қалғандары прокуратураға шақырылып, жауап беруде. Бірақ олардың көпшілігі кінәліміз деп отырған жоқ. Сол кездегі әділет министрі – бірінші вице премьер-министр, қазір Жоғарғы Кеңештің депутаты Құрманбек Османов өзіне қарсы қозғалған қылмыстық іске мақұл емес. Аталмыш келісімге орынбасары қол қойған бұрынғы мемлекеттік мүлікті басқару және тіке инвестицияларды тарту бойынша мемлекеттік комитеттің төрағасы, қазір Жоғарғы Кеңештің депутаты Раушан Жиенбеков «Сол уақыттағы барлық мемлекеттік қызметкер «Құмтөр» келісіміне араласқан. «Құмтөр» бойынша 2007 жылғы ең тиімсіз қаулыға сол кездегі үкімет басшысы Алмазбек Атамбаев қол қойған. Тіпті, «Құмтөрден» алынатын бір жарым миллиард доллар салықты төлемеу туралы шешімді Әділет министрлігінің сол кездегі статс-хатшысы Аида Салянова заңдастырып берген. «Құмтөр» келісіміне қатысы бар барлық атқамінерлер халықтан кешірім сұрауымыз керек», – деп әріптесіне қарсы қозғалған қылмыстық істі саяси қуғындау ретінде қарауда. Сондай-ақ жақында Жоғарғы Кеңештің тағы бір депутаты Феликс Құловқа премьер-министр кезінде Ұлттық гвардияға қарасты 1,6 гектар жерді жеке компанияның меншігіне беруге жәрдемдескен деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. 

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздігі мемлекеттік қызметінің қарамағында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  қызметі құрылғаннан бергі екі жылға таяу мезгілдің ішінде 500-ге жақын қылмыстық іс қозғалыпты. Олардың атышулылары – әлеуметтік даму министрі Раушан Сабыровтың «пара үстінде» ұсталуы, Бішкектің бұрынғы мэрі Нариман Төлеевтің және «Альфа Телеком» АҚ-ның бас директоры Алмаз Абековтың қызмет жағдайларын қиянаттықпен пайдалануы бойынша қамауға алынуы.

Бас прокурор Аида Салянованың айтуында, 2013 жылдың тоғыз айында соттар сыбайлас жемқорлыққа байланысты 411 қылмыс ісін қараған. Солардың ішінен 18 іс бойынша 29 адам ғана еркінен ажыратылған. Демек, қылмысқа шектілердің 2,3 пайызы ғана сотталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі өткен тоғыз айда 56 қылмыс ісін қозғап, сотқа өткерген. 93 лауазымды қызметкерді тергеу нәтижесінде олардың 12-сі сотталған. Мемлекетке келтірілген 1 млрд. 107 млн. сом зиянның  703 млн. сомы қайтарылып алынған.

Дегенмен, қазіргі таңда экономика сала­сындағы сыбайластық бел алып тұр. Экономика министрлігінің сараптамасына қарағанда, көлең­келі экономика өлкенің жалпы эконо­микасының 40 пайызын иеленіп отырған жайы бар. 

Бұрынғы бас прокурор Қуатбек Байболов республикадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қазіргі үрдісіне көңілі көншімейтінін айтты. «Билік елге жақсы көріну және ұпай жинау үшін бұл істі науқанға айналдыруда. Қоғамның бұл дертімен жігерлі түрде күресу үшін құқық қорғау органдарын және сот жүйесін түп-тамырымен реформалау керек», – дейді экс-прокурор. Әрине, орнынан түсіп, қызметсіз жүрген атқамінердің пікірі сыңаржақ болуы мүмкін, бірақ жеті басты айдаһар сияқты сыбайластық жемқорлықпен күресуде оның барлық басын шауып тастамасаң, жеңудің өзі неғайбыл екені де рас.

Әйтсе де, бұлтартпас дерек – «Transparency International» халықаралық ұйымының «Коррупцияны белгілеу  индексі» рейтингі бойынша Қырғызстан 2011 жылғы 164 орыннан 2012 жылы 154 орынға көтеріліп, ахуалын 10 пунктке жақсартқан. Қырғызстандық сарапшы Бақыт Бекетаевтің талдауы бойынша биылғы көрсеткіш 20 пунктке жоғарылауы мүмкін.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» 

Қырғызстандағы тілшісі