Мәжіліс те, Сенат та оралмандарды оңдырмады

Мәжіліс те, Сенат та оралмандарды оңдырмады

Мәжіліс те, Сенат та оралмандарды оңдырмады
ашық дереккөзі

Сонымен Экономика және бюджетті жоспарлау министрі
өз дегеніне жетті. Шеттен келетін қазақтардың мәртебесін босқындармен
теңестіріп тынатын болды. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Мәжіліс
мақұлдап, Сенат бірінші оқылымда мақұлдаған «Еңбек мигранттары» туралы заңның
шетелден оралатын қазақтар үшін ҚР Азаматтығын алуды 5 жылға созу туралы ұсыныс
көпшіліктің қарсылығына ұшыраған еді.

Сенат депутаттары заңды қайта қарау барысында, дәл
осы бабына шүйлігіп, Мәжіліске кері қайтарған болатын. «Бақсақ бақа екен»
демекші, бұл да жұртты алдандырудың бір шарасы ғана екен. «Еее, деп арқамызды
кеңге салғанымыз сол еді» Мәжіліс бір айға жеткізбеді, аузымызды аңқитып кетті.
Оралмандардың азаматтық алуын бес жылдан төрт жылға ғана қысқартты. Сөйтті де,
асығыс-үсігіс Сенатқа жолдады. Өткенде қандастардың жанашыры болып, таңдайлары
тақылдаған халық қалаулылары бұл жолы Мәжілістің шешімін бір ауыздан бекітті.
Сөйтіп, енді бұл заңға Елбасының қол қоюы ғана қалды.

Кезінде осы заң жобасын таныстыру барысында Экономика
және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев беті бүлк етпестен: «Халықаралық практикада
осындай норма бар. Біздің ойымызға осындай жоба келді. Сосын осылай жасадық», –
деген еді. Алайда қазақ тілін тілін бұрап әрең сөйлейтін шенеунік үшін бұл
өзгенің емес, өз қандасының тағдыры дегенді түсінуге әлі ерте сияқты. Өйткені,
ол сүйенген халықаралық заңдарда өз қандастарын өзекке тепкен ешқандай мемлекет
жоқ. Израиль шеттегі қандастарын іздеп жүріп тауып, отанына жинауды басты
мақсат етсе, Германияда әлі күнге дейін неміс атанғысы келгендердің құжатын
тарихи отанына оралмай тұрып  ыңғайлап, қолына бірден төлқұжатты
ұстату тәжірибесі қалыптасқан. Ресейде «Русская карта» жүйесі жұмыс істейді.
Олар да азаматтығын төрт-бес жыл күтіп отырмайды. Ресей елшіліктерінде-ақ
барлық істі тындырады. Олар Ресейге дайын құжатпен келеді. Сонда Ерболат Досаев қай
халықаралық нормаға сүйеніп тұр екен?!.

Қарашаның  28-інде Президенттің қабылдауында болған
Ерболат Досаев Елбасына ол кісінің тапсырмасын бұлжытпай орындап жатырмыз деп
есеп берді. Сонда ол Елбасының ең басты саясаты – елді, шеттегі қазақты елге
шақыру – саясатына қарсы шығып тұрып, оның саяси курсын алға жылжытып жатырмыз
дегенге қалай аузы барды екен?!. Көші-қонға, сырттағы қара орман қазақтың
Отанға оралуына қарсы күштердің тасада жатып, тас атуының бір көрінісі осы.
Ендігі үміт – тек Елбасыда қалып отыр. Аталған заңға Нұрсұлтан Назарбаев вето
қояды деген үміт әлі де тамырын үзе қойған жоқ. Өйткені, осы бір қасиетті істі
бастаған Елбасының оны аяқсыз тастамауы кәдік. 

Есен Байнұр.