Жаңалықтар

Астанада Мирзоян - Сәтбаев атанды, Өскеменде - Ворошиловты Ақтамберді деп атау ұсынылды

ашық дереккөзі

Астанада Мирзоян - Сәтбаев атанды, Өскеменде - Ворошиловты Ақтамберді деп атау ұсынылды

Соңғы бірнеше жылда қала, көше және жер су атауларын өзгертуге мораторий жарияланып, санадағы отаршылдықтың таңбасындай болған, империялық көсемдердің атауы сол күйінде қалған еді. Сондай көсемдердің бірі – халық «Мырзажан» атап кеткен Мирзоян болатын. Ол өзіне дейінгі көсемдерден гөрі, жайлырақ болғандықтан, қазакем көрген қорлығының көптігі жанына батқаны сондай, Кеңес көсемдерінің бірінен сезілген жылымыққа бола, оны осылай еркелеткен деседі жұрт. Алайда фейсбукте оның қазақ халқын аяусыз қыруға қаншалықты ат салысқандығы туралы баяндаған ұлт жанашырларының бірі Мұхтар Тайжан  адам айтса нанғысыз біраз құжаттарды жариялады.

Кезінде Мирзоянның қазақ халқының пассионар тұлғаларын қыру туралы Сталиннен қосымша квота сұрағандығын «Түркістан» газеті де айтқан болатын.

Осы құжатты жариялай отырып, ұлт жанашыры Мирзоян сияқты Кеңес жандайшаптарының атындағы көшені қазақ халқының ұлт азаттығы жолында он жыл аттан түспеген, шығыс түркістандық көкжал Оспан батыр Сіләмұлының атымен алмастыруды ұсынған.

Алайда Алматы қалалық әкімшіліктің жауабы тым жалпақшешей және сүйей салды болған екен.

Бүгін фейсбуктегі қазақ журналистері бір бірінен сүйінші сұрап, Астанадағы Мирзоян атындағы көшенің академик Сәтбаев атымен аталғандығын жарыса жазып жатты. Ал өскемендіктер қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне Ворошилов көшесін Ақтамберді жырау атына ауыстыру туралы ұсыныс түсіргендігі жайлы жазады www.munara.kz сайты. Қазір бұл мәселені қалалық әкімшілік қарап жатқан көрінеді.

Демек ауыл, қала, елдімекен және көше атауларын өзгертудің екінші толқыны басталды деген сөз. Былтыр қабылданған «Ономастика туралы» Заңның ешқандай ықпалын байқамаған едік. Қозғалыс енді қайта жанданатын сияқты. 

Сөйтіп санадағы ақтаңдақтардан мүлдем құтылуға бет алудың жаңа кезеңі туды. Және бұл кезең қазақ ұлтының кемеліне келіп, империяға бас шұлғыған құлдық санадан арыла бастаған шағында қолға алынып жатыр. Енді шенеуніктердің шегінуіне ұлт үшін жар құлағы жастыққа тимейтін ұлт жанашыларының осы күрестері жол бермейтін болар. 

Есен Байнұр