Жаңалықтар

Жүректен – жүрекке

ашық дереккөзі

Жүректен – жүрекке

Қай жерің ауырса, жаның – сонда. Емделесің. Дертіңе шипа табылса жақсы, табылмаса сары уайымға салынып, ажал сағатының соғатын сәтін күтіп, дүниеден баз кешетінің сөзсіз. Дәті қандай мықты болса да, ет пен сүйектен жаралған пенде ойланбай отыра алмаса керек-ті. Әрине, әрекетсіз ешкім қарап қалмас. Дегенмен кейбір шарасыздық жағдай еңсені езетін мысалдар көп-ақ. Бұл трансплантацияға да қатысты. Ауру ағзасы алмастырылса, сауығып кететінін біледі. Бірақ алмастыратын ағзаны қайдан, кімнен алмақ? Донор табу – қиынның қиыны. Табылған күнде де қан құрамы, тағы басқа қойылатын биологиялық, анатомиялық талаптарға сәйкес келе қоя ма? Ол да күрделі мәселе. Күрделі деп отырғанымыз, ресми көздерден жыл басында алынған деректерге қарағанда елімізде 3 мың адамның бүйрегі, 1 мың 146 адамның жүрегі, 1 мың адамның бауыры, 233 адамның ұйқы безі, 235 адамның өкпесі ауыстырылуы керек екен. Бұл – денсаулық сақтау мекемелерінде кезекте тұрған сырқаттар саны. Одан бөлек қанша адамның тағдыры қыл үстінде?

Біз сұхбаттасымыздан бүгінгі медицинаның ағза алмастырудағы мүмкіндігі, трансплантацияның жай-жапсары туралы сұрағанбыз.

– Трансплантацияның тарихы тереңде жатыр. Тері қабатының орнын ауыстырып салу әрекеті біздің заманымыздан 1500 жылдай бұрын жасалған. Клиникалық тәжірибеде бұлшық етті, сіңірді, қан тамырларын, жүйке талшықтарын, сүйек кемігін алмастырып салу жиі қолданылады. Қан құю да трансплантацияның ерекше бір санатында. Қазіргі кезде ең жиі алмас­тырылатын орган бүйрек болып тұр.

Әлемдік тәжірибеде 1902 жылы австриялық ғалым Е.Ульманн иттің бүйрегін ешкіге алмастырып салған. Ал 1904 жылы АҚШ-тың Чикаго университетінің клиникасында адам бүйрегін алмастыру отасын жүзеге асырған, ұлты француз Алексис Каррель – осы саладағы тұңғыш Нобель сыйлығының лауреаты. Адам өмірін аз да болса ұзартатын «жасанды бүйрек» аппаратын 1953 жылы ғалымдар Биллингэм, Брент және Медава ойлап тапты. Оташы Муррей 1954 жылдың 23 желтоқсанында бүйрек алмастыруды ойдағыдай аяқтап, оның пациенті отадан кейін 8 жыл өмір сүрген. Қазір бүйрегін алмастырғаннан кейін одан да ұзақ өмір сүріп жүргендер көп.

– Ағза алмастырудың күрделі түрлері қашан қолға алынды? Әрине, әлемдік жетістіктер жайында айтқан жақсы, әйтседе өз еліміздегі жетістіктерді білгені дұрыс қой оқырмандардың.

– КСРО-да бірінші болып ағза алмастыру отасын жасаған – академик-хирург Борис Петровский. Ол 1965 жылы бір ананың бүйрегін қызына ауыстырып салған. Ота сәтті аяқталды.

Қазақстанда органды трансплантациялау (бауырды алмастыру) операциясын тұңғыш рет 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми-зерттеу институтында академик Мұхтар Әлиев жасады.

2000  жылдарда профессор Жақ­сылық Досқалиев бастаған ғалым-оташылар бауыр циррозында бауыр клеткаларын алмастырып салуды тәжірибеге енгізген.

Ал елімізде лейкоз ауруына шалдыққан балаларға сүйек майын алмастыру операциясы 2009 жылдан басталған. Өткен жылы жасалған ондай ота саны 74 болса, 2013 жылдың бірінші жартысында 93-ке жеткенін де айта кеткеніміз жөн.

Адамнан адамға жүрек алмастыру операциясын 1967 жылы оңтүстікафрикалық хирург Кристиан Барнард Кейптаун қаласының клиникасында жасаған. Өкінішке қарай, оның пациенті 18 күн ғана өмір сүрген. Осы жерде алмастырылған жүрекпен 30 жыл ғұмыр кешкен америкалық Тони Хьюсман қазірге дейін әлемде реципиент-рекордшы болып отырғанын айта кету керек.

Қазіргі кезде трансплантация экспериментті биология мен медицинада кеңінен қолданылып жүр. Аутотрансплантация – өз тіндерін алмастыру, гомо – сондай түрдің донорынан, гетеро – басқа түрдің донорынан (мысалы, итке қояннан) алмастыру. Алмастыруға қажетті орган немесе тінді трансплантат деп атайды. Оны ауру адамның ең жақын туысынан, келісім берген донордан немесе қайтыс болған адамнан (мәйіттен) жан-жақты медициналық тексеруден өткізілгеннен кейін алады. Трансплантатқа қойылатын шарттар бар. Мәйіт жас адамдыкі болғаны жөн, қайтыс болғанша қан қысымы қалыпты болуы, қатерлі ісік немесе жұқпалы аурулармен ауырмағандығы, ауруханада қайтыс болғандығы немесе адам қайтыс болар алдында бірнеше сағат ауруханада болғаны шарт. Сондай-ақ, жасы 60-тан асқан кісілердің донор бола алмайтыны белгілі. Өйткені ағзалар қартаяды.

– Ағза алмастырудың біраз жайттарына қаныққандаймыз. Енді отандық медицинаға оралып, оқырмандарымызды осы саладағы жетістіктерімізбен қуантсақ. Жалпы, ондай жетістіктер бар ма?

– Бар. Мен бір мысал келтірейін. Ол медицинаның осы саласына қоғамның көзқарасын өзгертуге игі әсер етіп, ықпалын тигізер болса, нұр үстіне нұр!

Үстіміздегі жылы 8 тамызда Қазақстан кардиохирургтері Қостанай облысы Рудный қаласының 38 жастағы тұрғыны Жәнібек Оспановқа донорлық жүрек трансплантациясын жасады. Бұл ота еліміздің жетекші кардиохирургы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Пя мен Чехияның кардиохирургы Жан Пирктың қатысуымен жүзеге асты.

Мұндай күрделі отаның жасалуы отандық дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігі мен Ұлттық медициналық холдингі 3 клиникасының – Республикалық жедел жәрдем ғылыми орталығының, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы мен Республикалық диагностикалық орталықтың жедел және үйлесімді жұмыстары арқасында мүмкін болды. Себебі ми өлімі тіркелген әлеуетті донор туралы мәлімет жедел жәрдем ғылыми орталығынан түскен. Осы ақпар түскен бетте Ұлттық кардио­хирургия ғылыми орталығының бір топ дәрігері донор жүрегінің жағдайын бағалап, жүректі трансплантациялауға кезекте тұрған пациенттер тіндерінің үйлесімділігіне иммунологиялық зерттеулер жүргізуді бастаған. Ал Республикалық диагностикалық орталық лабораториясының мамандары тәулік бойы барлық қажетті зерттеулерді жүзеге асырды. Сөйтіп, миына қан құйылып қайтыс болған 46 жастағы әйелдің жүрегін 38 жастағы пациентке беру туралы шешімге келген бәрі. Ал Игорь Воротников есімді азамат марқұм анасының жүрегін трансплантациялауға келісім беру үшін бір тәулік бойы ойланған. Мұндай шешім қабылдау оған да оңай соқпағаны анық. Алайда ол осы шешімі арқылы үлкен гуманистік қадамға барды. «Ота сәтті өтті. Мәйіттің жүрегі трансплантацияланған науқас Жәнібек Оспановтың жағдайы отаның күрделілігіне сай, динамикасы тұрақты болды. 22 күннен кейін клиникадан үйіне шықты. Әзірше біздің бақылауымызда қала бермек», – дейді дәрігерлер.

Астанадағы кардиохирургиялық орталық былтырдан бері 50-ден астам жасанды жүректер мен асқазанға имплантация жасады. Науқастар жасанды жүрекпен донорлық орган келгенге дейін өмір сүре алады. Енді олар жүрек алмастыру отасы үшін шетелге шықпайды, өз елінде ота жасату мүмкіндігіне ие болып отыр.

«Осыдан 5 жыл бұрын біз мұндай ота жасау туралы тек армандап келсек, енді, міне, соған денсаулық сақтау саласын қолдаудың арқасында қолымыз жетіп отыр. Бұл ота біздің холдингтің ғана емес, қазақстандықтардың да жеңісі. Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықты ашқан кезде, біздің алдымызға осы орталықта бүгінгі таңдағы медицинадағы алдыңғы қатарлы озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берген болатын. Сәтті жасалған жүрек алмастыру отасы қазақстандық медицинаның Мемлекет басшысы тапсырмасын сәтті жүзеге асырғанын көрсетеді», – деп хабарлады Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Байжүнісов.

Бұл, расында да, отандық медицинада үлкен жаңалық, алға басу, ірі жеңіс болды. Солай атағанымыз жөн. Өйткені адам ағзаларын алмастырып салу оталары және олардың сапасы арқылы мемлекет медицинасының дәрежесін, қол жеткен жетістігін бағалауға болады.

«Жәнібек Оспанов бізге тамыз айының басында өте ауыр жағдайда түсті. Оның диагнозындағы пациенттердің 90 пайызы диагноз қойылған күннен бастап ары барғанда 1 жыл ғана өмір сүреді. Біз әдетте мұндай науқастарға донорды ұзақ күтеміз. Ал оған донор дер кезінде табылды. Жәнібек ота жасалған күннің ертесіне-ақ басын көтеріп, орнынан тұрды, жақын туыстарымен кездесті. Қазір өзі басқа адамдармен тең дәрежеде тамақтана алады. Чехиялық әріптестеріміз бір күннен соң да жүре беруіне болады деген. Алайда біз сақтық жасап отырмыз. Құдай қаласа, санау­лы күннен кейін пациентіміз үйіне шығарылады», – деген болатын Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова.

Оның айтуынша, Жәнібек сияқты жүрек донорын күтіп жүргендер саны 50-ден астам. Олардың ең жасы 16 – да екен. Алайда оларға донор болуға біздің халық аса мүдделі емес. «Біздің халық бақилық болған туыстарының тәніне пышақ тигізуге қарсы. Ал шын мәнінде, адам баласы көз жұмған соң, жаны аспанға ұшып кетеді, тәні жерде босқа шіріп қалады ғой. Одан да қайтыс болған адамның сау органы басқа бір адамның өмірін ұзартуға сеп болғаны қандай ғанибет!» – дейді М.Бекбосынова мәселенің мәнісіне адамгершілік тұрғысынан баға беріп.

Дәрігерлер дерегіне жүгінсек, жасанды жүрек адам өмірін 5-6 жылға, ал жүректі трансплантациялау 15-20 жылға дейін ұзартады екен. Біздің елдің заңы көз жұмған науқастың органын туыстарының рұқсатымен трансплантациялауға рұқсат береді. Соған қарамастан, ешкім туысының органын донорлыққа қимайды. «Енді донор болған адамның туыстарына мемлекет тарапынан көмек беру туралы өзгерістерді денсаулық сақтау кодексіне енгізіп жатырмыз. Биыл ол өзгерістер күшіне енеді. Бәлкім, сонда халықтың түсінігі өзгеретін болар», – дейді денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Өйтпегенде, бүгінгі таңда елімізде орган алмастыру кезегінде тұрған 7 мыңнан астам адамның арман-тілегін орындау мүмкін болмай қалмақ.

Еліміздің бас трансплантологы Ғани Құттымұратовтың айтуынша, сол 7 мыңның тең жартысы бүйрек алмастыру кезегінде тұрғандар. Олардың басым бөлігі 35-40 жастағы науқастар. Арасында өмір бойы диалез алып жүргендер де бар. Бірақ соның бірлі-жарымы ғана операция үстеліне жатады. Көп жағдайда бүйректі туыстары береді. Ал жүректі трансплантациялауға Қазақстан тарихында алғаш рет келісім беріліп отыр. Анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа, бүйрегін Евгений Курц атты азаматқа беруге келісім берген жігіттің жоғары түсінігі өзгелерге үлгі болса, қанеки. Марқұм Галина Воротникованың жүрегі мен бүйрегі екі адамның өмірін ұзартып, олардың жақындарын қуанышқа бөлеп отыр. «Жалпы алғанда қарапайым халық эмоцияға берілмей, бір мезгіл сабырлылықпен осы жағын ескеріп, басқа жандарға қол ұшын беріп, донорлық жағынан дәрігерлерге көмектесіп жатса, жаман болмас еді. Сонда ғана трансплантация ісі елімізде барынша дамып, көптеген отаға зәру науқастар дер кезінде медициналық көмек алары хақ. Өмірлері ұзарып мына жарық дүние қызығын көріп, ризашылық сезіміне бөленер еді», – дейді ақ желеңді абзал жандар.

Әсілі, донорлыққа саналы, ерікті келісім беру адам өмірін құтқарудың, ізгіліктің, адамгершіліктің және мейірімділіктің үлгісі болса керек. Донордың ағзасын алуға келісім берген отбасының игілікті ісі құрмет пен қошеметке лайық. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, донордың немесе оның туысқандарының тірі кезінде бас тартқан жағдайда ағзаларын алу процесі жүргізілмейді. Ал егер донор болса, Қазақстан ішкі ағзаларды трансплантациялауға дайын. Ол үшін қазір елімізде мықты кадрлық, интеллектуалдық, ғылыми және ресурстық әлеует те, жақсы материалдық-техникалық база да бар.

– «Ерікті келісім» дегеннен шығады, біздің елімізде ерікті түрде бүйректерін донорлыққа беруге ниет білдіргендер бар қазір. Интернетті ашсаңыз, олар көп. Әрине, солардың барлығы «адамгершілік тұрғысынан донор болуға ниетті» деп айта алмаймыз. Сондықтан бұл донорлықты «қаржы тапшылығынан туындаған» деп бағалағанымыз дұрыс болар. Анығы да солай. Өйткені олар бүйректерінің бағасын қоса жазады хабарландыруларына. Бұған заң қалай қарайды екен?

– Қазақстан Республикасының «Азаматтар денсаулығын қорғау туралы» Заңында адам ағзасын саудалауға рұқсат етілмеген. Донордың тапшылығынан қалтасы көтеретін азаматтар Қытай, Ресей, Пәкістан сынды мемлекеттерге барып бүйректерін алмастырып қайтуға мәжбүр. Ота өте қымбатқа түседі. Бұл жерде басқаша түсіндірме жасап жатудың қажеті шамалы. Бір-ақ сөзбен түйіндесек, елімізде донорға зәрулер көп. Олардың бірлі-жарымына болмаса, бәріне бірдей квота бөлу мүмкін емес.

Ендігі бір мәселе мынау. «Нәсілі, тегі, табиғаты, өмір сүру ортасы, тіпті ішіп-жеген тағамы бөлек ағзаның бүйрегін жатсыну мүмкін бе немесе бөтен адамның органы қаншалықты сіңісіп кетеді?» деген сауал кім-кімді де мазалайтыны сөзсіз. Бұған жағымды жауабымыз бар. Нефрологтардың айтуынша, бүйрек (жүрек, бауыр, басқа да ағзалар) адамның жынысына, жасына, ұлтына қарамайды. Тіндер иммунды-биологиялық жағынан сәйкес келсе, жарай береді.

«Адамның ішкі ағзасын ауыстыру сырқаттың, өлім аузында жатқан адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бүгінгі заманауи медицина бір мезгілде жүрек, өкпе, бауыр, сонымен қатар ұйқы безі сынды бірнеше ағзаны ауыстыруға мүмкіндік беріп отыр. Одан қазіргі медицинаның қаншалықты дамығанын байқауға болады», – деген еді А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының бас директоры, профессор Жеткерген Арзықұлов 2011 жылы 8 қарашада өткен республика хирургтерінің алқалы жиынында. Менің де айтарым осы. Оған қосарым, соңғы жылдары елімізде жүрек, бауыр алмастыру оталары сәтті жасалып, отандық медицинаның алға басуы байқалды. Өкпе, ұйқы безін, ішек, эндокриндік бездерді және басқа күрделі ағзаларды алмастыру – алдағы уақыттың еншісінде. Отандық медицинаны әлемдік деңгейге көтеру қазақстандық ғалым-дәрігерлердің межелі мақсатына айналып отыр. Оған біздің елде барлық мүмкіндіктер жасалған. Сондықтан шүбәсіз сенуге болады.

– Біз де сенейік. Сеніміміз селкеусіз жүзеге ассын деп тілейік. Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!

Әңгімелескен 

Болат ЖАППАРҰЛЫ