ЖҰМЫР ЖЕРДІ СҮЙГЕН БЕРДІҚҰЛОВ
ЖҰМЫР ЖЕРДІ СҮЙГЕН БЕРДІҚҰЛОВ
Спорт
журналисі Несіп Жүнісбаев қаламгер ағасы туралы естелігінде: «Қазақ
қаламгерлерінің арасынан түу сонау жер түбінде доп теуіп жатыр екен-ау деп,
тұңғыш сапарға барған да осы Сейдахмет Бердіқұлов. Футболдан Англиядағы,
Мексикадағы әлем чемпионаттарына куә болып, сол бір теңдессіз оқиғаларды одан
да теңдессіз көркем тілмен, ғаламат көрікті оймен халқына кітап етіп ұсына алуы
айрықша ерлігі Сәкеңнің», – деп жазады. «Жұмыр жердегі теңбіл доптың» куәсі
болған Сейдағаң қазақ спорт журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған
бірегей тұлға. «Асық ойнаған» қазақтың баласының доп қуалағанын көргісі келді
Сейдағаң. Барша қазақтың Сейдағасына айналған Сейдахмет Бердіқұловтың жұмыр
жердің бір түкпірінде алаштың баласы атойлап жеңіске жеткенін көру үлкен арманы
еді. КСРО-ның құрамында болып, ел намысын қорғаған Әмен Тұяқов, Ғұсман Қосанов,
Серік Қонақбаевтың ерен жеңістері қаламгердің қаламына арқау болды. Ұлттың
мақтанышына айналған жүйріктерінің ғаламат жеңісіне балаша қуанды.
Сейдахмет Бердіқұлов
қазақ журналистикасының негізін ғана қалаған жоқ, қазақ журналистерінің тәлімгері
де бола білді. Бүгінде қазақ журналистикасының көшін бастаған редакторлардың
көбі Сейдағаңның «мектебінен» өтті десек, жаңылыспаймыз. Сейдағаң баулыған
«жүз редактордың» қатарында бүгінде қазақ журналистикасының тізгінін
ұстаған талай қарымды редакторларымыз бар. Бастарын ақ қырау шалған сол
редакторлар әлі күнге ұстазын, «бозаңнан іздейтіні» жасырын емес…
Қазақ спортының туын
ұстаған бүгінгі «алтын» ұлдардың жеңісін көрсе, Бердіқұлов бөркін аспанға атып
қуанар еді-ау деп ойлаймыз кейде. «Орнында бар оңалар» деген осы. Тәуелсіз
Қазақстанның тәуелсіз ұлдары қазақ спортының көшін алға сүйреп жүр. Ендігі
мақсат – Бердіқұлов арман еткен «теңбіл допты» қазақтың баласы теуіп, алаштың
Пелесіне айналса екен деген тілек.
Сейдағаңның эсселері,
новеллалары, әдемі естеліктерінің көпшілігі дерлік спорт тақырыбында өрбіген
екен. Әр жылдары жазылған дүниелерін парақтап отырып, әлемдік спорт саңлақтары
туралы жазылған шығармаларына қанықтым. Теңбіл доптың сыры туралы тебіреністері
қазақы қалыппен жазылған. Несіп Жүнісбаев айтқанындай: «Сонау жас шағында
қызыққан, сол кезде таңдаған тақырыбын Секең ғұмырының соңына дейін ештеңеге
айырбастаған жоқ. Әрине, біз С.Бердіқұловтың өзге тақырыптарға жазған әңгіме,
повестерін де оқыдық. Дегенмен жазушы творчествосының әр кезеңінен спорт
тақырыбы атой салып, ерекше көрініп, менмұндалап тұрады. Бұл тақырыпты
творчествосының ат байлар қазығы десек те жарасады».
Ендеше, Сейдағаң
шерткен сырлардан, Сейдағаң қалам тербеген спорт тақырыбынан бір үзік ойлар
түзіп көрдік…
***
…Бірде Шыңғыс аға
Фрунзеден телефон шалды. Жүрісі суыт, асығыс меймандары бар екен. Соларды
өздерінің қиылып өтінуімен бас-аяғы бір жарым күнге Алматыға алып келмек. Онда
да бастап келіп, таңғы салқынмен өз басы Фрунзеге қайта тартпақшы. Қатынаспаса
қараң қалатын ірі жиналысы бар. Есіме Шыңғыстың шофері, жер бетіндегі жуастың
жуасы Орманның бір дүңк еткен сөзі түседі: «Манас» аэропортына қонған самолеттің
түгелге жуығы Шыңғыс бәйекемнің мейманы емес пе?!». Жұмыр жердің әр тарабынан
«Совет Одағы. Шыңғыс Айтматовқа» деген хаттардың Фрунзе қаласын адаспай,
кідірмей тауып жатқанына қанаттас отырған өзіміз де едәуір асып-тасимыз.
Мен де өз бойымызға шақ
қауырт жиналыстың әлегімен мейман күтіп алудан кешігіп, тау бауырындағы демалыс
үйіне танаурап жетсем, Марстан келген қонақты да тосаңсытпай меңгеріп алатын
Қалағаң (Қалтай Мұхамеджанов) стол басындағыларды Айтматов ағамыздан да жүйрік,
құйқылжыта таныстыра бастады. Бес құрлықтың қайсысында дүниеге келгеніне
қарамастан ер көңіл адамдар бір ұста соққандай ұқсас келеді. Меймандарымыздың
жолы да, жасы да үлкені бұйра шаш, апайтөс жігіт ағасы Гельмут Шервурд боп
шықты. Аты біз білмейтін жазушы екеніне шүбәм бар ма? Сөйтсем, ФРГ, Италия,
Францияға қабатынан аты кеткен селекционер ғалым, шарап корольдерінің бірі.
Шыңғыс аға мейманының аталған үш елдің жер емген алпауыттарының ішіндегі ең
үздік алты миллионердің тізіміне енетінін сыпайы ғана ескертіп өтті.
Ғалымдығына да,
корольдігіне де шүбәлана қоймағандай едім, Еуропаның байлыққа бөккен үш
миллионерлерінің ішіндегі ірісі дегенге әкеге көкені қосса сене алатын жайым
жоқ. Бұтындағы сүзіліп біткен шалбар, дәке жейде, қолындағы көрінген дүкеніңнен
табылатын төрт басты бәкі сендірмейді-ау, сендірмейді.
Қасындағы туған айдың
төрт жаңасындай бикеш – Батыс Германияның атақты дәрігері. Москваға
Халықаралық симпозиумға келген беті. Жүзіңе тура қарауға именетін қыздай жігіт
музыкант, Гельмут миллионердің болашақ күйеу баласы.
Екеуінің де ныспыларын
ұмыттым. Олар да менің атымды құранның сүресіндей зуылдатып жүрмеген болар.
Арғы аталарынан бері аралас-құраластай отырған Қалағаңның есінде
қалған-қалмағанын білмеймін. Бір ғажабы Қалағаң кетер-кеткенінше миллионермен
қазақша, ол Қалағаңмен немісше сөйлесті. Қалағаң немісше, анау қазақша
сызбайды. Ал әңгімелерінің жарасқанын көрсеңіз. Тату абысындарың да дәл олардай
шүйіркелесе алмас.
***
Сыртқа шыққан
адамдардың бәрін қатты өгейсітетін бір жай бар. Ол өз тілінде сөйлеуді сағыну.
Иә, он күн бола ма, ай бола ма, бәрібір сағынасың. Баспасөз орталығы
ұйымдастырған саяхаттарда да ұшырасып қалып, шүйіркелестік. Қызық болғанда
таныстықтан кейін мен меймандарымның ыңғайына құлап, шала әзірбайжан, шала
татар тіліне көшкен едім, екеуі де дым ұқпады.
– Таза қазақ тілінде
сөйлегеніңіз мақұл болар, – деді Метин. Осыдан кейін-ақ ұғынысуда күрмеліс
болмады.
***
Бұл кездесуге арнайы
тоқтаудың бір сыры бар. Бұрын спорт қауымына Еуропаның белгілі футболшысы
ретінде аты қанық Метин баспасөз орталығының бас жүлдесін алды. Оның «Пеленің
12 қатесі» атты суреттемесі ауыздан ауызға тарады. Футбол королінің тал бойынан
бір мін табу мүмкін болмай тұрған шақта «Пеленің 12 қатесі» деген бұлтсыз күнгі
найзағайдан кем түскен жоқ. Әңгіменің ең қызығы бұл суреттеменің қолжазбасына
Пеле өз қолымен: «Менің жасыл алаңдағы әріптесім айтқан 12 қатеге түгел құлдық
ұрамын» деген қолтаңба жазған. Бүкіл әлем пір тұтатын француздың «Экип» атты
спорт газеті осы мақаланың қыр соңына түсті. Ала алды ма, жоқ па, ол арасы маған
белгісіз. Түркияда журналист өзінің қолжазбасына өзі қожа емес. Басқа жерге
көшіріп басу үшін ол істейтін газет, не журналдың редакторының арнаулы рұқсаты
керек. Сыпайыламай анығын айтсақ, көшіріп басу үшін редакторат қойған бағаны
беру қажет. Батыс баспасөзінде көшіріп басу төңірегінде дау-дамай көп болады.
Кейбіреулері сотта шешіліп жатады.
Мақаланың қысқаша
нобайы былай:
– Мен бұрын-соңды
футбол зергерлерінің біріне ұқсамайтын, талассыз пайғамбар Пеленің отыздан аса
ойынын көрдім. Өзімен екі мәрте табақтас боп, емін-еркін сұхбат шерттім.
Әкесін, әйелін танимын. Он төрт жасында «Сантос» клубының формасын тұңғыш киген
суреті, өзінің қолтаңбасымен үйде тығулы. Қабырғаға іліп қойсам да болар еді.
Ондай қазынаның зым-зия жоқ бола салуы оп-оңай. Сондықтан Пеле жайлы пікір
айтуға аз-кем құқым бар-ау деп ойлаймын.
Пеле тактикалық тағылым
сағатында басқалар секілді жайнай түсіп отырмайды. Сазарып, үн-түнсіз тыңдайды.
Бапкер өзі бастап: «Кәне, Пеле, сенің ойың қалай?» демесе, шешілмейді де,
шешенсімейді. Бұл – үлкен бір қателігі.
– Пеле өзінің
әріптестеріне «сен былай ойна, өйт-бүйт», – демейді. Өзіміз секілді тайм
тылсымында туннельге кіріп, жұрт көзінен таса болғанда: «Жаңа алдаусыратып
берген пасты неге түсінбедің?» деп, көзін бағжитып, ішіп жемейді. Басқалардың
үйрену-үйренбеуі жанбасына батпайтын адамның кейпі. Оның қалай деп сұрасақ,
«Жетектеумен жұлдыз тумайды» деп күмілжиді де қояды. Сәт сайын фантазиясы мың
құбылатын, күтпеген шешім табатын Пеленің «қас-қабағын бағады» әріптестері.
Бұл да кемшілік.
– Шабуылшының аты –
шабуылшы. Оның өз орны бар. Пеле болса қорғанысшылардың қызметіне кіріседі де
жүреді. Кәне, мұны кемшілік демеңізші.
Бразилия футбол
конференциясы Пеленің мыңыншы добына дүркіреген той жасады. Ондай датаға жүрегі
жарылмаған жұрт болмас. Түркияда ондай ұл туса жылма-жыл өткізілетін рамаданнан
да қасиетті мейрам дүниеге келер еді. Тойдың еш әбестігі жоқ, қайта қол
соғамыз. Ал, енді Бразилия футболының әкімдері сол тойдың үш-төрт жыл бұрын
өтуі тиіс екенін біле ме?! Әй, қайдам, білмейді. Қақпаға өзі ұруға оңтайлы
доптың талайына жомарттық жасап, әріптестеріне берумен келді Пеле өмір бойы.
Міне, бұл да үлкен мін…
***
Бабалар әруағын тірілту
бүгінгі Мексиканың басты келбеті десе де болғандай. Өткен ғасырдың жетпісінші
жылдары, яғни осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын ұлт азаттық революциясының көсемі
Бенито Хуарестің қарулас досы Мануэль Альтамирана, жолбарыс жүректі батыр,
Мексиканың жаңа әдебиетінің тұңғышы, атағы жер жарған шешен, публицист
«Ренасимьенто» («Түлеу») деген кітап жазды. Өздерін жабайы тайпалардан
шыққанбыз дегенді намыс тұтқан зиялы қауымның жартысының жүрегі тарс кетерлік
кітап болды. Жартысы бармағын тістеді. Іле-шала бұл кітаптың қатарына көне
мексиканың мәдени мұрасын паш ететін «Жаңа Испанияның мақтанышы «осындай» деген
соқырға таяқ ұстатып, дәл де, дәлелді кітап-альбом тұрды. Шын мәніндегі
бетбұрысы болды бұл кезең.
Түлеу, жаңару процесі
жүріп жатқанын айналаңның бәрі айтады. Үйлердің архитектурасы. Соңғы елу
шақты жыл ішінде салынған жайлар бұрынғыдан мүлде өзгеше. Көненің қолтаңбасы
бүгінгімен әдемі жарастық табады. Ескерткіштердің көбінің тұғыры даладағы қыры
сынбаған шоқ тас секілді. Оған сызған ою-өрнектер бабалардың найзаның ұшымен
тасқа ойып салған суреттерін елестетеді. Испандықтардың төрт жүзге жуық билігі
бүтін бір халықты ана тілінен ажыратқан. Қазір ацтек тілін үйрену ғылыми
институттардың, жекелеген мектептердің ауқымынан шығып, көпшілік жерлерге,
қалалардың алаңдарына жеткен. Күніне екі дүркін радиодан жалпы жұртқа ацтек
тілін үйрету сабағы өткізіледі. Өзіміздегі радиодан берілетін таңертеңгілік бой
жазу сабақтарына ұқсас. Сенбі-жексенбі күндері қаланың кейпі өзгеріп кеткендей
болады да тұрады. Алғашында жөнді байқай алмаппыз. Бұл күндері жастар пішіні
осы заманға лайық ұлттық киімдерін жайнатып киіп шыға келеді. Бірте-бірте
күнделік әдетке айналып бара жатқаны байқалады. Түлеудің тереңнен бұрқап жатқан
басқа да кездері бар. Оның бәрінің табиғатын түсіну қиын. Антропологиялық
музейдің бір залында баяғы бала қаздай байпаңдаған балалармен тағы бір
ұшырастық. Тұлымшақты тоғыз жасар баладан:
– Эспаньол! – деп
сұрадым.
– Жооқ! – деді жұлып
алғандай.
– Ацтек?
– Иә, айбатынан арыстан
бұққан, қаһарынан жолбарыс зытқан, Астлан баба ұрпағымын!
Тақ-тақ етеді. Көзі
жайнап тұр.
– Атың кім?
– Бенито!
Халқын азаттыққа бастап
шыққан Бенито Хуарестің өзі өлгенімен аты өлмегенінің тағы бір айғағындай
кішкентай Бенито жүгіріп барып, серіктеріне қосылды.
***
«Ақша шіркін жақсы ғой.
Бірақ біздің өміріміздің бар тетігі емес. Мен Отанымды тастап кетуді түсімде де
ойлай алмаймын. Кіндік кескен жер, өз шаңырағың. Одан кеткен адамның өзі әсте
оңбас.
Ал ақша ше? Егер бар
гәп ақшада тұрса осы күнде Бразилияда менің көлеңкем де жүрмеген болар еді.
ФРГ, Италия, Испания мың мәрте шақырды. Тіпті, АҚШ -қа келсең, миллион долларды
қолма-қол санап береміз деушілер де табылды. Байқайсыз ба, миллион доллар! Ол
ақшалар менің бақытымның серіктігіне жарай ала ма? Әрине, жоқ…»
Он жылдан астам уақыт
абырой-атақтың теңізіне шомылған адамның сөзі осындай. Соңғы кезде теледидардың
еркесі болып алды Пеле. Жалынып-жалбарынып көп сериялы фильмге түсіріп жатыр.
Футболдағы өмірін тәмамдаған соң актерлікке ден қойсам қайтеді дегенді де ойлап
қояды «король».
Түу баста, тумысында
тәрбиелі, ибалы адам төрт құбыласы тең, атақтың асқар беліне шықса да, баяғы
биязы қалпынан танар емес. Бұл мыңның бірінің де шамасы жете бермейтін, ізгілік
атты қастерлі дүниенің қас батырының қолынан келетін тірлік.
***
«Англия Португалия»
матчынан соң Эйсебиомен баспасөз конференциясы өтетіні әлемнің әр түкпірінен
келген журналистерге хабарланған. Кейбір журналистер күдіктенгендей Эйсебио
соншама боркемік жігіт емес екен. Жан-жақтан анталаған фототілшілердің арасынан
сахна сипатты тұғырға көтерілді. Спорттық киімдерін шешіп те үлгеріпті. Үстінде
көгілдір жиекті жаздық жейде. Өңірі ашық, мойнында бизонның тісі бекітілген
алқа. Қарақат көздері сансыз шамға шағылысып жалт-жұлт ойнайды. Ағылшын жұртын
тәнті еткен футболшы отырар-отырмастан сұрақтар қарша борады.
– Дүниежүзінің спорт
шолушылары, көптеген футбол мамандары мен білгірлері сізді Пелемен терезесі тең
ойыншы санайды.Өз пікіріңізді сұрау сөлекет. Әйтсе де…
– Менің бүтін журналист
қауымына өкпем қара қазандай еді. Оны баспасөз конференциясының соңына қалдырып
отырған жайым болатын. Сөзді өздеріңіз бастап бердіңіздер, рахмет. Менің пірім
– Пеле. Мен оның бойынан ұлылықтың көп қырларын көремін. Футбол жаралғалы
мұндай төрт құбыласы тең футболшы болған емес. Шартты түрде Пеледе бес үлкен
қасиет бар десек, менде соның бірінің ғана жұқанасы табылады. Дәлірек айтқанда,
қақпаға дәл әрі тегеурінді доп тебуге ғана үзеңгі қағыстыруға жарап қалуым
ықтимал… Бәлкім ол да асылық шығар. Жалпы Пелеге жан теңеу келеңсіз әңгіме, –
деп келесі сұрақтарға сараңдық көрсетті. Пәс отырды.
***
Жетпісінші жылдардың
кеуде тұсында біздің елде де Маркес есімі дүр ете қалған. Баяғы үш ноянның бірі
«Жүз жылдық жаһанамның» авторы болмаса неғылсын? Қылаң еткен сол ойды қай кезде
балаларыма айтқаным есімде жоқ. Сірә, Гавана фестиваліне білек сыбана араласып,
Колумбия жастарының Ұлттық ұйымдастыру комитетін басқарған тұста айтылған
болар. Әдетте ата-ананың әңгімесін салғырттау тыңдайды деп түйін түйетін
мінезімізге де қымтыламын.
***
Спортты жұрттан озған
өнер санамасақ дара таңдап, қалам тербер ме едік. Спорттың кез келген жүрекке,
кез келген сезімге бағына бермес мінезіне қызығып таңдамадық па?! Баз біреу оны
басқаша түсінгендей. Кінәлағандар да жоқ емес. Мұрын шүйіргендер тағы бар. Өз
бағалары өздеріне. Адам баласының тұқымының асылдығы осы спорт бәсекелері
кезінде сыналғандай. Ондай өнерді тілге тиек ету – теңдесі жоқ бақыт дер едім.
Өз бақытымды бөле-жара ойлаған осалдығым жоқ. Қаламыма спорттық сия толтырар
сәтте көз алдымда мұнартып мақсат тауы тұрады. Өзің білесің, қой маңырап, сиыр
мөңіреген ауылда аяқтанған баламыз. Білгеніміз – ат аяғы жетпес дала біткенді
көше қона өмір сүрген қазақ намысты халық. Ішкен-жегеніне мәз емес. Бірақ,
уақыт шіркін неге де өз өрнегін салады. Бүгінде намыскерліктің бір туын спорт
тауына тігу міндеті тұр. Міне, менің айқайым сол үшін қажет. Өзімді арбай алған
сиқырдан сәл босансам, ой кешемін. Өкінбек те боламын. Сонда өмір бойы бірге
қызмет атқарған тасқа басушы Бибіхан Байтелесованың «Лениншіл жаста» жүргендегі
мына сөзі санама самал желпиді: «Сейдахмет, сен саспа, сенің оқырмандарың
ғасырдың аяғында қаптайды». Ғұлама екен Бибіхан. Спорт арқылы намыс жыртатын
кезең енді келді. Соны сезінетін қазақ жастары да көбейгендей. Сұрағыңды босқа
шашпа. Сезіп отырмын, осы ойымның жалғасындай: міне, тәуелсіз мемлекет, ұлт,
халық, жұрт болдық. Енді бір кездегідей біреулерге кінә тағып қойып, тыныш
ұйықтау жоқ. Ұяттың бәрі өзімізге келеді. Қазақстан бөлек ат мінген ел болған
кезде, командаларымызда кілең Иванов, Сидоровтардың болуы сүйекке таңба. Қазақ
жастарында ұят болса, өрттей қызаратын тұсы осы. «Өлімнен ұят күштіні» атамыз
қазақ бекер айтқан жоқ. Қанын сорғалатып айтатыным мынау: сырттан себеп
іздеудің қажеті жоқ. Себепті өзіміздің жалқаулығымыздан, намыссыздығымыздан
іздеу қажет. Уақыт талабы, тәубе, бұрынғыдан бір аунап түсті. Бүгінде қазақ
баласын тәрбиелеуге ұмтылмайтын маман табылмайды. Бәрі түсінеді. Өзі үшін
өзеуреуге тиіс олар. Тек кежегеміз кейін тартып, алға баспайтын өзіміз
болармыз. Ұяттың ұясы өз жастарымызда. Жалқаулар жақсы өмір сүргісі келеді. Жүз
бүгіліп, мың терлеп, алтын тұғырға еңбектеп жетудің орнына, отырған жерін
сипалап, бос бөтелке өткізіп, май қабуды абзал көреді. Тойынып алады. Тойынған
жанның жүрегінде май, ақылында жел, миында ірің болады, ал намысына көлеңке
түседі. Ондай жан еттен өткен таяқты сүйектен өткен қорлықтан айыра алмайды.
Халықтың намыссыздықтан қор болу алғышарты осылай пайда бола бастайды. «Намыс,
намыс деп бәріміз өлеміз бе,бір күні намыс қуар ұл өзі-ақ туады да», – деп
көлгірситіндер де табылар. Рас, тарихта бұл мысал да бар. Бірақ, біздің бір уыс
халқымыз: «Қашан абырой аспаннан аяғы салбырап түседі?» деп күтіп отыра
алмайды. Намыс жырту деген жанкешті шаруа. Ондай жандар табиғатынан намысқой
халықта ғана болады. Грузиннің «Алаң жиегінде» деген киносын көрдіңдер ме?
Жеңілгенде жыламай ма?! Сол киноны қойған режиссер әйел адам екен. Неткен
намысқой әйел?!
***
Мына бір қызық оқиға
есімде. Мюнхен қаласында болған кезімде қазақ халқын таныстыру қиын болды
оларға. Уақыт сондай еді ғой. Әбден шаршаған соң: «Спортқа қалайсыздар?» –
дедім қармайтын тал іздеп. «Ойбай, сұмдықпыз!» деп бірнешеуі өре түрегелді.
«Онда осыдан төрт ай бұрын рингте сіздердің Карл-Хайнц Крюгерді өлімші етіп
ұрған Серік Қонақбаев біздің қазақ!» – дедім мақтанып. Германияның Кельн
қаласында Еуропа чемпионаты өтіп, сондағы Серіктің теңдессіз өнері есіме сап
етті. «О, қазақ Серік. Гут, гут!» – деді бәрі жамырап. Қазақты таныған түрлері.
Таныстырған жалғыз Серік! Қазақта тоғызқұмалақ деген ойын бар. Шахматыңыздан
артық болмаса, кем емес. Кәне, соны әлемге бір көрсетсек, бәрі ойнар еді.
Теңдесі жоқ өнер ретінде қабыл алып ойнар еді. Бірақ ол үшін әуелі халықты
тануы қажет. Ондай күндер алда ма деп қаламын. Халқын әлемге таныстыратын ұлдар
қазақта көп болады. Ол – шығар күндей шындық.
Гүлзина БЕКТАС