ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ

ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ

ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ
ашық дереккөзі
Кітапқа қатысты тарихтың айтары көп. Осы төңіректегі біздің тілге тиек етпегіміз – түрлі саясаттың әсерінен қолды болып, бірі өртеліп, бірі цензураға ілігіп, әлдеқандай себептермен жоғалып кеткен кітаптар және олардың кейінгі тағдыры жайлы. Әуелі кітапты өртеп, жойғандар тарихта аз болмағанын естеріңізге салғымыз келеді. Кітап өртеу оқиғасы дегенде, б.з.д. 221 жылы қытай императоры Цинь Ши Хуаньнің «зиянды» кітаптарды өртеп, кітап авторларын көрге тірідей жерлегені туралы деректі тарихтың өзі алдыға тартады. Бұл өртелген кітаптардың ішінде Конфуцийдің еңбектері де бар еді. Танымал авторлардың көзі кеткен соң, тіпті сол кезеңдегі «жаңа кітап тарихын» жазатын ешкім қалмады-мыс дейді сол заманның айғақтары. Б.з.д. 48 жылы, 700 000 кітап қоры бар Александрия кітапханасы да өртке оранғаны көзі қарақты жұртшылыққа мәлім. Үңгірге не жерге көмілді дейтін «Отырар кітапханасының» да жыры бөлек әңгіме. Алайда, әлем жұртшылығының көбі «Кітапты өртеу күні» 10-мамыр деп есептейді. Себебі, дәл осыдан сексен жыл бұрын, яғни, 1933 жылдың 10-мамырында нацистік Германияның жастары билік «кесірлі», «зиянды» деп тапқан кітаптарды өртке лақтырған еді. Адамзат баласының жанын түршіктерген бұл оқиғадан соң, жаппай кітап өртеу әрекеті өркениетті қоғамда енді қайталанбастай көрінген. Алайда, өткеннен сабақ алу дәстүрінен ажыраған зұлым қоғам өзінің жеке амбициясы үшін, өзгені жерге қарату үшін ештеңеден тайынған емес. 1981 жылы Шри-Ланкадағы Джафне кітапханасының өртенуі жиырма бес жылдан аса азаматтық соғысқа ұласты. Бұл кітапхана 100 мыңға жуық кітап қоры бар, Азиядағы ең ірі кітапханалардың бірі еді. Өртенген соң ширек ғасырға созылған азаматтық соғыста да қаза тапқан азаматтардың саны – 100 мыңға жетеқабыл. Испан инквизациясы Құранды өртегенде Гейне айтты деген сөз бар: «Кітап өртеген жерде, түптің түбінде адамдар да отқа оранады». Рас екен! Кітабын өртеген ел азаматтарын тікелей отқа орамаса да ұрпағының ақыл-ойының белгілі бір деңгейде кенже қалатынын тарих осы күні дәлелдеп те берді. Біз де тарихымызда кітапты ерекше қастерлегеніміз рас, десе де рухани жан азығы алдында кінәміз жоқ деп айта алмасақ керек. Иә, басында кітапты аяласақ, аялаған да шығармыз. Абайдың жырларын қыз жасауына қосқан қазақпыз, Құран сөздерін ең асылымызды сақтаған сандығымызда қаттаған қазақпыз деп әлі күнге мақтануға да болар. Алайда… Иә, идеологияның тепкіні еді, біз емес, саясат солай бұйырып еді деп осы күні талай кітаптарымыздың, талай шығармалардың, талай авторларымыздың алдында ақталып жататынымыз бар. Дей тұрсақ та біздің өзіміз де кітаптың алдында ұятты екенімізді мойындауға тиіспіз. Қазақ даласына келіп жатқан түрлі діни кітаптардан өзге, қазақтың тасқа басылған алғашқы кітабы – 1807 жылы жарық көрген «Сейфул-Мәлік» қиссасы мен Абайдың (1909) өлеңдер жинағының арасында жүз жыл жатыр дей отырып, ғасырға созылған сол уақыт аралығында шыққан әр кітап алтынға бағаланғанын да, Абайдан беріде басылған кітаптардың құны да еш кемімегенін қайталап жату артық болар. Бәрі де сол бергі уақыттардан басталған еді. Қазақ даласында қуғынға тек ұлт зиялылары ғана ұшыраған жоқ, олардың тасқа басылған еңбектері де, сол еңбектерді сақтаған адамдар да «ерекше тексеруге» алынды. «Айналайын, үкімет боқ пен борық же­гіз­дің, көрмейтінді көргіздің, өлмейтінді өл­гіздің», – деген «халық ауыз әдебиеті» үлгі­ле­рінің сыбырлап қана таралғаны болмаса, мұндай жырлардың жаһанға жар болуы мүмкін емес еді. Авторы белгісіз өлеңдер, әйтеуір ауыздан-ауызға жетер, ал, «саяси қатесі бар», «теріс шығарма» деген жала жабылып, жойылған кітаптардың тағдыры осы күні бізді қаншалықты ойлантып жүр? Шүкір, Алаш азаматтары мен ату жазасына кесілген белгілі ақын-жазушыларымыздың шығармалары, қолжазбалары оқ пен от орана жүріп-ақ осы күнге жетті. Бұған мысал – Бейсенбай Кенжебаев ұзақ жылдар бойы көзінің қарашығындай сақтап келген Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы»; Мұхтар Әуезовтің архивінен шыққан «Ақбілек» романы (М.Әуезовке оны Смағұл Сәдуақасовтың әйелі, Әлихан Бөкейхановтың қызы Елизавета тапсырған екен); Қытай қазақтары көрге көміп, келесі жылы аршып алған Шәкәрімнің шығармалары… айта берсек толып жатыр. Және мұның барлығы көпшілікке таныс болғандықтан, қайталай бергіміз келмейді. Әйтеуір ол шығармалар, еңбектер сақталды. Бізге жетті. Ал қолымызға жетпегені қаншама? Осы күні ел аралап шықсақ, сондай кітаптардың бірқатарының әлі күнге сандықтарда сақтаулы екеніне көз жеткізер едік. Әсіресе, діни кітаптар. Мәселен «Кеңес одағы жылдары Қытайға ауып кеткен әкесімен бірге кетіп, 1960 жылдары елге қайта оралған көшпен келген, ХVІІ ғасырға тиесілі деген» Құран кітапты жақын арада қолға ұстап көрдік. Мұндай жеке архивтердегі кітаптарды айтпағанның өзінде, аймақтардың мұражайларында сақтаулы тұрған ескі қолжазбаларды ақтарсаң да біраз жайға қаныққандай боласың. Авторы ату жазасына кесіліп, «теріс шы­ғарма» деп бағаланған кітаптарды сақтаудың өзі қаншама тәуекел мен жүректілікті қажет ететіні бөлек әңгіменің желісі. «Саяси қатесі бар» шығарма түгілі, көзі ашық, сауаттылығы үшін «жазаланған» заманда «сауатты» болудың, кітап жаза білудің өзі қатерлі еді. Белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы Қалас Жамалов Қызылорда облысы, Қазалы ауданындағы қазіргі Түктібаев атындағы ауыл жанындағы Айтбай қорымында жерленген атасы Алғазы ишанның моласына кітаптары қоса көмілгенін айтады. Алғазы ишан ел ішіне Ақын ишан атымен танылған кісінің шәкірті болған. 1928 жылы, жаппай қуғын-сүргін басталған уақытта көз жұмған ишанның моласына жеке үйшік секілді қылып бөлме қазылып, сонда бірқатар кітаптар қоры қоса көмілген. Уақытында қабірдегі кітаптарды саралауға «Халық жауы» деген атақтан қорқып, халық жоламаған. Қазір қабірдегі қолжазбалардың, кітаптардың қағаздары жұқа болғанымен әлі күнге әріптері анық көрінеді. Алайда желдің өтінде тұрған мұралардың қашанға дейін сақталары белгісіз. Кейбір қолжазбалар оқуға жарамсыз болып қалмай тұрған уақытта, зерттеуші мамандардың дер кезінде кітаптарды саралағаны да жөн болар. Жә­шік­ке салынған кітаптардың беті қара қағазбен жамылған, негізінен діни сарында болса керек. Бұлай дейтін себебіміз молдалар қабірдегі кітапты осы уақытқа дейін пайдаланып келген… Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында Руханият Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы бар. Сол мұражайда бұзылған үйдің қабырғасынан 1990 жылдардың соңында табылған қолжазба сақтаулы. Қолжазба авторы Ілияс Тастанбеков деген азамат: «Қолжазбаларды дуал арасына тыққаным жоқ, өрттен, адамдардың құртып жіберуінен сақтану үшін ғана дуал арасына жайғастырдым. Ата-бабаларымыздың есімін білеміз, бір ауыз сөзін де таба алмаймыз. Ал мынау күнделік қолжазбалар бір замандарда ұрпақтарға керек болар деп ойладым. Ілияс 1967 жыл», – деп қол қойған. Сегіз қойын дәптерден тұратын қолжазбалардың бірі күнделік – 1933 жылдардан басталған. Әуелде латын қарпімен жазылған. 1933 жылдан арғы-бергі кезеңде шығып тұрған газет қиындылары жеке қағаздарға жапсырылған. Жеке жазбалары былай аталады: Абылай хан тарихы. Яғни Абылай хан туралы деректер, әңгімелер; Асан қайғы атамыз туралы аңыз; Майлықожа, Мәделіқожа, Молда Мұса, Құлыншаққа қатысты өлең-жырлар, естелік әңгімелер; Шежірелер; 1950 жылдары Нұртас Оңдасыновтың оңтүстікке сапары туралы көлемді әрі қызғылықты материал да бар; Ілияс Тастанбековтің өлеңдері, көрген-білгені, колхоздасу дәуірінен естеліктер қызғылықты етіп жазылған. Тұп-тура сол дәуір адамының боямасыз көзқарасы. Керек десеңіз, әлгі қолжазбаны ақтаруға болады. Жалпы, Отырар Руханият Әбу Насыр әл-Фараби мұражайының айтылуы тиіс мәліметтері көп. Соның бірі Отырар кітапханасы туралы ойға жетелейді. ХХ ғасыр басында да Отырар кітапханасы «Арыстан баб» кесенесінде елге қызмет еткен еді. Сән-салтанаты мен дақпырты жер жаһанға жайылмаса да, жергілікті халықтың көкірек көзін ашуға жетерлік кітап қоры мол болатын. ХV-ХVІІІ ғасырларда басылған діни кітаптар, құрандар «Арыстан баб» кесенесінің жеке бір бөлмесінде қатталған-тұғын. Сол кітапхананың бір бөлігін жаппай жазалау уақытында, сырт көзден жасыру мақсатында Мүсәпір қожа Түркістани Өзбекстан жеріне алып өтіп кеткен. Алайда кейін балаларыма зияны тимесін деп, өзімен бірге жерлеткен деген әңгіме бар. Міне, сол кітаптардың бір ұшығын тапқанда «Отырар кітапханасының» жоғалған кітаптарын бір-бірлеп жинай бас­тар ма едік!?. Кітап жинау дегенде тағы айтпағымыз, Шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби мұралары мен ежелгі Отырар кітапханасы қазір біз айтқан мұражайдың қабырғасында қайта жандануда. Қожа Ахмет Иассауи университетіндегі түркология ғылыми-зерттеу институты, Руханият Әбу Насыр әл-Фараби мұражайы қорындағы көне кітаптар негізінде Арыс­тан баб кітапханасындағы елу кітаптың каталогын жасады. Зікірия Жандарбек, Досан Кенжетай, Абдолла Жұмашев бастаған топ аталған каталогпен жұмыстың тоқтап қалмайтынын да айтып отыр. Мұражай директоры Абдолла Жұмашев: «Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі ешкімге қайшы емес. Бұл кітаптар ислам тарихында, исламның дамуында түріктен шыққан ғалымдардың шешуші рөл атқарғанын дәлелдейді. Мысалы, Отырар – Ислам әлемінің шығысындағы ғылым мен мәдениетінің ошағы болды. Отырарда әл-Фараби бастаған ғалымдар өсіп-өнді. Ол ғалымдар исламның өсіп-өркендеуіне қызмет етті. Араб тілі грамматикасы осы Отырар жерінде жасалды дейді», – деген пікірде. Ал, бізді қызықтырған, Өзбекстан жеріне өтіп кетті делінген Арыстан баб кітапханасындағы жауһарларды іздестіру жұмысы жайлы айтар болсақ, Абдолла Жұмашев екі-үш қолжазба кітапты өзбек жерінен іздеп, тауып әкелгенін де айта кетуіміз керек. «1940 жылдары, соғыстың аяғына таман Сталиннің бұйрығымен Орта Азияда мешіттер салуға рұқсат берген. Кейін сол мешіттер қайта бұзылғаны да белгілі. Ол бұзылған мешіттердің бірінде, ошақтың арасынан табылды деген, Арыстан баб кесенесіндегі кітапханаға тиесілі екі-үш кітапты алып қайтқанмын. Соны аударуға әзірге мүмкіндігім болмай жатыр. Алайда жақын арада ол кітаптар жайлы да жеке әңгіме етуге тұрарлық», – дейді мұражай директоры. Сөз соңында… 2012 жылы Google компаниясы «HTTP — HTTP Error Code 451» деп аталатын жаңа протокол кодын стандарттауды ұсынды. Ағылшын жазушысы Рей Брэдбери «Фаренгейт бойынша 451 градус» деп аталатын романының эпиграфында қағаздың жану температурасы – фаренгейт бойынша 451 градус екенін айтқан екен. Ал Google компаниясы қандай да бір өкімет тарапынан «құлыптап» тасталған беттерде осындай ескертпелер келуі тиіс деп есептейді. Егер бұл код бекісе, «404 бет табылмады» («404 страница не найдена» (Not found) немесе «500 сервер жоқ» («500 сервер недоступен» (Internal Server Error) деген жазулардың орнына «451 цензураның шешімімен табылмады» деген жазу шығуы керек. Алайда, бізде қазір беттерді «құлыптаудан» бұрын, бұрынырақта «құлыпталған» қолжазбалардың кілтін табу жұмысы өзектірек дер едік. Әлі талай архивтерде «шаң басып жатқан» рухани жан азығының тағдыры жайлы айтылар әңгіме қаншама? Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ