ОЛ КЕЗДЕ ДЕ ДӘЛ ОСЫНДАЙ «АЛТЫН ЖАЗ» ЕДІ...

ОЛ КЕЗДЕ ДЕ ДӘЛ ОСЫНДАЙ «АЛТЫН ЖАЗ» ЕДІ...

ОЛ КЕЗДЕ ДЕ ДӘЛ ОСЫНДАЙ  «АЛТЫН ЖАЗ» ЕДІ...
ашық дереккөзі

Қолымызға тиіп отырған жаңа жинақтың аты – «Алтын жаз». Бұл жинаққа белгілі
жазушы Арасанбай Естеновтің әр жылдары жазылған бір топ таңдаулы хикаяттары мен
әңгімелері топтастырылған.  «Алтын жаздың»   авторы Арасанбай Естенов
– оқырман қауымға кеңінен танымал қаламгер. «Ауыл таңы», «Баянжүрек бау­райында»,
«Тасжарған ерте көктейді», «Айжаңғырық», «Жансауға», «Періштелер патшалығы»
атты повестер мен әңгімелер жинақтарының авторы. 

Арасанбай Естенов – проза, поэзия деп бөлмей, екі жанрда да бірдей қалам
тербеп келе жатқан қарымды талант иесі. Қаламгердің басқаларға ұқсамайтын тағы
бір ерекшелігі – балалар әдебиетін өзіне қоса серік етуі.  Балалар
әдебиетіне қалам тербеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. «Бала тілі
– бал». Баланың тілінде баланың психологиясын меңгерген адам ғана жаза алады.
Балалар әдебиеті бүгінде ең маңызды да, жауапты жанрға айналған. Арасанбай
Естеновтің артықшылығы да осында, оның тәуекелге бара білуінде.  Қаламгер
балаларға арнап шығарған «Әліппемен қоштасу», «Мектептегі мейрамдар», «Жеті
саны киелі», «Таудай болып өсеміз» сынды, т.б. кітаптары дәлел болады. «Алтын
жаз» жазушының қаламынан туған бір топ хикаяты мен әңгімелерінен тұрады. Кітап
қаламгердің мерейтойына арналып, шығарылып отыр. Жазушының қаламынан туған
«Үшкемпір сайы», «Шоң апа», Үкім», Айжаңғырық», «Парторг», Төтенше жағдай»,
«Сәуір лебі», «Бір бала» әңгімелері мен «Алтын жаз», «Дүние бір қисық жол»,
«Жесір жүрек», «Сырттандар» атты хикаяттары оқырман қауымға жақсы таныс.
«Бар-жоғы үш-төрт-ақ түтіннен тұратын шалғай ауылдың сыртындағы терең сай
осылай аталады. Орталықтан шалғай жатқан иен далада төрт үйден төрт үй отырып,
қалай жалықпасын. Қайта әйтеуір, төрт түтіннің маңдайына біткен үш кемпір бар.
Бір үйден бір үйге қыдырып, әңгіменің көрігін қыздырып, не клубы, не телевизоры
жоқ еңбек адамдарын жалықтырмайтын да сол көнекөз қариялар» немесе «Бұл ауылда
Шоң апасыз өткен той, әй, некен-саяқ шығар. Кеше осында дәу апаларының ісіне сүйсіне
отырып, бір топ жігіт осы бір елгезек жан қатыса алмаған, дәлірек айтқанда, Шоң
апасыз өткен тойларды санап көріп еді, ұзын санын әзер дегенде екеуге жеткізді»
дейтін кейіпкерлері қарапайым.  Тіпті болмаса, «Үкімдегі» «Жаманат жерде
жата ма. Жылқышы Жүргенбайдың өлімі жайлы хабар ауыл-аймаққа лезде тарап
кетті», – деп басталатын әңгімесінде жазушы қоғамдағы кейбір келеңсіз жайттарды
дөп басады. Кейде езуге күлкі үйірілтетін, кейде көңілді мұңға бөлейтін
кейіпкерлердің іс-әрекетінде табиғилық басым. 

Арасанбай Естенов әңгімелерінің бас­ты ерекшелігі – қарапайым тірлік кешкен
қарапайым адамдардың тағдырын өз шығармасына арқау еткені. Бұл кітаптың
 негізгі өзегі – «Алтын жаз» бен «Дүние бір қисық жол» атты хикаяттарының
топтасуы. «Алтын жаз» жинағынан көзіқарақты  оқырман көңілге жылылық
ұялататын жақсы дүниені кездестірері хақ. 

Гүл Бекзат