Жаңалықтар

Ұлттық ділдің орталығы

ашық дереккөзі

Ұлттық ділдің орталығы

Сәтбаев қаласында Ұлттық өнер орталығы ашылды. Елбасының пәрменімен рухани, мәдени мұрамыз түгенделе түсіп, ел ордасы төлтума жауһарларымызды әлемге танытып жатқан тұста, қала билігі қолға алған бастаманың мәні зор болып тұр. «Бәрекелділеп» құптарлығы, сүйсініп қуанарлығы сол, жергілікті жердегі тұрғындар үшін ажарлы, базарлы істердің ұшығы келіп жалғанды.

Орталықтың салтанатты ашылуы қара­шаның басында, дүлдүл ақын Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өтті. 

Бұған дейін Сәтбаевта руханият саласы шетқақпайлық көріп келді деуге әсте болмайды. Дегенмен, өшкенімізді жандырып, жоғалтқанымызды жаңғыртуға жұмсалған күштің жемісі әр түкпірдегі азаматтың санасына судай сіңіп, балдай бата беруі, міне, басты көрсеткіш, негізгі жетістік осы болмақ. Себебі әмбеге аян. Елдіктің тірегі – ұлт болып, ортақ ділдің айналасында ұйысуда. 

Иә, кенді өңірде мәдениетке мүлдем көңіл бөлінбеді деуге болмас. Десе де, ұлттық өнерді, ұлттық бояуды, ұлттық болмысты өзгеге паш етумен бірге, өзімізге сіңіруде әлі көп тер төгілуі керек. Күнделікті тірлікте аңғарыла бермейтін осынау жайттар жөнінде әкім, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, өнер жанашыры Әнуар Омар батыра сөйлеп, батыл байлам келтірді. 

– Қазақтың салт-дәстүрі, тілі, әдебиетінің дамуы, сақталуы және жаңғыртуда жасалып жатқан іс-әрекет барлық жерде бірдей деңгейде емес. Осы аймақта айтыс өнері дамымай, тоқыраудың о жақ, бұ жағында тұр деп айтуға толық болады, өкінішке қарай. Бұл үрдіс Шынболаттан кейін үзіліп тұр, – деді қала әкімі толғана келе. – Осында отырған азаматтардың көзқарасы дұрыс болса, түсінігі дұрыс болатын болса, біз мұны қалыптастырып, алып шығуға тиіспіз… 

Осыдан кейін аймақтың шығармашыл қауымы жаңа орталық орналасқан үй-жайды көріп, атқарылатын жұмыстың жай-жапсарына қанықты. Құрылым қалалық мәдени-сауық орталығы жанынан ашылып отыр. Орталыққа ақын, Жезқазған мемлекеттік мұрағатының директоры Бағдат Байжантаев жетекшілік етпек. Дәріс оқитындардың ішінде «Ұлытау үні» фестивалі дәуірлеген 90-жылдардың қарлығаштары басым. Бас-аяғы он үйірме негізгі үш бағыттың аясынан тарайды. Арқаның дәстүрлі ән мектебінде халық әндерін, сондай-ақ жергілікті композиторлардың шығармаларын орындаушылар, жыршы, термеші, күйшілер даярланса, ақындар мектебі суырып салма айтыскер ақындар мен жазба ақындарды баптап, шешендік өнерге баулымақ. Ұлттық қолданбалы өнер мектебі зергерлік, ұсталық өнерді, ұлттық нақышта тоқи, тіге білуді үйретеді. Сәтбаев қаласының қырық жылдық мерейтойына орайластырыла қанат қаққан орталыққа елу шақты оқушы, студент жастар іріктеліп алдынды. Ниет білдіріп, қабілетін аңғартса, ересектер де қатыса алатын көрінеді.

Жадыра Хангелді

Сәтбаев қаласы, Қарағанды облысы