АЙТЖАНОВАНЫҢ АЙТҚАНЫНДА ГӘП БАР...
АЙТЖАНОВАНЫҢ АЙТҚАНЫНДА ГӘП БАР...
Апта басында Парламентте өткен Үкімет сағатында сөйлеген ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздердегі ҚР Президентінің Арнайы өкілі әрі экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова Кедендік одаққа қатысты бірқатар мәлімдемелерімен елді елең еткізді.
Атап айтқанда, Ресей мемлекетінің тарапынан енгізілген автокөліктерді қолданыстан шығару алымы Қазақстан кәсіпкерлері үшін аяққа тұсау болмақ. Керек десеңіз, ресейлік норма ДСҰ қағидаларына да қайшы екен.
Парламент Мәжілісінде қаралған негізгі мәселе Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру процесі туралы болатын.
Бүгінде ДСҰ-ға әлемнің 159 мемлекеті мүше. Олардың бәрі жиналып, бүгінде дүниежүзілік сауданың 95 пайызын жасап отыр. Қазақстан бұл ұйымға мүше болуға сонау 1996 жылы өтініш берген болатын, яғни он жеті жыл бойы бұл ұйымға қосылу процесі үздіксіз жүргізіліп келеді.
ДСҰ-ға мүше болу үшін Қазақстан өз заңдарын осы ұйымның келісім ережелерінің қағидаларына сай өзгертіп келеді. Осы орайда, 2004 жылдан бастап 50-ден астам заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілген екен.
Сондай-ақ сыртқы сауданы реттеу үшін Қазақстан Үкіметі Кеден одағы аясында қабылданған 10 келісімді өзгертуге күш салды. Оның ішінде кедендік әкімшілік, салықтық саясат заңнамалары бар. Басқаша айтқанда, «үштік одақ» аясында қабылданған кейбір келісімдер жергілікті кәсіпкерлердің оң жамбасына келген жоқ. Үкімет осыны кештеу болса да мойындап отыр. Жанар Айтжанова ханым «Кедендік одақ келісімдері ДСҰ ережелеріне сәйкес келтірілгенін» атап өтті.
Бұған қоса, соңғы жеті жылда темір жолмен экспорт, импорт тасымалы, сондай-ақ ел ішіндегі көлік тарифтері бірегейленді. Бұл тарифтер Ресей мен Беларусь аумағында да осы деңгейде қабылданды.
Тағы бір маңызды келісім – төрт жыл бұрын басталған импорттық және отандық тауарларға қолданылатын акциз салығын бір деңгейге келтіру ісі аяқталды.
Ең бастысы, Дүниежүзілік сауда ұйымының Қазақстандағы тауар өндірушілердің қолайына жақпайтын қағидалары жергілікті заңнамамен сәйкестендіру үшін өтпелі кезең мерзімін бекіту туралы келіссөздер жүргізілген. Бұл орайда Айтжанова ханым бастаған қазақ командасы ұлттық экономика үшін шешендік өнерлерін аямаған секілді. Ақыры, 2018 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімді «өтпелі кезең» деп қарау туралы келісімге қол жеткізілгені – үлкен жетістік.
Ал осыдан үш жарым жыл бұрын Қазақстан Ресей және Беларусь елдерімен бірігіп, Кеден одағын құрған болатын. Ресей былтыр ДСҰ-на мүшелікке енді.
Кедендік одақ демекші, осы ұйым аясында белгіленген кейбір нормалар бойынша көрші елмен түсінісу қиынға соғып тұрған жайы бар. Анығын айтқанда, Ресей импорттық автокөліктер үшін қолданыстан шығару алымын қабылдады.
Жанар Айтжанованың айтуынша, бұл норма Кедендік одақ түгілі, Дүниежүзі сауда ұйымының қағидалары қайшы. Қазіргі таңда Еуроодақ пен Жапония ресейлік норманы алып тастау үшін келіссөздер бастаған көрінеді.
Экономикалық интеграция министрі қазақстандық автокөліктердің Кедендік одақ нарығына шығуына ресейлік норма кедергі деп санайды. Мысалы Қазақстанда жиналатын автобустардың 2500-і былтыр Белоруссияға жөнелтілсе, Ресейге 2-ақ автобус экспортталған. Өйткені бір ғана Hyundai автобусының қолданыстан шығару алымы 5 мың долларды құрайды екен, ал автобустың өзі 25 мың доллар тұрады. Осы мысал қазақстандық автокөлік өндірісі үшін ресейлік нарықтың қақпасы жабылуға шақ екенін байқатады.
Дегенмен, Қазақстан жағы қарап қалмақ емес.
Қазіргі таңда Үкімет көрші елде қазақстандық өнімге мұндай салық салынбауы үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Егер Ресей осы мәселе бойынша ортақ келісімге келуден бас тартса, онда Қазақстан қарсы әрекет етуге мәжбүр болады. Бұл – Айтжанова ханымның пікірі. Ол ресейлік автокөліктер үшін қойылатын заңды кедергілер туралы меңзеді.
Әлбетте, Ресей экономикасындағы басты бағыттардың бірі – автокөлік жасау екені белгілі. Ал Қазақстанда жыл сайын 19 мың ғана жеңіл көлік өндіріледі. Салыстыру үшін айтқанда, көрші елден бізге 80 мыңдай автокөлік келеді екен.
Сондықтан да алдағы санаулы жылда Қазақстан ресейлік нарықты отандық көліктермен жаулап алады дегенге сену қиын. Бізде автобустар мен жүк көліктері шығару ісі енді-енді жолға қойылып келеді.
Бір сөзбен айтсақ, Айтжанова ханым отандық кәсіпкерлердің болашағы үшін шырылдайды. Оның айтуынша, «Отандық автокөлік өндірушілер Кеден одағы нарығына шығуды көздейді». Әйтпесе, Кеден одағына не үшін мүше болдық?
Гүлбиғаш ОМАР
Астана