Жаңалықтар

АЛЬЯНСТА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР БАР

ашық дереккөзі

АЛЬЯНСТА АУҚЫМДЫ ЖҰМЫСТАР БАР

Өңірімізде әлеуметтік модернизация саясатын жүзеге асыруда, Елбасы Н. Назарбаевтың 2012 жылдың 14 желтоқсанында «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында баяндалған мақсат, міндеттерді орындаудағы үкіметтік емес ұйымдардың орны мен ролі, олардың билікпен қарым-қатынасы жайлы пікір алмасу, бірлескен іс-қимылдардың бағыттарын айқындап, ортақ шешім қабылдау ілкімді жүзеге асырылуда.

Ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын, отаншылдық сезімі үстем мыңдаған азаматтарды біріктіретін облыстық үкіметтік емес ұйымдары өлкеде демократиялық процестердің дамуына, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына, қоғамның өзекті мәселелерінің оң шешілуіне ықпал ете алатындай күшке айналды. 

Қызылорда облысында үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Жылдан жылға ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қаржыландырудың көлемі артуда. 

Биліктің үкіметтік емес сектормен қарым-қатынасында да оң өзгерістер орын алып, ҮЕҰ-ды белгілі қоғамдық күш, қоғамның мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас қалыптасуда. 2009 жылдан бастап жыл сайын облыс әкімінің облыстық «Азаматтық альянс» және «Игілік» корпаративтік қорымен бірлескен іс-қимылына қоса әріптестік жайлы меморандум қабылдауы дәстүрге айналды. 2013 жылдың 18 сәуірінде осындай меморандум 5-ші рет қабылданды. Меморандум ортақ мақсат, міндеттерді айқындап, бірлескен іс-қимылмен әріптестіктің басты бағыттарын белгіледі. Бұл ҮЕҰ-дың өңір тұрғын­дарының түйткілдерін билікпен бірлесе отырып шешу үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. 

Осындай қолдаудың нәтижесінде ҮЕҰ-дың беленділігі артып, қызметі өңіріміздің қоғамдық, әлеуметтік өмірінің барлық салаларын қамтуда. ҮЕҰ-дар өңіріміздегі маңызды қоғамдық саяси шаралар, науқандардан тыс қалмайды, қоғамда ынтымақ, ауызбіршілік, тұрақтылық болуына, облысымызда жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралардың орындалуына өз үлестерін қосуда. Міне, осы орайда Қызылорда облысы «Азаматтық альянсы» қауымдастығының төрайымы Дариға Ақмағамбетоваға бірнеше сауал қойған едік. 

– Азаматтық қоғам елдің демократиялық дамуының маңызды шарты деп ойлайсыз ба?

– Алдына демократиялық, зайырлы мемлекет құру мақсатын қойған елімізде алғашқы жылдардан бастап-ақ азаматтық қоғам институттарының дамуына саяси, құқықтық жағдайлар жасалды. Азаматтық қоғам институттарының дамуына құқықтық негіз болған: «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жайлы» Қазақстан Рес­публикасының Заңдары қабыл­данды. 

Саяси, әлеуметтік реформа­лардың жүзеге асырылуы азамат­тардың қоғамдық, саяси белсен­ділігінің артуына ықпал етіп, әртүрлі әлеуметтік топтардың құ­қық­тары мен мүдделерін қорғау мақсатында қоғамдық бірлестіктер көптеп құрылды. Қазіргі кезеңде үкіметтік емес сектор еліміздің қоғамдық саяси, әлеуметтік дамуына ықпал ететіндей күшке айналды. Қызылорда облысында азаматтық қоғамның маңызды бөлігі болып табылатын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, оларды әлеуметтік маңызды проблемаларды шешуге тарту бағытындағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдаудың бірнеше облыстық бағдарламалары жүзеге асырылды. Екі жылда 1 рет облыстық азаматтық форум өткізу, облыс әкімінің ҮЕҰ жетекшілерімен кездесуі дәстүрге айналды. 2003 жылдан бастап ҮЕҰ-дың белсенділігін, бастамашылдығын дамыту мақ­сатында олардың әлеуметтік маңызы бар жобалары облыстық бюджеттен қаржыландырыла бастады. 2009 жылдың 17 наурызында Қызылорда облыс әкімі облыстық «Азаматтық альянс», «Игілік» корпоративтік қорымен бірлескен іс-қимыл және әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Қызылорда облысындағы биліктің ҮЕҰ-дармен қарым-қатынасы, бірлескен іс-қимыл тәжі­рибесі республика дәрежесінде қабылданып, 4-ші азаматтық форумда облыс әкімі Б. Қуандықов ҮЕҰ-дармен тиімді қарым-қатынасы үшін номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Облыста осындай азаматтық қоғамды қалыптастыру, ҮЕҰ-ды қолдауға бағытталған шаралардың нәтижесінде үкіметтік емес ұйымдар саны артты, 700-ге жуық ҮЕҰ заңды тұлға болып тіркелген. Олар өз қызметі, ықпалы арқылы қоғамның барлық салаларын қамтуда. 

2005 жылдың қазанында биліктің, ҮЕҰ және бизнестің әріптестігін жариялаған екінші азаматтық форум өтті. Форум жұмысына қатысқан Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша билік пен Үкіметтік емес ұйымдар бизнестің әлеуетін біріктіру, елдің әлеуметтік даму стратегиясын іске асыру мақсатында Қазақстан ҮЕҰ дамуының жаңа кезеңін сипаттайтын Қазақстанның Азаматтық альянсы құрылды. 2006 жылдың басында Қызылорда облысында қоғамдық ұйымдардың бірлігін, олардың билік, бизнес құрылымдарымен тиімді қарым қатынасын қалыптастыру, азаматтық қоғамның дамуына ықпал ету мақсатында «Қызылорда облысы «Азаматтық альянсы» қауымдастығы құрылып, заңды тұлға ретінде ресми тіркеуден өтті. 

Облыстық Азаматтық альянс өзінің нәтижелі қызметімен қоғамдық қолдауға ие болды, облыстың саяси, қоғамдық кеңістігінде орны бар азаматтық қоғам институтына айналды. Ол көптеген әлеуметтік маңызы жоғары шаралардың бастамашысы болып, өлкенің өркендеуі, елде тұрақтылық пен келісім болуына бағытталған жұмыстар арқылы жұртшылықтың оң бағасына ие болды.

Беделді азаматтық қоғам институттары – «Нұр Отан» партиясының облыстық бөлімшесі, облыстық кәсіподақтар кеңесі, «Атамекен» ұлттық палатасы облыстық бөлімшесі, облыстық кәсіпкерлер одағы «Азаматтық альянспен» бірлескен іс-қимыл және әріптестік жайлы меморандум қабылдады. Қауымдастыққа 31 ҮЕҰ мүше болды. 2009 жылы облыс әкімі Азаматтық альянспен бірлескен іс-қимыл және әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Бұл облыс әкімі тарапынан облыстық «Азаматтық альянсқа» – жалпы үкіметтік емес секторға жасалған үлкен сенім және қауымдастықтың қызметіне, қоғамдағы орнына берілген жоғары баға деуге болады. Қауымдастық аудандар мен елді мекендердегі үкіметтік емес сектордың дамуына ерекше көңіл бөледі, жылма-жыл аудандарға барып, ҮЕҰ жетекшілері үшін «Дөңгелек үстөл» семинар-тренинг, пікір алмасу алаңдарын өткізіп тұрады. Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдар тарапынан облыстық «Азаматтық альянсты» өздерінің жанашыры, мүдделерін қорғаушы, мәселелерін шешуге көмек бере алатындай ұйым деген көзқарас қалыптасуда. 

 – Дариға апай Азаматтық альянс қызметінің негізгі бағыттары қандай?

 – Қоғамның негізгі үш құрамдас бөлігі – билік, бизнес құрылымдар, үкіметтік емес ұйымдар арасында қарым-қатынастарының тиімді жаңа деңгейі қалыптасуына тұрғындардың өміршең мәселелерін бірлесіп шешуге, азаматтық қоғамның дамуына, елде ауызбіршілік болуына ықпал ету. Өлкенің әлеуеттік жаңғыруына белсенді қатысу, ҮЕҰ мүмкіндіктерін әлеуметтік салаларды дамытуға бағыштау. Тұрғындардың азаматтық бастамашылдығын қолдау және дамытуға арналған шараларды жүзеге асыру. «Азаматтық альянстың» ҮЕҰ-дың облыстық әлеуметтік-экономикалық бағы­тын анықтау, бюджетті жоспарлау істеріне қатысуына қол жет­кізу. Өлке тұрғындарының тұр­мыс деңгейін көтеруге арнал­ған әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жасауға, орындалуын бақылауға белсенді қатысу. Сыбайлас жемқорлықпен күрес, бизнес құрылымдардың, жеке кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай болуына, бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігінің дамуына ықпал ету. Аз қамтамасыз етілген топтарды қолдау, тұрғындардың денсаулығын қорғау, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған шараларға қатысу. Азаматтық қоғамдық институттарының аудан, ауылдық жерлерде дамуына қол жеткізу. 

ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге белсенді қатысуларына ықпал ету. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру мәселесін билік орындарымен бірлесіп отырып шешу. «Азаматтық альянстың» іс әрекетінде ұстанған басты принципі – инновациялық ой мен әлеуметтік бастамашылдықтың бірлігі. 

– Дариға апай, даму динамикасы туралы айтсаңыз?

– 2005 жылы желтоқсанда Қызылорда облысында «Азаматтық альянсі» құрылды. Қауымдастықтың төрайымы болып ұйымды құрудың бастамашысы Д.Ақмағамбетова сайланды. 

2006 жылы ақпан – ішкі саясат бағдарламасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар үкіметтік емес сектор, бизнес құрылымдар және тұрғындар арасындағы өзара тиімді әріптестікті қалыптастыру бағытында қызметті ұйымдастыру тақырыбындағы алғашқы әлеуметтік жобасын орындауды бастады. Содан бері 15 әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. 

2006 жылы сәуір айында – баспасөз клубында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып баспасөз – конференция­сын өткізіп, «Азаматтық альянс» қызметінің негізгі бағыттары мен алда тұрған мақсаттары жайлы баян­дап, көпшілікті хабардар етті. 2006 жыл маусымда – облыс әкімдігінің қолдауымен үкіметтік емес ұйым­дарға арналған ақпараттық, кон­сультативтік, әдістемелік, ұйым­дық техникалық қызмет көрсету мақсатында ақпараттық ресурстық орталық ашуға қол жеткізіп, оның ресми тұсаукесерін өткізді. Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының жауапты қызметкері Ж. Буқанова қатысты. 

Шілде айында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын орындау сапасына сараптама жасауды бастады. 

Қазан айынан бастап «Қоғам­дық құрылымдардың бірлігі азаматтық қоғамның дамуы негізі» тақырыбында ҮЕҰ-дың облыстық конференциясын өткізді. Оған билік, бизнес құрылымдар, ҮЕҰ-дар өкілдері, барлығы 200-ден астам адам, облыс әкімі И. Адырбеков қатысты. Облыстық «Азаматтық альянс» қолдауға ие болып, 2006 жылы 19 ҮЕҰ қауымдастыққа мүше болуға тілек білдірді. Бұл күнде қауымдастыққа 31 ҮЕҰ мүше. 

Осы жылдың қараша-желтоқсан айларында – облыстық «Азаматтық альянс» Облыстық кәсіподақтар кеңесі, «Атамекен» жалпыұлттық палатасының облыстық бөлім­ше­сімен бірлескен іс-қимыл жайлы мемо­рандумға қол қойып, олармен әлеуметтік әріптес болды. 

2007 жылдың наурыз айынан қауымдастық «Нұр Отан» пар­тиясының облыстық бөлім­шесімен әлеуметтік әріптестік жайлы меморандумға қол қойылды. 

Қыркүйек айында ІІІ облыстық азаматтық форум өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырмасымен форумды дайындап, ұйымдастырушысы облыстық «Азаматтық альянс» болды. 

2009 жылдың наурызында – Қызылорда облысы әкімі облыстық «Азаматтық альянс», «Игілік» корпоративті қорымен бірлескен іс-қимыл мен әріптестік жайлы меморандумға қол қойды. Бұл әлеуметтік әріптестік төртінші жыл өзінің жалғасын табуда. 

Осы жылы облыстық «Аза­маттық альянс» жанынан ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қарап, іріктейтін сарапшылар кеңесі жұмыс жасай бастады.

Қыркүйекте – ІV облыстық азаматтық форумы өтті, сол жылдың қазан айында ІҮ Республикалық Азаматтық форумда облыс әкімі Б.Қуандықов «ҮЕҰ – мен тиімді қарым қатынасы үшін» номинациясы жеңімпазы болып табылды. 

2010 жылдың қазанында – облыстық «Азаматтық альянс» өзінің веб-сайтын ашуға қол жеткізді, ол облыстың үкіметтік емес секторының өмірі мен қызметінің айнасы болуда. 

Бір жылдан соң облыстық Азаматтық форум өтіп, оған Қазақ­станның Азаматтық Альян­сының төрайымы А.С. Соловьева, мәдениет вице – министрі Ғ.Т. Телібаев қатысты.

– Үкіметтік емес ұйымдардың билік, бизнестік әріптестігінің жаңа деңгейі қалай деп ойлайсыз?

– Облыстық «Азаматтық альянстың» алдына қойған маңызды мақсаты –ҮЕҰ-дың билік және бизнеспен тиімді қарым-қатынасын қалыптастыру болса, бұл мақсатты орындауда қауымдастық айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді деуге болады. 

Облыста билік орындарының үкіметтік емес секторымен қарым-қатынасында оң өзгерістер орын алып, жүйелілік қалыптасты, ҮЕҰ-ды ықпалды қоғамдық күш, қоғамның мәселелерін шешуде әріптес деген көзқарас негізделді. Облыс әкімінің ҮЕҰ-дың жетекшілерімен кездесуі, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, келешектегі ортақ міндеттерді айқындауы дәстүрге айналды.

Биліктің үкіметтік емес ұйымдармен нәтижелі қарым-қатынасының айқын көрінісі 2009 жылдың 17 наурызында облыс басшысының облыстық Азаматтық альянс, «Игілік» корпоротивтік қорымен бірлескен іс-қимыл және әріптестер жайлы үш жақты меморандумға қол қоюы болды. Меморандумда ортақ мақсат, міндеттер айқындалып, бірлескен іс-қимыл мен әріптестіктің басты бағыттары белгіленді. Меморандум аясында облыс әкімі ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға «Игілік» қоры арқылы қаржы бөлінуіне ықпал жасады.

Азаматтық қоғам өкілінің облыс басшысымен әріптестік жайлы құжатқа қол қоюы ҮЕҰ -дың дамуы үшін, қоғам проблемаларын билікпен бірлесе отырып шешуіне жаңа мүмкіндіктер ашты. 

Бөлінген қаржының жұмсалуын реттеп, бақылау, ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаларын қарап іріктеу, қаржыландыруға ұсыну «Азаматтық альянсқа» тапсырылды. Бұл облыс әкімі тарапынан «Азаматтық альянсқа», жалпы үкіметтік емес секторға жасалған үлкен сенім болды. 

«Азаматтық альянс» әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу, жобалардың қоғам өміріне қажетті проблемаларға бағытталуы және жауапкершілікпен орындалуы үшін жан-жақты шараларды жүзеге асыруда. Ұйым жанында әлеуметтік жобаларды қарап, іріктейтін сарапшылар кеңесі жұмыс жасайды. Жобалар іріктелгенде жобада көрсетілген мәселесінің өміршеңдігіне, нәтижесіне қатаң талап қойылып отырылады. ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобаны орындау үшін мүмкіндігі, тәжірибесі ескеріледі. Сондықтан бірқатар жобалар қай­тарылады немесе жетілдіруге жі­беріледі.

Әлеуметтік жоба қаржылан­дырылуы үшін «Азаматтық альянс», жобаны орындаушы ҮЕҰ және «Игілік» қоры арасында үш жақты келісімшартқа қол қойылады. ҮЕҰ-дың әлеуметтік жобалардың тиісті дәрежеде, нәтижелі орындалуы «Азаматтық альянстың» бақылауында болып, олардың есебі тыңдалып отырылады. 

Әлеуметтік жобаны орындаушы үкіметтік емес ұйымдарға ақпараттық, әдістемелік, ұйымдастырушылық көмек көрсетіліп, оларға «Азаматтық альянстың» ақпараттық, техникалық базасын пайдалануға толық мүмкіндік жасалады. ҮЕҰ жетекшілері үшін семинар, тренингтер ұйымдастырылып, әлеуметтік жобалардың орындалуына қоғамдық мониторингтер жасалып тұрады. «Әлеуметтік жобалардың есебі мен құжаттарын жүргізу мәселелері» тақырыбында әдістемелік құрал ұсынылды. 

Үшжақты меморандум аясындағы жұмыстар төртінші жыл бойы өзінің жалғасын табуда. Төрт жылда ҮЕҰ – дардың жобаларын қаржыландыруға 311 млн. 917 мың теңге бөлінді.

– Облыстық «Азаматтық альянс» жүзеге асырған әлеуметтік жобаларға тоқталсаңыз?

– 2006 жылы Мемлекеттік органдар, үкіметтік емес сектор, бизнес құрылымдар және тұрғындар арасындағы өзара тиімді әріптестікті қалыптастыру бағытындағы қызметін ұйымдастыру, осы жылы үкіметтік емес ұйымдар үшін ақпараттық ресурстық орталық ұйымдастыру қолға алынды. 2007 жылы Қы­зылорда облысы ҮЕҰ-ры үшін ақпа­раттық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастырды. Сайлау науқаны кезінде қайраткер әйелдер қатарынан ақпараттық, насихаттық топтың қызметін ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. 

Азаматтық қоғам институт­тарының облыстық форумын өткізді. 

2008 жылы Қызылорда облысы ҮЕҰ-ры үшін ақпараттық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастырса, 2009 жылы ҮЕҰ-дың әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындаудағы қызметтері үйлестірілді. 

Қызылорда облысы ҮЕҰ-ры үшін ақпараттық ресурстық орталықтың қызметін ұйымдастырып, 2010 жылы патронаттық тәрбиешілер, патронаттық тәрбиеге бала алуға үміткерлерге арналған орталық ұйымдастыруға қол жеткізілді.

Былтырғы жылдан бастап ҮЕҰ-дың әлеуметтіку маңызы бар жобаларды орындаудағы қызметтері үйлестріліп келеді.

– Дариға апай, Қызылордада алтыншы облыстық азаматтық форум өтті. Оның мақсаты қандай?

 – Елімізде билік пен үкіметтік емес сектор өкілдерінің пікір алысып, бірлескен шешім қабылдау алаңына айналған азаматтық форумның екі жылда бір рет өтуі дәстүрге айналды. Соңғы бесінші азаматтық форум 2011 жылы өткен болатын. Сондықтан 2013 жыл форум өтетін жыл. Алтыншы азаматтық форум осы жылғы 14-15 қарашасында Астанада өтетін болады. 

Облыстық алтыншы азаматтық форум «Азаматтық қоғам еліміздің әлеуметтік модернизациясында биліктің стратегиялық серіктестігі және тірегі» тақырыбы аясында болды. Форумға қатысушылар осындай бүкілхалықтық мақсаттарды жүзеге асырудағы ҮЕҰ-дың ролі мен атқаратын міндеттерін талқылап айқындады. 

Елбасы ұсынған елді модернизациялау стратегиясы адамзаттық қоғамға, оның негізі – мыңдаған адамдарды ықпалымен қамтып отырған ҮЕҰ-ға үлкен жауапкершілік жүктеп отырғаны белгілі. Елбасы, Н.Назарбаев өз Жолдауында «Бәріміздің туған жеріміз біреу – ол тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді мәңгілік ел етуге мұрат қылдық»,– деді. Бұл еліміздің әрбір азаматына қоғамымыздың барлық мүшелеріне қатысты.

Сондықтан азаматтық қоғам ҮЕҰ өкілдері еліміздің модернизациясына белсене араласып, өз орнын табуы тиіс, өздері ықпал ететін топтарды, азаматтарды еңбекқорлыққа, отаншылдыққа бастаулары қажет. Форумда осы мақсаттарды жүзеге асырудың жолдары талқыланып, нақты межелер белгіленді. 

Форумда 2011 жылы өткен V облыстық форумның ұстанымдарының орындалуының нәтижесі, ҮЕҰ-дың өңірдің қоғам өміріндегі орны да қаралды. Форум жұмысына облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев қатысып, сөз сөйлеп, билікпен ҮЕҰ арасындағы әріптестіктің жылдан жылға кеңейіп, дамып келе жатқанын сөз етті. 

– Дариға апай, өзіңіз туралы айтсаңыз? 

– Мен Қызылорда педагогикалық институтын тәмәмдағасын, өзімнің еңбек жолымды 1964 жылы Шымкент облысының Сайрам ауданында, №21 орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастадым. 1966 жылдан комсомол, партия қызметіне ауысып облыстық комсомол, комитетінің бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда қалалық партия комитетінің әлеуметтік салалары жөніндегі хатшысы қызметін атқардым. 1992 жылы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалдым. Осы қызметті 1997 жылдың қаңтарына дейін зейнеткерлікке шыққанға дейін атқардым. 

Дариға апай қиыншылығы мол өтпелі кезеңде 1989-1996 жылдары Қызылорда қаласының әлеуметтік салаларында басшылық жасап маңызды салалардың құлдырап кетпеуіне ықпал етті. Ол кезде бірде-бір балабақша, мектеп, басқа да әлеуметтік нысандар жабылмады. Қала тұрғындарының егемен елінің болашағына деген сенімін күшейтіп, елжандылық, патриоттық саналарының қалыптасуына бағыт­талған саяси – көпшілік шаралар ұйымдастырылып, еліміздің тәуелсіздігі нығаюына ықпал етті. Д.Ақмағамбетова зейнеткерлікке шыққасын да облыстың қоғамдық өміріне белсенді араласып келеді. 

2006 жылы Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы қауымдастығын құрып, ұйымға осы кезге дейін басшылық жасап, облысымызда азаматтық қоғамның қалыптасуына, үкіметтік емес ұйымдарының дамып, ықпалды күшке айналуына үлкен үлесін қосып келеді. Ол кісі облыс тұрғындары арасында беделді, абыройы биік. Зейнеткер бола тұра 1999 жылы облыстық мәслихаттық депутаты болып сайланды. Қызылорда қалалық халық депутаты болып, екі рет Жалағаш аудандық халық депутаты болып сайланған. 

2010 жылы Қызылорда қала­сының құрметті азаматы атағына ие болды. 

Дариға апайдың ел үшін, қоғам үшін еңбегі еленіп, талай мәрте марапатталды. Қазақстан Республикасының құрмет грамотасына, ҚР Президентінің алғыс хатына, ҚР-ның білім беру ісінің құрметті белгісіне, 2008 жылы облыс әкімінің үздік азаматтық қоғам өкілі номинациясына ие болды. Дариға Ақмағамбетова мемлекеттік, қоғамдық-саяси қызметтерді отбасы, аналық міндеттерімен қатар атқарып жүрген, ұл-қыз өсіріп, немере өрбіткен өнегелі отбасының анасы.

Миуа БАЙНАЗАРОВА

Қызылорда облысы