БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН «БОЛАШАҚ»

БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН «БОЛАШАҚ»

БРЕНДКЕ АЙНАЛҒАН «БОЛАШАҚ»
ашық дереккөзі

Еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңін жинауға енді кіріскен жылдар әлі күнге жұрттың есінде. Экономикалық және әлеуметтік жағдайымыз сын көтермейтін уақытта үлкен бастамаға мұрындық болған Елбасының асқар арманы біреу еді. Ол – қазақ жастарының сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маманға айналуы. Елбасы Н.Назарбаев ТМД елдерінің арасында алғашқы болып, жастарға қолдау көрсетпекке бекінді.

Анығында, 1993 жылдың 5 қарашасы күні ел Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен шетелде кадр даярлау мақсатында арнайы стипендия бекітілген болатын. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында «Болашақпен» білімін жетілдіргендер саны – 10 мыңға жеткен. Оның 7 мыңға жуығы шетелдің ЖОО-ның дипломына қол жеткізсе, 2796 жас әлемнің 33 елінде білім алуда. Мақсаты айқын бағдарлама талай жастың жігерін жанып, армандарына қанат бітірді. Ауылдың топырағында аунап-қунап өскен кешегі қара бала бүгінде шетелдің аты дардай оқу орнының қабырғасында жүр. Тіл меңгерді. Жақсыны үйренді, жаманнан жиренді.

Бұрынғы студент қазір білімді азамат, білікті маман болды. «Олар елге келіп, еселі еңбекке етене араласып кетті. Аз ғана уақыт ішінде «болашақтық» деген бренд қалыптасып үлгерді. 20 жылда 10 мың студент. Он мыңның 46 пайызы ­– Ұлыбританияда, 19 пайызы – АҚШ-та, 11 пайызы – Ресей, 3 пайызы – Канада, 2 пайызы – Германия, 1 пайызы – Франция, 1 пайызы – Чехияда білім алды. 34 пайыз – инженерлік-техникалық, 32,1 пайыз – іс басқарушы, 11,9 пайыз – әлеуметтік сала, 6,7 пайыз – гуманитарлық, 6 пайыз – нақты ғылымдар, 4,6 пайыз – медициналық, 1,2 пайыз – педагогикалық сала бо-йынша маман болып оралды.

Білім және ғылым министрлігі «Халық­аралық бағдарламалар орта­лығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек: «Көбі бізді бір жылда шетел университеттеріне 3 мың адамды жібереді деп ойлайды. Жоқ, әсте олай емес. Бұл – шетелде оқып жатқан қазақстандықтардың жалпы саны. Біздің міндетіміз – сол санды ұстап тұру. Демек, бір жылда қанша түлек оқуды бітіріп келсе, біз сонша стипендия тағайындауымыз қажет. Мәселен, биыл 1093 стипендия беріледі. 2006 жылы біз шетелде оқитын стипендианттардың санын, яғни 3 мыңдық межені толтырдық. Содан бері оны ұстап келе жатырмыз. Айтқандай, қазір шетел университеттерінде 3 мыңға жуық қазақстандық азамат, нақты айтсақ, 2794 адам оқып жүр», – дегенді айтады. Ол өз пікірінде мына бір мысалды келтірген еді. «Көрші жатқан Қытай мемлекеті жыл сайын 13-15 адамды шетелге жіберіп, елдің ақшасына оқытады. Сонда олардың тек 10 па-йызы ғана қайтып келеді. Міне, осыны проблема деп айтуға болады. Сол себепті бүгінде Қытайдың ұлттық зерттеу қоры бізге хат жазып, «Болашақ» бағдарламасы аясындағы кепілдікке үй қою тәжірибесін қолдануға мүдделі болып отыр. Олар сол жүйенің тиімділігін енді түсінуде. Біз болсақ оны 2004 жылдан бастап қолға алдық. Соның арқасында «Болашақ» бойынша шетелде білім алып, сол жақта қалып қойған қазақстандықтардың саны күрт азайды. Соңғы үш жылда ондай азаматтар мүлдем жоқ». 

Ал «Болашақ» бағдарламасы бо-йынша шетелде білім алып, оқуды тастап кеткендер бар ма? Әлемнің 33 елінде білім алып жатқан жастар сол елдің білім беру жүйесіндегі ерек­шеліктерге бой үйретеді. Мәселен, АҚШ-тың жүйесі еркіндікке негізделген. Бұл дегеніміз – студент өзіне қажетті пәндерді таңдап, оқу жос­парын өзі құрастырады. Оқытушылар болса дәріс оқып, тиісті тапсырмасын беріп, шәкірттерін қоя береді. Жылдың соңында емтихан тапсырса болғаны. Мұндай жүйенің ерекшелігі сол, негізгі жауапкершілік студенттің өзіне жүктеледі екен. Ал бізде олай емес, әрбір университетте сабақтың кестесі тұрады, барлығы белгілі бір талаптар бойынша білім алады. Міне, осындай жүйеден шыққан жастарға бірден еркіндікке бейімделу қиынға соғып жатады. Содан алғашқы жылдары қатты қиналады. Сосын басқа орта, өзге мәдениет пен салт-дәстүр өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен, Қазақстан жастарының басым бөлігі – 80-90 пайызы шетелдік университеттердің шарттарына бейімделіп, оқуды ойдағыдай тәмамдауда. Әрине, оқуды тастап кеткендері де бар. Бірақ олардың саны көп емес. 20 жылдың ішінде ондай азаматтардың саны 300 адамға жетті. Бұл барлық стипендианттардың 3-ақ пайызын құрап отыр. Қалай болса да, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып, оқудан шығып кеткен азаматтар мемлекеттің оған жұмсаған шығынын өтеуге міндеттеледі. Себебі ол – елдің қаржысы. Қазір осы мәселеге қатысты 27 іс сотқа жіберілген. 

«Болашақ» түлектері еліміздің аймақтарының экономикасын көтеруге қаншалықты үлес қосуда? Бұл сауал да көптің ойында. Олардың әрқайсысына мемлекет сапалы білім алсын деп, жыл сайын қазынадан 5,5 миллион теңге жұмсайды. Бұл аз ақша емес. Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек: «Болашақ» түлектерінің Астана мен Алматы қалаларында шоғырлану мәселесі де бүгінде өз шешімін тапты. Ондай мәселе 2011 жылға дейін болған. Сол кезде білім алған жастардың басым бөлігі экономика, қаржы, заң, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар мамандықтарын игеріп, Астана мен Алматыда қалып қойған. Оны да түсінуге болады. Себебі ірі қаржы және заң ұйымдары, сондай-ақ барлық мемлекеттік органдар қайда орналасқан? Алматы мен Астанада. Демек, олардың еңбек нарығы сол жерде. Ал 2010 жылдан бері бітіріп келгендердің дені – инженер-техник мамандар. Байқап қарасақ, қазір олар аймақтарға барып, жергілікті жердің өндіріс ошақтарын көтеруге атсалысып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы Үлбі металлургиялық зауытында «Болашақ» бағдарламасының 36 түлегі еңбек етуде. Металлург мамандығы бойынша оқып келген Мұхамеджан Маликов деген түлек Өскемендегі титан-магний комбинатында бас инженер болып істейді. Ұлыбританияда оқыған Ержан Юсупов мұнай-газ саласында жемісті еңбек етіп келеді. Тағы бір түлегіміз Қазбек Төлеубаев ауыл шаруашылығы саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып жүр. Жалпы, қазіргі түлектердің 65 пайызы – инженер-техник мамандар. Бүгінде түлектердің 20 пайызы мемлекеттік қызмет саласында жұмыс істесе, 21 пайызы – ұлттық компанияларда, 4 пайызы – халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарда, ал 55 пайызы жекеменшік компанияларда еңбек етіп жүр. Демек, «Болашақ» түлектерінің басым бөлігі экономиканың нақты секторында жұмыс істейді», – дейді. 

Елбасы өз сөзінде ел ертеңі жастарға үміт арта отырып, «Мен «Болашақтың» бәсекелестікке қабілетті халықтың қалыптасуына бағытталған аса маңызды жобалардың біріне айналатынына кәміл сенемін» деген еді. Үміт ақталды, нәтиже бар. Бас­тысы, «болашақтықтар» заманға лайық қазақстандық жастардың жарқын бейнесін қалыптастыруға үлес қосып жатыр. Бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен оқуын бітірген маманды кез келген жұмыс орны алтын артылған арғымақтай қалап алады. Өйткені олардың алған білімі алтынмен пара-пар.

Айсұлу Молдабекова, халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері, М.В. Ломоносов атындағы ММУ түлегі, ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институты, кіші ғылыми қызметкер:– Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап елге оралдым. Ресейде әлеуметтану мамандығы бойынша екі жыл магистратурада оқыдым. Елге келгеннен соң негізін Қаныш Сәтбаев қалаған Ғылым Академиясына, Экономика институтына орналастым. ММУ-да жүргенде ғылымның «кенін қазғаннан» болар, маңдайлары қатпар-қатпар әжімді, бірақ күлсе жүздері ерекше мейірімге толатын, ойлы көзді, көзілдіріктері қалың ғалымдардың тек дәрісін тыңдасам, енді кіші ғылыми қызметкер ретінде ондай жандармен әріптес болдым. Мәскеуден келгеніме көп бола қоймаса да, ММУ-дың Бас ғимараты («ГЗ» дейміз оны) мен факультетіміз арасын тоздырған, одан кеңес заманындағыдай асханада дәлізге дейін созылған кезекте тұрған, метрода станцияма жеткенше өзімдегі кітаптан гөрі, көрші отырған адамның кітабын, не газетін оқып баратын күндерімді әлі сағынамын. Мәскеуде оқып жүрген қазақ балалары өте көп. Мәскеу мемлекеттік университетінің өзінде 500-ге жуық бала бар. Көпшілігіміз жаңағы «ГЗ»-ның «Ж» корпусының 6-қабатында тұрдық. Оқуға барлық жағдай жасалынған. Өзіміз де ұйымшыл болдық. Құрбан айт, наурыз кезінде біздің қабаттан бауырсақ пен еттің иісі аңқып тұратын, мерекенің лебі сезілетін. Жырақта жүргенде ғана бұл мерекелердің ерекше мейірімін сезінеді екенсің. Ресейдің білім беру жүйесіне тоқталатын болсақ, олардың бізден ерекшелігі, олар классикалық жүйені сақтап қалған. Яғни, лекциялар 1 сағат 30 минутқа созылады, бағалау жүйесі де мектептегідей. Басында дәріс ұзақ сияқты көрінетін, бірақ маған ұнағаны лектор тақырыпты бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, миыңа құйғанда, сабақтан бір «тоқтықпен» марқайып, тойған қозыдай шығасын. Бір жақсы жері, ММУ-да академиялық әділеттілік сезіледі. Яғни, жынысы, ұлты, діні емес оқу үлгерімі, белсенділігі шешуші рөл ойнайды. Жалпы, менің байқағаным, ММУ-да мемлекеттік басқару, экономика факультеттерінде қазақтардың саны едәуір көп. Мысалы, әлеуметтану факультетінде мен жалғыз қазақ болдым. Міне, бүгінде кіші ғылыми қызметкер ретінде еліме қызмет ету жолымды бастап кеттім. Бізге осындай мүмкіндік берген Елбасыға мың алғыс айтқым келеді. 

Болат Тыныбеков, Лондондағы Корольдік музыкалық колледждің түлегі, музыка пәнінің мұғалімі:– Классикалық музыка­ ма­ман­­­­дығы бойынша бака­ла­вр­ бағ­дарламасын 2009 жы­лы тә­мам­дадым. «Болашақ» бағдар­ламасының аясында шеберлігімді шыңдап, скрипка мен виолончель аспаптарының қыр-сырын жетік меңгердім. Елге оралғаннан кейін сүйікті ісімнен қол үзбей, бірнеше концерт беріп үлгердім. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы 10-шы музыкалық мектептегі музыка пәнінің мұғалімімін. Ірі мәдени орталықта жинаған тәжірибемді кішкентай шәкірттерге үйретсем деген мақсатым бар. Әлі де болса, шетелдерде мәдениет саласында білім алып жатқан жастардың саны аздау. Меніңше, Лондонда білім алып жатқан жастардың 80 пайызы «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатыр. Бірақ мәдени салада біліктілігін арттырып жатқан мамандар саусақпен санарлық. Бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Себебі бізге мемлекет Лондон сияқты ірі қалада оқуға мүмкіндік берді және біз ол мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының аясында конференциялардың, симпозиумдардың көп өтуін қалар едім. 

Динара Мыңжасарқызы