Жаңалықтар

Қазақ халқының мәртебесі өзгере ме?

ашық дереккөзі

Қазақ халқының мәртебесі өзгере ме?

2013-жылдың 23-қарашасы күні Алматы қаласы Пушкин көшесі 2 үй (Райымбек даңғылының қиылысы) «Жалын» журналының редакциясында «Халық өкілдерінің  құрылтайы» болып өтті.

Құрылтайдың Мандаттық комиссиясының мәліметі бойынша құрылтайға 348 халық өкілдері қатысты. Олардың ішінде белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары, түрлі қоғамдық ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, БАҚ өкілдері және 12 облыстан 47 адам болды. Сонымен бірге 1 адам Ресей Федерациясынан, 4 адам Қытай елінен, 1 адам Өзбекстаннан келді. Бұл өз кезегінде Құрылтайдың халықаралық дәрежеде өткенін дәлелдейді.   

Құрылтайдың күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда Біріккен Ұлттар ұйымының «Байырғы халықтардың құқықтары туралы» Декларациясына сәйкес қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде  конституциялық құқықтарын қорғау және қазақ халқының атынан билікке талаптар қоя алатын өкілеттілік институты – Қазақ ұлттық Кеңесі құрылды. Оның Ережесі, басқару органдары белгіленіп, Кеңестің төрағасы болып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов сайланды.

Екіншіден, Қазақ ұлттық демократиялық мемлекет қалыптастырудың тұжырымдамасы бекітілді.  Тұжырымдама осыған дейін бірнеше ай бойы халықтың талқылауына түскен болатын. Көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып  қабылданған Тұжырымдама алдағы уақытта да толыға түсуі мүмкін екенін айтты.

Үшіншіден, Құрылтайдың Қарары қабылданды.

Қарар бойынша Халық өкілдерінің Құрылтайында  – Халық өкілдерінің Құрылтайына Қазақстанда тұратын байырғы қазақ халқының  мүддесі мен еркін білдіретін  Бас жиын мәртебесін берілді.

Құрылтай  Қазақстанның  қолданыстағы Конституциясы мен заңдарында Қазақ халқының  конституциялық  мәртебесінің айқындалмағандығын  ескере отырып; 

«Біріккен Ұлттар Ұйымының 2007 жылы 23-қыркүйекте қабылданған Байырғы халықтардың құқықтары туралы Декларациясындағы» байырғы  халықтардың өзін өзі билеуі құқығын баянды еткен және осы құқықтың негізінде  өзінің саяси мәртебесін өз бетімен еркін айқындайтындығы туралы 3-бабын басшылыққа ала отырып;

Біріккен Ұлттар ұйымының 1960 жылғы 14-желтоқсанда қабылданған «Отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру туралы декларациясының»  барлық халықтардың өзін өзі билеу құқығын пайдалана отырып өздерінің саяси мәртебесін орнықтыратыны туралы 2-бабын ескере отырып;

«Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы» қағидаттарын қаперде ұстай отырып;

Қазақстандағы қазақ халқының мәртебесін бірден-бір байырғы халық әрі мемлекет құрушы ұлт ретінде айқындайтынын атап өтті және бекітті.

Сонымен бірге Құрылтайда халыққа арнайы үндеу жарияланып, билікке 23 мәселе бойынша талап қойды.

“Түркістан-ақпарат”