БИІКТЕН ТҮСПЕГЕН БИКЕН АПА

Бикен апаны көргім келетін де тұратын. Ол кісіні барлық балалардың анасы санаушы едім бір кездері. Оған «Менің атым Қожа» фильмі ерекше әсер еткен болуы керек. Бұзық, тентек, «тұзы жеңіл» Қожаны бәріңіз жақсы білетін шығарсыз. Сол Қожаның анасын ше? Ол кісіні білмеу мүмкін емес. Бикен Римоваға деген ерекше құрметім «Менің атым Қожа» фильмінен басталған. Одан кейін «Тақиялы періште». Әмина апаның жатақханада комендант болып істейтін құрбысын да қазақ көрермені ұмытқан жоқ. Мәскеуге симпозиумға баратын қыз іздеп жүрген болып, келін іздейтін «тақиялы періште» шешесінің жан құрбысының бейнесі де әлі күнге көз алдымызда. 

Бикен апаның кинодағы рольдері бір төбе, театрдағы рольдері бір төбе. 1923 жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген Бикен апаның балалық шағы бай-манаптарды кәмпескелеу, «халық жауларын» құландай иіріп, қойдай жусату кезеңдеріне дөп келді. Соған қарамастан, өнер атты құдіретті күштен бас тарта алмаған Бикен апа өз арманына қалайда жетуді ойлады. Актрисаның өнерге қол жеткізуіне сеп болған Шашубайдың әні болса керек. Шашубайдың әні актрисаны өнерге ынтық қылса, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі сахна сырын ашуға ұмтылдырды. Алғаш бұл спектакльді Қаратал аудандық театрында көрді. Өкінішке қарай, актрисаны тағдыр бірден сахнаға алып келе қойған жоқ. 1939 жылы Бикен апа Алматыдағы есеп-кредит техникумының экономика факультетіне оқуға түседі. Алматыда жүргенінде театрға жиі баратын еді. Оның алғаш көрген спектаклі Ш.Хұсайыновтың «Марабай» спектаклі болды. Бұл спектакль актрисаның бүкіл өмір жолын өнер арнасына біржолата бет бұруға себепкер болды. Өзі оқып жүрген техникумын тастап, театр-көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 

1943 жылы ұстазы Асқар Тоқпанов «Еңлік-Кебек» пьесасын қоюды қолға алады. Режиссер Еңліктің роліне бірінші құрамға Жамал Жалмұханбетованы, екінші құрамға Бикен Римованы таңдайды. Ұстазы сеніп тапсырған ролді сәтті алып шыққан Бикен апаның сахнадағы алғашқы қадамы осылай басталады. Көп ұзамай, оқуды бітіріп, бір топ жастармен бірге театрға қабылданады. Бұл кездері театрда қазақ өнерінің қара нарлары, есімдері аңызға айналған – Қ.Қуанышбаев, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Р.Қойшыбаева, С.Майқанова сияқты талантты жандар қызмет атқаратын. Нағыз хас тарландардың ортасына түскен Бикен апаның осал болуы мүмкін емес еді. Театрда бірге өнер көрсеткен актрисаға өнердегі аға, апалары көп үйретті. Аға-апаларының қасында жүріп, актерлік шеберлікке үйренеді. Ал Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісімен сахналанған «Ана -Жер-Ана» спектакліндегі Жер-Ана ролі оны өнер биігіне бірақ көтерді. Ә.Мәмбетовтің бұл қойылымы кезінде бүкіл Одақ көлемінде зор бағаға ие болған-ды. 

Бикен апа театр сахнасында талай-талай образдарды сомдады. Ол кісі өнерге адал болды. Сахнаны ерекше құрметтеді. Өнерге деген адалдығының арқасында көптің есінде қалды. Бикен апаның көзін көргендер ол кісінің ерекше өнер иесі болғанын жиі айтады. Бикен апа өмірінің соңында «Естайдың Қорланын» ойнады. Қорлан бейнесі Бикен апаға лайықталып, арнайы жазылыпты. Белгілі ақын Иран-ғайып: «Өмірінің соңғы жылында менің үйіме қоңырау шалды. «Иран, менің өмірім аяқталуға жақын қалған сияқты… Ол жақта мені күткен адам бар, қайтуым керек. Сен маған бір сахналық шығарма жазып бер», – деді. Содан ақылдасып: «Естайдың Қорланын» жазатын болдым. Үш күнде бітірдім. Болат Атабаев спектакльді қойды. Би апам сол қойылымда сахнада екі рет ойнады. Үшінші ретінде ауырып қайтыс болды», – деп жазады. 

Асанәлі Әшімов,

Қазақстанның халық әртісі: 

–  Бикен апамыз ең алғашқы қазақ театрының көшін бастаған ұлы топтың қатарында болды. Бұл буын – театрдың көркеюіне, көрермен тәрбиелеуге, сол кездегі біз сияқты жас актерлердің шеберлік шыңдауына үлкен еңбек сіңірді. Мен оларға мәңгі қарыздармын. Осылармен замандас болғаныма, тәлім-тәрбиесін алғаныма өзімді бақытты санаймын. Мен Бикен апаны «Қобыландының қарындасы» деуші едім. Еркекшора, әр жасаған ролі жігерлі еді. Мен осы театрдың табалдырығын алғаш аттағанда «Еңлік-Кебек» спектаклінің дайындық жұмыстары жүріп жатыр екен. Міне, сол қойылым менің қатарластарыма, біздің буынға үлкен сабақ болды. Кейін, көпшілік сахнасына қатыстық. Ең бастысы, бұл кісі таза еді. Өтірік-өсектен аулақ болды. Періште еді…

Есмұхан Обаев, 

театр қайраткері, режиссер: 

– Бикен Римова – бақ қонған адам. Ол – көрікті, ақылды, зерек, қарапайым жан еді. Апаймен ұзақ жыл бірге жұмыс істедік. Ол өмірінің соңына дейін сахнада өнер көрсетті. Ең соңғы пьесасын жазып, қаламын ұстаған күйі көз жұмған актриса. Жанының кеңдігі, әйелдік сұлулығы, көркемдігі қазақтың нағыз бәйбішесін, аяулы анасын көз алдыңызға әкелетін. Оның ойнаған ролдерін жұрттың бәрі біледі. Оның артында үлкен өнер мектебі қалды. Ұлы адамдар ешқашан ұмытылмайды. 

Ерлан Біләл, актер:

– Бикен апамның жалпы болмысы, түр-сипаты, табиғаты, өмірге деген көзқарасы, өмірдегі табандылығы, тек маған ғана емес, артынан ерген актерлердің бәріне өмірлік сабақ болды. Өйткені бұл кісілер өмірден көптеген қиыншылық көрді. Соған мойымастан, соған сынбастан, өнер үшін қызмет етті. Ең алғашқы ролімді ойнауыма себепкер болған да Бикен апам еді. «Қарагөз» спектакліне Сырымды ойнауды тапсырғанымен, дайындық кезеңі берілгенімен, артынан кейінге шегеріп тастады. Сонда Бикен апа әрбір лездеме сайын, «Қарагөзді» қашан қоясыңдар? Ерлан Сырымды ойнауы керек» дейтін еді. Бұл сөзді айтқан сайын, менің жүрегім тас төбеме шығады. Сырымды ойнауға әуелде қорқатын едім. Кейін өзінің бір сұхбатында: «Ерланнан Нұрмұхан Жантөрин сияқты саналы, қабілетті, қарымды актер шығатынына кәміл сенімдімін», – деп айтқан екен. Маған деген өзегінде, жан-жүрегінде ерекше сенім болған сияқты. Ол кісілер көреген ғой. Біздің бойымыздағы қабілетті арыдан таныған шығар деп кейін ойлаймын. Өмірінің соңында «Естайдың Қорланында» бірге ойнадық. «Көп жігіттің ғашық болған қызы емес, ұлы Естайдың Қорланы болып өлеміз» дегенінде көпшілікпен қоштасып тұрғандай, ерекше толғаныспен, ерекше мәтінмен айтатын. Шын мәнінде, сол кезде Бикен апам сахнамен қоштасқан екен. Көп ұзамай, ауырып, қайтыс болды. Бикен апамызды әлі күнге сағынамыз. Қимаймыз. 

Алмахан Кенжебекова, актриса:

– Талдықорған театрына Бикен апамның атын берді. Ұзақ жылдар бойы біздің театрымызға ат берілмеген екен. Бикен апамыздың атын беру туралы алғаш ұсыныс айтылғанда, басшылық тарапынан қолдау тауып кетті. Бикен апамыздың «Қос мұңлық» атты пьесасын 2009 жылы қойдық. Бұл ана тағдырын көтерген, ұлт тағдырын, бала тағдырын көтерген күрделі спектакль. Бикен апа бұл тақырыпқа жай барған жоқ. Актриса өзі көрген, өзі куә болған отбасылық тағдырлардың жиынтық образын жасап отыр. Ана мен баланың тағдырын көргеннен кейін жазып отыр деп ойлаймыз. Бұл мәңгілік өлмейтін тақырып. Бұл спектакльді режиссер Мұрат Ахманов қойды. Бикен апам бақытты деп ойлаймын. Ол кісінің есімі ұмытылмайды. Ол кісі сомдаған образдар да әлі күнге халықтың жадында. 

Көбей Құсайынов, Бикен апаның ұлы:

– Өте интеллектуалды артист болды. Тек сахнаға шығуды ғана ойлаған жоқ. Үнемі қолынан кітабы түспейтін. Газет-журналдарды көп оқыды. Талай рет театрға келгенімде, анамды жақсы көретін көрермендерін көретінмін. Тіпті анамның суретіне қарап: «Ана – Жер-Ана» спектаклінен сіздің роліңізді көріп, талай рет жылап шыққанбыз. Біз сізді ұмытпаймыз» деген көрермендерді де өз көзіммен көргем. Бұл көрерменнің біздің анамызға деген ерекше ықыласы болса керек. Анам болғасын мақтанғаным емес, біздің анамыз барша адамдардың анасына айналды. Қазақ өнерінде жүрген бүгінгі жастардың да көпшілігі анамызды қадір тұтты. Тіпті, көрермендердің арасында да өзі өсірген, өзі тәрбиелеген талай адамдар жүр. 

Гүлзина БЕКТАС

Back to top button