Жаңалықтар

ДІНТАНУШЫЛАР ПІКІРАЛЫСТЫ

ашық дереккөзі

ДІНТАНУШЫЛАР ПІКІРАЛЫСТЫ

Астанада Дінта­ну­шылардың үшінші құрылтайы өтті. Республиканың әр аймағынан жиналған дін саласының мамандары еліміздегі діни ахуалды қадағалауда кеткен олқылықтарға кәсіби тұрғыда баға беріп, болашақтағы қауіп-қатерлердің алдын алуға қатысты пікір бөлісті.

«Зайырлы мемлекеттегі діннің ролі» деп аталған форумға ҚР Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бағлан Майлыбаевтың қатысуы діни істерді реттеуде мемлекеттің сырт қала алмайтындығын көрсететіндей. Әйтсе де, Майлыбаев өз сөзінде жиналған қауымды дінаралық төзімділікке шақырып, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін баса айтты.

Қазақстанның Дін істері жөніндегі агенттігінің жаңадан тағайындалған төрағасы Марат Әзілханов та зайырлылық туралы ой толғады. Оның айтуынша, мемлекет діни ағымдарды бір-бірінен бөле-жара қарастырмайды.

Зайырлы қоғамның талаптары жайлы ойды Парламент депутаты Камал Бурханов одан әрі жалғады. Оның айтуынша, біз зайырлылықтың ұлттық моделін қалыптастыруға ұмтылғанымыз жөн.

Бұдан соң белгілі философ, «Дінтану негіздері» оқулығының авторы Ғарифолла Есім сөз алып, көптің көкейінде жүрген мәселені қозғады. Атап айтқанда, ғалым «Дінтану негіздері» оқулығының бүгінгі кезең талабына сай емес екенін мойындап, жаңадан оқулық жазып жатқанын хабарлады. Ғарифолла Есім бүгінгі қоғам қажеттіліктеріне орай екі бірдей оқулық шығаруды ұсынып отыр. Оның бірі «Дәстүрлі ислам мәдениеті негіздері» атты еңбек жақында дайын болмақ. Ал екінші ұсыныс – «Ислам мен дәстүр» атты оқулық шығару. Философ егер бұл екі еңбек Білім және ғылым министрлігі тарапынан факультативті пән оқулығы ретінде бекітілер болса, оларды 9 сыныптан емес, одан ертерек, яғни 4-5 сыныптап бастап оқыту керектігіне назар аударды.

Дінтанушылар құрылтайы аясында елді елең еткізерлік екі жобаның тұсауы кесілді.

Біріншіден, Қазақстан Президенті сонау 2011 жылы бастама ретінде көтерген, жыл басынан бері айтылып жүрген e-islam.kz порталы іске қосылды. ҚР Дін істері агенттігінің қолдауымен ашылған порталда қазақ және орыс тілдерінде дәстүрлі ислам құндылықтарына қатысты жан-жақты мәлімет алып, сарапшы мамандардың пікіріне қанығуға болады.

Екіншіден, ҚР Дін істері агент­тігінің жанынан 114 нөмірлі қауырт желі іске қосылды. Тәулігіне 24 сағат бойы осы телефон нөміріне қоңырау шалып, елдегі діни ахуалға қатысты кез келген мәселе бойынша сұрақ қойып, жауап алуға немесе ақыл-кеңес сұрауға болады. Қауырт желі басында тұрақты түрде екі дінтанушы және екі психолог маман жұмыс істейді.

Көлбай ЖЕҢІС

Астана