ТІЛ МӘСЕЛЕСІНДЕ ТЫНЫМ ТАППАҒАН ЖӨН

Соңғы кездері жер-жерде «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қашан кеңейеді?», «Қазақша көрнекі ақпараттар неге сауатсыз жазылады?», «Мекемелерде неге қазақ тіліндегі бланкілер жоқ?», «Мамандар неге қазақша жауап бермейді?» дегендей сұрақтар көбейгені ойға қалдырды. Сосын мемлекеттік тіл қолданысы аясына назар аудара бастадық. «Халық айтса, қалп айтпайды» деген рас екен, тіл кеңістігіне көңіліміз толмады. Барған мекеме, кәсіпорындарда «Маған мемлекеттік тілде қызмет көрсетіңіздер» деп, талап қоя бастадық. Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін ұлты қазақ жас мамандарға Елбасымыздың: «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деген талабына сай ең алдымен мемлекеттік қызметшілер өзге жұртқа өнеге болса, дұрыс болар еді» деген тілегімізді де жеткізіп жүрдік. Мемлекеттік тілдегі бланкіні тауып бере алмаса, өтінішті толтыру үлгісі болмаса, қабырғада көрнекі ақпараттары болмаса «Неге жоқ?» деп сұрайтын болдық. Қазір, міне, жазылған хаттар мен жауаптары – бірнеше бума құжат болып жиналып қалыпты. Бұл құжаттар саны – мәселенің қаншалықты ушығып тұрғанын білдірсе керек.

Мәселен, жергілікті «Қазақстан-Павлодар», «Ирбис», «КТК-7» телеарналарының «Ты-абитуриент», «Удачный выбор», «Жарнамалар әлемінде», «Телекаталог» сияқты жарнамалары, жүгіртпе жол хабарландырулары қазақшаланды. Заң талабына көңіл бөлгізуіміздің арқасында «Ирбис» телеарнасында мемлекеттік тілде «Тікелей эфир» хабарлары пайда бола бастады. Біздің талаппен «Шагала», «Каусар» сияқты сау­да орындарының атаулары «Шағала», «Кәусар» болды. Сондай-ақ, қала көшелеріндегі көптеген атаулардың, жарнамалық ақпараттардың ҚР-ның «Тіл туралы» Заңының талабына сәйкес болуы үшін істер атқарылды. Құрылыс алаңдарында «Паспорт объекта», коммуналдық қызмет көрсету кәсіпорындарының, «Қазпочта» АҚ-ының, «Қазақтелеком» АҚ-ы көрнекі ақпараттарының, бланкілерінің, буклеттерінің мемлекеттік тілдегі нұсқаларының тапшылығы тіпті, электронды үкіметтің порталы беретін «жылжымайтын мүліктің бар-жоқ екендігі жөніндегі анықтаманың» мемлекеттік тілде шығуына бір кісідей атсалыстық. Осындай нәтижелі істер аз емес, ал атқаратын жұмыс бұдан да көп. Бұны тағы «айтпасаң – білмейді, ашпасаң – көрмейді». Сондықтан бұны мақтанғаннан емес, өзге азаматтарға құлаққағыс ретінде айтамын. «Жыламаған балаға емшек бермейді», – дейді қазақ. 

Енді туған жерім Қостанай облысы Қарабалық ауданындағы жағдай туралы айтсам деймін. Бұл ауданда 1994-2009 ж.ж аралығында мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңеюі жағдайына назар аударылмады десе болады. Себебі, осы жылдары аудандағы үш қазақ мектебінің екеуі жабылды. Мемлекеттік тілде білімі алып жүрген Мағынай негізгі мектебінің балалары көрші Примагнай стансасы, Победа ауылдарындағы өзгетілді мектептерде білім алуға мәжбүр болды. Оларға білімін ана тілінде жалғастыру жағдайы жасалмады. Ал аудан орталығында бұрыннан «Улыбка» балабақшасы болса, 2010 жылы ашылған екінші балабақшаға «Сказка» атауы берілген. Қазақ балалары 70-80 пайызды құрап отырған ауылдардағы мектептерде қазақша мектепалды тобы, мемлекеттік тілдегі 1-сынып ашылмаған еді. Аудандағы ауылды жердегі негізгі мектептердің соңғысы – Өрнек негізгі мектебі жабылғанда, жоғарыда атап өтілген фактілерді облыс әкімінің алдына жайып салдық. Нәтижесінде балабақша «Айналайын» болып қайта аталды, балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбие беретін топтардың саны артты, Өрнек мектебі қайта ашылды, екі мектепте мектепалды қазақ тобы ашылды. Ересектер үшін қазақ тілі сабағын тегін үйрету курстары ашылды. «Орленок» оқушылар демалыс орны «Достық» деп аталды. Мұның бәрі 2010-2011жылдары біз мемлекеттік тіл мәселесіне баса назар аударған соң болған жағдай деп ашық айтуға болады.

Ал Павлодар облысы көшелерінде де қазақ тіліндегі мәтіндердің сауатсыз жазылғаны да аз емес. Заңда қазақ тіліндегі мәтіндердің сауатты жазылуын талап ететін бап жоқ. Дегенмен, алғашқы кездерде сауатсыз жазылған көрнекі ақпарат жөнінде Павлодар облысының тілдер басқармасына, көрнекілікті ілген кәсіпорынға кіріп айтсақ, шара қолданбайды. Сосын, «Ертіс дидары» газетінде (2011 жылы маусым айында) мақала жарияладық. «Ертіс дидары» газет толығымен бюджет есебінен қаржыландырылып, әрі редакторына жалақы төленетінін ескеріп: «Тілдер басқармасы газетті шығаруға мүдделі болғандықтан біз көтерген мәселеге назар аударар» деп ойлағанбыз. Бірақ, маусым айында көтерілген мәселе сол күйі қалды. Екі айдан соң, яғни тамыз айында қалалық «Шаһар» газетінде осы мәселені тағы көтердік. Сонда да мәселе сол күйі қалды. Олар өздері орналасқан ғимараттың ішінде заң талаптарына сәйкеспейтін ақпараттарға көңіл бөлмей отырғанда, қала көшелеріндегі көрнекіліктердің сауатты жазылуына, «Тіл туралы» заң талаптарына сәйкес болуына қайдан назар аударсын. Біз бұл туралы сол кездегі облыс әкімі Б.Сағынтаевқа хат жазып, іле-шала «жарты жыл жыр болған» мәселе де бір аптаның ішінде шешілді. Міне, тегеурінді талап болмай, іс алға баспайды деген осы. Екі жағдайда да тек аймақ басшылары араласқаннан кейін ғана мәселе шешілді. 

Иә, біздің «мазасыздығымыздың» әсері болар, тілдерді дамыту жөніндегі облыстық басқарма жуырда мекеме-кәсіпорын басшыларымен жиналыс өткізіп, заң талабын түсіндірген екен. Осы үшін де 20 жылдан астам уақыт керек болды ма? Тағы бір ұсынысымыз әлі ескерілмей келеді. Ол ұсыныс – әр жарнамалық агенттік өзі жасаған жарнама, көрнекілік ақпараттың бұрысына логотипін қойса, олардың жауапкершілігі артар еді, жарнамалық агенттіктердің жасаған көрнекіліктеріне мониторинг жасап, тиісті шешімдер жасауға ықпал етуші едік. Сондықтан әр азамат ана тіл мәселесіне өз үлесін қосқаны абзал.

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ 

Павлодар қаласы

Back to top button