Бекболат Тілеуханның Жүрсін Ерманға жазған хатының астарында не жатыр?
Бекболат Тілеуханның Жүрсін Ерманға жазған хатының астарында не жатыр?
“Халық сөз” газетінде Жүрсін Ерманның “Айтысты қолға алуға тырмысып жүрген күштердің бар екенін сеземін”… атты сұхбаты жарық көрді. Жалпы, Жүрсін Ерманның бұған дейінгі әңгімелерінің ауаны бір арнаға тоғысып, соңғы рет ұйымдастырылған айтысқа қатысты ел арасындағы әңгіменің рас өтірігін айқындап берген екен. Сұхбатта Жүрсін Ерман Бекболаты Тілеухан інісіне біраз наз білдіреді. Реніш айтады. Оның айтысты ұйымдастырғанына кейігенін де, “Нұр Отанның” бұған дейінгі өзі ұйымдастырған айтыстарға ыңғай білдірмей, аяқ астынан айтыс ұйымдастыруға мұрындық болғанын жаратпағанын да сөз етеді. Алайда көп күттірген жоқ. Бекболат Тілеухан өз кезегінде қарымта қайтарып үлгерді. Жүрсін ағасына хат жазыпты. Хаттың мазмұны төмендегідей.
“Жүрсін ағаға хат
Қадірлі Жүке!
Сұхбатыңыз шығыпты. Сүйінші сұрағандай жүзі бал-бұл жанған “жанашырым” әкеліп көрсетті. “Көптен бері ширығу күтіп жүр едік. Енді “Өрмек” пен “Бесеуге хаттан” асырып, өлтіріп тұрып жазшы. Ел бір рахаттансын. Өзі де асқақтап кетіп еді,” – деп қайрап жатыр. Әкем марқұмның өте жиі айтатын сөзі есіме түсті. Соны айттым. “Ағасы ұрар болар, інісі шыдар болар”.
Жүке! Ініңізді аямапсыз. Оқасы жоқ. Негізі сізге деген құрметімді білесіз. Еркелеп бетпе-бет бірдеңе деп қылжақтағаныммен сіздің абыройыңыз сынға түскен жерде тартынып қалған кезім бар ма! Жоқ! Жаныңызды жаралап бірдеңе айттым ба? Өткен жолғы айтыста алдыңыздан бір емес, бірнеше мәрте өткенімді өзіңіз де айтыпсыз. Сіздің де маған өткен жақсылықтарыңыз жадымнан өшкен емес. Сізді мен ғана емес, менің әулетім сыйлайды. Анам марқұм ұлындай көруші еді. Әулетімнің қызығына талай ортақ боп жүрсіз. Таңым бар. Сұхбат беріп, соншама ашу шақырарлықтай ештеңе бүлінген жоқ секілді еді.
Жүке! Қалай ойласаңыз да өз ықтиярыңызда ғой. Алайда мен сізді құлатайын, қолда барыңызды тартып алайын деген ойым жоқ. Рас “Жәдігерге” көмектестім. Қолымнан келсе әлі де көмектесем. Не үйлері, не күйлері жоқ, әпіл-тәпіл күн көріп жүрген жас жігіттер өнерге үлес қосам, дәстүр жаңғыртсам деп танаулап жүгіріп жүрсе, қалайша дәтің шыдайды. Ол түгілі, еркін күрестен халықаралық жарысқа баратын жол пұлын іздеп келген бозбалаларға демеуші тауып бердім. Енді ол деген еркін күресті мен жауламақпын деген сөз емес қой.
Сіздің айтысқа сіңірген еңбегіңізді ешкім де жоққа шығара алмайды. Шығармақ та емес. Айтыстың да арғы да бергі тарихы жеңіл болып келе жатқан жоқ. Белінен бүктеп бір шыбықпен айдауға, бір сөйлеммен кесім жасауға келмейді. “Айтыс – оппозициялық өнер” дегенге байланысты айтарым, тілде буын жоқ қой, Жүке. Бағыт бергенге байланысты. Айтысқа өткірлік, әділетшілдік, бұқараның талабын айту тән. Бірақ мақтамен бауыздап, майдай ерітіп қисықты түзетуге шешімі мықты шеберлікпен келістіріп айтса ғой шіркін! Шаптығып, шаптан түртіп, басқа шауып, төске өрлемей. Заманында Жамбылдан жүйрік ақын болған жоқ, Иса да мінезді еді. Керзаманда империяның сойылын соқты деп кінәлауға хақымыз жоқ. Бірақ, факты солай. Жырлады. Ал, тәуелсіз Қазақияның тұрақтылығын, татулық пен бірлікті отауыз ақындар жырлап жатса, игерілмеген қаражат, қырсыз басшыларды әділ сөзбен түйресе, елдікке шақырса, қандай тамаша!
Айтысты ешкім иелеп алмайды аға! Бірлі-жарым адамның құшағына да сыймайды. Қазір де әркім әр өңірде әліне қарай айтыс өткізіп жүр. Өткізе берсін, жақсы емес пе. Өнер осындайдан дамымай ма?! Жақында Астанада тағы да айтыс өтпек. Өткендегідей тағы да шақырамыз аға, келіңізші. Жарықтық, Тұманбай ағамның “Өзбексіз базар базар ма?” дегеніндей Жүрсінсіз айтыстың бір бүйірі олқы сезіледі маған.
Жүрсін-аға! Тіресіп сірескеннен, жауласып дауласқаннан шекесі шылқыған қазақты көргенім жоқ. Өзі қарап отырсаңыздар қазаққа сор даудан келген. Біріне-бірін айдап салған. Аңғал дейміз бе, (ақымақ деуге ауыз бармайды) ауыздан шыққан сөздің салдарын өлшемейтін салақ дейміз бе…, әлде дендеп сіңіп кеткен құлдық сананың салдары ма, әйтеуір қазақтың қазаққа тісі пышақтай. Алаш аяулысы болған тұлғалардың қырқысқанын – Мағжанның Сәкенге, Ілиястың Әбділдаға арнаған өлеңін, Сәбиттей, Темірбектей тұлғалардың кейбір жазбаларын оқығанда жаның құлазиды. Қыл аяғы қырылып тынбады ма, тарихтан білеміз. Бүгін келіп қазақтың қасқалары қос Мұхтар-ағамыздың аяспай арпалысуы… Әбдіжәміл мен Қабдештің қалың жұртты қажытқан дауы… Бәрі де аяулы, қайсысына болысарыңды білмейсің. Соңында бәріне де өкпелейсің. Қандай ауыр! Бәрінің сөзінен қисын іздесеңіз табылады. Бәрі дарынды, бәрінің де елге жаны ашитын сияқты. Бірақ бір-біріне ырық бермейді, көсеушілері көп-ақ. Және олар бір-бірін жеңген де, жеңілген де емес. Жеңіліс – қазақта. Бірлік жеңілді, береке қашты, құрмет, ізет, абырой жеңілді. Бүтін бөлінді, тұтас жарылды.
Рас, менің де дауласқан кезім бар. Бірақ ол даудың жөні басқа ғой, Абайдың арына дақ салған ғалымсымақтарға, қазақтың иманын қорлаған ешкіге жабысқан есер режиссерге, тілімді менсінбей, ділімді қорлағандарға ұлт намысы сынға түскен сәтте қарап қала алмадым. Ал, артық-ауыс айтылған жеке басыма байланысты… Оның жарасы жеңіл.
Ағатай-ау, мені бірдеңе бүлдірді деп есептесеңіз, кешірім сұрайын. Мен-ақ жеңілейін. Кінәласпайықшы, қоя салайықшы! Ертең-ақ тағы сол “жанашырлар” (мүмкін басқасы) “Бекболат Жүрсіннен кешірім сұрапты + айыбын мойындапты” деп айқайлатып тұрып тақырып қойып, осындай бірдеңесі-ақ қана жетпей тұрған сайттарының, газеттерінің мүйізіне іліп, тұс-тұсқа шабар. Шапсын. “Сүйіншілесін”. Ары қарай тыныш болса болды да.
Ілгеріде өткен әулие-даналардың: “Өзінікі дұрыс екендігін біле тұра, даудан бас тартқандарға жәннаттан үй сыйланады” дегені бар. Ұлы нығмет қашанда жойқын қажырмен келеді ғой. Ақталар сөз, айтар уәж, анық факті, айқын куә, тыпыр еткізбес дәлелің бола тұра сөзіңді жұту… Аз қайратқа көнбейді.
“Сөзді қусаң сөз шығады”. Қазақ қандай әдемі айтқан. “Қандай факті, қандай уәж екен ол?” деп тағы біреу ентелер. Тағы біреу ілік іздер. Үміттенбей-ақ қойсын. Оған да айтарым сол. “Сөз қуған пәлеге жолығады”. “Ағасы ұрар болар, інісі шыдар болар”.
Қадірлі Жүрсін аға! Қоғамда әрқайсымыздың өзіндік орнымыз бар, азды-көпті тындырған шаруамыз да жоқ емес. Бірақ ағаның ініге, қазақтың қазаққа деген бауырмалдығы, кешірімшілдігі, қандастың қандасқа деген махаббаты болмаса істің бәрі бекер екендігін Абай бір-ақ ауыз сөзбен “Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос” дейді. Абайдың дана екендігі – бар қазақтың мәмілелі тоқтамы. Біз Абайдың сөзіне тәнті боламыз, тамсанамыз. Бірақ Абай тамсансын деп емес, тұтынсын деп жазды. Ендеше, Абай армандаған қазақтың болмысы бойымыздан табылса қанеки!
Бірге болайық. Айтысқа келіңіз, аға!
Ініңіз, Бекболат ТІЛЕУХАН”
P.S. Сөз ләмінен байқағандарыңыздай, Бекболат Тілеухан Жүрсін ағасының жағасына жармаспайды, жерден ап, жерге салып сілкілемейді, жөнін айтып, кешірім сұрайды. Сөйте отырып, айтыстың халықтық өнер екенін жұқалап жеткізеді. Алайда, Жүрсінсіз айтыстың олқы түсетінін де, оның осы бір қазақтың дара сөз өнеріне сіңірген еңбегін де атай кетуді орынды санайды. Ендеше, ел ағаларының бұл дауды әрі қарай созбай, өзара тіл табысатынына сеніміміз кәміл. Өйткені інісі кішірейе білсе, ағасы құшағын аша білер. Тек арзан дауды қуып, ел алдында бағасын кемітіп алмаса дейміз.
Есен Байнұр.