ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі

Қазақ ғылымы архаикаға айнала ма? 

Кешегі «ала қойды бөле қырыққан» советтік кезеңде, білгір маман – бірегей ғалымдарымыздан көз жазып қалу нәтижесінде бүгін руханият, оның ілімі қарабайырланып кеткенін саналылықпен пайымдау ләзім. Сондықтан бүгін бұл іргелі елдік мәселеге іштен де, сырттан да көз алартушылар табылуы заңды. Мәселен, бүгін басымдық алып бара жатқан қазақ тілі — «нонсенс», «архаика», «қазақ – этнос» тәрізді қоғамдық пікірлердің қылаң беруі кездейсоқ емес. Бұл жат пиғыл-ниетке жел-желеу беріп отырған да, барды жоқ етіп, тым тұмшаланып алған бүгінгі болмысымыз емес пе екен?! Бұл тенденцияның елді өркениеттен жырақтататыны өз алдына, қазақ мемлекеттігіне ойсырата нұқсан келтіруі ғажап емес.

Қазірдің өзінде «қазақ ұлтының ойлау деңгейі тәуелсіз Қазақстанды өркениетті мемлекет етуге қабілетсіз, оны «қазақстандық ұлтқа» арқа сүйеу арқылы жасау керек» деген сұғанақ ойлар әр жерден-ақ қылаң беріп отыр емес пе?! Әрине, бұл сауал концептуалдық жауап тілейді. Оған біз сақадай-саймыз ба?! Ұлттық мүдде үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын кез келіп жетті деген сөз емес пе бұл?! Сондықтан да жалпақ жұрт жат пікір уысында қалып кетпеуін ойласақ, қазақ көркем ойын, шығармашылдық потенциалын көрсеткіш-көрнекілік етуде қарымдылық көрсеткен азулы сын қоғамдық айналымға түсуі қажет. Баспасөз бетіндегі дау-дамай, жаға жыртысу бұл мәселеде көмекке келе алмайды. Егер жеке тұлға әдебиетшілеріміз халықтық маңызы зор руханиятымыздың алтын өзегі, әдебиеттің бары-жоғын түгендеп, ғылыми електен өткізіп, сараптамалық еңбек жазса, қарымдылық танытып, талантын төксе, халқымыздың ежелгі мұраты – тәуелсіздіктің тарихи маңдайы ашылып, мақсаты айқындалар еді. Қазақ қаламгері қаншалықты орыс тілділерден кем түсіп, қазақ әдебиеті қаншалықты жұтап қалды?! Бұған тек азулы сын ғана толымды жауап бере алады. Ендеше, халықтық маңызы бар бұқаралық сынға бүгінгі демократиялық қоғамнан қанат қағуға мүмкіндік берсек, патриархалдық сана – рулық, тайпалық деңгей өз-өзінен өзгеріп, биіктей беретінін тарих біледі. Әдебиет-мәдениет мәселесіне нақтылы барды бар, жоқты жоқтай сұрыптап, сараламай кешегі кеңестік әдіс-әдетпен жауырды жаба тоқи беретін замана күні озғанын бүгін нақтылы түсіну абзал. Сананы саралайтын сәтте тұрмыз. Өткен мен бүгіннің құндылықтарын бұл бағытта елеп-екшейтін әдеби тұлға бізде көп пе? 

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». Бүгінгі ой-өріске жаңаша тыныс керек. Барлық шығармашылық орта мұны түйсіну-түсінуі тиіс. Жекелеген ғалымдарымыз қол жеткізген «жаңа тұжырымдаманы» осылайша бағалаған, бағамдаған жөн.

«Интеллектуалды ұлт жәйлі толғанысында» «Оксфорд, Гарвардтату – төбенің көкке жетуі емес» деген профессор Бақыт Кәрібаева пікірінің астары қазір түсініктірек сипат алғандай. Егер ұлттық мүддеге бүгін осылайша науқаншыл, ұраншыл кеңестік әдіс-тәсілді көлденең тоссақ, ертең Еуразия кеңістігіндегі жаңа Қазақстан мәдениетін қалай, қай сапада игермекпіз?! Өйткені біз қазірдің өзінде қазақ әдебиеті мен мәдениеті бойынша шетелден профессор әкеліп, еңбегін еселей төлеп, дәріс оқыта бастадық. Бір көрмеге бұл өзара тәжірибе алмасуда тұрған бәлендей заңсыздық жоқ секілді. Бірақ мәселенің, тіпті, моральдық-этикалық жағынан келіп үңілер болсақ, біздің бұл шексіз «қонақжайлылық» астарынан көп нәрсе түюге болады. Өзімізге қимаған қаржыны өзгеге артығымен беріп, өзімізге қимаған төрді өзгеге ұсынып елгезектене түсіп, өзіміз қадіріне жетіп, сөзін ұқпаған Абай жәйлі дәрісті немесе қазақ мәдениеті турасында тұшымды сөзді шетелдік профессордан естіп тамсана-таңырқасақ, таңдай қағып қошемет көрсетсек, дүркірей қол соқсақ, таяқтың екінші ұшы тіл-әдебиет – жанды жерімізге тиіп, «қазақ қоғамында «архаика», «нонсенске» айналған «қазақ этносына» өркениеттік өкіл арқылы «қамқорлық» көрсетіліп жатқан жоқ па?» деген ой өз-өзінен бас көтереді. Әйтпесе, қазақ профессоры Францияға барып, өзін өз үйіндей еркін сезініп, Бальзак немесе Дюма мен Гюгодан дәріс оқымайтыны бесенеден белгілі. Тіпті, көрші отырған – ортақ кеңістіктегі Ресей «бұратана» біздің елден дәріс оқуға маман іздемейтіні өз алдына, әлемге танымал ағылшын-американ тәрізді аймаңдай елдерден де профессор шақырып, Пушкин, Лермонтов жәйлі өзгенің дәріс оқуына жол бере қояр ма екен?!  

Төре Ғали 

«Глобиш» тіл есіктен енді… 

«Ежелгі заманнан өзіндік тарихы мен салтын жасатқан  ұлттың орнына  жаңа ұлт қалыптастыру идеясы – табиғаттағы бірегей құбылыс. Оның іс жүзіндегі мысалы – Америка емес, американизация болмақ. Денесін түк басқан айни тайпалары мен Камчатканы жаңа құрлықтағылардың америкаландыруға деген ұмтылысын бізге түсіну қайда? «Бұл АҚШ-тан іссапардан оралған ағылшын ойшылы, жазушысы әрі журналисі Гилберт Честертонның ойға берілгендегі сөзі болатын. 

Әлемнің түкпір-түкпірінен ат терлеткен «жаңа халық» Американы бұрыннан-ақ пана еткен жазықсыз үндістерді қырып-жоюдан тайсалған жоқ. Қара нәсілділерді құл ретінде жұмсауда да тапқырлық танытқандар  солар еді. Ал бүгінде мұсылман елдеріне «ядролық қаруды дайындаған» деген  желеумен  бейбіт халыққа оқ жаудыруға сақадай сай дайындық көрсетіп отырғандар – тағы да АҚШ. Әдетте «бейтарап ұстанымда» екендігін жер-көкке жар етіп айқайлайтын «BBC» мен «CNN»-дер де  бұл тұста кімнің ақ, кімнің қара екенін мызғымастан айқындап береді. Осы орайдағы ең өкініштісі, бұл қылығын мін санамай, бүкіл дүниежүзіндегі жаһандану үдерісінің көшін бастап тұрған мемлекет те – сол. 

Айтып айтпай не керек? АҚШ-тың жалауын кеудесіне іліп, Қазақстанның туымен қоқыс шығарған елміз. Наурызға мұрын шүйіркеп, Хэллоуинге киім тіктіртіп, арақ-шарапқа бас салған халықпыз. Баласы бургер жеп, қызы кола ішіп бойжеткен ата-анамыз. Құлаққабынан Майкл Джексон мен Леди Гаганың әндері дабырлаған жас ұрпақпыз. Попкорн шайнап, Голивудтың өнімін таңырқап көретін тобырмыз. «Өнер ұлт талғамайды» деп шығады намысы қор болғандар! Келісемін, әйтсе де, «жоғарыдағылардың бәрін ойымызға таңған кім?» деген сұрақ басын қылтитып шыға келеді. Мұхиттың арғы жағындағылар емес пе екен? Солар болса, білгендерінің бір-ақ пайызын бізге үйретсе екен, әлемді қоя тұрып, өз қазағымызға қазақтықты таңатындай.  

Ұлттық мәдениеті мен тарихын қызғыштай қоритын Жапония мен Қытай халқы да соңғы кездері «АҚШ-тық сәнге» төтеп бере алмай келеді. Жапондықтар бас кезінде ағылшын тілін тек іскерлік сала үшін үйренсе, қазір оның қанат жайғандығы соншалықты «Әлемдік екінші ана тілдің» жапондық нұсқасы қалыптасып үлгерген. Ағылшын тілі Еуропа лингвистикасына жаңа ұғымдар мен түсініктер алып келді: неміс тілі мен ағылшын тілінің кірігуінен – Denglish, сол сияқты француз тілімен «буданы» –  Franglais, испан тілімен – Spanglish, қытайлық ағылшын тілі – Chinglish, орыс тіліндегі ағылшын тілі туралы айтатын болсақ – Runglish. Мұны тілдік популяризация десе де болады. Бұл тілдер ғаламдық ағылшын тілі деп аталуда – «Глобиш». Ағылшын тілінен енген кірме элементтер әр тілге де тән болуда. Түптеп келгенде басқыншы тіл басып алған тілдің де элементтерін өзіне сіңіріп алатыны белгілі, сол сияқты басқыншы тіл нормалары да басып алынушы тілге үлкен ықпал ететіні белгілі. Өткен ғасырларда дәл осындай құбылыс латын тілінің басынан өткен еді: латын тілінің әр басып алынушы тілдерге сіңген элементтері әсерінен жаңа тілдер пайда болды. Қазіргі еуропаның тілдері сол процеспен пайда болған еді. Дәл осы құбылыстың айқын көрінісі ағылшын тілінің жапондық версиясында байқалады. Жапон тіліндегі ағылшын тілі құбылысы тікелей жапон тілінің құрылымы негізінде қалыптасуда. Ал бізде, бақытымызға орай ма, әлде сорымызға ма, халқымыз өз тілін 20 жылда үйрене алмай жүргенде, ағылшын тіліне аса мән бермей келген. Дегенмен, соңғы үш-төрт жылда ағылшындандыру үдерісі бізге де аяңдап болса да жетті. Көше кезген адамның әрбір 500 метр сайын аталмыш тіл курстарының үстінен шығуы – мұның айқын айғағы. Аю таңбалы көршіміз Ресей де америкаландыру үдерісіне сескене қарайды. 

«Аш бала, тоқ баламен ойнамайды» демекші, әлемнің бір түкпірінде аштықтан өмірі қыл үстіндегілер жеуге бір түйір нан таба алмай жатқанда, тоқ қарын қоғам бір жыныстылардың құқықтарын қорғап жанталасуда. Жұртшылықтың қолына шолақ демократия әперіп, олардың мүддесін ойлағансып түрлі-түсті төңкерістер ұйымдастыруда.  «Бүгін біз жеке тұлға еркіндігін дәріптеудеміз. Бірақ, естеріңде болсын, қош айтысқан алғашқы еркіндігіміз де сол болмақ», –  деген Гилберт Честертон. Сол еркіндігімізді әсте жоғалтып алған жоқпыз ба, ағайын?..

Әсемгүл Сыздықова

Бүгінгі адамдар неге ашулы?

Қазіргі уақытта Қазақстан халқының басым көпшілігі ашулы. Адамдар стресс жағдайында өмір сүруде. Екі адамның біріне тиіп кетсең, жарылайын деп тұрады. Себебі өмір деңгейі нашар. Ал, қазіргі әлеуметтік жағдайдың оңалуы үшін біршама уақыт қажет және көп қаржы талап ететін нәтижелі шаралар керек. Бірақ осы үлкен шаралардың ішінде қоғамның дамуына сәл болса да әсер ететін кішігірім нәрселер де бар. 

Солардың бірі – қоғамдағы «ашу-ыза» деңгейін бәсеңдету. Яғни азаматтарды ашу және стресс тудыратын амалдарды істемеуге шақыру, барынша үгіттеу, сендіру. 

Қазақстан азаматтарын сабырлылыққа діни тұрғыдан шақыру көп әсер бермейді, себебі қазір адамдардың көбі ғылыми дәлелге негізделген тұжырымдарды ғана мойындайды. Сондықтан, ғылымға және логикаға жанама жақындатылған келесі кеңестерді ұсынамын:

Адам ашуланғанда оның миында әртүрлі жаман ойлар болады.

Ал ой дегеніміз – энергетикалық субстанция. 

Ой – заттанады. Яғни адам ойы материалдық күйге ауысады. 

Соңғы жылдары Жапония, Еуропа және АҚШ-та адам миымен басқарылатын түрлі техникалық құрылғылар және аппараттар ойлап шығарылды. Бұл «ой заттанадының» бір дәлелі. АҚШ психогенез ғалымдарының пайымдауы бойынша, ашу-ыза – теріс зарядты ми импульсін тудырады. Бұл өз кезегінде үш түрлі кері әсерге алып келеді.

Біріншісі, табиғи әсер: Мидың теріс зарядтары жер кеңістігіне тарайды. Жер гравитациясы мықты болғандықтан космосқа тарамай, бұл зарядтар жердің биосферасында жиналады. Бұлардың саны көбейген сайын табиғаттағы баланс бұзылады. Нәтижесі – табиғи апаттар, эпидемия, қыста қатты аяз, жазда аптап ыстық, құрғақшылық, аз өнім, қымбатшылық және т.б.  

Екіншісі, ішкі әсер: Медицина ғылымы бойынша, адам ашуланғанда оттегі сөл бауырға тамуын азайтады. Ал, адам үнемі ашуланатын болса өт мүлде тамуын тоқтатады. Нәтижесі – бауыр функциясы күрт төмендейді, ауырады, қан бұзылады, біраз уақыттан кейін иммунитет әлсірейді, жалпы денсаулық күрт нашарлайды. 

Үшіншісі, қоғамдық әсер: Адам денсаулығы нашарлағанда емделу үшін шығынданады. Уақыты сарп болады. Жұмысын, қызметін дұрыс жасай алмайды. Кейде еңбек ұжымында ашулы болып, басқалардың құтын қашырады. Немесе міндетін дұрыс істей алмай, адамдардың шағым, өтініштерін уақытылы қарамай, халықтың наразылығын тудырады. Нәтижесі – қоғамда ашу-ыза деңгейі ұлғая түседі. 

Бір мысал. Көше қиылысындағы бағдаршамда жасыл жанғанда бірінші болып тұрған автокөлік қандай да бір себептерге байланысты лезде жылжымай, 2-3 секунд қана кідіріп қалады. Сол арада артында тұрған бір көлік жүргізуші сигналды ақырын ғана басудың орнына, барынша «өлердей шыңғыртып» басады. Бұл сыртынан қарағанда күнделікті болып жататын жәй ғана құбылыс, онда тұрған не бар деп пайымдауға болады. Бірақ, егер сәл тереңірек мән берсек, сол сабырсыздықтың нәтижесінде көптеген теріс зарядты импульстар тарайды. 

Сигналды қатты басушы жүргізуші, бірінші, өзінің жүйкесін тоздырады, екінші, алдында тұрған жүргізушінің ашуына тиеді, үшінші, қасында өтіп бара жатқан жолаушылардың мазасын алады, кейде, сол бағдаршам тұрған көшеге жақын орналасқан тұрғын үйде ұйқыда жатқан сәбидің ұйқысын бұзады. 

Айталық, әлдебір шенеунік бір адамның өтінішіне немесе шағымына дер кезінде жауап бермей, сол өтініш берушінің уақытын алады, оның зығырданына тиеді. Адам ашуланады, теріс зарядтар кеңістікке тарайды. Осы орайда, Қазақстанның телеарналарынан «ашу-ыза теріс энергетикалық толқын тудырады, ол жинала бере әр-түрлі апаттарға әкелуі мүмкін» деп, осы туралы кішігірім 2-3 минуттық «әлеуметтік жарнамаларды» көрсету көбейсе, мектептерде осы жайында айтылса, қоғамдағы ашу-ыза деңгейін біршама төмендетуге болады деген үміт бар. 

Қорыта айтқанда, табиғаттың заңы бойынша теріс импульстарды тудырған адамдар ақыры өздері сан еселеп жапа шегеді. Себебі адам қандай да бір амал істемес бұрын бірінші ол туралы ойланады. Яғни оның ми импульсі оң не теріс болсын, сол істейтін амалына ақпараттық-энергетикалық түрде беріледі. Егер импульстар теріс зарядты болса, айналып келіп сол импульсті тудырушы адамды ұрады. Ал егер бұндай зарядтардың көлемі тым көбейетін болса, онда табиғи апаттар саны көбейіп, халық жапа шегеді. Бұл айтылғандарға уақыт дәлел, оған тарих куә. Демек, өзіміздің және өзгенің ашуын тудыратын жағдайларды болдырмауға тырысайық! 

Нұржан Тұрсынбеков

Кеңестік 

журналистикадағы ұлттық мүдде туралы кітап

Жақында белгілі ғалым Намазалы Омашевтің «1920-жылдардағы кеңестік журналистика»  атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Бұл кітап  өткен ғасыр басындағы «Ұшқын» (1919 -1920 жж.), «Еңбек туы» (1920-1921 жж.), «Еңбекшіл қазақ» (1921-1925 жж.) басылымдарына арналды. Әуелі Кирревкомның, кейіннен ҚазАКСР-ның ресми органы болған басылым беттерінде үкіметтің түрлі қаулы-қарарларымен бірге қоғамдық-саяси, мәдени-шаруашылық тақырыптарға арналған көсемсөздер жарық көрді. Бұл көсемсөздердің арасында пікірталасқа құрылған, ұлттық мүддені ұлықтаған жарияланымдар да аз емес. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мәннан Тұрғанбайұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәкен Сейфуллиндердің, Танабұға, Кәртай, Шаруашыл сияқты бүркеншік есім иелерінің публицистикасы басылымдарды жаңаша қырынан тануға мүмкіндік береді. 

Кітап авторы олардың «рево­люциялық реңк кіргізе отырып жазған материалдарынан ұлттық мүддені майдан қылшық суырғандай аршып алуды» көздеген.

 Зерттеу еңбектің құндылығы – алаш қайраткерлерінің кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі қазақтың жері, оқу-ағарту ісі, ұлттық тіл, т.б. үшін жанкешті күрестері туралы жария­ланымдарды жарыққа шығаруында. Кітап көпшілік оқырманға және журналистика саласы мамандарына арналған.  

Тоғжан Төлеген

Азаттық рухына арналған жинақ дискі


Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына арналған «Желтоқсан – азаттық рухы, тәуелсіздік таңы!» жинақ дискілерді жарыққа шығарды.

Үш дискіден тұратын жинақтың бірінші дискісіне алаңда шырқалған әндер мен желтоқсанды жырлаған әндер мен күйлер, екінші дискіге «Желтоқсан алауы» деректі фильмі мен Халық қаhарманы Қайрат Рысқұлбековты еске алу кеші, үшінші дискіге «Аллажар» көркем суретті фильмі,1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың естеліктері, тақырыпқа сай кітаптар, көркем шығармалар мен фото мәліметтер топтастырылған.

Аталған жоба аясындағы «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің бас­ты мақсаты – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тақырыбында жарық көрген шығармалар мен көркем дүниелерді жан-жақты насихаттау. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы тақырыбындағы CD альбом-жинағын жарыққа шығару тұңғыш рет жүзеге асып отыр. 

«Желтоқсан – азаттық рухы, тәуелсіздік таңы!» жинақ дискілеріне кезінде желтоқсан алаңында шырқалған «Менің Қазақстаным», бүгінде еліміздің әнұранына айналған – Қазақстан Республикасының әнұранынан бастап, «Атамекен», «Желтоқсан  тағылымы», «Желтоқсан  желі», «Бостандықтың  бойтұмары  желтоқсан», «Қара  бауыр қасқалдақ», «Желтоқсан маршы» және «Желтоқсан  жастары маршы» сынды желтоқсан көтерілісіне арналған әндері енгізілген.

     Азаттық, отаншылдық, ұлтты сүю секілді киелі ұғымдардың сүбелі жалғасы іспетті «Желтоқсан – азаттық рухы, тәуелсіздік таңы!» жинақ дискілері – қазақ халқының, азаттық сүйгіш барша адамзат баласының еркіндікке ұмтылған аңсарына деген ескерткіш секілді. Бұл – 1986 жылғы желтоқсанда бұлқынған жастардың жүрек қағысы азатшыл ұлық бастаманың жалғастырушысы, жанашыр жылнамашысы. 

Әсіресе, бүгінгі жас ұрпақпен қатар, желтоқсан оқиғасын жүрегінен өткізген қайсар ұл-қыздарымыз үшін бұл жинақ өте құнды дүние болмақ. Кісіні ойға жетелейді, намысыңды оятады, жігеріңді жаниды. Бастысы – халқымыздың сүйегінде бар дегдарлық пен батырлықтың қандай қиын күнде де өз биігінен түспейтінін көреміз. 

Индира Байсалбекова

Тәртіп сақшыларынан қашқан саудагерлер

Қазір қол қусырып қарап отыратын заман емес. Тірі адам қашан да тіршілігін жасайды. «Алма піс, аузыма түс» дегеннің ауылы алыстағалы қашан. Бірі – өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығының шыңына шығар, бірі – бизнес әлеміне аяқ басар.  Бизнестің ебін тауып, дөңгелетіп әкеткендер де, тәртіп сақшыларынан қашып сауда жасап жүргендер де бар. 

«Жабайы базардың» қызған ортасы – «Көк базардың» маңы. Сол жерде «Түркістан» сауда және қонақ үйі бар. Адам жүретін жол нағыз сауда орталығына айналған. Бірі азық-түлік, енді бірі киім-кешік сатады. Анадай жерде 70 жасты алқымдаған әже тәтті құрт пен темекі, одан кейін жастар киім-кешек пен беті ашық сиыр мен қой етін, сондай-ақ көкөніс, жеміс-жидек, сусындарды араластырып сатуда. Сол саудагерлерді бақылап, сөзге тартқаным бар. Орта жастағы ерлер мен әйелдерге, жастар жанына сұрақ қояйын деп жақындай бергенде ат-тонын ала қашты. «Өзім алаңдап тұрғанда, саған айтар ештеңем жоқ. Басымды ауыртпашы» деп дүрсе қоя берді. 

Сауда жасап тұрған адам неге алаңдайды? Кімнен қорқады? Әрине, тәртіп сақшыларынан. Тіпті олар қашуға оңай болсын деп заттарын ыңғайластырып жинап қойған. Кейбірі кішкене қалташа сөмкеге салса, кейбірі қолдарына ұстаған немесе дөңгелек арбаларға салған. Тек аяғы, белі ауырса да күнкөрістің қамымен жүрген апа-әжелермен сырласуға мүмкіндік болды. «Осы сауда жасап тұрған жерлеріңізге салық төлейсіз бе?» деген сұрағыма: «Әрине, төлейміз. Күніне 600 теңге. Ал полиция айына 15 мың теңге қағып алады. Қай жақтан келеді екен деп уайымдап тұрамыз» деді бір әжеміз ішіндегісін бүкпестен. «Базар ішінен орын алу 2-3 мың доллор. Біз сияқтыларда ондай қаражат қайда?!» деді де, «тәртіп сақшысы келе жатыр» дегенді ести сала заттарын ала қашты көз алдымызда. Тіпті кейбір әбден машықтанып алған саудагерлер өзге біреудің көлігінің үстіне заттарын жайып қойып сауда жасап отыр. Ал сол ғимараттың артынан Құран кітаптар, иіс сулар, жайнамаз, тәспі сатушыларды көресіз. Сондағы сатушы аға: «Бізге келіп «сауда жасамаңдар» деп айтады. Бірақ әлі күнге дейін орнымыздан қуған емес», – деді. 

Бәрінен де беті ашық, күннің көзін­де таңнан кешке дейін тұрған ет, шұжықтарды айтсаңызшы. Соны халық ештеңеге қарамастан сатып алуда. Ол ет сау малдыкі ме? Қайдан келген ет? Оны ойлаған не сатушы, не алушы жоқ. Бұл тек «Көк базарда» ғана емес, басқа да қаладағы базарларға да тән. 

Әрине, жабайы сауда – қарапайым адамдардың күнкөріс орны. Олар да аз шығын шығарып, ақша тапқысы келеді. Қанша бөгет қойсақ та, нанын табу үшін саудасын жасауда. Алайда, тазалық қайда қалады? Оларға да ерік берсек, ертең ауру жұқтыратындар көбеймей ме? Демек, «жабайы базардан» құтыламыз десек, базардағы жалға берілетін орындардың бағасын арзандату керек немесе басқа бір амалын табу керек. Әйтпесе… 

Назерке Сәндібек, 

студент

Алматы қаласы