ТҮРКІГЕ ОРТАҚ МЕДИА-ФОРУМ

ТҮРКІГЕ ОРТАҚ МЕДИА-ФОРУМ

ТҮРКІГЕ ОРТАҚ МЕДИА-ФОРУМ
ашық дереккөзі

Бішкектегі медиа-форум түбі бір түркіге ортақ біраз мәселені қаузады. Жедел ақпарат алмасу, түркінің ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, Интернеттен портал ашу, жаңа медианы түркі әлемін дамытуға пайдалану т.б. қарастырылды. 

Бішкек қаласында Түркітілдес елдер мен қоғамдардың ІІІ медиа-форумы өтті. Екі күнге созылған бұл шара түбі бір түркінің күн тәртібіне шыққан өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешудің жолдарын қарастырды. Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Кипр, Қарашай-Шеркес республикасы, Татарстан, Македония, Болгария т.б. түркітілдес елдер мен қоғамдардың 100-ден аса өкілі қатысқан медиа-форумның алғашқы бөлімінде «Жаңа медиа технологиялық өзгерістердің көрінісі іспетті» тақырыбы талқыға салынды. Заманауи технологиялардың бұқаралық ақпарат құралдарын қалыпастыруға қалай ықпал ететіні, «жаңа медиа» ұғымының шын мәнісіндегі түсінігі, баспа ісіндегі жаңа форматттар мен бизнес-үлгілері т.б. мәселелер сөз болды.Түркия Баспасөз және ақпарат Бас басқармасының бас директоры Мұрат Каракая түркі бірлігін күшейтуде медиа форум сияқты шаралардың игі әсер ететінін айтты. Ал Әзірбайжан Баспасөз одағының төрағасы Афлатун Амашов түркі әлеміне тиесілі ақпарат кеңістігіндегі бірлік қоғамдар арасындағы ынтымақтастық та аса маңызды екендігіне тоқталды: «Түркітілдес қоғамдардағы баспасөз бірлігі, Интернеттегі ынтымақтастық, ақпарат алмасудағы жеделдік түркі әлемінің бірлігін нығайтады. Демократиялық құндылықтарды насихаттау да аса маңызды».  

Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік ассамблеясының басшысы Жандос Асановтың айтуынша, «Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Ұйым түркі әлеміндегі бірлікті күшейтуді мақсат етеді. Біз ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп отырмыз. Меніңше, түркі әлеміндегі ақпарат алмасу үрдісі жеткілікті деңгейде дамымаған. Мен өз міндетіме жылдың қазанынан бастап кірістім. Байқағаным, кәсіби біліктілігі жоғары аудармашы мамандар тапшы. Сол себепті, ақпарат алмасу төменгі деңгейде». Асанов мырза түркіге ортақ ақпараттық кеңістік құру үшін қазақ, түрік, әзірбайжан т.б. тілдерде ақпарат тарататын сайт ашуға ұсыныс білдірді. Ал Түркі кеңесі бас хатшысы Халил Акынжы түркі әлемінің мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттайтын арнайы бағдарламалар мен мультфильмдер түсіру жұмысы қолға алынғанын айтты: «Бір-бірінен шалғай орналасқан бауырлас халықтардың тығыз қарым-қатынас орнатуына көмек қолын созу басты мақсатымыз. Сонымен қатар түркіге ортақ тілді де қалыптастыру қажет. Мәселен, қазір түркі елдерінде қолданыста жүрген «ұшақ», «тікұшақ», «құрылым», «байрақ», «кеңес» тәрізді сөздерді ортақ қолдануға болады».

«Диуани Лұғат ат-Түрік» сөздігі әлі күнге өзектілігін жоймағанын айтқан Қырғызстанның мәдениет министрі Сұлтан Раев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлеміне тән салт-дәстүрді, ортақ мәдениетті сақтап қалу. Осы мақсатта сөздік түзілуде, мәдени және рухани тұрғыда басқа да шаралар ұйымдастырылуда», – деді. 

Түркітілдес елдер мен қоғамдардың медиа-форумының «Жаңа медиа технологиялық өзгерістердің көрінісі іспетті» тақырыбындағы алғашқы отырысында «Жаңа технологиялар бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуына қалай ықпал етеді?» тақырыбына сөз қозғаған кипрлық әріптесіміз Гөкхан Гүлер ақпараттық технологиялардың дамуы журналистердің жұмысын едәуір жеңілдеткенін, Интернет журналистиканың бүгінгі ахуалы, заңдық ережелерге бағыну т.б. мәселелер аса маңызды болғанын айтты. «Жаңа медиа» ұғымын қалай түсінеміз?» деген тақырыпта баяндама жасаған Дениз Ергүлер: «Жаңа технологиялардың пайда­сымен бірге зияны да бар. Мәселен, ақылды телефоныңыздан көңілді еліктіретін ойын ойнайсыз ба, әлде отырып алып мақала жазасыз ба? Оны таңдау өз еркіңізде болғанмен, уақытты босқа сарп ету қаупі бар», – дей келе, бір стақан су сатылған кез келген қоғамда Интернеттің, спутниктік жүйе қызметін ендігі тегін пайдаланатынын айтты. 

Басқосуларда жетпіс жылдан астам уақыт бойы посткеңестік елдерде ықпалын жүргізген орыс тілін әлсірету, түркіге ортақ тіл мәселесі де шет қалмады. Медиа-форумның екінші жартысында «Түркі әлемі бұқаралық ақпарат құралдарының келешегі мен әлеуметтік баспасөздің ықпалы» тақырыбы талқыға салынды. Түркі әлемінің бірлігі жолында әлеуметтік желілердің көмегін пайдалануға ұсыныс айтқан Мехмет Эмре Алпай «Интернет, әлеуметтік желілер мен технологиялардың нәтижесінде қалыптасқан Түркі әлемінің үміті мен мұқтаждықтары» тақырыбына жасаған баяндамасында жаңа медианың мүмкіншіліктеріне тоқталды. Якутиядан келген әріптестер болса, «Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан сияқты дамыған елдер бар. Бірақ кітаптарды Қытайдан шығарудамыз. Неге? Егер мүмкіндік болса, осындай кітаптарды Түркияда шығарар едік. Ұлттарды жақындастыру және түрлі шаралар ұйымдастыру үшін Аммосов сияқты ірі тұлғаларды насихаттау керек. Ол Қазақстанның үш облысында тер төгіп, қаншама қазақты ашаршылықтан аман алып қалуға үлес қосты. М.Аммосовқа арналған 1997 жылы Қырғызстанда ескерткіш ашылды, үлкен рахмет! Былтыр Қырғызстанда еске алатын кітап шығардық. Жиырмасыншы жылдары өзінің қоғамдық қызметін түркі елдерінің бірлігі мен келешегіне арнады. Егер түрік тілінде болса сайт бізге, түрік тілін жақсы білмейтіндерге қиын. Бұл да ескерілуі керек. Ақпарат кеңістігінде өзгелерге есе жіберіп алсақ, еңбегіміз еш болмақ», – деп наз айтты.

Сонымен, екі күндік шараны қорытындылаған медиа-форумға қатысушылар түркі әлеміне ортақ портал ашу, жедел ақпарат алмасуға күш салу, өкілдер тағайындау сияқты маңызды мәселелерге ден қойды. Ал IV Медиа-форумды 2014 жылы Кипрде өткізуге шешім қабылданды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Алматы – Бішкек – Алматы