АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА БАСЫМДЫ ИЕМІН

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА БАСЫМДЫ ИЕМІН

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА  БАСЫМДЫ ИЕМІН
ашық дереккөзі

Өткен аптада Алматыда өт­кізілген шет ел қазақтарының өнер фестивалінде Қазақстанға Түркиядан қоныс аударған қандасымыз Ханифе Жаналтай ханыммен танысып, Атажұрттағы ахуал туралы әңгімелесудің реті келген еді. Еліміздің жарқын келешегі, жас­тар бойындағы ерекше қабілет пен патриоттық сезім, қазақ тілінің қазіргі жағдайы жайлы ой толғаған Ханифенің туған жерге деген риясыз көңіліне сүйсіндік.  

– Ханифе ханым, алдымен Атажұрт­қа жасаған алғашқы сапа­рыңыз туралы айтып беріңізші?

– Атажұртқа алғаш рет 1990 жылы жолдасыммен қыдырып келгенмін. Бір айы бойы қонақ болдық, ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жердің тау-тасын араладық, қандастармен емен-жарқын араласып, шұрқыраса көрістік. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысуға Атажұртқа тағы ат басын бұрдық. Арада екі жыл өткенде екі баламызды алып, отбасымызбен үш айдай елді араладық. Жолдасым кәсіпкер болғандықтан, ол өз шаруасымен айналысты, ал мен балаларыммен бірге қандастардың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысуға кірістім. Туған жердің топырағы қашан да ыстық қой, 2001 жылы кіші ұлым Шыңғысханды алып, Алматыға біржолата көшіп келуге шешім қабылдадық. Үлкен ұлым ол кезде Англияда оқып жүрген еді. Оқуы біткеннен кейін ол да Атажұртқа қайтты. Қазір «Самұрық-Қазына» компаниясының еншілес кәсіпорындарының бірінде қызмет етіп жүр. Кіші ұлым Шыңғысхан да осындағы жоғары оқу орнын тәмамдап, енді қандай қадам жасайтынын өзі шешпек.  

– Өзіңіз қандай кәсіппен шұғыл­данып жүрсіз?

– Мен осында көшіп келгеннен кейін Алматыдағы Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы Жұманов деген атақты профессордың кескіндеме сабағына қатыстым. Бір қызығы, бұрындағы іштей сурет салуға деген қызығушылық болса да, экономика саласындағы қызметімнен мойын бұруға мұрша болмаған. 50 жастан асқанда сол қызығушылық қайта оянып, мені Өнер академиясына алып барды. Әрі өз еліме келгенде ішкі бір буырқаныс сезім рухани тұрғыда серпін бергені анық. 

– Түркиядағы қазақтар мен Атажұрт­тағы қандастардың арасында қандай айырмашылықты байқадыңыз?

– Қазақстандағы қазақтар білімге құмар. Ізденімпаз, өз бетінше оқуға құштар. Түркиядағы қазақтардың аға буынының көпшілігі түріктер еліне қиын-қыстау кезеңде Қытай, Пәкстан т.б. жерден келгендіктен, сауат ашуға мүмкіндіктері болмаған. Нан табу үшін сауда-саттықпен айналысқан. Орта буын мен жас буын керісінше, білімге ден қойған. Қазір ағылшыншаны жетік меңгеру басты міндет саналады. Сосын мұндағы қазақтардың көпшілігі орысша сөйлегенді тәуір көреді. Дүкендерге барып бір заттың бағасын не басқа түсін сұрайын десең, быды-быды деп орысша жауап қайтарады. Мен қазақша айтуын өтінсем, «Сіз не орысша білмейсіз бе? Орыс тілі – халықаралық тіл ғой. Әлде ауылдан келдіңіз бе?» деп таңғалады. Құдды орыс тілі – ақсүйектердің тілі сияқты. Бастапқыда «Қайдағы халықаралық тіл? Егер қаласаң, ағылшынша сөйлейін. Себебі ағылшын тілі – әлемдік деңгейдегі халықаралық тіл» деп кәдімгідей шамданатынмын. Әлбетте, ағылшынша білмейтіндіктен, олар үнсіз қалады. Қазір орысша сайрайтын қандастарға бірден «Айналайын, мен ауылдан келгенмін, орысша түсінбеймін, қазақша айтшы», – деймін. Мен негізі ауылдағы ағайынды төбеме хан көтерем. Өйткені қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарда қазақ тілінің құты қашпаған. Сол үшін де ауылдағы қандастарға айтар алғысым шексіз, олардың алдында басымды иемін. Бәлкім, қаламағандықтан ба, әлде басқа себебі бар ма, орысшаға әлі күнге шорқақпын. Үйрену тым қиынға соқты. Есесіне, екі балам қазір қазақша, ағылшынша, түрікше және орысша бірдей біледі. Олар жас қой, орыс тілін меңгеру оңай болды.

– Сізге қиын соққан басқа кедергі болды ма?

– Болған жоқ. Мен, Аллаға шүкір, Еуропа мемлекеттерінің бәрін көрдім десем, артық айтқандық емес. Бірақ «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Бір кездері «Стамбұлдағы ауқатты тұрмыстарыңды қиып, Қазақстанға қалай, неге келдіңдер? Өкінбейсіңдер ме?» деп көп сұрайтын.  Олар Түркиядағы жағдайымызды жақсы біледі ғой. Бірақ мен осындай сұрақтарға қатты таңғаламын. Бұл жер – менің елім. Аяғымды нық басып тұрмын, кеу­демде мақтаныш пен ертеңгі күнге деген сенім бар. Ұлттық рухым бар. Демек, неге өкінуім керек? Шет елде жағдайың қанша жақсы болса да, жетім қозы сияқты өмір кешесің. Құдайға мың шүкір, Түркия мемлекеті бізді ешқашан шетке қаққан емес, өгейсітіп, кеудемізден кері итерген жоқ. Түркия азаматтығын алған басқа отандас­тармен тереземіз тең болды. Тіпті, кейбір жерлерде «Біз – нағыз түркіміз, түркінің Атажұртынан келгенбіз» деп кеуде соғамыз. Ешкім жоққа шығарып, қарсы сөз айтқан емес. Атажұрттан келгендер деп бізге сый-құрмет көрсетеді. Бірақ басқаның аты басқа. Қазақ қандастардың ортасында жүргенімнің өзі бір бақыт. Қазақстанға көшіп келгеніме ешқашан өкінбеймін. 

– Түркиядағы қазақтардың басты проблемаларының бірі – қазақ тілі. Сіз тіл жағынан қиналмадыңыз ба? 

– Біз жас кезімізде қазақша тәлім алмадық. Балаларымыз да түрікше, ағылшынша оқыды. Қазақшаны осында келгеннен кейін барып, 50 жастан асқанда қолға алдым. Қазақстанда орысша сөйлейтін кейбір қандас: «КСРО кезінде қазақша сөйлей алмадық, білімді орыс тілінде алдық. Енді қазір Ана тілін үйрену бізге өте қиын» деп ақталады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Бастауыш сыныпты, тіпті, жоғары оқу орнын түрікше бітірдім. Үйде ата-анамыз қазақша сөйлегенмен, онымыз ауызекі тілден арыға аса алмайтын. Алайда, Атажұртқа келген соң Ана тілінде сөйлеуге міндеттіміз. Шын көңілмен қаладым әрі қатты тырыстым, ол нәтижесіз болмады. Әлі де көсіліп сөйлеймін, сөзге шешенмін демеймін. Кейде «айтқанымды қарсы алдымдағы адам ұқты ма, дұрыс жеткіздім бе, жоқ па?» деп қарадай қысылатын кездерім бар. Аллаға шүкір, екі балам да қазақшаны бірден меңгерді. Атажұртқа қоныс аударуға шешім қабылдағанда жолдасым екеумізді толғандырған жалғыз сұрақ: «Ертең немере-шөберелеріміз «Ата, апа, Ана тілін білмейтін қандай қазақпыз?» десе, не деп жауап қатамыз?». Енді бұйыртса, немерелеріміздің тілі де қазақша шықпақ.    

– Еуропаның дамыған елдерінің бәрін көріпсіз. Сіздіңше, қазақтар әлемдік деңгейге көтерілу үшін не істеуі керек?

– Мен Қазақстанды егемен ел болмай тұрып көргенмін. Тәуелсіздіктен кейінгі кезеңді салыстыра қарасақ, еліміз жақсы дамып келеді. Халықтың әлеуметтік ахуалы, мемлекеттің әлемдік саясаттағы беделі артып келеді. Елбасымыз жақсылықтар мен игі бастамалардың барлығын қолдайды. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Әлемдік саясатта біздің еліміз – талассыз халықаралық беделге ие жауапты да сенімді серіктес. Біз жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісінде маңызды роль атқарамыз, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдаймыз», – деп бекер айтпаса керек. Елбасы осы орайда құқықтық тұрғыда қаншама заңнамалық құжаттарға қол қойды. Мұның барлығы да қазақтардың, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі сапаға көтерілуіне сеп. Мен қазақ жастарының, қазақ елінің болашағы жарқын екендігіне кәміл сенемін.  

– Әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен 

Нәзия Жоямергенқызы