Таңдаулы деген әкімдер ұятқа қалдырды
Таңдаулы деген әкімдер ұятқа қалдырды
– Өткен айда, бір-екі аптаның ішінде облыстағы бірнеше әкім істі болып, қамауға алынды. Таяуда ғана сайланған, тағайындалған мемлекеттік қызметкерлердің бұл әрекетіне қандай баға бересіз? Әкімдерге деген елдің сенімі осындайдан кейін мүлде төмендеп кетпей ме?
– Мен де аң-таңмын. Біз бір жыл бойы «А» корпусына лайықтыларды сараптап, әртүрлі сынақтардан өткіздік. Осыдан кейін нағыз халық үшін еңбек ететін азаматтар іріктелетін шығар деп сенген едім. Өзім де сол іріктеу коммиссиясының мүшесі болғам. Әрине, адам баласының ішкі дүниесін, арғы жағында не жатқанын білу қиын. Бірақ негізінде бұл заң төңірегіндегі мәселе. Олардың осылай ұсталғаны өте орынды, дұрыс болды деп санаймын. Десек те небір жақсы азаматтар бар. Міне, солар комиссияның сынағында ойламаған жерден сүрініп қалды. Жолы болмады. Сіздің айтып отырған мәселеңіз мені де көп ойландырады. Аталмыш әкімдердің парамен ұсталуы олардың мақсатсыздығы, өмірдегі құндылықты бағалай алмағандығы деп білемін. Болмағыр бір ақшаға бола абыройлары төгілді. Отбасы, туыстары қиналып, қорланып отырғаны анық. Алған титтей парасы солардың қиналысына тати ма? Таңдаулы деген әкімдердің ұятқа қалдырғаны шынында да өкінішті болды.
Шардарада қызмет етіп жүргенімде бір азаматтың үстінен көп шағымдар еститінмін. Пара алады екен, анау-мынау деген. Сол кісіге талай мәрте айттым, «болар-болмасқа арыңды былғап, ісі түсіп келген жаннан бірдеңе дәметеді екенсің, артыңнан неше түрлі сөздер айтылып жүр, ондайыңды қойсаңшы, арты жақсы болмайды» деп. Артынша сол кісі істі болып, 5 жылға сотталып кете барды.
Сізге бірдеңе айтайын, біз таяуда Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі жатырмыз. Кіргеннен кейін дәл осы парақорлық, тамыр-таныстық бізге үлкен қырсығын тигізеді. Ол ұйымға кірген соң тауарың өте сапалы, сол тауарды жасайтын маман да айтулы шебер болуы керек. Ал енді тауарын өткізу үшін пара ұсынып, бір қызметке тұрамын деп бір тәжірибелі маманның жолын кесіп жатсақ, кері кетпейміз бе? Экономикамызға балта шабамыз осылайша.
– Мәслихаттың отырыстарында соңғы кездері келіспеушіліктер, депутаттардың эмоцияға беріліп, бір-бірін тілдеп жіберетін жағдайлары жиілеп кетті. Ойларыңыздың бір жерден шықпай қала беруіне не себеп?
– Бұрын Кеңес үкіметі тұсында сен депутат боласың деп, қатысқың келмесе де сайлауға қатыстырып жіберетін. Қазір депутаттарды халық сайлайды. Сайлап қана қоймай, ертең біздің мұқтаждығымызды ешкімге жалтақтамай айтып отырады деген сеніммен сайлайды. Еркін елдің сайлауында жеңген, осы таңдаулылардың өз ойларын іркілместен айтуы, позициясын білдіруі қалыпты жағдай шығар. Қызуқандылығынан болар, эмоцияға берілетіндері рас. Дегенмен сондай тартыстан, сондай айтыстан шындық шығады, әділдік табылады. Бәрі бір-бірімен келіспей кетеді деген де болмас, кейін әріптесінің айтқаны дұрыс екенін мойындап жататын кездер де болып тұрады аракідік.
Меніңше, сессия жиындары бірсыдырғы өткені дұрыс емес, мәселеге көңіл толмаса айту керек білгенін, талқылаған дұрыс. Кей-кейде орынсыз килігіп кететіндерге «сіз отырыңыз, сөз берілгенде айтасыз» деп тоқтатып тастайын сәттер болады. Әрине, бір шетінен ол дұрыс емес. Бірақ регламент, тәртіп деген бар. Содан ауытқымай жұмыс істегеніміз абзал. Халықтың алдында сәл тәртіп сақтаған жөн. Енді, бірте-бірте ол да болар. Негізінде қызықты тақырып талқыланып, сол тақырыпқа жанашырлық танытып жатқан азаматтар болса бетін қақпай, сөйлеткенді өз басым дұрыс санаймын. Құдай сақтасын, Украинаның Радасы, Ресейдің Думасындағы депутаттар сияқты біздікілер төбелесіп жүрген жоқ. Қазақы тәрбие жібермейді ондайға. Үлкенге құрмет, кішіге ізет қанымызда бар қасиет.
– Байқайтыным, мәслихат жиынында баяндама жасаған басқарма, департамент басшыларын өлтіре сынап аласыздар да ескерту, сөгіс, қатаң ескерту беру секілді бірде-бір әкімшілік жазалау қолданбайсыздар. Меніңше, осыған халықтың көңілі онша толмайды.
– Негізінде мәселенің көбісі тұрақты комиссияларда айтылып, талқыланады. Қателіктерін түзетіп, ескерту де, сөгіс те сол жерде беріліп жатады. Мәселен, соңғы сессияда жұмыстарында кемшілік жіберген энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығын жазалау туралы облыс әкіміне ұсыныс бердік. Қазір басқарма басшылары сессияға арнайы дайындықпен келеді. Комиссияларға қатысып жүр.
– Облыстық мәслихаттың сессияларында белгілі бір мәселе талқыланып болған соң, бекітуге келгенде қарсы, қалыс қалғандарды мүлде көрмейміз. Бәрі бір ауыздан қолдай салады түптеп келгенде. Сіз де қарсылардың, қалыс қалғандардың қолын көтеруіне мүмкіндік бермей «жоқ екен» дей салатын сияқтысыз. Бұл – халық қалаулыларының момындығын көрсете ме?
– Қарсы, қалыс қалу болып жатады негізінде. Дегенмен, жоғарыда айтқанымдай мәселенің негізгі бөлігі тұрақты комиссияда қаралады. Келіспейтін тұстарға сол комиссияларда өзгеріс ендіріледі. Бір емес, екі комиссия отырысы өтеді. Сонда барлығы талқыланып, реттеледі. Кейбір депутаттар комиссияға бармайды да, әдейі сол сессия кезінде мінез көрсетіп жатады. Ол да бір депутаттың жұмыс істеу тактикасы шығар. Сайлаушыларының алдында ұпай жинағысы келуі де мүмкін ғой. Оның бәрі сол депутаттың ұятында жатыр.
– Тұрақты комиссия дегеннен шығады, былтыр сондай жиынға қатысқаным бар. Комиссия төрағасы белгілі кәсіпкер азамат Серікжан Сейтжанов болатын. Сонда отырған Лесбек Тәшімов баяндама жасаған бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығына өзінің бір бұйымтайын өткізгісі келгендей болды. «Біздің университетте (Халықаралық Қазақ Түрік университеті) өтуі тиіс конференцияға қаржы бөлуді сұрап едім, неге осыны кіргізбегенсің жобаға?» деп айқайлап, қоқан-лоққы көрсеткендей болды. Мұндай өзіне ғана қатысты нәрсеге үлкендігін, беделін пайдаланып қалу қаншалықты дұрыс?
– Жалпы, ондай ұсыныстар алдын-ала берілуі тиіс. Сосын, бюджет мәселесін қарайтын облыстық бюджеттік комиссия бар. Онда барлық мәселелер талқыланады. Сонда бірінші кезекті мәселелер анықталады. Егер де мысал үшін бір елді мекенде апталап электр жарығы болмай, не болмаса бір ауылдарда су құбырларының тозығы жетіп, сусыз отырған болса, жаңағы Лесбек Тәшімұлынікіндей ұсыныстар, әрине, кейінге қалдырылады. Өйткені бірінші кезекті орындалатын істер бар, сосын жоспарда тұрған жұмыстар бар, оған байланысты басқа да іс-шаралар болады. Сол себепті тосыннан айтылған шаруа шешілмей қалды деп, байбалам салатындар бар. Ал қаржы үнемділікті, жоспарлы болғанды қалайды. Егер төтенше жағдай болмаса, тек бірінші кезектегі шаруаларға ғана қаржы қаралады. Бір шетінен Тәшімов мырзаның өтініші тек бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының қолында тұрған шаруа емес. Дөрекілік мінез көрсету, ондай өкпе білдіру расымен орынсыз. Әрқайсымыз өз көзқарасымызбен, кішкентай ғана елді мекен, аудан төңірегінен қарап жатамыз. Сонша жыл депутат бола жүріп, айтқаным бола қоймады деу дұрыс емес. Жасының үлкендігін пұлдап, алдында тұрған кісіні баласыну, мінез көрсету орынсыз қалай десек те. Жоспарсыз болған мәселеде өкпе болмауы керек.
– Соңғы кездері бюджет игерілмей қалып жүр. Осыған қатысты тексеру комиссиялары құрылады екен деп естідік. Сұрайын дегенім – комиссия мүшелері бітпей жатқан нысандарды аралай ма жоқ бәрі сөз жүзінде, қағаз жүзінде қала ма?
– Қаржының игерілмеуінің себебі көп. Ол жобаның асығыс жасалуына, сосын әлгіндей белден басып, қаржы бөлдіргісі келетіндердің кесірінен болуы мүмкін. Сосын басқарма басшыларының жұмысында кемшіліктер бар, алдын ала жасалған жобаларында шикіліктер шығып жатады. Сол шикіліктердің арқасында қаржы игерілмейді. Ол бір себеп. Екінші себеп кейбір мердігерлерді таңдаған кезде тағы да сол басқарма басшылары, комиссия мүшелері қателікке барады. Өзінің мамандығына, не болмаса өзінің базалық мүмкіншілігіне байланысты емес жұмыстарға мердігерлер алынады. Бәрін қатырамын деп алады да, ертеңіне қосалқы мердігер іздеп, қызметкерлерінің шеберелігі, ресурстары жетіспей, жұмысты орындай алмай қалады. Сосын қаржы қалай игерілсін. Біз осының бәрін қараудамыз. Егер мердігер кінәлі болса келісім-шартқа сай жауапкершілікке тартылады. Сосын ол жосықсыз деп танылып, кейін басқа іс-шараларға, құрылыстарға қатыспауы керек. Ол облыстың жоспарлы жұмыстарына кедергі жасамауы тиіс. Егер басқарма басшыларының кесірінен болып жатса, біз облыс басшылығына шара көруін, орнына басқа білікті азаматты тағайындауды сұранатын боламыз.
– Соңғы сұрағымды қойсам. Осы депутат болуға неге сонша барын салып, жанын салып, халыққа ақша, азық-түлік таратып, кіріседі жұрт? Депутаттық басқалардың алдында белгілі бір артықшылық бере ме? Мұнша жанығудың керегі қанша?
– Әр азамат өзі ішкі дүниенің айтуымен оған дайындалып келеді ғой. Мәселен мен Шардараға келіп, қызмет етіп жүргенімде 3-4 жылдан кейін аудан әкімі облыс әкімінен осындай ұсыныс түсіп жатыр, облыстық мәслихатқа депутат болуға мүмкіндігіңді сынап көрмейсің бе деген. Бірақ бұл жақтағы жұмысымды шала-шарпы тастап кеткім келмеді. Сосын бас тарттым. Ал енді келесі шақырылымда жұмысым реттеліп, бір жөнге келді. Тағы да ұсыныс келді. Дәл осы сәтте бір үлкен кісі «Құдайберген, дәл қазір жасың да тәжірибең де толысқан шақ, мұндай мүмкіндікті құр жіберме. Халыққа деген жанашырлығың, елде қадірің бар. Саясатпен айналыс»,– деп үгіттеген соң облысқа келгенмін. Менде басқа мақсат болған жоқ. Бір таңқалатыным адамдар депутаттыққа сонша таласады, бір-бірінің намысына тиіп жатады. Сөйтсем, кәсіпкер азаматтарға депутаттық деген біраз мүмкіншіліктер береді екен. Сол үшін де жанығып кірісетін болуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Дәурен ӘБДІРАМАНОВ
Оңтүстік Қазақстан облысы