Ермек Серкебаев
Ермек Серкебаев
Кеңес Одағының халық әртісі, Қазақстанның халық әртісі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, әйгілі әнші Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев 2013 жылдың 16 қарашасында 88 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Ермек Серкебаев ұлт мәдениетінің, әсіресе, классикалық музыка өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Ол өнердегі жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында оқи жүріп, 1947 жылы Абай атындағы опера және балет театрында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің классикалық туындысы – «Абай» операсындағы Абай партиясын орындаудан бастады.
Бұдан кейінгі жылдарда қазақ және әлемдік опералардағы: Қожағұл, Амангелді (М.Төлебаев, «Біржан-Сара» мен «Амангелді», соңғысы Е.Г. Брусиловскиймен бірге), Тарғын, Артем (Брусиловский, «Ер Тарғын» мен «Дударай»), Алпамыс (Е.Рахмадиев, «Алпамыс»), Панфилов (Ғ.Жұбанова, «Жиырма сегіз»), Евгений Онегин, Мазепа (П.И.Чайковскийдің осы аттас опералары), Олег Кошевой, Владимир Ульянов (Ю.С.Мейтус, «Жас гвардия» мен «Ағайынды Ульяновтар»), Фигаро (Дж.Россини, «Севиль шаштаразы»), Дон Жуан (В.А.Моцарттың осы аттас операсы), Эскамильо (Ж.Бизе, «Кармен»), Жермон (Дж.Верди, «Травиата») т.б. партияларды зор шеберлікпен орындады.
Ермек Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де кеңінен танылды. Оның репертуарында қазақтың халық әндерімен қатар, Кеңес Одағы және дүниежүзі композиторларының таңдаулы туындылары кеңінен орын алды. Ол бірқатар фильмдерге («Біздің сүйікті дәрігер», «Ән қанатында», «Тақиялы періште»), т.б. түсті.
Ол көптеген халықаралық конкурстар мен дүниежүзілік фестивальдарға қатысып, жеңімпаз атанды. Қазақтың ән өнерін Еуропа мен Азияның көптеген мемлекеттерінде және АҚШ-та өткен қазақ мәдениетінің күндерінде кеңінен насихаттап, әлемдік биікке көтерді.
Е.Серкебаев – ұлағатты ұстаз, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның профессоры ретінде көптеген шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ән мектебін қалыптастырды.
Ол тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігіне қуанып, Елбасына үнемі қолдау көрсетіп отырды. Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залының салтанатты ашылуында өнер көрсетіп, батасын берді.
Е.Серкебаев «Отан» орденімен, 2 рет Ленин орденімен, Октябрь Революциясы және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, т.б. көптеген наградалармен марапатталды. КСРО және Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды.
Лира шоқжұлдызының бір жұлдызы Е.Серкебаевтың есімімен аталған.
Қазақ өнерінің тарланы, көрнекті мәдениет пен өнер қайраткері, абзал азамат, ұлағатты ұстаз, әлемге танылған әнші Ермек Серкебаевтың есімі әрдайым ел жадында сақталады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі