Ақмола облысының әкімі «Нұрлы көш» ауылынан ипотеканы өндіріп алмақ па?
Ақмола облысының әкімі «Нұрлы көш» ауылынан ипотеканы өндіріп алмақ па?
Естеріңізде болса, «Түркістан» газеті осыдан біраз уақыт бұрын «Санда да, санатта да жоқ ауыл» атты мақала жазған еді. Онда Ақмола облысының Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылының жанынан тұрғызылған «Нұрлы көш» ауылының жемқорлардың жемсауынан бүгін қандай күйге түскені жайлы егжей-тегжейлі баяндалған болатын. Сол кезде ауыл тұрғындары бұл үйлердің 15 жылға жалға берілуі тиіс екендігін, алайда өте сапасыз салынған үйлердің қайта бағалауды қажет етіп отырғандығын сөз еткен еді.
Бәлкім біздің осы мақаламыз көзіне түсті ме екен, Ақмола облысының әкімі жиын өткізіп, ондағы тұрғындардың облыс қазынасына қайтаруға тиісті қаржыны қайтармай жатқандығы жайында сөз қозғаған. Бұл туралы Today.kz және Bnews.kz ақпараттық порталдары облыс әкімінің баспасөз-қызметіне сілтеме жасай отырып, мәлімдейді. Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметовтің басшылық етуімен өткен аталған жиынның қорытындысы бойынша, аталған ауылдағы тұрғындарға “Нұрлы көш” бағдарламасымен салынған үйлердің ипотекаға салынғанын және оның несиесін үкіметке қайтару қажеттігі жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы жұмысшы тобын құру керек делінген.
“Нұрлы көш” ауылының тұрғыны, осы ауылдағы сапасыз салынған үйлердің жай-күйін анықтап, арықарай не істеуге болатынын айқындау мақсатында құрылған комиссияның төрағасы Жырғау Тұрғанбай Ақмола облысының қазіргі әкімінің «Нұрлы көштің» үш жыл бойғы жырланған жырынан хабардар екендігін және оның алдыңғы әкімнің орынбасары қызметін атқарғандығын айтқан еді. Жемқорлардың жеп қойған қаншама миллиард теңгесін есептеп, олардың бұқараны тығырыққа тіреп кеткенін біле отырып, әкімнің үйлерді сол бұрынғы бағамен қалдырмақ ниеті бізді ойландырды. Әрі ақпарат құралдарына оралмандардың несиесін төлемей жатқанын дабылдатқаны түсініксіз болды. Әуелі әкімдіктің тікелей қолдауына ие “Сарыарқа” СПК-ның алаяқтық әрекетін жасырып, жауып отырғаны да көкейге күдік ұялатады.
2009 жылы Красный Яр ауылында «Нұрлы көш» ауылы салынған болатын. Онда 138 екі пәтерлі үй тұрғызылып, шеттен оралғандарға берілген еді. Алайда, көп ұзамай, мердігерлердің сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланып, Арқаның аязына төтеп бермейтін үйлерді тұрғызғандығы мәлім болған. Бір рет арнайы комиссия құрылып, ондағы үйлерді қайта жөндеуден өткізу үшін миллиардтаған қаржының қажеттігін айқындаған. Бірақ әкімнің ауысуына орай, ол іс аяқсыз қалған болатын. Тұрғындар бұл үйлердің қайтадан бағалануын және әділеттіліктің салтанат құрып, кінәлілердің жазаланғанын қалайды. Онсыз ауыл тұрғындары миллиондаған несиені төлеуге құлықсыз.
Есен Байнұр.